Арман Жайық
***
Кеттім…
Сүймек түгіл сүйісіп те көрмеген,
Бала едім ғой бір кездері мен деген!
Қалам ұстап жүрген ұлға айналдық,
Қағаз көңіл жолыққанда көлденең.
Анда-санда сауық-сайран құратын.
Анда-санда сыралатып тұратын.
Анда-санда ғашық болып қалатын,
Атырауда жүр дегейсің бір ақын!
Тағдырыңа нала артқанмен бүгінде.
Ақиқаттан ара қонып түңілме.
Өмір өзі таныстырып біздерді,
Өлім өзі бөледі ғой түбінде…
Түсінген ел түбінде өзі елейді.
Өлі әруақтар дұғама елтіп жебейді.
Тірі кезде қадірлесін әйелім,
Халық мені қадірлесін демеймін!
Сәулең едім түндер бойы іздеген.
Ауыртады алабөтен күз деген.
Құсалықтан арақ ішіп далада,
Өстіп жүріп өлетіндер біз деген...
Қора…
(І-өлең)
Керегі не маған енді сонау кезгі лағылдың?
Қырық жасқа кеп қалғанда баяғы,
Шөпқораңды сағындым…
Айдан аулақ шөпқораңыз түнерген…
Біздің сонау махаббаттың салдары,
Қораңды өртеп жіберген.
Біздің жүрек жалынымыз оңашада пісірген?
Жо-жоқ, әлде, темекім бе?
Шөпке тиді әкең кеше түсірген…
Алдымыздан ағарып таң атқанда.
Шелек толы сумен көрші көлденеңдеп шапқанда.
Абыр-сабыр ағайынның ортасында сен жылап,
Қора өртеніп жатқанда…
Өлең жазып отыра қап мен сорлы,
Сөзімді арнап ең соңғы…
Басымызға іс түскенде шауып жүрген жұртымды,
Тиек еттім тия сала күлкімді.
Сосын саған өлең жаздым өміршең,
Мағынасы мың түрлі…
Ұзатып сап күнді алға,
Сүйрелеген екеумізді шыңдарға.
Қайран менің өлеңдерім күнәһар,
Жасырынып жатып қалған жылдарға…
Сен де, мен де кетіп қалдық қалаға…
Ауылдағы әкім түсіп араға.
Қалқатайды қорасында құшам деп,
Кіріп кете жаздаппын-ау “қораға…”
Керегі бар маған сонау лағылдың.
Әйтпесе саябаққа таңылдым.
Алғаш рет жүрегімді тұтатқан,
Сол баяғы шөпқораңды сағындым…
Лаула!
— Амансың ба, құрбыжан, қалың қалай?
— Хош келіпсіз… айтпақшы, сәлем, ағай…
Қапияда кездестік, бірақ, бүгін,
Жастық жалын болмады бұрынғыдай…
Ренжісіп кетсек те неше жерден,
Кіріп шықтым бата оқып шешеңе өлген.
Қоңыр әуен еседі қоңыр желмен,
Құмға шөгіп қоңыр үй кеше көрген.
Сол баяғы шаңырақ, атамекен…
“Сені оқытып ғалымның қатары етем”
деп үркітіп біздерді жолатпайтын,
Сәл жуасып қалыпты-ау қатал әкең…
Кімдер сөніп, білмеймін оталды кім?
Қайсарлығын сындырып сақалды күн.
Мойындаған амалсыз әкелер-ай,
Асаулығын тағдырдың қаталдығын.
…Бірер сәтке дамылдап қыр тынысы,
Үйдегі елдің үдеді күрсінісі.
Өмірімде бірінші кіріп тұрмын,
Ең соңғысы болуы мүмкін осы…
Бала бейнең елестеп жарқ-жұрқ,
Құран оқи алмадым қарық қылып.
Шәй орнына көзіңнің жасын құйдың,
Мені жолға шығарып салып тұрып…
Қимай-қимай қырықтың қылышынан.
Балалықтың дәметіп ырысынан.
Жылдарымның соңынан қарап тұрмын,
Жасырынып бір үйдің бұрышынан…
Қос мұңлыққа шарасыз дала бақсым.
Қос қайтара жаныңды жаралап шын.
Мен де алаулап шоғына темекімнің,
Сен де отыңа өртеніп бара жатсың…
Лаула!
Тамыздағы тамшы…
Өмір атты театрға осынау,
Хош келесің, отыз тоғыз жасым-ау…
Менмұндалап мәңгілік,
Қалып та қоймай беймәлім жақта қаңғырып.
Тәңірім жерге тастап жіберген тамшымын,
Тамыздың түні тәнімді суға қандырып.
Құмдары қызыл, қары әппақ…
Керуені көшкен дүние деген сол-ақ па?!
