Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Жаңбыр, жаңбыр, жанарымды нұрландыр!

Сағыныш Намазшамова 

 

***
Тербелген кемені
Толқынын мың ие
Көтеріп келеді
Көкпеңбек дүние.

Отанға тек осы
Оралу - мұраты
Делостың кемесі - 
Ажалдың бір аты.

Санама дарымай
Сократ ішкен у,
Алаңсыз түстену,
Алаңсыз түс көру.

Алыптың табаны
Тигенде айлаққа,
Қалдырып қаланы
Кетейін қай жаққа?!

*  *  * 
Ізесең ізде мені,
тыныштық тереңінен,
Бітпейтін іргедегі 
Кеңістік көлемінен,

Төменге түсе алмайтын
құстардың қанатынан,
Мың жылда мұқалмайтын
мұздардың қабатынан,

Бүкілін құрап тұрған
бүтіннің бөлшегінен,
Бейнеңнен құлап тұрған
көлеңкең өлшемінен,

Жерге кеп қонақтайтын
тозаңның түйірінен,
Осалды жолатпайтын
Олимптің биігінен,

Жұмбақ боп жасырынған
таулардың жынысынан,
Табарсың ақырында 
кеудеңнің қуысынан. 

*  *  * 
Нөлден шексіздікке дейін, 
Даналықтан ессіздікке дейін,
Сутектен уранға дейін, 
Өлгеннен туғанға дейін, 

Тұқымнан орманға дейін,
Қадамнан жолдарға дейін,
Түнектен шамдарға дейін,
Әріптен томдарға дейін, 

Шындықтан арманға дейін,
Ғұрыптан заңдарға дейін,
Берісі - шыныдай көңіл
Шытынып қалғанға дейін,
Арысы - нүктені Тәңір
Қайтадан жарғанға дейін, 
Күтетін шығармын сірә!

*  *  *

Бөленсем де әлди-нұрға,
Билеп бойды ой-алаң,
Қария боп қалғимын да,
Сәби болып оянам.

Мендегі жай мәлім кімге?
Жаным жүдеп, шоқ құшып, 
Жанарымнан жарым түнде
Жалғыз сәуле көкке ұшып.

Қолым қысқа, тілек ұзын,
Басқа қалай қорғайық?!
Қара түннен жүрек ізін
Көру үшін қол жайып.

Күндер кейде көмескілеу,
Кеңістікті жауып бұлт,
Мендегі жол - ең ескілеу
мейірім ғой, жарықтық.

Байғұс ана қолдамас па,
Өз өмірі ескірді,
О, Тәңірім, жолға баста,
Жас жапырақ өскінді.

*  *  * 
Түннің тымық кесесінен
Қою рең ұрттап алып, 
Құлазығыш Хош-Есіммен
Қойғандаймын жұртта қалып.

Бәлкім қайта ұштым ба екен
Жерден жырақ, қағып қанат,
Қиял ғана - ұшқыр мекен
Қайтатұғын қалықтап ап. 

Көрем оны зәу биіктен,
Қандай ғажап тамашалау. 
Жалғыздыққа жанды иіп мен,
Өмір кешем оңашалау.

Бұлт көшпепті, көшкен мен бе?
Қайда барам басым ауып?
Кейде сөз де сезгендерге 
Жұлдыздайын шашырауық.

*  *  * 

Басы - шат, соңы - тәубе, ортасы – мұң,
Екеуміздің арамыз - он шақырым,
Бәрі жақсы, 
болмаса жарым түнде 
Айна жаққа қарауға қорқатыным,

Өзімнен бе, жоқ әлде айнадан ба?
Көз алдымда сәуле жоқ тайғанарға.
Қараңғыға қасқайып бір қарармын
Мәңгі бақи жарыққа айналарда.


*   *   *

Тірілейін! Берші маған Тірі су. 
Тірі болып көрінуге тырысу
шаршатты әбден.
Өлмеген боп өтірік
өзіңді өзің алдағаның кім үшін?!

Керемет боп көрінсем деп күшенген,
Мен бе, ол ма сырты бүтін, іші өлген?!
Бал ма, бақ па, қойшы әйтеуір бір затқа
Бәріміз де шөлдеп жүрген ішермен. 


