Серікбол Панабердиев
***
Санасы жетілмеген, сақаймаған,
Қанаты балапан ем қатаймаған.
Қолыма қағаз бенен қалам беріп,
“Қанекей, хат жаз” деді апай маған.
Апайым түсінгендей кәміл мені:
“Хат жазу жеңіл әрі ауыр” деді.
“Жүрегіңе сыймаған сағынышты,
Ақ параққа ақтара салу” деді.
- Хат - қағазға жазылған әні құстың…
Сол құстармен келе ме алып ұшқың?
Аңсаған адамыңа хат жаз, -деді,
- Суретін салғың келсе сағыныштың…
Сағыныш,
Ол кезде оны кім сезеді?…
Бұл бізге беймәлімдеу бір сөз еді..
Сағынуды білсін бе сар уыз ұл,
Жанының лайланбаған тұмса өзені.
Жүрсе де сан мың ойдың түнегінде
Бал күннің ұмытпастан біреуін де…
Сәт сайын сағынатын сол баланың
Жүздеген хаттар жатыр жүрегінде.
Жазылды, жазылады хаттар әлі,
Жанымның жабылғанша ақ парағы.
Тірліктің біз жазбаған тараулары,
Әйтеуір қайбір күні қатталады…
***
Апам-ау,
Біткенімен таңдайға өлең,
Алып ақын шығады қандай менен?
Ең аяусыз адамның бірмін-ау,
Ең аяулы адамды алдай берем...
Апам-ау,
Жаза басам біле тұрып,
Сол үшін қалар ма екем шын өкініп?
Жақсы көрем деймін де жиі Сізді
Жаныңызда болмаймын, міне өтірік!
Апам-ау,
Құдайға мен нашар құлмын,
Сіз жайлы қанша мәрте қасам қылдым...
Жылатпаймын деп алып Жаратқанға
Жанарыңа жүз рет жас алдырдым...
Апам-ау,
Шыншылдыққа бар ғой шамам,
деймін де, өтірікке маңдай соғам...
Жанымды жеп жатса да жегідей мұң,
"Менде бәрі жақсы" деп алдай салам.
Апам-ау,
Сенетұғын алдағанға
Сіз ғана адалсыз-ау бар ғаламда.
Кім білген, өмір жалған болмас па еді,
Біз секілді пенделер болмағанда...
***
Күз,
нұрыңды жоқтағандай,
Неге маған төндің екен?
Жылуыңды ақтарардай,
Бірақ саған мен кім екем?
Маңызды екем кімге бірақ,
Жанымды үнсіз ұға алардай
Мен жыласам бірге жылап,
Мен қуансам - қуанардай…
Серігім бе?
сертке сараң,
Өліп-өшіп сыйлағанда…
Танитыным төрт-бес адам,
Бейтаныстау кейде олар да…
Өзекті өртеп өзге ойлар кеп
“Кіммін?” деймін
Құдай,
Алла-ай…
Мен қуансам мәз-мейрам боп,
Мен мұңайсам мұңаярдай.
Қыс та қалды сірә таяп,
Жаз да көшіп алшақ менен…
Білетінім - бір-екі аят
Оқитыным - оншақты өлең…
Күз..
Отырмын баққа бармай,
Бұлттар, неге төндің екен?
Жылуыңды ақтарардай,
Бірақ, саған мен кім екем?
***
(Ақтау қаласында опат болған сарбаздар рухына)
Құстар да салмай қойды-ау әнін ғажап…
Тағы да жүзіңде - мұң, жаныңда - азап.
Сонда да сүрінбе, тіл
Жаңылма, жақ.
Сап, көңіл,
Тыншы, теңіз
Сабыр, қазақ!
Тынши ғой, кәрі Каспий, ашуланба,
Не табасың долданып, тасынғанда?
Арнаңа сыю бірақ азап шығар,
Аналардың көз жасы қосылғанда?!
Теңізге, жауындарға, дауылдарға
Бір сәтке мұрсат берші дамылдарға.
Менің де ішім дауыл, сыртым жауын,
Маған да сабыр берші, Сабырлы Алла!
Жүректі жатыр қайғы ауыр қажап…
(Қалай-қалай сыздайды қабырға жақ?)
Сонда да сүрінбе, тіл,
жаңылма, жақ
Сап көңіл,
Тыншы, теңіз,
Сабыр, қазақ.
Енді жылай көрмеші, жаным, қазақ!
