Айнагүл Кемалиева
***
Өмір -сапар, аялдама - тіршілік,
Ғұмыр кешер адам күліп, күрсініп.
Ақын өтсе қалар оның артында
Қағазы мен қаламына сыр сіңіп..
Бүгін тағы күзден бояу іздедім,
Ұзатып сап тырналардың тізбегін.
Ессіз күннің естелігін өшіріп,
Көшірейін өлеңіме күз демін.
Сәттер ұмыт жаңбыр болып жауатын,
Сынайын ба күздің сабыр-тағатын?
Қайтқан құстың қанатына тамшымен,
Жазайын ба ұмытылмас ән атын?
Күздің атын дейтін бе еді : Жылауық?
Мен де жылай салайыншы бір ауық.
Жанарым мен қаламымнан, өйткені,
Іңір ауып бара жатыр, түн ауып.
Өмір -сапар, аялдама - тіршілік,
Өлең жазам күліп, кейде күрсініп.
Қоңыр күз-ау, мені ғана әлдиле,
Жүрегіме қалсын мөлдір жыр сіңіп…
***
Күз жарасар Атыраудың көркіне,
Күз таласар менің-дағы сертіме.
“Жаңбырымды төгіп-төгіп тастайын,-
Дегендей ме,- дауа болсын дертіңе”
Менің дертім - сілбілеген боз жаңбыр,
Менің сертім- алақандар созған құр.
Менің көркім- сарғайған тал-жапырақ,
Ал, өлеңім - суық сәуле, тозған нұр.
Қара жаңбыр..
Бұлтпен келген торлатып,
Қабағыма қалды бүгін тоң қатып.
Жаз күніндей ала жаңбыр болса-шы,
Бір тоңдырып, жылытатын - сол бақыт.
Қалың жаңбыр..
Төгемісің, сол күдік?
Үнсіз ғана отырамын жол күтіп.
Қараша-күз, кіріп келдің есіктен,
Жүрегімді жаңбырыңмен тоңдырып.
Қараша-күз, қане, мені таңғалдыр,
Қап қоймасын көкейімде арман-жыр,
Сенің де атың, менің де атым - көктем ғой,
Төкші менің аспанымнан ақ жаңбыр! ..
***
Жазсам деп ем салиқалы бір өлең,
Өлген емес, тірі өлең.
Ақындардың күні оймен тұманды
Түні - өлең..
Бұл қараша өлеңіммен оралды,
Қайтқан құстар шабытыма жоралғы.
Жапырақтар үзілген жоқ жүректен
Тек ағаштан тоналды.
Жаңбыр-тамшы селт еткізді көңілді,
Көкірек-жыр толас таппай егілді.
Кешікпеген қарашаға рахмет,
Күз-көңілім не білді!
"Қарашада өмір тұр" деп ақындар,
Жырлаушы еді, сөздерінде татым бар.
Менің де ақын атым бар ғой, қараша,
Жыр жазуға хақым бар! ..
***
Қыс көктемге, көктем жазға жалғасып,
Өмір, өмір..
Өтіп жатыр алмасып.
Өлеңіме бүгін жазған өрнектеп,
Алауыртқан таң ғашық.
Кейде өлеңім жылай салар аһ ұра,
Мұң айта ма жастық-жалын шағына?
Көктем әлі көкейімде жүрсе де,
Күз келіпті бағыма..
Бозторғайдың жүрсем де әнін сағынып,
Күзбен бірге күрсінемін қамығып,
Алыс емес аппақ тонды аппақ қыс
Аппақ қарда ақ үміт.
Қуалайды мезгіл ойлар тізбесін,
Үмітімді өлең оты үрлесін.
Мен де бір күн арылармын ойлардан
Қыстың қымтап іргесін..
***
Сағынғанда салқынын қара күздің,
Өлең жазғым келеді бұрынғыдай.
Баяғыша жаны жібек қара қызбын,
Жаз кеткені болмаса сырымды ұрлай.
