Нұрлан Қами
( хикаят)
Шал жылына екі рет ішетін. Бірі - Сергей досының өлген күні, екіншісі - Жеңіс күні.
Мұндайда ол алдын-ала сатып алған бір бөтелке арақты дастарханға қойып, пиязды дөңгелектеп турайды, екінші дәлеңкеге тұз салып, нан турап, бұйрығынның томашасындай қиқы-жиқы, иір-қиыр саусақтарымен нанның қиқымын тергенінше теріп, терілмегенін сыпырып әкеліп оң алақанына жинайды да біссіміллә деп аузына қағып салады. Содан кейін қырлы стақанды толтыра құйып, басына бір-ақ төңкереді. Араққа ашырқану дегенді шалың білген емес, қаймаққа бауырсақ шылағандай-ақ пиязды тұзға баптана батырып, наннан бір үзіп алады да бәрін қосып аузына бір-ақ тоғытады. Екінші рет тағы толтыра құйып, алдына қояды да ішсем бе, ішпесем бе, таусылып қалса тағы қайдан іздеп жүремін деп екіойлы болған маскүнемдей стақанға телміре қарап ұзақ отырады. Шал ішіп отырғанда үстіне ешкім кірмейді, кіре қалса да меңірейіп үн-түнсіз отырған адаммен не сөйлесіп жарытарсың, бірдеңе десең, бетіңе бақырайып қарайды да отыра береді, не басын шұлғып яки бір ауыз жауап қайтарып мезірет жасау деген жоқ, әлде естісе де мән бермей ме, бәлкім ұқпайтын шығар, әйтеуір қасына келдің не, келмедің не, айттың не, айтпадың не - ешкімге, ештеңеге көңіл аудармастан мелшиіп отыра береді. Бұрын кемпірі кіріп, үстелдің үстін жинастырып, темекінің қалдығына толып қалған күлдеуішті төгіп әкеліп қоятын еді, екі жылдан асты, ол кісі де иті жоқ ауылда, баласы мектеп бітіргеннен бері қалада, әуелі оқыды, содан кейін жұмыс істеді, одан үйленді, сосын белгілі ғой, ақыры, қалалық болып шыға келді, қазір екі-үш жылда бір соққаны болмаса, хат жазуды да білмейді. Көрші-көлем сырын алып болған, мүлдем жоламайды, күн ұясына еңкейгенге дейін өстіп жападан-жалғыз отыра береді. Кейде құрдасы Сейтек келеді, амандасады, үстелдің жанына отырып, наннан ауыз тиеді, анау деп, мынау деп сөзге тартады, шал оған да жауап қатпайды, бірақ мұнысы қырсығуы емес екенін ол да түсінеді, бәлкім құлазыған көңілі мені көрсе орнына түсер, жабығуы басылар деп ойлай ма екен, өзі сөйлеп, онысын өзі қостап, шалдың қасында біраз уақыт отырады. Ол да соғысқа қатысқан, бірақ шалдай емес, қол-аяғы сау, тек әлденеге толқыса, ашулана қалса, қуанса басы селкілдейтіні бар, өзінің айтуынша, соғыста жүргенде контузия алғанмын дейді. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі деген, төрт жыл бойы қантөгіс соғыстың арасында жүріп түймедей жарақат алмаған, үсті-басында бір сызат жоқ. Зейнеткерлікке шыққанша мектепте мұғалім болған, тарих пәнін оқытатын, қаншалықты білімді екенін бір құдайдың өзі білсін, кезінде мұғалім жетіспей қатарға ілініп кеткен ғой, кейін облыс орталығындағы институтты сырттай бітірген, бірақ нағыз ұстаз деп атауға әбден лайық болатын. Айтқан сөзі мен істеген тірлігін былай қойғанда, киім киісі мен жүріс-тұрысының өзі-ақ кім-кімге де үлгі болғандай. Өте кішіпейіл, жүзінен мейірімі төгіліп, кімге қарап сөйлесе де сол адамды шексіз құрметтеп, риясыз сыйлайтыны ап-анық көрініп тұратын, дөрекілік дегенді мүлдем білмейтін ғазиз адам. Мектеп директоры Асылбек деген математик болған, бұлардан әлдеқайда жас, бірақ оның өзі де қазір зейнеткер болып отыр, есіп сөйлеп, қарқылдап күлетін, аяқ астынан ашулана салғанымен қайтымы да тез, құйын мінезді кісі еді. Құдайдың құдіреті, Сейтек ағай тұрғанда сол директор аузынан сөзі түсіп ыбылжиды да қалады, өз-өзінен қобалжып, бір сөзі екіншісіне қосылмай айдалаға лағып, берекесі қашып бітеді. Бірде, жетпісінші жылдардың бас кезі, сегізінші сыныптың екі баласы екі күн бойы сабаққа келмей, іздеп барған балаларды қорқытып, ауырып жатыр деп айтқызып, өздері жұрттың бәрі «Көк дүкен» деп атап кеткен вагон-дүкеннен ұрлап алған темекіні шегеміз деп уланып қалып, ауруханаға түсіпті. Сонда Асылбек директор әлгі екеуінің ата-анасын мұғалімдер бөлмесіне шақырып алып, балаларына тәрбие бере алмағаны үшін қаһарын төгіп тұрғанда үстіне Сейтек ағай кіріп қалмай ма. Сонда жаңа ғана күркіреп тұрған директор аузындағы сөзінен жаңылып:
- Мектеп баласының темекі тартуы өте үлгілі іс! - депті. Әлгі екі жүгермектің бірінің шешесі көбік ауыз Зылиха болатын.