***
Бақытты көреді адам, мән берсе егер,
Көрінуі тиіс қой, бар болса егер…
Ол сенсің, соны саған құя салған,
Құдайым, екенсің-ау әбден шебер.
Бақыттың жүрегі бар, ең кемінде…
Ол сенің бүлкілдеген еңбегіңде.
Бақыттың иісі де бар, балапаным,
Аңқиды ол жұпар шашқан жөргегіңде.
Бақытты таппайсың деп мың қаладан,
Әшейін айта салды-ау жұмбақ адам…
Бақыттың жан емдейтін даусы да бар,
Ол сенің үнің шығар, іңгәлаған.
Көкжиектен шықпайды менің күнім,
Шаттығымның шуағы – сенің нұрың.
Бал дәмі бар бақыттың, сол меніңше,
Сенен тәтті емес-ау… Сенімдімін.
Жұмбағымның жасырған жылдар бұрын,
Тапқандаймын жауабын жылдам бүгін…
Сені аялап отырып сезінемін,
Бақытымның қолымда тұрғандығын.
***
Мен бір жаққа барғым келіп жүр қазір,
Сосын сонда болып тұрсам жылма-жыл…
Ол ауылда бақыт, байлық бәрі бар,
Ол ауылда патша да жүр, құл да жүр.
Ол бір ауыл тым ұзақта, алыста,
Одан жақын көкжиек те, ғарыш та.
Әттең, оған жете алмайды жарық та,
Әттең, оған жете алмайды дауыс та…
Мен сол жаққа барсам деймін бір күні,
Сол ауылда бұл өмірдің шындығы.
Сол ауылды аңсатады күн сайын
Мына өмірдің сатқындығы, сұмдығы.
Сол ауылда естелік боп тұр менің
Күнә жасап үлгермеген күндерім.
Сол үрейлі,
Сол қауіпті,
Сол зұлым —
Сол ауылды сағынбаса кімде кім?
Қызық емес маған өзен, бау жақ та,
Буырқанған терең теңіз, тау жақ та.
Мен аңсаған бір ауыл бар, өтінем,
Мені апарып тастаңдаршы сол жаққа.
Жадап-жүдеп өмір қойған сұрақтан,
Сен де, мен де қол бұлғаймыз жырақтан.
Балалығым, сені қатты сағындым,
Бала күнім, танауының суы аққан…
***
Өткенді сүйетінім —
Бала күн бұрылмаған.
Сәттерді сүйетінім —
Сол менің ғұмырнамам.
Сағымды сүйетінім —
Сағыныш — шағыл дала…
Жауынды сүйетінім —
Жаурайды тәнім ғана.
Жастықты сүйетінім —
Уақытты ұғындырдың.
Достықты сүйетінім —
Дұшпанның сырын білдім.
Өмірді сүйетінім —
Бір сәтте жоғалады.
Құстарды сүйетінім —
Бір күні оралады.
***
Жақсылық жасайықшы, ау, жарандар,
Кемсітіп бір-біріңді қаужамаңдар!
Жақтайды жақсы адамдар бірін-бірі,
Даттайды жақсыларды ал жамандар!
Жо-жоқ, менше болмайды жаман адам,
Несі жақсы тап беріп табалаған?!
Қандай жақсы бір-бірін мақтап жүрген,
Қандай жаман бір-бірін қаралаған?!
Күн сүйгір-ай түрілген түндігіңді,
Доғарайық жүректі кір қылуды…
Бір жақсылық жасаған жанды көріп,
Жақсы қылып өткердім бір күнімді.
Көрмейікші көңілдің нашар күйін,
Арамыздан өтпесін асау құйын.
Жауыздар да қалайды жақсылықты,
Бірақ, әттең, оларға жасау қиын.
Сәт сайын Жаратқанмен жеке қалар,
Жүрегі жақсылардың екен адал.
Меніңше жер бетінде жамандар жоқ,
Байқамай қателесіп кетеді олар.
Әрбір атқан арайлы таңдар үшін,
Өмірдегі ең қымбат жандар үшін,
Жақсылық жасайықшы, жер бетінде
Жамандықты көбейтіп алмау үшін.
Сайтан салған сыбырмен санамда сан,
Кешіріңдер, біріңді жамандасам.
Бақыттымын жап-жақсы өмірімді,
Жақсылық жасап тұрып тамамдасам.
***
Әспеттеуші ек құнды көріп үйдегі,
Әкем киген жұпынылау жейдені.
Ес білгелі есімде жоқ сол әкем.
Жарқыратып жаңа киім кигені.