*   *   *

Жақтаудағы картиналар,
Жақшадағы сөйлемдер,
Шектеулерді бұзып шығып,
Шешіліп бір сөйлеңдер!  

Мозайкалар, шашылыңдар,
Маза бермей миыма,
Ағып сосын келерсіңдер
Ағыспенен құйыла. 

Үні таза, мөлдір мүсін
Бұлбұл отыр бұтақта.
Адам азат ойдың құсын
Қуып тықты кітапқа. 

Оймақтай-ақ ой шеңбері 
Оқулықтан шығыңдар,
Шындап құрап көрсем дедім,
Шыны біткен, сыныңдар, 

Будан көйлек киіп алған
Қою тұман билесін,
Ой-санамды иіп алған
Иллюзия күйресін. 

Құдай бізге әуел бастан
Сөз сандығын ашпаса,
Бәлкім біздің әлеміміз
Болар ма еді басқаша.

*  *  * 
Әр күн сайын қанат байлап,
Жерге түсіп, көкке көшіп,
Жалғыз жарым жүрегімнен
Жасыл шыбық көктеп өсіп,

Көз нұрыммен суардым да,
Өз нұрыммен баптап жүрмін.
Биігіме шығардым да,
Тереңіме сақтап жүрмін.

Жан сырымды гүлге айттым,
Гүл жасырды қауызына.
Жан сырымды Күнге айттым,
Күн жасырды жалынына.

Шығармастан дауысымды,
Қаштым дәйім адамдардан,
Һас батырдың жаны сынды 
Сандыққа сап аман қалған.

Қауқарыңды қоспасаң да
Жеңдіргесін санаңды арға,
Аңсарыңды ешқашанда
Айтпағайсың адамдарға.

Жүрегіңе жүгінесің
Жұтатұғын ауаң барда.
Жалқы мұңның құдіретін
Жеткізетін қалам бар ма?

*  *  * 

Тағдыр жолы болмағасын теп-тегіс
Қаламызда - біз көрмеген кептеліс.

Бірін-бірі сыбап өтсе көліктер,
Сен оларға сабыр суын сеуіп көр! 

Кетсең егер жалғыз жарым жаяулап,
Жер де бірге айналады баяулап.

Бұлт та ілесіп қалқып бара жатады,
Көнбіс көңіл шалқып бара жатады,

Сілкініп ап мұңнан, 
сүйіп, 
сағынып, 
Шаттығыңнан көшелерге шам іліп,

Жұлдыз көкке шыққан кезде өрмелеп,
Көлеңкелер қонақтайды жерге кеп.

Сонда тыншып көліктердің гүрілі,
Саф тыныштық басталады бір ұлы.

Түн баласы өңіңнен де тысқары
Қандай ғажап көре алатын түс бары!

 *  *  * 
Жаздың демі – аптап ыстық басылып,
Мөлдір моншақ ауада тұр асылып. 

Қапырықтан кейін жауды бір жаңбыр,
Жаңбыр, жаңбыр, жанарымды нұрландыр!

Тамшы деген – бір-бір жүрек шер толған,
Ағып тұрған терезеден, балконнан, 

Ғашықтардың хаттарындай жолдаған,
Тамып түсіп жауап қатты ол маған.

Тысыр-тысыр жаңбыр үнін жұтып түн,
Ал мен түннен бекер үміт күтіппін. 

«Саған емес, бақыт қонған құстарға
Бір-бір қанат әкелдім, - деп – ұшқанға»

Тежегісі келді мендік арманды,
Алға тартып адам сызған заңдарды.

Ал мен бәрібір қанатқа ойша байланып,
Бозторғайға бара жаттым айналып.

 

 

Соңғы жарияланған

Махамбеттен Высоцкийге жеткен ән

Махамбеттен Высоцкийге жеткен ән

ЕРТЕҢ ДЕ ӨМІР СҮРУІМ КЕРЕК

ЕРТЕҢ ДЕ ӨМІР СҮРУІМ КЕРЕК

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді