Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Айша БАЛТАХАЕВА: «Қазаққа тән нақышта...» Балаларға арналған өлеңдер

Балтахаева Айша Мейірқызы, 10 қараша, 1988 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданында туған.  Көп балалы ана.


Сырмақ

Ою ойып матадан
Қойдым киіз үстіне
Үйлесімді болсын деп
Мән беремін түсіне

Қиып алған оюды
Үйлестіріп, жайғадым
Қиыстырып өрнегін
Қиялыма бойладым

Біріктіріп  екеуін,
Сырып тіктім жағалай
Қошқармүйіз сырмаққа
Жарасып-ақ  қалғаны-ай.

Сәнді әрі жып-жылы
Сырмақ шықты, алақай.
Сырмағыма отырып
Тынығып ал балақай.

Кебеже

Шаңнан аман болсын деп,
Асым адал болсын деп.
Қазақ  асын шашпаған,
Кебежеге сақтаған.

Шағын ғана сандықша,
Қазаққа тән нақышта.
Ою- өрнек жарасқан,
Көз қуантар  қарасаң.

Сүйекпенен сәнделген,
Темірменен әрленген,
Ағашы әсем қашалған,
Қайыстан бауы жасалған.

Таза қылып сақтайды,
Ірімшік пен құрт, майды.
Шыбын шіркей жуытпай,
Кебежеде ұстайды.

Кебеженің түр түсі
Дәл сандыққа ұқсайды
Кебежеде  алайда
Тағам, ыдыс ұстайды

Ұқыптылық қашан да,
Үйдің берген ажарын.
Тазалық пен саулықты,
Қатар қойған қазағым.

Кебежені  әз халқым,
Тазалыққа балаған.
Тағам салған жиһазды
Қасиетті санаған.


Текемет
Қойдың жүнін жуады
Түтіп, шаңын қуады.
Шыбықпенен сабалап
Шөп-шөгірден тазалап.
Түрлі бояу қосады,
Оюларын басады.
Шүйкелеп түр салады,
Шиге орап алады.
Ыстық суды себеді
Сонда киіз кірігіп,
Шымырланып кебеді.
Міне ғажап керемет,
Шыға келді текемет

Құс төсек

Төсекпен ендеп өлшеніп,
Үлкен қанар тігілген.
Сол қанарды толтырған,
Құстың мамық жүнімен. 

Қаз бен үйрек, аққудың
Жүні сондай мамық қой.
Жылы жұмсақ төсеніш
Құс төсегін танып қой.

Шықпасын деп мамығы,
Тығыз мата қолданған.
Шит пен тібек, сәтеннен,
Тысын тігіп қамданған.

Төзімді әрі сапалы,
Болуына мән берген.
Құс төсегі  қашан да
Үйге ғажап сән берген.

Асыл мата ажарлы,
Көз тояды көргенде.
Құс төсегін салатын,
Сыйлы қонақ келгенде.

Құс төсекке шеберлер,
Бар ынтасын арнаған.
Қызды ұзатқан уақытта.
Жасауына қамдаған.

Көшіп- қонған қазағым,
Жайлылықты жақтаған.
Жеңіл әрі жұмсақ деп,
Құс төсегін мақтаған.

Адалбақан

Қазақта бір жиһаз бар
Адалбақан аталған
Жас қайыңнан немесе
Самырсыннан жасалған.

Ағашты аршып,  тазартып
Ыңғайлап иген бұтағын.
Жаңқасын жонып тегістеп
Үшкірлеп қойған  ұштарын.

Кейде адалбақанға
бөкен мүйізін бекіткен.
Сырт киімді ілесің
Кірген бетте есіктен.

Сәнді болсын жиһаз деп
Түрлі түске бояған
Мықты берік тұрсын деп
Уыққа ұшын таяған.

Алтын, күміс шегемен
Әсемдеген,  көмкерген
Қазақ барлық жиһазды
Сәнді етуді жөн көрген.


Сырт киімді қор қылмай
Іліп жүргің балақай!
Адалбақан жиһазын
Біле жүргін, балақай!