Әмина АДАЙХАН
***
Бұл не өзі,
Сағыныш па,басқа ма?
Алаң көңіл алакеуім шақтада.
Елеңдеймін еміс-еміс сен жаққа,
Үйіріліп жанарыма жас,нала.
Махаббат па,маза бермей маздаған?
Ауырлық сап жүрегіме аздаған.
Қабағыңнан жауған қарға қаймығып,
Қиялыма неменеге мәз болам?
Мүмкін саған ғашық болған шығармын,
Көкірегінен итере сап күмәннің.
Бұл сезімді ұмытқалы қай заман,
Мен негізі мұңға ғана сыңармын.
Аппақ адал жарың бар ғой... кеш екен,
Оған неге ішім күйіп өшесем?
Саған қолым жетпейтінін білсемде,
Иемденгім келетіні несі екен?
Ауық-ауық ойға батып кетемін,
Алай-дүлей түрлі күйді кешемін.
Сүймеймін,деп ойлаушы едім ешкімді,
Алып ұшқан жүрегімді нетемін?
***
Тастай салып тірлігімді тынымсыз,
Күйге енемін отыра қап бір үнсіз.
Сосын,сосын сенің тәтті мұңыңсыз,
Өлең жазып кете берем буынсыз.
Сен туралы естелікті қопарам,
Миымда сан қиял соғып топалаң.
Міз бақпағаныңа ашуланып "дос" адам,
Демек болдым талай саған "қош,аман."
Арпалыстым ,араластым үмітпен,
Ақтап алып сені барлық күдіктен.
Аптап аптап жүрегімді бүліктен,
Жүре берем шімірікпей күліп мен.
Үлкен - үлкен армандарды жинаймын,
Жинаймын да өз бейнеме сыймаймын.
Сыимаймын да күл парша боп қираймын
Жоғалтуға қия алмаймын,қимаймын.
Жарығыңа сенің солай құмартқам,
Жақсы бала жанымда бол мұнартпан.
Өз обалым өзіме деп жүк артқам,
Жалыныңа күйіп қалсам кіна артпан.
***
Сенің аппақ келіншегің салымды екен,
Саған ұрыспай қарайма жаның,көкең?
Түсінбесе өзіме айт тартып алып,
Өзім ғана аялап жаныңда өтем...
Сенің аппақ келіншегің бақытты ма?
Бақытыңды сеніңде тасытты ма?
Екеуіңнің сыбырың еске түссе,
Жаман көңіл қалады жасып мына.
Сенің аппақ келіншегің күндей күліп,
Еркелесе көзіңде гүлдей ме үміт?
Мен несіне сені аңсап аласатам,
Басталғанда ішімде білдей бүлік?
Сенің аппақ келіншегің керім бе өзі?
Көре алама жаныңды көңіл көзі?
Өртіменен өзіне тартқан шығар,
Жалындаған жастығы өрім кезі...
Ойлай берем өзіңнен түңілдірсін,
Қиялдан да қызғанған күйім құрсын.
Мені әлекке түсіріп түктен түк жоқ,
Жыныма әркез оңдырмай тиіп жүр шын.
Сенің аппақ келіншегің...
***
Арманыңа қанат болғым кеп еді,
Сезім неге төзімімді жеңеді?
Мен кетейін мазаңды алмай...
Жарығым,
Талғамыңа бөгет болман себебі...
Мұнша бегзат болармысың,сабазым?
Арқалап ап ауыр мұңның азабын,
Көз жасымды көк сиядай ағызып,
Мүмкін енді сені ғана жазамын.
Сағыншты ауық-ауық сапырып,
Ертелі-кеш еске түссең тасынып,
Сені іздейтін шығар жүрек өкпелеп,
Менің мына тас кеудемде аһ ұрып.
Өкінішті,тағы өледі-ау,ол бейбақ,
Өзіңменен өткен сәтті күнде ойлап.
Сені күткен мен екен деп аярсың,
Айналаңнан көрінсе бір сүр бойдақ.
Жолдай салдым соңғы хатты жаздым да,
Аялдамай,кідірместен аз мұнда.
Аяулы жан,ақылың бар түсінер,
Жылап барған өлеңімді жазғырма,
Өшіре сал көңіліңді мәз қылда!
***
Ақын емес… актриса боп алдым,
Сосын қайдан оңармын?..
Тұншықтыру үшін сол бір сезімді,
Күлуді де, жылауды да доғардым.
Жүректі алдап, кейде тіпті ұрыстым,
Сөнер емес, солғындамас бір ұшқын.
Сені ұмыту — келмей жатыр қолымнан,
Ұнатпауға, ойламауға тырыстым.
Сүймедің деп алмаймын ғой өшіге,
Жан қарыған жалынымды өшіре.
Өмірімнен кетерің бар қаймықпай,
Өлең болып ораласың несіне?..
Түн қалғыған, жер мүлгіген бұл шақта,
«Сағындым…» деп жазсам саған, рұқсат па?
Сен бақыттың құшағында балбырап ұйқыдасың,
Жоқ қой маған мұрсат та…
Жәбірлеумен қойған мұңдар жылатып,
Жүрегімді алдым зорға жұбатып.
Елесіңнің құшағында тербеліп,
Мызғап барам…
Тұра тұршы, уақыт.
***
Көнбей көңіл ақылға да, тілге де,
Ала-бұртып, асып-тасып тұр неге?
Екеумізді жолықтырған Алматы,
Айыруға асыға ма бірдеңе?..
Сен сүйінсең — соған жүрек сенеді,
Алатау кеп құшағыма енеді.
Сен қырсықсаң, өз-өзіме сия алмай,
Алматыны тастай қашқым келеді.
Сен де, мен де біреулерге арманбыз,
Бірақ соны сезінуден қалғанбыз.
Адам көп қой, дәу шаһарда, құдай-ау,
Бірімізді біріміз,
Қалай тауып алғанбыз?
Аппақ бұлттың моншақтары сияқты,
Қара көзден мөлдір мұңым жиі ақты.
Ауыл жақтан ала келген аңқылдақ,
Тек екеуміз жібермейміз «ұятты»…
Белгісіздеу — бізді апарар жол қайда?
Арман ғана алға сүйрер ондайда.
Бұл қалада ереже жоқ, бізде бар,
Тәртіп бұзуды үйретсеше?
Болмай ма??
Алматы «алып қаламын» деп алдай ма?
***
Қалай қашсам да, суыспас уайым,
Жүрек жұбанар тынысты аңсайым.
Тұншығып барам, несіне сені,
Мазаламауға тырысқан сайын…
Қиялым құрғыр, қаусатты менің,
Шаттығымнан да тайсап күлемін.
Шекараңнан аттамау үшін,
Ойламайын деп, ойсоқты болдым.
Сағынбау үшін өзіңді мүлдем,
Салынбаймын да сезімге бірден.
Ережелеріңнен есім ауысты —
Бір көрсетпеді-ау,көзіңді күлген.
Адаспас, бірақ арман аяңым,
Әспеттеп әркез алға қоямын.
Төзімім бітіп, тыныштық бұзар,
Бір сылтау тауып ала қоямын.
Бекінісі мықты, берік мекенің,
Салқындығыңнан өліп кетемін.
Сеңдей соғылып тас қамалыңа,
Көңілді қалай көрікті етемін?
Ұйымай түн де ұйқы бүлікті,
Сезімді сыңар сұңқылы ірітті.
Бақытым сенің қолыңда тұрып,
Бақыт тілейтінің күлкілі тіпті...