Қабағына ұяламай әсте мұң,
Көріп өстік қоңыр тірлік кешкенін.
Сондай ыстық көрінеді деуші еді,
Сонау жылғы сатып алған кәстөмін.
Сұр шалбарын киіп тұрып тағы да,
“Кез келгеннің тимейді бұл қолына
Ана жылы Алматыдан алғам” деп
Әлдеқандай қылушы еді оны да.
Қарлы боран, аямайтын қыс,
Бірақ…
Біз үшін ол ұмытылмас күшті уақ.
Бір етігін отыратын кеш болса,
Былғарысы тесілгенше ысқылап.
Қыс өткенде күлімдеген көктем кеп,
Күртешесін қаққылайтын көкпеңбек.
“Астарының сөгілгені болмаса,
Талай тойға киер едім, әттең” деп.
Көне шалбар, көне жейде, көне етік,
Көне көйлек түсі кеткен тер өтіп.
Сырты жылтыр адам қылмай әшейін
Әкемізді көрсетіпті-ау ер етіп.
Ойымыз да, бойымыз да келте боп,
Әке барда нені ойладық еркелеп?
Бір көйлекпен жүріп алған екен-ау,
Біз бәтшағар өсіп болмай ертерек.
Біздер үшін қаншама мұң көтердің,
Бәрін-бәрін кеш ұғынған екенмін.
Өңі кеткен көйлегімді киерде,
Өтірігін еске аламын әкемнің.
***
Тыңдайтын жаныммен тұшынып,
Әуен бар, жүрегім толғайды…
Өмірді нотаға түсіріп,
Бір өлең жазбасам болмайды.
Сурет бар санамда қаяусыз,
Көркіне көңілім өлермен…
Өмірдің пейзажын бояусыз,
Бейнелеп берейін өлеңмен.
Сол өлең - тәп-тәтті сезімнің,
Үзінді үп еткен сәтінен.
Әдемі сазым бар өзімнің,
Ән қыла көрмеңдер, өтінем.
Сүйейін жазды жаз, қысты ақтай,
Күзді күз, көктемді көктем деп.
Қиялға қарындаш ұстатпай,
Сияммен жазайын көкпеңбек.
Жанменен, жүрекпен түсініп,
Сазсыз-ақ сезініп көрерсіз.
Өмірді нотаға түсіріп,
Бір өлең жазайын әуенсіз.
КҮЗ-ҒҰМЫР
Жел қуған жапырақтай аударысып,
Уақыт басып озады-ау бізді бір күн.
Сары ала қазбен бірге самғап ұшып,
Сырғып жатқан күндері-ай күз-ғұмырдың…
Ұмытпа дегені ме Ұлы Иемнің,
Кейпі жоқ күз бейнеде жанашырдың…
Жапырағы қурап жан-дүниемнің,
Жалаң тартқан ағаштай аласұрдым…
Қаздар үні жанымның әні ме еді,
Ол да менен дәл қазір тым ұзақта…
Қарашаға қалдырып тағы мені,
Құсым қайтып барады жылы жаққа…
Өкпек жел де сыр қылып өткенді бір,
Түсірді көңіл деген іргеме шық…
Сүмбіленің суындай көктем-ғұмыр,
Бозғылт бұлтпен барады бірге көшіп…
Қылп етіп қоңыр желден түршігеді,
Жылт еткен көңіл жылы кезге асыға…
Сөйтеді де бір ауық күрсінеді,
Көк аспанның шомылып көз жасына.
Жоқ,
маған суық емес күзің мүлде,
Керісінше, жанымды ояттың, мұң.
Әне-міне шақ тұрған үзілуге,
Анабір жапырақты аяп тұрмын.
***
Кекқұмар қаскүнемдей,
Өгей күн өткерместен..
Ешкімді жақсы көрмей,
Ешкімді жек көрместен.
Шыңына шығартпайтын,
Шенге де құмартпайтын.
Ешкімді қуантпайтын,
Ешкімге мұң артпайтын.
Дүние таңдамайтын,
Дүрмекке арбалмайтын.
Ешкімді алдамайтын,
Ешкімге алданбайтын.
Біреуді мақтамайтын,
Біреуді даттамайтын
Ешкімді ақтамайтын
Ешкімді жақтамайтын.
Алғысқа бөлемей-ақ,
Өзім де бөленбестен.
Ешкімді елемей-ақ,
Ешкімге еленбестен.
Қандаймын - сол деңгейде,
Қалуды көксеп өтем…
Өмірге келген күйде
Өмірден өтсем екен.