- Қалай дейсіз? - деп жып ете қалады ғой баяғы. - Үлгілі іс пе?
- Ия, үлгілі іс, - деп қайталағаннан кейін барып жаңылысқанын білген директор одан әрі сөзін былай жалғастырыпты. - Егер бұл екеуі темекі тартпаса, сөйтіп ауруханаға түспесе оның зиянды екенін басқа балалар қалай білер еді? Енді олар да темекіге жоламайтын болады, өйткені бұл екеуі оларға үлгі көрсетті, мен соны айтып тұрмын.
Мектепке шақыртып жатыр дегенге шешеден басқа кім барушы еді, ілуде бір ата-аналар жиналысына қатысқаны болмаса, әкенің білетіні белбеумен шықпырту немесе ойнап жүрген жерінен шақырып алып дүкенге жұмсау ғана, одан басқа тәрбие деген біздің жақта болмайды, рас, кейде айлық алып үйіне шала бурыл келгенде баласының сабағын тексеретіндер бар, оны да екінің бірі істей бермейді. Екінші баланың шешесі мырс ете қалған екен, Асылбек директор ашу қысып қалшылдап кетіпті дейді, бірдеңе деуге аузына сөз түспей, әлде Сейтек ағайдан қысылды ма екен:
- Қазір мен темекі тартып келейін, - деп мұғалімдер бөлмесінен шыға жөнеліпті. Сөйтсе, ол темекі тартпайды екен, онысы далаға шыққаннан кейін есіне бір-ақ түскенге ұқсайды. Амал жоқ, кабинетіне кіріп отырып-отырып, бір кезде қайтып келіпті. Мені оқу бөліміне шақыртып жатыр, балаларыңмен дұрыстап сөйлесіңдер, ендігәрі мұндайды қайталамасын, әйтпесе оқудан шығарып жіберемін, болды енді, қайта беріңдер деп қайтадан кабинетіне кіріп кетіпті. Бұл әңгіме түс аумай жатып жұрттың бәрінің құлағына жеткен, әшейінде баласын шықпыртуға сылтау таппай жүретін Зылиханың күйеуі шопыр Сәлім де сол күні әдетінен жаңылыпты.
Үлкен-кіші демей елдің бәріне бірдей ілтипатты Сейтек ағайдың шалға деген құрметі ерекше. Мейрам күндері ең алдымен осы үйге кіріп, құттықтап шығады, наурыз келгенде де елден бұрын құрдасына көріседі, зейнеткерлікке шыққаннан бері, әсіресе, шалдың кемпірі дүние салып, жалғыз қалғалы күніне екі-үш рет келіп, қасында біраз отырып қайтады. Бұрын шал ішкенде келмейтін еді, былтырдан бері ол сыпалығын да тастады. Бүгін де міне, келгеніне екі сағаттан асты, үнемі жасаурап тұратын екі көзі қызарып, біресе терезеге, біресе алдындағы арағына, біресе бұған мөлие қарап үн-түнсіз отырған шалға әлденелерді айтып қойып, өз сөзін өзі ермек етіп отыр. Шалың селт етпейді, анда-санда темекісін тұтатып алады да түтінін бұрқыратып отыра береді. Бір кезде Сейтек те орнынан тұрады, зейнеткерлікке шыққаннан бері үстіне зерлі шапан киетін болған, әлсін-әлсін ауыстырып тұра ма, әлде әу баста бес-алтауын бір-ақ сатып алған ба, шапаны не тозу, не кірлеу дегенді білмейді, соның етегін еппен қағып қойып есікке беттейді, кебісін аяғына сұғып тұрып шалмен қоштасады, ол бұған да жауап қатпайды. Сейтек соңғы кездері намазға жығылған, кебіс-мәсі киеді, онысы әрі таза, әрі жылы, аяғы да бұрынғыдай терлемейтін болған.