Түрлі түске еніп жұлмалай кетсе жан-жақтан,
Телміріп айдың ажарындағы жолаққа…
Тамызда түскен тамшымын!
Қалмаған көкте қарабұлттарда қонақтап.
Жалаңаш ғасыр жан рахатынан шектелсе.
Әркімнен қалған көбелек күндер көп көрсе.
Тамызда туған тамшысын тұрсын танып ел,
Қабірге сіңіп кеткенше…
Көздері көкке шаншылар…
Артыңда қалған әлеміңді аңсау мән шығар?!
Аз уақыттарда топыраққа еніп кететін,
Адамның бәрі аспаннан түскен тамшылар…
Өткен шақтарды қайырмайтұғын, Құдайым,
Келер шақтарда жаңбырлы жырмен ылайым.
Шашылып келіп, шашырап кетпей ауаға,
Гүліңді сүйіп, нұрымды төге тұрайын.
Бозара басып бозбала шақтан ән қалап.
Дала төсіне табанымды әкеп таңбалап.
Қырдың үстінде қалқайып тұрмын дүниеге,
Қырықтың астынан қарап…
Ілесе кетпей үдере шапқан думанға әр,
тыншыған дала… шулайтын бұрын бұл маңдар.
Түсінер мені отыз тоғыздан асқандар…
Тамыз айында туғандар…
#арманжайық
Сағым...
Қыз көрінді көктемгі қырдан гүлдей...
Жүргенімде мектептен мұрғамды үзбей.
Сұсты әкейдің күлімдеп тасасынан,
Қалың бұлттан сығалап тұрған күндей.
Есіл-дертім сабақтан шыға сала
Өзің болдың, бағалар құласа да.
Құлағымды завуч бұраса да,
Мән-жайымды директор сұраса да!
Мойымаған сол кезде "жақсы адамбыз"
Өрнек салып өсектер қаптағанда із.
Үнсіз ғана шоғымды үрлей бердің,
Сұсты әкейге дидары тартпаған қыз.
Сенің жылы көркіңді нұрға балап.
Ескі-құсқы көйлекті бір жаңалап
Үй жағыңда жүруші ем, сұсты әкеңіз
Шөпке кетіп қалғанда қыр жағалап.
Үйіңді аңду ақырғы шешіміміз.
Әрі-бері әндетіп есігіңіз,
Анаң шығып қалғанда Құдай атып:
— Жарты қалаш нан бар ма, кешіріңіз?!
Бір көруге құмартып күнелткенде,
Шешеңнен де ұялмай, жүректен де:
Келесі күн сұраушы ем бір банка сүт,
Жарты қалаш нанымның жыры өткенде.
Қуыс кеуде — қуарған құрлықтардан.
Мөлдір шықтай жоғалдың сырғып таңнан,
Қайран менің ақ-адал өтірігім,
Қымбат түскен қаншама шындықтардан.
...Жылдар, жылдар есейтіп сені де епті.
Мені әурелеп мұңлы әуен серік етті.
Сіздің сұсты әкей де қайтыс болды...
Біздің қатқыл тағдырлар кері кетті...
Сағым-көлге суарып жанарымды,
Сол бір қызды сағындым бала күнгі.
Жел ұшырып алқызыл бантиктерін,
Құйын өмір әкеткен қарағымды...
Өліарада атымды ерттеп алып,
Ессіз хәлде ел-жұртсыз шетке барып
Жарты қалаш нан жегім кеп тұрғаны-ай,
Қайта-қайта бір банка сүтке малып...
Сарғайған телефон... Қаршадай Қыз...
Жылжығаны-ай жармасып жыл ағынға...
Балалық махаббат бар құрамында —
Қайда екенсің сарғайған телефоным,
Сыбырлаған талай түн құлағымда?!
Күнді ұзатып, ілініп жанарыма ай,
Саған тұра шабушы ем, қарағым-ай!
Сезімімді үздіксіз жеткізетін,
Сары телефон — сарғайған бағалым-ай...
...Күні бойы қой бағып қырға барып,
Түні бойы ой бағып жырға малып...
Нөміріңді дірілдеп теруші едім,
Бір-екі рет әкеңді қарғап алып.
Сылып тастап маңдайдан бір елі шаң,
Әрі-бері цифрдан жүйе құрсам:
Біздің үйдің нөмірі... Әй, білмеймін,
Сіздің үйдің нөмірі — киелі сан!
...Содан ұзақ сөйлесу шөлдегендей,
Асау жүрек ақылға көнбегенде —
"Ұйықта" деп үлкендер ұрсушы еді,
Өздері бір ғашық боп көрмегендей.
"Мына Арманға қай күні ес кіреді?
Сабағы анау, жақында тестілеуі..."
