Айгүл ЖҰМАДІЛ
***
Еш себепсіз жыладым, іле күлдім,
Соның бәрі - сен үшін,
Жүре білдім...
Ағып бара жатқандай соңғы жұлдыз -
Жанып бара жатқаны-ай жүрегімнің...
Еш өкінбей өзіңмен өрт кешемін,
Сенім үшін сезіммен серттесемін.
Сені күткен бүгінім - бақыт қандай,
Сенсіз өткен не деген дерт - кешегім.
Бәлкім күнә - сүйгенім,
Кінә менен.
Неге дайын екенмін?
Сұра менен!
Аспаныңа Ай болып ілінем де,
Көкжиектен Күн болып шыға келем!
Тарылғанда тынысың - дем беремін,
Өміріңнің боламын ең керегі.
"Жаным! Жаным! Жаным!" - деп жүрегіңнің
Айналдырып тұрамын дөңгелегін...
***
Сен менің жүрегімнің дүрсіл - демі,
Жүректің жылағаны - күрсінгені…
Күн болып көкті тіліп түскен күннен
Жап-жарық нұрға бөліп жүрсің мені!
Сен менің Айдан ерек аппақ арым,
Ақиқат айқара ашып тас қамалын
Тәңірім таң алдында аян берген -
Өмірдің дәл өзіңнен басталарын.
Нөсер боп көңіл мен ой, көк пен жерім
Жаныма жалау болдың төккенде мұң.
Мың күйіп, мың өртеніп кетсем дағы
Күнге ұйып, көкжиекке жетсем дедім.
Күн емес, Күн дегенім сағым екен,
Көңілдің алабұртқан шағы ма екен?
Жан қадірін білмейтін жамандардың
Жанынан жұлдыз болып ағып өтем.
Сен менің жүрегімнің дүрсіл - демі,
Жүректің жылағаны - күрсінгені.
Күн іздеп Күнекейдей көкті кезіп
Жүргенде “Сенің өзің - Күнсің!” дедің…
***
Бүлк еткен жүрек, бұл жүрек
Кеудеге сыймай бұлқынып.
Көбелек жүрек - үлбірек
Күйген де Күнге ұмтылып.
Лүп еткен жүрек, шоқ - жүрек
Жанған да осы, лапылдап.
Кімдерде егер жоқ жүрек
Жылынып алсын, жақындап.
Солқ еткен жүрек бір күні
Досы мен жауын айырып.
Үзіліп құлдық шынжыры,
Қамытты қайта қайырып…
Тұтқынға берген бір жігіт,
Аманаттаған бір ару.
Үмітпен күткен үздігіп
Үзіліп кетпей сыңары.
Сыздаған жүрек - сағыныш.
Мұздайды кейде мұң қатып.
Қамалда қалар, жанып іш,
Тұрғанда үнсіз тіл қатып.
Көл-көсір тұнық көңілге
Бұл жүрек аунап-қунасын.
Кеудемнің биік төрінде
Бүлкілдеп соғып тұрғасын…
***
Жүрегім жылағанда - қаным суып,
Жігерім құлағанда,
Сағым сынып
Сен маған дем бересің,
түсіме кеп
Кеудемнен бара жатса жаным шығып.
Мың тарам соқпақ жолдан адасқанда,
Бір жұтым ауаға
Жан таласқанда,
Мен Сені,
Сені сезем, қара Тауым -
Қалт етпей қарап тұрған қара аспанда.
Төзімім тамшыласа жанарда еріп,
Қара өлең ағып түспей,
қаламда өліп
қалғанда,
Қалғып кетсем оятасың
Келетін қуаныштан хабар беріп.
Көңілімнің аластаған алып мұңын,
Жан Әкем -
Жырақтағы жарық күнім.
Жеті қат көк пен Жерден жебеп жүрген
Айналдым аруағыңнан,
Жарықтығым.
***
Досымды қалай сақтасам екен?
Дұшпанды қалай ақтасам екен?
Жақсы мен жаман таласқа түссе,
Жақсыға құдай жақтаса ма екен?
Көңілді таза ұстаймын қалай?
Өмірді сүйіп, құшпаймын қалай?
Басыма келіп бақ құсы қонса,
Бақыттан көкке ұшпаймын қалай?
Арымды аппақ қаралап алмай,
Жанымды таза жаралап алмай,
Жазықсыздарды жазалап алмай,
Тыныштығымды мазалап алмай,
Жүрекке де бір үңілсем бе екен?
Үңілсем - өзім, түңілсем - бөтен.
Уақытты қуып жете алмай келем,
Түңілсем бе екен,
Жүгірсем бе екен?..
