Есболат Айдабосын
Пештің желкесінде тұрған құманды құлағынан ұстады да кебісін сүйретіп тысқа шықты. Дала мақпал түннің құшағында маулығады. Жұлдыздар қара отқа жусаған қойдай жайылып жатыр. Ай жарықтық аяңдап барады, қой түгендеп жүрген қойшы секілді құдды... Қора жақта сиыр ыңыранып, жылқы пысқырынды. Иттер құбыла беттен қасқыр көргендей шабалана үреді. Сол тұстан әлдене қараңдағандай болды. Бірақ мойын бұрып қарамады да...
– Әй, иттер-ай, иттер! Иттен бетерсіңдер ғой, – деп зілсіз күрсінді де үй айналып кетті.
...Асықпай дәрет алды.
***
Тырп-тырп басып қораға беттеп келеді. Қораның қарсы алдында ағараңдап бір белгі тұр. Электр бағанының бетоннан құйылған іргетасы. Кісі бойынан сәл асатын бағанды көлік қаққан, әлде мал сүйкенген, не болса да құдайға құлшылық жасағысы келген жандай құбылаға қарай сәл жантайып біткен. Басындағы сымын металл жинаушылар тоқсаныншы жылдың торқырауында сыпырып кеткен, бөренесі біреудің ошағында отқа жағылды немесе белағаш болып қорасына қағылды. Ендігі қалған түбіртек ат байлап, бұзау арқандауға жарап тұр. Мал біткен мойын қасып, арқа үйкелеп қызығын көреді. Иттер де қалыспайды, ары өткен-бері өткенде аяғын тіреп сарып кетеді. Етек жағы жылауық баланың бетіндей үнемі сарыла-торала болып саталданып тұратын бағанға бұл да үйірсек. Таң атпастан үйдегілердің мазасын қашырмайын дей ме, әлде қараңғы түнде ағараңдаған сұлбаны ес көре ме екен, әйтеуір ерен-параннан тап осы бағанның түбіне ентелеп жететін. Өзінен басқа намаз оқитын адам жоғын біле тұра азан шақыратын. Бүгін де сол әдетін қайталамақ ниетпен жақындай бергенде әлденеге шалынып кеткені... Тапырақтап барып бағанды құшақтай жығылды. «Ой, әкеңнің...» деген балағат сөз тастақтың үстінде допша домалаған құман үнімен қатар шықты. Құдай оңдағанда маңдайын ұрмады, әйтпесе майып болар ма еді. Сол жақ бұғанасы соғылған екен, ауырсынып орнынан әзер тұрды. Жез құман анадай жерде үйелеген қойдай аузынан суы ақтарылып теңкиіп жатыр.
– Балағат сөйледің. Дәретің бұзылды, – деді көңіл түкпірінен күдікті ой күбірлеп.
– Толық айтқан жоқ, «әкеңнің» деді де қойды, – деп екінші бір ойы қарсы шапты.
– Аузы былғанбаса да ниеті бұзылды, – деп анау да бет бақтырмайды. Қайсы ойына жығыларын білмей аз-кем дағдарып қалды. «Көңіліңде титтей күмән болса, нендей іс болсын қайыра орындаған қайырлы» дейтін ұстазы Самарқан марқұм. Ерінсе де құманын алып құдық басына тартты. Бағанға қайта айналып келгенде бағанағы аяққа оралғы болған затты көрген. Қамыт екен. Кеше егіс басынан бір арбаның радуанын толтырып топан аралас сабан алып келген, ақшамның уақыты өтіп бара жатқан соң асығыс доғара салып үйге кіріп еді. Содан түзге шыққаны осы. Қамыты мұнда, доғасы анда, ершігі мен желдігі екі жақта, ит мүжіген сүйектей әр жерде шашылып қалыпты. Күйбеңдеп жиыстырды да арбаның тәртесіне құйрық басып отырды. Қыркүйектің салқын ауасы шекпен мен жейденің арасынан саңылау тауып, қуаты қашқан кәртең денені аяздай қариды. Иттер әлі үріп жатыр. Иесін арқа тұтып, сес көретіндей, дауыстарында айбар бар.
– Ит құрлы «әу» демедім-ау! Менен көрі бұлар жақсы, балақтан алып балтырын қанатпаса да қырдан даусын асырып қыр көрсетіп қояды, – деді күбірлеп. Жанқалтасынан орамал суырып беті-қолын сүртті. Шоқша сақалын саумалап тарап еді, бір-екеуі жұлынып саусағына іліге кеткені. Ай жарығымен ақ қылшық анық көрініп тұр. Таудан ұрған таңғы самалдың ырғағымен иіліп-жазылып діріл қағады.