Шал стақанын тағы бір төңкеріп тастап, нан мен пиязды малжаңдай шайнап отыра береді. Келесі құйыстан кейін шөлмек те сарқылады, стақан да орта, санасы да көмескілене түседі. Бірінші көтергенде ішінен Сергей досының топырағы торқа болсын деп қояды, одан кейін неге ішетінін өзі де білмейді, бір бастағаннан кейін тауысу керек деп түсіне ме, әлде орталай ғана ішсе марқұм досына деген ізет-ниеті жарым-жартылай болып қалатындай көріне ме, мүмкін әдет болып кеткен шығар, әйтеуір шөлмекті босатып барып орнынан тұрады. Кейде сол жерде қисая кетеді, соңғы кездері көбінесе сөйтетін болып жүр, оған да он жылдан асып барады екен, марқұм кемпірі басына жастық салып, көрпемен қымтап бәйек болып жүруші еді, бірақ оған мән беріп жатқан кім бар, бір оянса үстінде көрпе жатады, оны өзі жамылды ма, біреу жапты ма, бұл жағын ойлап көрмепті. Жалпы, өзі көп ойланбайтын адам, бала кезінен-ақ топастау еді, есейгеннен кейін де ақылы толысып кемеңгер болып кеткені шамалы. Соғысқа барып, одан немістердің тұтқынына түсіп шахтада көмір қазғанда, одан қашып шығып партизан болып жүргенде, кейін соғыс біткен соң өзіміздің тұтқында болып Сібірде ағаш кескенде барынан айырылып қалмағанына кейде өзі де таңданады. Сергей досы айтушы еді, саған жақсы ғой, көп ойланбайсың, жүйкең берік, жан дүниең қабат-қабат қыртыстардың астында жатыр, сондықтан жас сәбидей бейкүнәсің, анау-мынауға мойымайтының да содан, ұзақ өмір сүресің сен. Айтқаны айдай келді, міне, сексеннен асып бара жатыр, көрмеген қорлығы жоқ, мұның орнында басқа біреу болса әлдеқашан сүйегі қурап қалар еді, бұл болса көкірегі сырылдап әлі жүр, тіптен басқа шалдар сияқты ауырып, төсек тарту дегенді де білмейді. Тек жауынды күндері сүйек-сүйегі қақсайтыны бар, кейде жамбастан төмен шолтитып кесіп тастаған, осыдан елу жыл бұрын тайганың бір түкпірінде қалған оң аяғының орны ауыратынын қайтерсің. Тура тізесі солқылдап шыдатпайды, уқалайын деп қолы барып-ақ қалады, бірақ нені уқаламақсың, жоқ ол, баяғыда кесіп тастаған. Кемпірінің тірі кезінде ыстық-ыстық шәй ішіп жан шақыратын, мұның бар білетін емі сол ғана, кейде басы ауырады, әлгіндей болып балтыры сыздайды, бар балтырдан айналмайсың ба, өзі болып, кемпірі болып, сылап-сипап, уқалап-ысқылап жүріп, әйтеуір бір кезде жазылғандай болады, ал, жоқ нәрсенің неге ауыратынын түсінбей-ақ қойды. Оны кемпірі де түсінген емес, таңдайын қағып, басын шайқап қойып, түйенің сүтін қатқан қою шәйін үстемелеп құя бергеннен басқа ол мүскіннің қолынан не келетін еді.