Жібек жаным әуелден күзбен егіз,
Жаздың аптап ыстығын жатырқайды.
Көлеңкеден, күннен де іздемеңіз
Жақұт жырым бәрібір табылмайды.
Жаз да бітіп барады..
Асығулы.
Менің сүйер күзіме күнді ұзатып.
Менің сырым жапырақта жасырулы
Үзіледі ең соңғы мұңлы бақыт.
Мұңлы бақыт..
Ән, әуен үздігеді,
Гитараның сызылған шанағында.
Өлеңімнің мүңк етті күзгі демі
Білмедім..
Ол да сендей жаралы ма?
Қара күз,
Қара жаңбыр,
Қара суық,
Кел-дағы, бас өлеңнің отты демін.
Өлеңім де, өзім де барам суып
"Мұздамасын жүрегім" деп тіледім..
***
Енші етіп едім өлеңді
Тағдырымда талайлы.
Армандарым да көнерді
Үнсіздікті жаным қалайды.
Күрең күз келсе күбініп
Шулайтын шабыт-құстарым.
Жүректің жырсыз сырын ұқ
Шетсіз де шексіз құм-сағым.
Кеше де жауды, бүгін де
Күздің қап-қара нөсері.
Сүрін сен ,мейлі, сүрінбе
Өмірдің бар өз есебі.
Күз бе екен осы шынымен
Сезбедім әлі ызғырық?
Өлеңнің ғана мұңымен
Кеудеме кетті мұз кіріп.
Үндемен енді үндемен
Айтпайын жырмен досқа сыр.
Жаурадым, тоңдым, күз - денем
Қолшатыр берші, қолшатыр!
***
Бітпестей көрініп мына жаз,
Ыстығы от болып қарыды.
Жаз маған әу бастан ұнамас
Күп-күңгірт жанымның жарығы.
Күз келсін.. Шабытты емдесін,
Жаңбырмен жүрекке жыр сіңіп.
Ақындар өлеңге шөлдесін
Бейуақта адамша күрсініп.
Күз келсін..
Құс қайтсын қиқулап,
Тастасын гөзал-бақ мекенін.
Әйтпесе, жаз мені сиқырлап
Жолымнан адасып кетемін.
Жаз кетсін..
Ыстық. Өрт. Аптап. От.
Күз келсін сарыала көйлегі.
Бәрібір жаз маған жаққан жоқ
Үнсіздік үн қатып "сөйледі".
Жаз маған әу бастан ұнамас,
Күп-күңгірт жанымның жарығы.
Өлеңім қайтара жыламас
Өзегім азғана налыды..
***
Күз, сенің келбетіңді
Өлеңге көшірейін.
Асығып кеткен жазға
Несіне өшігейін?
Уақыт.. байламы жоқ
Тұрмайды уысымда.
Бақытты сәттер жатыр
Күз, сенің тынысыңда.
Күз өтер, қыс та келер
Жамылып бөкебайын.
Өмірдің заңы сол ғой
Жайым жоқ етер уайым.
Жазымды, көктемімді
Әлдилеп сағынайын.
Күздерден қыстарға ұзап
Жылдарға бағынайын.
Ал, бүгін келбетіңнен
Арай күз, шуақ көрдім.
"Күз ғой бұл, көктем емес
Әттең-ай, бірақ.." ,- дедім..
***
Тұтата алмай өлеңнің от-маздағын,
Сөніп қала жаздадым..
Көңілімде қуанышым көп пе еді,
Өмірімде аз ба мұң?
Ой-санамда көктемімді көксесем,
Арманыммен беттесем.
Мұз қырау боп заһар шашар ма екенмін,
Өлеңімді шектесем?
Күз де баяу ертелі-кеш жылжиды,
Көлегейлеп күнгейді.
Көкейдегім көшірілді өлеңге
Мұның атын...
МҰҢ дейді...
*********
Көңілдің кірін айғыздап
Жауатын жауын жаумады.
Өлеңім - қонған байғұс бақ
Жаңбырсыз жылап жаурады.