Күңкіл-сүңкіл бер жағым, ал, ар жақтан,
Әлсіз тыныстағаның естіледі...
Сөйлесулер күн сайын құрғамайды.
Сөз таппасақ жүректі жыр жамайды.
Трубкамыз таң ата үнсіз қалған,
Құс жастықтың үстінен сырғанайды.
Мал оянып, салғанда таң сарайға із,
Ертеңге үміт... өткенді аңсамаймыз.
Телефонмен түнімен тілдессек те,
Күні бойы мектепте шаршамаймыз.
Бала жастан "ауыртып" мені ақыры,
Ақын еттің осылай, қаршадай Қыз!
Сары телефон, өткеннің сырысың ба?!
"Жаһанданған дәуірдің" қылышында...
Быт-шыт болып жатсың-ау, ескі досым,
Быт-шыт болған қораның бұрышында...
Ауылдағы балалық кезім көрген,
Сенсіз түндер суықтау көзімді ілген.
Смартфонға байланған қала ішінде,
Шаршап жүрмін секундтық сезімдерден...
Асыл жарым
Жалғыз қалып тағдырыммен жекпе-жек,
Сарылғанда сары күнге "кетпе" деп.
Қайыр тілеп ай нұрына қол жайып,
Қайырылмас кездеріме өкпелеп...
Тым құрыса біреуі жоқ санасқан...
Кім көрінген малдас құрып,
Менің маубас бақытыма бал ашқан.
Тұнжыраған төбемде ылғи тұратын,
Аққан жұлдыз, батқан сәуле, өлі аспан...
Құйындата келіп бір жын қағардай...
Тыныштығым әдірә қап,
Сәттік қана шаттығымды шағардай.
Отты лава әлсін-әлсін күйдіріп,
Отты вулкан көкірегімді жара алмай...
Тым жаралы жылдарменен жарысып,
Түнгі тойлар, ойлар қысып,
Таң атысы тағы ішіп...
Масайғанда өзің түстің менің қысық көзіме,
Көздеріміз тонадайдан алысып...
Бақытың ба ессіз сүйіп қалғаның?
(Сорың ба, әлде, маған тиіп алғаның?)
Бірақ, Бибім, білесің бе дүниеде
Орындалған ең керемет арманым —
Өзің болдың Жан-жарым!!!
Құдай маған жұпты беріп өзіңдей,
Оны-мұны кем-кетігім сезілмей,
Жүргендігім сенің арқаң.
Бірақ, әлі серілігім жүк болар,
Есік торып күндіз-түні көз ілмей...
Саған осы ұнамайды-ау сан қырым?!
Сан қырымның біріншісі — қаңғыру...
Көне сарын күшенгенде
ішімдегі кәрі абыз,
Көк бөріше таңға ұлу...
Жүрегімнің сыңары!
Құдай қосқан тағдырымның шырағы!
Сағат сайын сезім кернеп жататын,
Сүйе берші күйеуіңді күнәлі...
Дала кезген тұлпар едім тұяқты
Үй-жәшікке қамалмаған...
Бірақ, қазір мендегі аз-мұз ұятты,
Сенің жаның билеп тұрған сияқты!
Күн күркіреп кеудеме аспан жылаған...
Ауыз тиіп күнәдан —
Көп отырып қалыппын-ау,
Сарқып ішіп құдық толы сырадан.
Сәтте осынау түсінетін Сен ғана,
Мен байғұсты түсінсе егер бір Адам!
***
Көңілсіз күйде кеудені кетсе жан қажап,
Ел кезіп кетем түс көріп алып таңда аз-ақ.
Сабылып жүрмін, сағынып жүрмін сарылып,
Күтуден басқа бар ма азап?!
Теріп ап таңда аспандағы әсем оттарды,
Аяп кетем де сезімі мүлде жоқтарды.
Бір белгімді іздеп вокзалға қарай тартамын,
Аралап аэропорттарды.
Бейтаныс елдің ішінде жалғыз торықтым.
Тауға да шығып жаңғырығымнан қорықтым.
Тынышымды алған тұншығып қалып ішімде,
Көрінбей қойған көріктім…
Бұрауын таппай бұлқынып тұрған бір күйдің.
Түсімде ғана көңілге демеу нұр құйдым.
Өңімде мынау заулаған темірқұстардан,
Кімді іздеп жүрмін?
Білмеймін.
Аралап көкті таба алмай, сірә, жерден ем.
Көлдерге қондым көгеріп жатқан көлденең.
Жанында тұрып сыңғырлай аққан бұлақтың,
Бейшара жанмын шөлдеген…
Алдына салып арманның аппақ дөненін.
Ноқталы басты түсініп өмір-өлеңім.
Шамасы мынау ел сыйған планетаға,
Мен сыймай жүріп өлемін…
Бар-ау бәрі, ит мінез өзімнен де.