- Байғұс-ай, қиналдың-ау, не істейін енді! - деп әбіржіп қалған кемпіріне жаны ашып ыңқылдауын доғара қояды, не дегенмен, еркек емес пе, мұның қиналғанын көріп ол да қоса қиналмасын дейді ғой. Жалпы, адам баласы қызық жаратылған, біреулер тек өзін ғана ойлайды, менен басқасы күл болмаса бүл болсын, мен аман болайын, мен алайын, мен жейін, мен киейін… Сондайлардың бірі Сапар еді, кішкенеден бірге өсті, аштықтың кезінде жолдары екі айырылды, бұл Текеде интернатта болды, ол Маңғыстауда қалды, майданға алынғанда қайтадан табысты, бір жерде соғысты, ерлігінде мін жоқ, бірақ тым өзімшіл болатын. Қоршауда қалып үш күн бойы адасып жүргенде, бұлар он шақты адам, біреуі нәр сызбаған, Сапар бұлардан аулаққа барып түзге отырып келетін, әуелі іші ауырып жүр екен деп зат қапшығын, қол пулеметін бұған көтерткізіп қойды. Араларындағы жалғыз командир Сергейдің істеп жүргені, мейлі ғой, бұл ешқашан бастықтың айтқанын қалт етпейтін, ал, Сапардың затын айтпаса да көтереді. Бірақ, түзге шығуды жиілеткені болмаса, ауырған адамға ұқсамайды, бұл білетін Сапар болса ондайда жұрттың бәрін тасқаяқтай қағыстырар еді, әлде онсыз да есі шығып келе жатқан қаруластарын аяғаны ма, әйтеуір өйтіп ешкімнің мазасын алған жоқ. Үшінші күні бәрі әлсірей бастады, мұның да көзі қарауытып, орнынан тұрған кезде басы айналып құлап қала жаздайды, орманның іші ғой, әр-әр жерден су кездеседі, бірақ іші ұлып барады, ерте көктемнің кезі, әлі жидек те шыға қоймаған. Енді бұлар жапырақ жей бастады, Сергей көріп қойса ұрсып-ұрсып тартып алады, бұлар оның көзін ала бере тағы жейді. Кейін ойлап көрсе, сол кезде уланып өліп қалуы мүмкін екен ғой. Ал, Сапар бұлардай емес, тың еді, бұлар шаршап-шалдығып, жүруге шамасы жетпей шетінен қирай жығылғанда ол зат қапшығын алады да аулаққа кетеді, біраздан соң қайтып келіп бұлардың қасына қисаяды. Кешке қарай Сергей бұларды тепкілеп жүріп тұрғызып алды, ең соңынан Сапардың қасына барған, иығынан жұлқылап еді, бері қарап аунап түсті, басқалары әбден сүлдері құрып, орнынан тұрмақ түгіл көздерін ашуға шамасы келмей титықтап біткен, ал, Сапарың қорылға басып жатыр. О, тоба! Сергейдің өзі де тәлтіректеп әзер тұрған, әуелі мынаның қорылын басқаға балады ма, шошып кеткендей болып кері шегінді де қайтадан еңкейіп, бетіне үңілді. Жоқ, мынау кәдімгі тәтті ұйқының өзі, кеудесі көрікше қомпиып, демін ішіне алғанда қор ете қалады да дем шығарғанда ысқыра пысылдайды. Сергей оны бетінен былш еткізіп бір тепті.
- Тұр, оңбаған! Ұйқыны көрсетейін саған! Кәне, тұр!
Сапар орнынан апыл-құпыл атып тұрды, дереу ағаштың иір бұтағына іліп қойған сүңгілі бесатарына жармасты, бірақ алып үлгерген жоқ, Сергей тірсегінен қағып қалып қираң еткізді, қайта тұрамын дегенде маңдайынан бір теуіп жалпасынан түсірді.
- Оңбаған! Сатқын! Кәне, аш қапшығыңды! Тез!.. Атып тастаймын, иттің баласы! Ақтар ішіндегіні! Шығар бәрін! Бол деймін!
Бұл кезде бәрі де өре түрегелген, біреуі түк түсінбей жан-жағына алақтап, екіншісі мылтығын кезеніп, үшіншісі енді не болар екен дегендей аңысын аңдып тұра қалды. Не дегенмен, оқыс оқиға жаңа ғана аштықтан бұралып жатқан, көтерем қойдай әлсіз бейбақтарды аяғынан тік тұрғызып, сүлесоқ күйден серпілткен еді. Сапар тізерлей жорғалап қапшығына жақындады, онысының аузын шиелеп байлап тастаған екен, қалтыраған қолымен бірден шеше алмай біраз әуреленді, ақыры ілмек-ілмек қылып өре байлаған түйіні де ағытылды-ау…
- Төк ішіндегіні!
Сергей оң қолындағы тапаншасының сабымен Сапарды шекесінен нұқып қалған. Ол да соны күткендей, жүрелеп отырған күйі шалт қимылмен жалт бұрылды да тапаншаны қағып түсірді, екінші қолының жұдырығымен шықшыттан бір-ақ ұрып еді, Сергейің кескен теректей серейіп түсті. Не деген әбжіл, келесі сәтте бір қолында әлгі тапанша, екінші қолын жоғары көтеріп, Сергейдің кеудесін аяғымен басып тұра қалды.
- Осы ма командиріміздің сықпыты?! - деп қырылдай айғайлады серіктеріне қарап. - Жан-жағымыз толған неміс, қоршауда қалдық, қайда барып, қайда тығыларымызды білмей сандалып жүрміз, ал, мынау мені атып тастаймын деп қорқытады. Енді қалғаны бір-бірімізбен қырқысу ма еді?!
Сергей есін жиған сияқты, қозғалақтай бастады, бірақ ол қозғалған сайын Сапар да өкшесімен езгілей түседі. Шал, ол кезде, әрине, жас жігіт болатын, еппен басып Сапарға таяй берді, ол мұны өзіне көмектесуге келе жатыр деп ойласа керек, өңшең көккөздердің арасында екеуі ғана, басқаша болуы мүмкін емес қой. Бірақ, мұның ойлағаны басқа болатын, Сапардың тапанша ұстаған қолын білезігінен мыти ұстап қайырып қалған, марқұм әкесі небір асауды шоқтығынан ұстап тұқыртқанда тілерсегі дірілдеп барып омақаса жығылатын еді, бұл да соған тартқан сүйекті, сіңірлі, қайратты болып өскен, қанша әлсіресе де қаруы қайта қоймапты, тапанша жерге түсіп кетті, маңдайымен жер сүзгенше қолын артына қайыра берді, бұл кезде Сергей де тұрған, екі жауынгермен қосылып, Сапардың қолын белбеуімен байлап тастады. Қапшығын ақтарған, бәрі жағасын ұстады, залымын қарашы, тұз салған дорбасының ішінен жылқының бір білем сүбесі шықты; соңғы шайқаста басымен жер соғып, жанталаса тұруға ұмтылған, бірақ оған шамасы жетпей, көзінен жасы моншақтап, қарны ақтарылып жатқан құлақасқа атты көрген, зеңбірек сүйрейтін ат қой, мойнындағы қамыты үзіліп кетіпті, қасында жатыр; бұл сонда жануар қиналмасын деп атып кетпек болған, Сергей оған қаратпай сүйрей жөнелді, сол жерде Сапар қалып еді, сол аттың сүбесі болды бұл... Сергей табан астында атып тастаймын деп тұра ұмтылып еді, бәрі қаумаласып жібермей қойды, өзіміз қоршауда қалып тұрмыз, әр адам санаулы, алдымызда не күтіп тұрғанын кім біледі! Сергей бұл ақылға тоқтады, әлгі сүбеден бір тіліп алды да бәріне бармақ басындай етіп бөліп берді, тұз сіңіп, кәдімгідей сүрленіп қалыпты, аузыңа салсаң еріп жүре береді... Кенет бұл қақалып қала жаздады, жұтып үлгермегені мұндай жақсы болар ма, жалма-жан қақырынып, түкірініп әлек-шәлегі шықты да қалды. Біреулер ашқарақ байғұс қомағайлықпен бітеудей жұтып жіберіп көмейіне кептеліп қалды деп ойласа керек, желкесінен алақанымен шапаттап жүр. Көзінен жасы сорғалап лоқсып қоя берді, бірақ асқазанда түк жоқ, неңді құсасың? Бұларды оқты көзімен атып, ағаш діңіне арқасын сүйеп отырған Сапарға тұра ұмтылды.
- Сен... жауыз!.. Тірі малдың етін кесіп алғансың ба?!
Апырай, мұндай да безер болады екен-ау! Кісі етін жеуден тайынбайтын құзғын ғой мынау!.. Өзі мұны мысқылдап қояды.
- Немене, саған бауыздап, мүшелеп беру керек пе еді? Тышқанның етін талай жеп едің, оған қарағанда тәуір шығар! Қалай, таңдайыңа татыды ма?..
О, сұмырай! Тапқан екенсің салыстыратын нәрсені! Одан әрі не болғанын өзі де білмейді, мына екеуі неге шүлдірлесіп кетті деп түк түсінбей отырған серіктері де қапы қалды, Сапардың сол күйі бұтақта ілулі тұрған бесатарын қалай жұлып алып, қалай ұрып жібергені есіне түссе сол қайдан шыққан ашу екенін түсіне алмай әлі күнге дейін таң қалады, көк сүңгі иесінің өндіршегіне кірш етіп қадалғанда есін бір-ақ жинады. Шамасы, бұл да аса шапшаң қимылдаса керек, кейін Сергейдің айтуынша, басқалары не болғанын аңғармай қалыпты, олар тұрмақ мұның өзі де соны анық пайымдай қойған жоқ-ау, тек Сапардың шарасынан шыға бақырайған екі көзінен қан бұрқ ете қалып, құлағы мен аузы-мұрнынан да сорғалап қоя бергенде ғана не істегені санасына жетті. Бірақ, өкінген жоқ, керісінше, сауап болды деді іштей. Сол оқиға соңғы кездері түсіне кіретін болып жүр, бірақ түсінде бұл Сапарды емес, керісінше, Сапар мұны өлтіріп жүреді, үңіле ұмтылып, бесатардың сүңгісін мұның өңешіне қадайды, сол кезде баяғыда кесіп тастаған аяғы солқ ете қалады, жанұшыра қарманып жүріп оянып кетеді, қара терге түсіп жатады; енді бірде бұл еңкілдеп жылап жүреді, Сапар болса мылтығының сүңгісімен бет-аузын аяусыз осқылап, шимайлап жатады, тағы да аяғы қақсап қоя береді… О, құдіретті Құдай! Не дегенмен, бала кезден құлын-тайдай тебісіп бірге өскен, бір жылдың төлі, ауылдасы, керек десең, он атадан қосылатын ағайыны еді, қанын жүктеген болды-ау, әйтпесе, неге түсінен шықпайды? Ертең ана жаққа барғанда сол бір ағат қылығының зауалын тартар ма екен... Бұрын ондайды ойламайтын, тек түсінен қорыққасын ғана таяудан бері осындай солқылдақтыққа бой алдырып жүр.
Сол күні бұлар немістердің қолына түсті. Айналдырған он шақты адамды аранға жығылған еліктей тыпыр еткізбей ұстап алайық деп ұйғарса керек, бұта-бұтаны тасалап келіп төбелерінен асыра оқты боратып қоя бергенде бірі қалмай жерге жата-жата қалыпты. Көзін ашса бір солдат мұны табанына айналдыра мыс шеге қаққан етігінің тұмсығымен маңдайынан түртіп тұр екен. Алдарына салып айдады да кетті. Араларында коммунистер мен командирлер болмай шықты, оларды сол жерде атып тастайды екен, Сергейдің шені сержант, ол да солдаттың бір түрі. Сөйтіп, тұтқынды да көрді. Екі жыл бойы Карпат тауының бір қуысында кен қазды, одан ауыр жұмыс болмайтын шығар, кейін Сібірде ағаш кескенде де қиналған кездері болды, сонда өзін бұл шахта емес қой деп жұбататын. Сергей екеуінің жұбы жазылған жоқ, бірге соғысты, тұтқынға да бірге түсті, бірге қашып шықты, партизан болып та көрді, ақыр аяғында Сібірге де бірге айдалды. Ішінде темірден өзегі бар сияқты көрінетін Сергей сонда ғана сынды. «Мен өлемін, - дейтін ол. - Соғыста да, немістердің тұтқынында жүргенде де өлмеген себебім, отаныма деген махаббатым сақтап келіп еді, енді ол махаббат өлді, демек, мен де өлемін. Тірі қалсаң, кейін сол күні еске алып қоярсың мені». Бірдеңе боларын сезіп жүр ме екен, Сібірге барғандарына екі айдай болған кезде ағаштың астында қалып, көз алдында жан тапсырды. Жуандығына құшақ жетпейтін кәрі самырсынның тілігіне сына қағып жатып, құлап келе жатқан ағаштан қашып үлгере алмай қалды. Жабылып жүріп ағашты көтеріп, астынан суырып алған, бәрі кеш, кеуде сүйегін жаншып жіберіпті, тілге келместен жүріп кетті. Сертті жігіт еді, сертінде тұрды, анам мен екі інім бар дейтін, оларға хабар тиді ме, тимеді ме, ол да белгісіз. Соғыс кезінде талай боздақ қыршын кетті ғой, бірақ Сергейдің өлімі бұған ауыр тиді, қатты жалғызсырады. Өздігінен ешқашан сөйлемейтін, ешкіммен жұғысып кете алмайтын ауыр мінезді адам, арбиған денесінен қорқып көп адам жолай да бермейді, өмірдегі бірден-бір досы сол орыстың баласы еді, одан сөйтіп айырылды. Әке-шеше, туған-туыс атаулыны он жасында ашаршылық жалмап еді, бұл іші кеуіп Сапардың үйіне барғанда әкесі тепкілеп тұрып қуып жіберген, содан бір диуана кездесіп, екеуі тышқан аулап аман қалды, әлгі диуананың сиқыры бар ма, әлде тышқанның тілін біле ме, іннің аузына отыра қалып әлденені сарнап қоя береді, сүт пісірім уақыт өткеннен кейін жылт етіп тышқанның басы көрінеді, сәлден соң қайта кіріп кетемін дегенде диуананың алдын-ала дайындап, іннің аузына құрып қойған тұзағына түседі. Екеуі сөйтіп итшілеп жүргенде ел аралап жүрген бір дөкейлер тауып алып, диуананы түрмеге, мұны жетімдер үйіне өткізген, сөйтіп аман қалды, әйтпесе не әке-шешесінің артынан аттанатын еді, не біржола мысыққа айналып кететін еді.
Сергей бұған қолынан келгенінше қамқор болып жүретін, енді сол жалғыз жанашыры да жоқ, көңілі кәдімгідей қоңылтақсып қалды. Сөйтіп жүргенде Қазақстаннан бір топ тұтқын келіп, солармен араласа бастады, әсіресе Құмар деген кісімен жақын жолдас болып кетті. Ол да жетім өсіпті, өкімет тәрбиелеген, оқытып, білім берген, әкем де, шешем де кеңес өкіметі деп жүрген зиялы азамат екен, кітап жазатын едім дейді. Тағдырдың тәлкегіне не амал, әке-шешем деп жүрген сол өкімет ескілікті көксейді, патша заманын сағынады, кеңестік құрылысқа қарсы деп қамап қойыпты, оған қарағанда мұның жазасы жеңіл, бұған он-ақ жыл кескен, Құмарды жиырма бес жылға бір-ақ айдапты. Не де болса тегін адам емес, әйтпесе соншама жылға қамау үшін үлкен себеп керек, жасырып отырған шығар, мейлі, қазір шынын айтатын адамды қайдан табасың! Құмар да бұдан сезіктенетін сияқты, екінші жағынан, мұндай тыңдаушыны енді қайтып көре ме, жоқ па, бұған өзінің жазған кітаптары туралы, енді жазсам ба деп ойластырып жүргенде істі болып, сол күйі қиялында қалған болашақ кітаптары туралы айтады, бұл тыңдаудан жалықпайды. Екеуінің жұмыс істеп жүргендегі ермегі сол, қолы жұмыста, аузы мен құлағы сөзде, күзетшілер бұлардың не айтып тұрғанын түсінбейді, кейде түсінбесе де жекіріп қалатыны бар, ондайда қоя салады.
Бір күні екеуі әңгіменің қызығына түсіп кетіп, ағаштың астында қалып қоя жаздады. Қыстың күні болатын, біреулер шуылдасып кеткендей болғасын мұнысы несі деп бұрылып қараған, сонысы абырой болыпты, ажал деген төніп келіп қалған екен. Тас төбесінен ағаш емес, мөп-мөлдір болып шыңылтырланып тұрған аспанның өзі, оған қоса көзді қарықтырардай шақырайғанымен түк жылуы жоқ сұп-суық күннің көзі қоса құлап келе жатқандай көрінді. Соғыста жүргенде зеңбіректің күркірі мен бомбаның дүрсілінен өткен қорқынышты дыбыс болмас деп ойлайтын, мұндайды көрмепті - әлдебір алапат гуіл жер-жаһанды жаңғырықтыра дүрілдеп, құлағын жарып жіберердей азынап әкетіп барады. Аңтарылып бұған қарап қалған Құмарды жалма-жан бір шетке лақтырып жіберіп, өзі де бір ағаштың түбін ала күртік қарға сүңгіп кетті. Кенет шарт ете қалған қамшының дыбысын естігендей болды, құлақты жарып жібере жаздаған әлгі сұрапыл дүріл сап тыйылды. Орнынан тұруға қорқып бұл жатыр, әлгі дыбыс тегін емес, не өлді, не мертікті, Құмар байғұс аман ба екен? Біреулер жетіп келіп жұлқылап жатыр, бірдеңе деп сөйлейді, бір кезде қаумалап мұны тұрғыза бастады, арасында Құмар да жүр, көтеріп тұрғыза қоятындай жеңіл адам емес, ақыры ағаштың діңіне сүйеп қойғандай болды, сонда ғана есі кірді, өлмепті, тірі, мертіге қоймаған сияқты, өйткені, аяғын басып тұр ғой. Қол-аяғын қозғап көріп еді, бүтін секілді. Өмірінде бүйтіп қуанбаған шығар, екі езуі екі құлағына жетіп ыржиып қоя бергені, шамасы, сол кездегі түрі тым күлкілі болса керек, қасындағылар бір-біріне мұны саусағымен шұқып көрсетіп бір жетісіп қалды. Адам деген қызық, құдды бір айдауда емес, сабантойда жүргендей мәз-мейрам болады.