...Сақалын тағы саумалады.
***
Бүкіл ауыл ақ кигізіп, ақсарбас айтып имамдыққа тағайындағаны кеше ғана еді, зырылдап қырық жыл өтіпті. Ол кезде орда бұзар отыздың есігін енді ашқан. «Бала молда» деген ат сол кезден қалған жұрнақ. Жүзіне салмақ дарыту үшін иегіне түбітті де қатарластарынан ертерек қондырды. Содан беріде бетін жалаңаштап көрмепті, содан беріде сақал саумалау әдетке еніпті. Бастапқыда сақал-мұрты қарғаның қанатындай қап-қара еді, бірте-бірте буырыл тартып, бүгінде бормен бояғандай әппақ. Бұл сақалмен қайда бармады, не көрмеді, не істемеді? Туғанына азан шақырып ат қойды, өлгенінің иман суын ұрттатып, жаназасын шығарды. Талай мықтының төрінің басында осы сақалын желбіретіп, желпініп отырды, талай марқұмның көрінің қасында сай сүйекті сырқыратып құран оқыды. Арғы бетте алған ілім құдайсыз қоғамнан құтылған жұрттың жыртығына жамау боп, олқысының орнын толтырғаны өз алдына қарақан басына абырой, қара сирақ ұл-қызына ырзық болған. Шегарадан өткелі естіп келген «қытай» деген қыжыртпадан құтылды, бірді-екілі ішіп алып лепірген тентектерді «молданы тілдедің» деп ауыл естиярларының өзі-ақ «езуін тілді». Етектегі тасы өрге домалап, есіктегі басы төрге озған. Дақпырты ауылдан асып, аудан жетті, одан арыға кетті. Ол дақпыртты таратқан осындағы азғантай ағайын. Шәуешекте оқығанын әспеттеп «Бұқар барған», «Көкілташ көрген», «Меккеде болғанмен» бірдей бағалаған, әрі соған өздері иланып, өзгені де иландырған. Бұл да тойдан батасын, астан дұғасын аяған емес. Сонысымен-ақ кеңқолтық елге сүйкімі өтіп, жақсы аты жайылды. Көрші ауылдағы көсе молда құсап жағдайы жоқтың жаназасына бармай қырсықпады, ауырғанға дем салғаны үшін әлдене дәметпеді, колхоз басшылары мен өскен-өнген әулеттерге жалпақтап жүгірмеді. Сол себепті ауыл елі «сақалын саумалағанмен құдайдың сөзін саудаламайтын молда» деп сыртынан мақтайтын. Көсе молдамен салыстырып, көзінше де айтатын. Ондай лепес құлағына майдай жағып бара жатса да мән бермеген қалып танытып, маңғаз отыра беруші еді. Кейіннен көсе молданың қадірі қашып, көршісі де малқұдайына шақырмайтын жағдайға жеткенде өз жолының туралығын сезді. Тірлігіне шүкіршілік айтып, күніге тәубе намазын оқып жүрді.
– Е, мұныңа да шүкір, – деп езу тартты сақалын саумалап. Әлгі қос қылшықтың қасына тағы бір-екеуі қосылыпты. Екінші қолмен бәрін бір жерге жинады да ширатып кеп жіберді. Жерге түсіп үлгермеді, жел қағып әкетті.
– Е, барыңдар. Менен безінбеген енді сендер қалып едіңдер, – деді түсін қайта суытып.
...Қылшықтар қалықтап барып қараңғылыққа сіңіп кетті.
***
Сыртқы есік сықыр етіп ашылған. Ағараңдап біреу шықты. Қызы екен. Ішкөйлегінің етегін жел қағып желп-желп етеді. Таңғы суықтан жаураған секілді, бүрісіп алыпты.
– Ата-ау...
– Әу, әке!
– Апам қайда?
– Қазір келеді, әке.
– Біреумен сөйлесіп жатқандай болдыңыз ғой.
– Жо, жоқ. Ө...өөө... өзім ғой, өзім...
– Намаздың уақыты болды, сағатыңыз шырылдады.
– А, жақсы, қазір барайын, қазір...
Ескі арбаның сүйегін сықырлатып қалбалақтай түрегелді. «Әлгінде даусым қаттырақ шығып кеткен секілді, сөздерімді естіп қоймады ма екен, мына қыз» деп өзінен-өзі қысылды. Азан шақыруға бет алғанда белдесер балуандай сипалана қалатын әдеті еді. Үсті басын қағынып, білегін жүре түріп, талтайып тұра қалып азан айтқанда ауыл шалдарының аузы ашылып, көзі жұмылатын.