***
Жаныңда болсам деймін, жүзімнен әр тайғанша,
Жанымда болсаң деймін, қалжырап-қартайғанша.
Жаныңда болсам деймін, кешіксең күту үшін,
Бір өліп, бір тіріліп бірге дем жұту үшін...
Сені іздеп сағынғанда, сабылып барсам деймін,
Сыз өтіп табанымнан ауырып қалсам, мейлі!
Сүрінсең, демеу болсам, жаныңа ұшып барып,
Ренжітсең, еркелесем көліктен түсіп қалып...
Еркіңе бағынбасам - басылсаң ұрсып барып,
"Қырсық!",- деп құшақтасаң, танаудан түртіп қалып.
Адассам жол таба алмай, "Келе ғой, Күнім!"- десең,
Ешкім де жоғалмаса, ештеңе бүлінбесе...
***
Жалғыз қайың жаны мұңды,
Ішке жұтып жалын, уды
Күтуді үнсіз сен үйреттің,
Сен үйреттің сағынуды.
Еңсені тік көтеруді,
Дара туып, жеке өлуді.
Есіме де өзің салдың -
Аппақ қайың екенімді.
Еркелікті сенен көргем,
Есті де - сен. Кемеңгер ме ең?!
Шырын-шәрбат тәттілік те,
Қаттылық та сенен келген.
Арманымды сырға малып,
Алам сендей сырғаланып.
Арды арқалап саған барам
Адамдардан, былғап алып.
Жанға мына не керегі?
Адастырды, жетеледі.
Жаратқанның жүгін бәрі
Жалғыз-жалғыз көтереді.
Жалғыз қайың - жаным егіз,
Әнің егіз, таңым егіз!
Үзілсе бір жапырағым -
"Ұшып кетті-ау жаны",- деңіз...
***
Бәріміз де қателестік,
Бәріміз де жаңылдық.
Жетеміз деп жоқ елеске
Адастық та табылдық.
Асықтырып арманымыз,
Сүріндік те құладық.
Сөз етер деп жан-жағымыз
Күлдік,
іштей жыладық.
Оза шаптық, одан қалса,
Отына ойдың орандық.
Қолда бардың қадірі жоқ
Жақсыны алдық жоғалтып.
Жоғалтпасақ таппас едік,
Ол да бізге бір сабақ.
Күн болмаса көлеңкеңді
Түн өтеді тұмшалап.
Бір кемдік бар сенде, менде,
Ағаттықтар көп мұнда.
Жалған толы пенделерге,
Періштелер жоқ мұнда.
Маңдайыңды Күн қуырып,
Табаныңнан сыз өту,
Өмір деген осы шығар -
Қателесу, түзету…
***
Сен сағынып көрмедің мен сияқты,
Торыққанда - топан су тасығандай.
Сен сағынып көрмедің мен сияқты,
Жабыққанда - жетім ұл жасығандай!
Сен сағынып көрмедің мен сияқты,
Назданғанда - найзағай ойнағандай.
Сен сағынып көрмедің мен сияқты -
Ештеңе болмағандай!
Сен сағынып көрмедің қапыдағы
Құлан ойнап құдыққа құлағандай.
Сәмбі талдың ең соңғы жапырағы
үскірікке үзілмей шыдағандай!
Сен сағынып көрмедің суып барып,
тамырыңның лүпілі тоқтағандай.
Дөңгеленген дүние тұрып қалып,
Жүрегің соқпағандай!
Кетпеген соң биікке жаның самғап
кең сияқты кеңістік - кем сияқты...
Сағынған да шығарсың, сағынсаң да
Сағынбаған шығарсың мен сияқты...
***
Нем бар еді адам болып,
Нем бар еді ақын боп?..
Енді міне қаламда - қан,
Қамауда - жан,
Басымда - от.
Мен жаралған топырақ - Рух,
Мені туған анам - Ар,
Құлау түгіл сүрінуге,
жылауға да хақым жоқ!
Мені өлтірер - Махаббатым,
Мен айықпас дерт - Өлең!
Тыныштық жоқ,
Тұрады ылғи төңкеріліп Жер, Төбем.
Өкінбеймін өткеніме,
Кеткендерді ұстаман,
Түңілмеймін - өлсем өлем,
Жансам жанам, өртенем!
Тіршіліктің бүлкілі - Өмір,
Түні - тыныс,
Күні - дем,
Ақыры - ажал.
Мейлі, мейлі,
Үміттінің бірі - Мен!
Сірә, қазір "ұйықтап" кетсем -
Адам болып оянам,
Білем тағы, күйіп кетсем -
Ақын болып тірілем!