Өмірімді өңгеріп өгіз күнге,
Айналадан қашамын айдалаға,
Ғұмыры ұзақ сезімдер көз ілгенде...
Көз ілгенде адалдық... арбаса мың,
Апыл-ғұпыл жиналып алға асамын.
Жарқ етіп ап жоқ болам жалғанымнан,
Жұлдыздай боп жоғалған таңға салым.
Басы ауырып батқанда қала мұңға,
Шөгіп, бөгіп жатқанда дала құмға
Өзім білген құпия әлемімді-ай...
Өзім көрген құпия әдемімді-ай...
Жан баспаған жалғыздық аралында.
Көптеу күлген кездерге күдік бар шын.
Сынық сәуле санамда, сынық қамшы...
Аруанасын аңсаған бота-дайын,
Жанарында дүниенің тұнып тамшы...
Іркіледі, ілкіде сүйікті еткен,
Іңкәрлік-әй бағасын биіктеткен.
Мөлдірейді қоңыр күн о басынан,
Қоңыр шамның ішіне сиып кеткен...
Татып алып зәһардан пері ішпеген,
Кері кетті пенделер келіспеген.
Жер айналып барады аспан жаққа,
Аспан ауып барады жер үстінен...
Жалғыз адам…
“Шашы ғана қалыпты, түрі мынау…
Тамағыңды іштің бе, құлыным-ау?!
Алғаш рет мені Ана атандырып,
Тұңғыш көрген тәп-тәтті қылығым-ау!
Шыққың келіп адами таза шыңға,
Тойында емес туыстың қазасында
Табылғың кеп қасынан шерлі жанның,
Жазасың да жатасың жазасың да…
Сау тұрғанда нәр алып күннен ғалам,
Сен тұрғанда жанымда кімнен қалам?!
Күлгендердің қасынан күдер үзіп,
Жылағанды жұбатып жүрген балам.
Алдымдағы байқайсың келте күнім.
Қараңғыда тұтатып пілте мұңын
Күрсініп ап кішкентай жүрегімен,
Түндерде ояу жүретін үлкен ұлым…
Көрмесе де сені ертең данасындай.
Басынбаса болғаны баласынбай.
Ішкі сұлулығыңды сезбейді ешкім,
Танымайды ел баланы анасындай.
Тойып алып кабакта сыра суға,
Асықпа енді ашылып сыр ашуға.
Сен де келе жатырсың қырық жасқа,
Біз де кетіп барамыз қыр асуға…
Мына жалған өмірдің заңы солай,
Жылағанмен болмайды жуасуға!
Өткен шаққа өкпе артып заманға ана,
Отырғам жоқ, құлыным, алаңдама.
Күйеуіңді, келін-ай, бір иіскейін,
Саған дырдай болғанмен маған бала!”
…Қанағат қып дәрі мен шәйға ғана,
Ойлы көзін жіберді ол айналаға.
Қатты еді ғой…
қаймығып көз алдымда
Қайда шөгіп барады қайран Ана?!
Тартуы көп тағдырлы жер алаңда,
Қандай жағдай болмасын ер адамда,
Тастамайтын бір әйел — жалғыз адам,
Ол сенің жалғыз Анаң!
Жалғыз Анам…
Махаббат мекені…
Міне, саған жаңалық!
Өз ойына тұншыққанда сан алып…
Әр әжімде өліп қалған бір өмір,
Әр ақ талда сөніп қалған балалық…
Бұлтты өзіне қойғанымен қалқалап,
Аспан ауып бара жатыр шалқалап.
Мен де кеттім Омар ішкен құтыдан,
Қалған асты айдалаға арқалап…
Сүңгіп алып шиша толы шарапқа,
Күбірлесіп елесіммен жаны әппақ.
Тал түбінде жерді оюлап түнімен,
Отырамын тағдырымды тарақтап…
Күрсінемін кешегіні сағынып.
Әндетемін қыздар жәйлі қағынып.
Ара-тұра бір сығалап қояды,
Жатқан атам топырақты жамылып…
Қай кезде де қажет сірә жан емі.
Сонау шақтан болған талай әлегі,
Алыстағы әйел шіркін әдемі!
Жетпегендей жетпіс қызы Жәнәттің,
О да өзінше кемпірінен дәмелі…
Опасыздау жылдар неткен тайғанақ.
Қашады ылғи бақытыңды байлап ап.
Ақ шашты ана ақ бас шалын қиялдап,
Көз іледі дұғасымен аймалап…
…Көрінгенше қызыл күннің құлағы,
Бүтінделді басымның бір сұрағы.
Ана дүние махаббаттар мекені,
Мына дүние махаббаттан тұрады!