– Па, шіркін, молдекеңнің мақамын-ай! Әй, мұндай дауыс біздің аудан тұрмақ Қазақстанда жоқ шығар. Қирағатын айтсаңшы, құйқаңды шымырлатады, – деп тамсанған-таңғалған сөзді талай естіген. Бұ жолы да артында қошаметші қауымы отырғандай жан-жағына қораздана бір қарады да құбылаға бет түзеді. Бағанадан бері назар салғысы келмей қашқақтап тұрған тұсқа еріксіз көз қадаған. Өңкиген көліктері шөккен нардай болып жатушы еді, көшіп кеткен бе, көрінбеді. Жылтыраған шамдары да жоқ. «Бұлардың кеткені жөн делік, ал анау қайда?» деп ойлап үлгермей жатып жүрегі атқақтап кетті.
– Жер жұтқан ба, зәнталақтарды? – деді іштей. Көзін уқалап жіберіп қайта қарады, тесіле сүзді, ары-бері шолды, бәрібір ештеме шалынбады. Ақыры көз шынысы бұлдырап, көмейіне запыран келгендей алқымы ашып кеткен. Бар даусымен айқай салды.
...Азанды ызалана-ызбарлана шырқады.
***
Одақ құлап, совхоз тараған тоқырау жылдары-тұғын. Ел сауда жасап, жол жағалап кеткенде тауға қарай тартқан. Қарақойынның аузынан қара суды бөгеп, қара тасты қашап диірмен салды. Бас жағына бал арасын апарып, балшелек ұстады. Су диірмені айналған сайын әппақ ұн емес, қып-қызыл ақшаны төкті де отырды. Сары балдың да саптыаяғы марқа қозыға бағаланды. Қарақойынның іші аз уақытта мыңғырған мал мен ызыңдаған араға толды.
Бал мен малға үлкен ұл бас-көз. Ал, диірмен басына ақыл-есі кемістеу туысқан інісін отырғызған. Төрт-бес атадан қосылатын жамағайыны, бала күннен шалды-құйлы... Кемтар демесең, шаруаға мығым. Бірақ ақша танымас дүмбілез. Кейбір қулар теңгенің орнына тиын ұстатып, алдап соққан соң жол бойында қаңғып жүрген жетім қызды әкеліп қасына қосты. Екеуінің некесін өзі қиды. Ері диірмен тартады, әйелі есеп-қисап жүргізеді. Іс оңғарылғандай көрінген. Бірақ келіп-кетіп жүріп келеңсіз жайды аңғарған. Екі жас ерлі-зайыпты болып бір шәугім шәйді бөліп ішкенмен жатар төсегі бөлек, қарым-қатынасы салқын. Жас келіннің жүзі сынық. Әуелгіде жайраңдап жүретін, қазан-ошақты бәйбішедей билеп-төстеп үй шаруасына кеуделеп-ақ кірген. Соған қарап «екі жарты бір бүтін болды-ау» деп сырттай көз қуантып, көңіл семіртіп еді. Ендігі кептің мәнісін ұқпай бірер апта сыр аулады. Қара жұмысты апырып-жапырып жіберетін інісі қараңғы түссе қайрат көрсете алмай жүргенін көп ұзамай сезіп-білді. «Еркектігің қайда?..» деп екі-үш рет қайрап-қайрап жіберген, бірақ ештеме тындырмапты. «Қалай болды?» деген сұрағына жауап берместен сұрақ белгісінше екі бүктеліп сөлбірейген. Қазымырланып қайта жанымаққа ниеттенгенде бала құсап ыржалақтады ынжық неме. Күндердің күні келін «кетемінге» басты. Ызыңы көбейіп бара жатқан соң диірменшіні «сақпанға көмектесіп қайт» деп балшелектегі баласының үйіне жұмсап жіберген.
...«Диірменді» сол күні өзі тартты.
***
Ақ есегін қыдыңдатып диірменге жиі баратын. Ол барған күні диірменші үшін балшелекте жұмыс дайын тұратын. Келін де «кетемін» дегенді қойған. Бірін-бірі қуалап ай мен күн төбеден ауып жатты, Қарақойынның суы да ырғағынан жаңылмай ағып жатты. Бірақ бір күнде бәрі бұзылды.