Сезінбей күздің келгенін
Көшеге шықтым желеңсіз.
Шулы шаһардың шер демін
Көкейге жаздым өлеңсіз.
Тұр екен төніп төбемнен
Күндегі көркем аспаным.
Ойларым..
Ол да өлермен
Өксігін жұтты басқаның.
Күз, сенің көркің алдамшы
Жылаттың жанды жиі алдай.
Жаздағы жарқын арман ше?
Қоштасып кетті қия алмай.
Күз, келдің..
Сұп-сұр қабағың,
Кірлеттің көңіл көйлегін.
Өгейсіп өмір сабағын
Өлеңге үнсіз сөйледім...
***
Мазаламай көптен мені көне мұң
Бұл күндері бір бақытқа егемін.
Жасырмаймын,
Қуансам не мұңайсам
Жүрегімнен төгіледі өлеңім.
Бүгін міне,
мен сүйетін келді күз
Жапырақ та, мен де сондай өңдіміз.
Көркем күздің күмбір əнін жыр етіп,
Күзгі бақта толықсимыз енді біз.
Сыбдыр қағып, сылаң қағып жүреміз,
Жапырақ пен жүрегімнің үні егіз.
Бірі қалқып, бірі толқып кеткенде
Жауһар жырдың қақпасына кіреміз.
Кеудемізден нəзік сезім үзіліп
Жыр оқимыз біз екеуміз сызылып.
Үнсіз ғана манаурайды тыншиды
Көңілдердің айтар сырын күз ұғып.
Көптен мені мазаламай көне мұң
Күзгі бақтай мың бақытқа егемін!
Күз келді ғой менің жаным қалайтын
Енді өлеңім өгейсімес,
Сенемін!
Күз келді ғой!!!
***
Жапырақтардың төгілетіні
Аспанның үнсіз егілетіні
Іңірде Үркер көрінетіні
Күз бе еді?
Бұлттардың көшіп желігетіні,
Моншақ боп шықтың терілетіні,
Қызусыз күннің керілетіні
Күз бе еді?
Кештердің жиі желдететіні,
Көңілсіз бақтың тербететіні,
Суықтың дендеп төрлететіні
Күз бе еді?
Лебіздер сусап шөлдететіні,
Сезімдер жасын көлдететіні,
Жып-жылы шуақ кенде ететіні
Күз бе еді?
Қаздардың қимай қаңқылдайтыны,
Қанаты шоққа шарпылмайтыны,
Жалт етіп жасын жарқылдайтыны
Күз бе еді?
Көзесі бұлттың сарқылмайтыны,
Тамшыдан əнші əн тыңдайтыны,
Ескексіз қайық қалтылдайтыны
Күз бе еді?
Шағала көлге қона алмайтыны,
Күздің көктемдей бола алмайтыны,
Жастықтың кері оралмайтыны
Рас білем!
Қалауымды күз бере алмайтыны,
Көктемнің күзге сене алмайтыны,
Өлеңімнің тек мені алдайтыны,
РАС!
Бəс тігем!
Сол кездер күз бе еді?..
***
...Күз.
Ымырт.
Кешқұрым.
Мұң даусын естідім:
"Нәп-нәзік жаныңды
Жылатсам,
Кеш, күнім.
Жұбатпай,- жылаттым,
Ұнатпай,- ұнаттым.
Халіңді ұғатын
Жұлдыз да жырақ тым
Мұң менің есімім,
Үнсіздік - шешімім.
Жалғанда жар болар
Дос болсам, несі мін?
Болайын мұңдасың,
Болмайын сырласың.
Жалт ет те, қорғала
Ай тақса сырғасын.
Мұңайма, жарығым,
Төбеңде әлі күн.
Жауабын айтады
Өлеңің бәрінің.."
...Күз. Ымырт. Кешқұрым.
Өз үнімді естідім:
"Мәңгі емес еш нәрсе
Өтеді бес күнім.."
***
Біреулер күзді суық дейді..
Өтірік!
Әлдекімнің сандырағы ол
Айтқан текке өкініп.
Күз дегенің жып-жылы ғой
Көктем сынды бәйшешек
Көңіліңде бүр жарғанда жетіліп.
Біреулер күзді суық дейді..
Жалған, ә ?
Тоңазып қап айтқан шығар қармана.
Күз дегенің көктем кетсе алыстап
Көңіліңе оралатын арман, ә?
Біреулер күзді суық десе,
Сенбеңіз!
Күзде де бар шуақ болып өрілген
Жапырақпен көмкерілген көркем із .
Біреу күзді суық десе..
Сенбеңіз!
*******
Күз, соншама жылағаның не?
Жылағаның не егіліп?
Көзіңнің жасын төктің бе, бəлкім
Қыс келетінін сезініп.
"Қыс келгеннен соң жылай алмаймын,-
дедің бе,-жасым мұз болып?
Одан да ағылып жылап алайын
Көңілім көлдей күз болып"
Жыласаң, жыла!
Жұбата алмаймын!
Өзім де кеп тұр жылағым.
Күз бен қыс өтіп, көктем келсінші
Құраймын жырдың құрағын.
Көктем жыласа, жүзіне оның
Жылаған əсем жарасар.
Күз, жыламашы,
сенің көңіліңе
Менің көз жасым таласар.
Күз, соншама жылағаның не,
Жылағаның не егіліп?
Менің де сенше жылағым кеп тұр
Келерін қыстың сезініп..
Жыламайықшы!?
***
Табиғат киіп алып күз көйлегін.
Əн салды жапырақтар үзбей демін.
Үкілі үмітімдей үзіледі
Жауын-жыр жүрегімнен күздей менің.
Күз кетер.
Сəнін алып боз даланың.
(Қыстың үнін əл-əзір қозғамадым.)
Өлеңім ести алмай бебеулейді
Сол шақта боз селеудің боздағанын.
Күз кетер.
Бақтың бəрін жалаңаштап.
(Жылауық-жыр жылайды жалаңаш қап)
Қаз-үйрек қанаттарын сабалайды
Олар да қиялымды ала қашпақ.
Қайтпекпін,
Көңілімді күзбен егіз?
Төгілген жапырақтан із кесеміз.
Күзге кел.
Жазға да емес, көктемге емес
Күз үнді КҮЗ-АРУДЫ іздесеңіз...
***
Күз келгенде сыбыр-сыбыр, күбір-күбір күзгі бақ,
Жапырақтар қалықтайды мың сүрініп, жүз құлап.
Мен отырмын терезеден күзгі баққа көз салып,
Ой-санамды күз секілді мың бояумен сызғылап...
Бір бояу бар..
Сағыныштың сыйы сынды сап-сары.
Бір бояу бар..
Қамығыстың күйі сынды кəп-кəрі.
Бір бояу бар..
Əлпетінде күздің бозғылт ақ таңы.
Бір бояу бар..
Əр бетінде күннің күңгірт шақтары.
Қай бояуды жақсам екен өлеңіме өрнектеп?
Сағынышты жатырқаймын, дəмінде оның кермек көп.
Қамығысқа жабырқаймын, бағыма қалай енбек деп?
Бозғылт, күңгірт бояу қалай өлеңімді жеңбек деп?
Күз келді де жүрегіме сыбырлады бақ күзгі..
Өлеңімнен күзбен бірге шықтай мөлдір шақты үздім...
***
Сап-сары боп сағыныш үздігеді.
Жайылғанда сары ала күз кілемі.
"Сағыныш менің ғана еншім ғой",-деп,
Миығынан сары ала күз күледі.
Сыр ұғып күлкісінен сары күздің.
Кейпіне еніп кеттім "кəрі қыздың".
Сары көйлекке ауысып қызыл көйлек
Жанымнан жылдарымның əнін үздім.
Сары көйлек сары күзге үйлеседі.
Алыстайды қызғалдақ-күй кешегі.
Көлбеңдеп көз ұшында желбірейді
Қарттығымның аппақ боп кимешегі...
***
Күз келді ме?
Өлеңімде күз демі,
Көңіл күзден арай-шуақ іздеді.
Көп болыпты-ау мен өлеңсіз өгейсіп
Жүргелі..
Қыркүйек пе?
Өлеңімді желпіген,
Күз келгенде көктем болып елтігем.
Есіле алмай тайқып кетті бұла күз
Сертінен..
Көркем күндер
Бола алар ма тамаша?
Өлең күзбен жүре алар ма жараса?
Жүрегімді қайта жырға толтырар
Қараша?..
Қыркүйек пе?
Оған өлең өкпелі,
Қаламынан жырақ , алыс кеткелі.
Ақырындап ақырапқа ақ арман
Беттеді..
***
Сездім бүгін күздің лебін...
Күз еді менің де жанымның іңкәрі.
Жүректі қамалап алғандай мұң тағы.
Қыстығып үнім де шықпайды кеудемнен
Үмітті үгітіп ойлардың ұнтағы.
Жауын боп, дауыл боп осқылап өтсе екен
Сезімді өлеңнің бұрқағы.
Сездім бүгін күздің лебін..
Күз еді менің де жанымның музасы.
Үзілген жапырақ, музамды жырлашы.
Қыстығып үнім де шықпай жүр кеудемнен
Ешкімге айтпаған сырымды ұрлашы.
Кеседе...
қоп-қою өлеңімнің тұнбасы..
мөп-мөлдір көзімнің у жасы...
Күз келсін.
Төгілер жауын боп,
Әйтпесе,
Өлең тұр тәніме ауыр боп..
Күз келсінші..
***
Күз жақын..
Жанарымда жасырын мұң.
Керегі не сол күзге асығудың?
Өлеңімде жырланып болған жоқ қой
Көктемге менің әлі ғашық үнім.
Мен әлі..
Ғашықпын ғой жазға мына.
Іңкәрмін ғой өмірдің саздарына.
Асықтырмай тұра тұр күзге мені
Көктемге айтар сырым бар ақтарыла.
Асықпа..
Күз, енуге есігімнен,
Сескенбе сен де мендей кешігуден.
Өмір деген өзімдей көңілшек қой
Қарайды екеумізге кешіріммен.
Солаай, КҮЗ,
Тек көрсет те құралай-түр
Сыр тұнған көздеріме ұялай тұр..
Аа-сық-паа!
***
Күз келгенде , құс қайтқанда қиқу салып төбемнен
Мен жыр болып төгілуші ем, егілуші ем өлеңмен.
Үйрек -қаздар есілуші ед қанаттарын сабалап,
Бозторғай-жыр көсілуші ед ақ Жайықты жағалап.
Биылғы күз ..
Бүркіп ерте бозқыраудың салқынын.
Мен әйтеуір естімедім шағаланың шаңқылын.
Оңтүстікті бетке алатын құс тізбегін көрмедім,
Қиял көкке самғамады, Жерұйығым - Жер менің.
Мені Жерге қалдырды да кетті ме ұшып құс біткен?
Бір ой мені мазалады жалт еткендей түстіктен.
Сол ой , сірә, болса екен өлеңімнің жарқылы,
Әйтпесе ұзап кетіп барад күз бен құстың таңғы үні..
***
Аппақ мұнар, ақ сəулеге ұмтылдым.
Күзбен бірге бір жыладым, бір күлдім.
Сезімдерді ақ жауынға орап ап,
Келіп отыр өлең қылғым, жыр қылғым.
Күзгі бақта жапырақтар төгілген.
Бір əуен бар жырмен егіз өрілген.
Əсем вальс,
өлеңімді тербеші,
Күзгі кеште ақ жауын боп егілген.
Күз жылап тұр.
Өлеңіме мұң шағып.
Аспан көрпе жауып алды тұмша қып.
Қайтқан құстың қанатында қалықтап,
Кетіп барад мұнша арман, мұнша үміт..