Ақ есектің мешіттен көрі диірменнің айналасында арқандаулы тұратынын әуелі ауыл жұрты әңгіме қылып жүрді. Жасынан жақсы аты шыққан молданы жамандыққа ешкім қимады әйтсе де. Диірмендегі жұмысын сылтауратып бірер рет мәуліттен қалып қойған, тойдан кешіккен сәттерде сөз қылатын да басылатын. «О, тоба, адам жасы келген сайын бұ дүниенің тірлігін ұмытып, о дүниеге дайындалады деуші еді, біздің молдекеңдікі керісінше шықты-ау. Тым шаруақор боп кетті. Қашан көрсең диірменнің түсімін күзетіп отырғаны... Не жетпейді екен?» деген пендеуи күңкілден ары аспаған. Бар бәлені бүлдірген дүмбілез диірменшінің өзі.
– Келінді көжеге тойдырдың ба-ей? – деп сұрайтын ауылдың еріккен-зеріккендеріне ыржыңдап жауап беріп құтылып жүрген. Талдырмаш келіннің тойған қозыдай томпаңдап қалғанын көрген қулар одан әрі қазатын, «қалай екен?», «қалай болды?» деп қажайтын... Сондай бір қылжақбасқа «білмеймін, атам біледі» депті әлгі. Сезік алған адам сетінеген жіптің ұшын жіберсін бе, тігісі сөгілген жерден ары қарай тарқата берген. Сөйтіп дүмбілездің дым бітірмегенін біліп қайтқан, таудағы диірменнен бір қапшық ұнмен бірге бір қоржын өсекті алып қайтқан.
...Сол сәттен бастап диірменнің тасы кері айналып сала берді.
***
Қарасарайды қоныс қылғанына биыл алтыншы жыл. Бар дүниесі бір көлікке сиып кетті. Екі ұл өлімші қылып сабап, диірменнің астына байлап тастаған жерінен құтқарып алған ағайын-туған иен даладағы қыстауға көшіріп әкелді. Бәйбішесі мен балаларынан аз-маз қой-ешкі, сауын сиырды тартқандай қылып алып берген де солар. Айы-күніне жетіп отырған бұрынғы келін, қазіргі әйелі көп ұзамай босанды. Кіндігін өзі кесіп, азан шақырып атын қойды. Қарасарай көптің қыршаңқы сөзі мен табалаған көзінен сақтады. «Молда сөйтіпті», «молда бүйтіпті» деген жел сөз жеткенмен, ешкім келіп бетке баспады. Жапан түздегі жалғыз қыстауды қалай ұмытса, келіннің көрпесін көтерген имамның ісін де жұрт солай ұмытқан. Бірақ өзі ұмыта алмады.
Есіне алған сайын бір ысып, бір суынады. Диірмендегі алғашқы түні жүрегі атша тулап, қаны суша зулап рахат пен мехнатты қатар кешкен. Шабан торыдан кейін жарау байталға жайдақ мінгендей тақымы құрғыр жайлылықты сезуін сезді. Бірақ сол лып етпе сезім жалп етіп тез сөнді, келіннің кеудесінен ауып түспей жатып көңілі ел көшкендей құлазыды. Шегараның арғы бетінде өткен бозбала шағында талай кербездің төсін мыжып еді. Қазақтан бөлек ұйғыр, қырғыз, дүнген, сібенің сұлуларын шөпке аунатып кете баратын бейбастың нағыз өзі еді. Бірақ соның бірінде бұлайша күйзелмепті, керісінше жау түсірген батырдай масаттанып, түнгі «ерлігін» екі еселеп айтып мақтан қылатын. Бұ жолы өзінен жиреніп, күнәһәр сезініп қайтты. Ақ есектің үстінде әппақ киініп отырса да жүрегінің кірлеп кеткенін білді. Құранды қолға алып, құдайдың сөзін сөйлегелі жүріс-тұрысына қарауыл қойған. Бұрымдылардан көз қашырып, сөз тізгіндеп дегбірсізденетін. Дағуат тілеген жамағатқа да дүниедегі ауыр күнәнің бірі зина екенін көп тәптіштейтін, оны айтқан сайын өзінде бас көтеріп келе жатқан нәпсінің арынын басып қоюшы еді. Бірақ махаббат іздеп аласұрған есер көңіл де еркелігін қойған жоқ. Қайта-қайта басын қылтитып бар екенін білдіріп, шайтани ойлар имани пейілін келемеждей беруші еді. Бір мәулітте қарсы бетке жайғасқан жесір әйелдің ойнақшыған көзіне қараймын деп оқып отырған құранынан жаңылғаны бар. Ол бәле де бірдемені сезгендей кесесін алып беріп, алдын жиыстырып, қызмет көркеткенсіп бәйек қақты. Талай еркекті тұзаққа түсірген әккі неме ертеңіне «дем салдырамын» деп екінті мен ақшамның арасындағы апақ-сапақта алқынып жеткен. «Суды қамшымен бір салса із қалмайды» деп алып ұруға бір-екі рет оқталды да тоқталды. Бірінші жаратқаннан қорықты, екінші үстілеріне біреу кіріп келетіндей елегізіген. Со күні кешкілік құр тулақты умаждаған иттей кемпірін әурелеп қара терге түсіп еді. Бұл жолы нәпсі құрғыр сыңарезулеп кеткен. Өзі де тізгін тартқаннан көрі, қамшылағанды қолай көріп тұрғасын ол пәле бас берсін бе, «шешінген соң судан да, сұлудан да тартынбасын» анық аңғартты. Бір сәттік ләззат үшін біраз күн өзін жайсыз сезінді, қайта-қайта ғұсыл құйынып, тәубә намазын оқып жүріп бұл күйден әзер арылды. Жайлаудан түскен бір бұқаны алып ұрып, кем-кетікке садақа қылып үлестіргенінің түпкі сырын да өзінен басқа ешкім білмеді. «Құдекең кең ғой, ана жаққа барғанда есептесе жатармыз» деп іштей өзін жұбатқан. Осымен тоқтармын деген, алайда арада ай өтпей ақ есектің басын диірменге қайта бұрған, апта аралатып тағы соқты, сонан кейін келесісі, келесіден кейін келесі... Бірте-бірте бұл барыс-келіс әдетке айналған, ақ есек те үйден шыққан бетте тауға қарай тартып тұратын. Ол да дәндеп алған, диірменнен шыққан кебекке барған бетте бас қояды, ал бұл келіннің «дәміне»... Бастапқыда қара аспанды төндіріп, түтіп жеген кінәмшіл ойдан қалай құтылғаны есінде жоқ. Диірмен мен үйдің аралығында жоғалтып алды ма, әлде ұйықтап жатқанда ұяты қашып кетті ме екен?! Әйтеуір ет өліп, ақыл көнген соң ол да бас көтермейтін болған. Келін де қымсынуды ұмытты. «Келсең кел» деп керіліп, көзімен арбап шақырып тұратынды шығарды. Жүзі шырайланып, бітімі толысып, сұлуланып кеткендей көрінетін. Бірте-бірте оның да бетінің қытығы кете берді, беттің қытығы кеткен сайын белі жуандай берген. Ақыры бір күндері ақ есек кебекке күпті болып, келін балаға жүкті болды.
...Шақшадай басы шарадай сәлдеге сыймай аласұрып еді со күндері.
***
Кемпірінің о бастан діні қатты болатын. Аталары ел сұраған текті әулеттен емес пе, «көріңде өкіргір, өспегір, өнбегір» деп жаман қатындарша бажылдап қарғап-сіленбеді. «Бұ дүниеде кеше алмаспын, іргеңді аулақ сал» деп сазарған. Содан жібіген жоқ. Сыртқа білдірмесе де іші алай-түлей болып, ұяттың отына өртеніп тұрғанын аңғарды. Ал балалары естіген күні ат ойнатты. Екеуі апақ-сапақта еліріп жеткен, үлкені араққа тойып алыпты, келе сала кеудеден тепті. Шалқалап құлағанын біледі, ажыратпақ болған кенжесінің даусын естіген. Онан кейінгісі бұлдыр сағым. Сарылдаған суға малынып, дүрілдеген диірмен астында жатқаны еміс-еміс есінде. Бір көзін ашқанда Көшкінбайдың көк жигулиінде теңселіп барады екен. Кезінде бұл жігітке жақсылығы өткен. Совхоз директорына айтып жүріп ауылдағы жанармай қоймасының меңгерушілігін алып берген. Сонысын ұмытпапты, күллі жұрт «бетің құрсын, қарабет» деп жатқанда теріс айналмаған осы ғана. Алыстау аталасы болса да қазір бұдан жақыны жоқ. Көк мәшинесін шаңға көміп екі айда бір соғады, қой-ешкісін бұлдап сатып, қант-шайын жеткізіп береді. Құр келмейді ауылдың бар жаңалығын бөктере келеді. Бір келісінде өзбектің Әндіжан, Наманган шәрінде білім алған жас жігіттің имамдыққа тағайындалғанын айтып келді. Сүлесоқ тыңдаса да жан дүниесінде бір жарылыс болған. Үй іші қаракөлеңке болып, Көшкінбай сезбеген шығар, әйтпесе іштегі от ду етіп бетке шапқан. Бұ дүниеге келгеніне азан шақырып, кеткеніне иман үйіруге жарайтын біреудің табылғанына қуанғанын әлде қапаланғанын байқатпай «е, жөн» деген ерін ұшымен. Сол күннен бастап алыстан қара көрініп, шаң шықса елегізіп жолын тосуды тоқтатты. Осы қазір әлдекім жетіп келіп, мәулітке ала жөнелетіндей дегбірсізденетін еді ара-тұра, оны да қойды.
– Сенімен бірге береке кетті, – деген тағы бір келгенде Көшкінбай.
– Берекені ала кеткен жоқ шығармын?! – деп сөз аяғын сұраққа тіреп тоқтады. Көмбеш нанды қаймаққа малып, күйсеп отырған Көшкінбайға да керегі осы еді. Диірменнің тоқтағанын, аралар қырылып, балшелектің балы сарқылғанын, екі ұлдың бірі көше таптап сенделіп, екіншісі әлдебір байдың жалшысы болып, малын бағып кеткенін, арақ ішетінін, қатыны төркініне жиі кететінін сампылдап айтып шықты. Өзін жақтап, балаларын даттап отырғанын сөз ләмінен аңғарды. Оларды табалаған рай байқап, солай боларын білгенмін дегендей гәп сезді. Бүйтпесе Көшкінбай – Көшкінбай бола ма?! Бұл жолы да өзіне керекті сөзді айтып-ақ отыр, ешқандай көлгірсімей көңіліндегіні ақтарып отыр. Шатаққа ұрынғанда ақ-қарасын ажыратып жатпай әу бастан өз жағына шыққан, әлі табанын тайдырмапты сабаз. «Нағыз дос осындай болмақ керек емес пе?! Кінәлі екенімді біліп отырса да жауға бергісі жоқ» деді ішінен. Қомпылдап сөйлеп, қорбаңдап жүретін туысқанына іштей разы болғанмен естіген жаңалығы жанына жаға қоймады. Көшкінбайдың көк жигулиін көзбен ұзатып салып тұрып ауыр күрсінді.
– Сенімен бірге береке кетті дейсің-ау, сен бала. Бәлкім сол берекені кетірген мен шығармын?! – деп күбірледі.
... Түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмады.
***
Ертеңіне де қамшы тиген жыландай күні бойы бүктетіліп жатты. Түнде түс көрген. Өңі секілді қызық түс, әлде ойы ма екен?! Көк-ала көк шаң қылып Көшкінбайдың көк мәшинесі келіп тоқтады. Іші толы адам. Алдында қасқайып кемпірі отыр. Артқы орындықта бала-шағасы түгел, тіпті Қызылордаға ұзатылған үлкен қызы да жүр. Бәрі жамырап түсіп, жарқылдап күліп жүр. Дым болмағандай, о тоба!.. Үлкен қыз жүгіріп келіп елден бұрын құшағына қойып кетті. «Алматыға іссапармен бара жатырмын, ауылға соқтым, сенің шаңырағыңнан да аттап кете алмадым» дейді жыламсырап. «Бала күннен бауырмал еді, байқұс. Бәрін ертіп келген осы болды ғой» деп топшылады. Екі ұл именшіктей басып келіп, қолын алды. Істеген істеріне ұялатын секілді, қипақтап тұр. Абыр-сабыр басылған сәтте кемпірін іздеді. Көліктен түспепті әлі. Қасына тақай беріп еді, «әй, шал», – деді әмірлі үнмен. «Мен жолға жиналып отырмын, мал-жан саған аманат» деген даусын онан сайын зорайта. «Неге?», «қайда?» деп сұрай бергені сол еді, есікті тарс жапты. Әлдебір дыбыстан оянып кеткен. «Қайда, қайда?» деген мең-зең күйде айқайлап. Өз дауысы өзіне үрейлі естілді. Басын жастықтан көтерген күйі өң мен түстің арасында бірқауым уақыт отырып қалды. Есін жиған шақта жан-жағын бағдарлаған. Бірдеме дүрс-дүрс етеді. Кеудесін тоқпақтаған жүрегі ме, әлде алшаңдай басқан керзі етіктің үні ме, ажырата алмады. Анадай жерде пысылдап ұйықтап қызы жатыр, арқа тұсы ашылып қалыпты. Есік көзіне тұтылған перде бишінің борбайындай мың бұралып тербеледі. Атып тұрып терезеден үңілген. Қою қараңғылықтан ештемені байқай алмады. Шекпенін жамылып далаға беттеді. Есіктің ілгегі ілінбепті, жартылай ашық тұр. Пердені түртпектеп тұрған түнгі жел осы саңылаудан ұрланып кірген екен. Бұрышқа қойылған аспалы шам болар-болмас сығыраяды. Ала салып сыртқа шықты. Иттер құбыла беттен қайтып келеді екен. Адам ба, аң ба, әлде мал ма екен, әйтеуір біреуді улап-шулап шығарып салғаны анық. Иесін көре салып қайта күшке мінді. «Енді келсең әуселеңді көрсетеміз, антұрған» дегенді әупілдеген үндерінен таныды.
– Атаңанәлет! – деп тістенді. – Сол ғой, сол, – деп кіжінді. Асығыс үйге кірді. Дүңкілдете басып түпкі бөлмеге өтті. Төрде дөңкиіп әйелі жатыр. Теріс қарап, бүркеніп алыпты. «Атаңанәлетті» бұл жолы ішінен айтты да шығып кетті. Біразға дейін көзі ілінбеді. Әр нәрсе есіне түскен. Әлгінде көрген түсін неге жорырын білмеді. Ол туралы ойланайын десе ашық қалған есіктің жайы жанын кеміріп, көңілге алаң кіргізген. Аспалы шам да қараған сайын келекелеп тұрғандай құбылады. «Түнімен көз ілмедім. Кімнің келіп, кімнің кеткенін сен емес, мен білемін» дейтіндей қуланады. «Бұл үйге ұрланып жел ғана кіріп жүрген жоқ, есіктің пердесі ғана желбіреп тұрған жоқ», – дегенді айтқысы келе ме, қалай?!
– Сары сайтан, – деп тістенді. Жүгіріп барып шамның шынысын көтере салды да үрлеп кеп қалды. Жалп етіп жарық сөнді, үй ішін қою қараңғылық жапты.
...Жастығын бауырына қысып булығып жылады.
***
Сол жылдың күзінде кемпірі қайтты. Көп те ауырмапты, айналдырған бір-екі айда дендеген дерт алып жыққан. Көшкінбай бір келгенінде «Алматыға әкетті, бауырында ісік бар» деп еді, екіншісінде хабар алып келді. Көптің табалаған көзінен, сумаңдаған сөзінен именсе де жаназаға қатысып, жұрт қатарлы топырақ салды. Жетісі мен қырқында да беттің арын белге түйіп бата ішінде болды. «Келдің» деген, «кеттің» деген ешкім болмаса да сүлдерін сүйретіп басынан аяғына дейін жүрді. Көшкінбайдың көлігіне бұт артып жатқанда үлкен ұлмен көзі түйісіп қалып еді. Әлдене дегісі келгендей сыңай байқатып, бері қарай жүріп барып іркілді. «Не демек болды екен?» деп жол бойы ойланды. Кескіні көз алдынан көлденеңдеп кетпей қойған. Бұрын жұнттай боп жылтырап жүретін, қазір иығы қушиып аш бөрідей азып кетіпті. Қыздың артынан ілесе туған ұл емес пе, еркелеу өскен. Шал-кемпірге тән болды, мектепке барғанша әжесінің қойнында жатты. Біреу тисе «атама айтам» деп айбат шегетін. «Бұл үй – менің үйім, кетіңдер бәрің» деп бұрқылдайтын. Оның бұл қылығына әсіресе атасы риза болушы еді, басқалар да күлетін де қоятын. Сол мінез өзгермеді. Шал мен кемпір қайтпас сапарға кеткен соң аздап жақындағандай болды, бірақ арадағы салқындық жылымады. Өзгелері «папа-мамалап» жатқанда ол «көке-жеңге» деуден танбады. Мектеп бітіріп, бірер жыл көше тоздырып тентіреп жүрді. Қарақойынның ішінен диірмен салып, балшелек қойғалы сонда барған. Моңғолиядан көшіп келіп, совхоздың қойшысы болған Тұрдақын деген керейдің қызымен көңіл қосып, отау құрды. Екеуі бірінен бірі өткен малсақ, бастапқыда мал мен балдың дәмін алып, шырғасын шығармай өсіріп-өндірген еді. Бұл Қарасарайға көшкенде жүзден аса қой-ешкі, бір үйір жылқы, отыз қаралы сиыр қалған. Солар қайда? Елге жалшы болып жүргені қалай? Шешесінің жаназасына да қорасынан бір қара шығара алмапты. Сатып сойған құнажынның еті олқылау шықты. Айтпақшы керейден алған келіні мен одан туған немерелерін көрмегені қалай? Келді ме, келмеді ме, әлде танымай қалды ма? «Әй, келмеген-ау, келсе балалар келіп амандасар еді ғой» деген күбірлеп. Даусы қаттырық шығып кетті ғой деймін, ойқы-шойқы жолда көлігін ортекеше ырғытып келе жатқан Көшкінбай естіп қойды.
– Не? Не дедіңіз?
– Келінді айтам...
– Қай келін? Бір келінді қатын қып алған жоқсың ба? – деп шиқылдап күлді. Ежелден «сен» деп сөйлейтін, жездесіндей қалжыңдасатын.
– Әй, сандалма! Тоқтардың әйелін айтам, көрінбеді ғой сол бала.
– Өй, ол кетіп қалғалы қәшшан, – деп даусын созды.
– Кеткені қалай? Түбегейлі ажырасып кеткен бе?
– Иә, екіншісін алды ғой. Білмейсіз бе? Қазан-ошақ жақта ыздиып жүрген анабір жуан қара келіншекті көрген шығарсыз. Сол – су жаңа келініңіз. Әй, осы қатынқұмарлық сендердің тұқымда бар. Балаң да өзің секілді қатын шыдатпай жүр, – деп Көшкінбай өз сөзіне өзі разы болып кеңкілдеп күлді.
–Тә, жоғал әрі, – деді зілсіз ғана. «Е, ол да кеткен екен ғой. Шынымен берекеміз кеткен екен-ау, кетірген екенмін-ау» – деген ішінен тынып.
...Тереңнен тартып ауыр күрсінді.
***
Атар таңмен таласа шыққан азан дауысы алысқа кеткен. Түнімен шабаланып шаршаған иттер қайта бас көтерді. Бұл жолы үрген жоқ, жатқан орындарынан тұрмастан қыңсылай ұлып берді. Жамыраған «жамағатының» сықпытынан тіксініп қалды. «Бүйтіп ұлымаушы еді ғой, бұ жазғандар. Не қара басты» деген ой сәлделі басын селкілдетіп жіберді. Құбыла бетке қайтадан көз тікті. Ештеңе көре алмады. Көзі жасаурап, тынысы тарылды. Азанның соңғы қайырмасын әзер айтты. Ілбіп басып үйіне беттеді. Кебісін есік көзіне қалдырып, жез құманды пештің желкесіне ептеп қойды. Бұрышта бүркеніп жатқан қызы әлі ұйықтамаған секілді, тықырды естіп басын көтеріп алған.
– Ата, апам келді ме?
– А, не дейсің?
– Апам қашан келеді?
– Келеді, әкем. Келеді. Келгісі келгенде келеді де, – деді басқа айтар сөз таппағандай сасқалақтап. Шам жағып, түпкі бөлмеге асығыс өтті. Теңселе басып терезе алдына барған. Дала алакөбеңдене бастапты. Газ құбырын тартушылардың шатыры көрінбейді. Ізім-ғайым.
– Ой, сұмдық-ай! – деді. Күнде осы уақта ырду-дырду болып жатушы еді, сығырайған шамдары да түні бойы өшпейтін. Жер таппағандай құбыла бетке жайғасып алғанына қынжылған әу баста. «Намазымды нақұрыстарға қарап оқитын болдым ғой» деп талай рет сырттарынан сыбаған. Енді міне жоқтап тұр. Оларды емес-ау, оны... Әлгі қумойынның жылмыңдаған көзінен, жымиған күлкісінен, ұры ит секілді жымысқы жүрісінен шошып еді. Келіп-кетіп, мұның барып-келіп жүргенін де сезген. Бірақ өзі сезгенді жан баласына сездірмеді. Соңғы жылдары төсекте қайрат көрсете алмағаны рас. Бірер мәрте аяғына жетпей атынан ауып түскені бар. Соған өзін кінәлі сезінген. «Жастық желік те, бұзаулы құнажын бұйдасын үзе қоймас» деп көңіл жұбатып еді. Енді міне...
– Шынымен де, – деді қалтырай тіл қатып. – Шынымен де кеткені ме?.. Қолына діріл жүгіріп, жүрегі шапқан аттай атқақтап кеткен. Терезе алдына қаттап жинап қоятын жайнамазына көзі түсті. Сарғыш түсті матаның бетінде бірдеңе ағараңдайды. Алып қарап еді, бір жапырақ қағаз екен. Шам жарығына тақалып күбірлеп оқыды.
....Қалбалақтап жүріп жайнамазын әзер жайды.
***
Жапан дүздегі жалғыз қыстауда қалған қаршадай қыз жылай-жылай ауылға жаяу тартқан. Ағайын-туған молданы ертеңіне жайнамаздың үстінде жатқан жерінен тауып алды.
...Әйелі жазған бір жапырақ қоштасу қағазы уысынан шығыпты.