Кешке лагерьге қайтып келе жатқанда оң аяғының үлкен башпайы ауыратынын байқады. Асханадан ыстық-қауметін ішіп келген соң Құмар екеуі төсектің үстінде отырып, жан-жағын көрпемен қалқалап қойып шырпы шағып қарап көрген, алакөлеңкеде не көріп қарық болатын еді, әйтеуір ісіп тұрғанын байқады. Ертесіне аяғы күп болып ісіп кетті, пимасы сыймай қойды, асханаға да бара алмады. Құмар мұның үлесін - екі тілім нанын ала келіпті, бір тілімін жеп, екіншісін қалтасына тығып алды. Өздерінің арасындағы кезекшіге жағдайын айтып еді, ол бүгін санитарлық бөлімге екі адам жазылған, одан артық ешкімді қоса алмаймын деп безек қағады. Енді қайтсе екен? Сол екі арада жұмысқа шығыңдар деген дабыл қағылды, онысы лагерьдің төрт қабырғасын бойлай салынған барактардың алдындағы ашық алаңқай - орталық алаңдағы бағанға іліп қойған жез табақ, сол үш рет қағылғанда ұйқыдан тұрасың, жұмысқа барасың, ұйқыға жатасың, табақтың қаңғырынан кейін бейсауат жүрген адамды карцерге апарып қамайды. Сібір деген ең суық жер дейтін еді, одан да суығы бар екен, ол - әлгі карцер. Оған бір түскен адам не көксау болып өледі, не сүйегін жел кеулеп мүгедек болып қалады. Жығылғанға жұдырық дегенді қазақ дұрыс айтқан, терезенің алдынан біреулер жүгіріп өтті, іле-шала есік сарт ашылды да екі солдат кіріп келді. Сен неғып отырсың? Жұмысқа шыққың келмей ме? Бүлік шығармақсың ба? Бұл болса бір пимасы аяғында, екіншісі қолында, шоқпардай болып ісіп кеткен аяғын көрсетіп түсіндірмек болып еді, оны тыңдайтын солдат бола ма, аузын ашқызған жоқ, жұдырық жауып кетті. Бұл екі қолымен бет-аузын қорғаштап бүкшиіп отырып қалған, қолындағы пимасын жұлып алып лақтырып жіберді, былш-былш ұрып жатыр, тізеден, жіліншіктен аяусыз тепкілейді, бір кезде біреуі шұлғауды қалың етіп орап қойған жаралы аяғын өкшесімен езгілей мыжыған, жаным шығып кеткен шығар деп еді, жоқ, шықпаған екен, бір сәт есі ауып қалғанға ұқсайды, есі кірсе әлгі екеуі безілдеп қашып барады, бұл олардың артынан өңкілдеп қуып келеді, өздері орталық алаңға шығып кетіпті, бұларға қарсы бес-алты солдат жүгіріп келе жатыр. Аяғындағы шұлғауы шұбатылып, соған сүрініп етпетінен түсті, сол замат тепкінің астында қалды, жанталасып орнынан тұрамын дегенде ауру аяғына салмақ түсіп кетті ме, тағы да жаны көзіне көрініп, торғай болып пырылдап ұша жөнелді. Бұл жолы шынымен өлген екенмін деп ойлады, санасы сөніп бара жатып осының өзі дұрыс болды-ау деген көмескі ойдың ұшқыны жылт етіп барып өшкендей болды.
«...Батыр болмақ ойдан-ды,
Жалаңаш барып жауға шап,
Ажалың әлде қайдан-ды!..» - деп Махамбет бабасы дұрыс айтыпты, баяғыда әкесі осы сөзді аузынан тастамаушы еді, аталарымыз көтеріліс басылғаннан кейін осы жаққа қашып келген, әйтпесе біздің туып-өскен жеріміз Тайсойған дейтін. Ата жұртқа қайтып баруды әкесінің маңдайына жазбапты, бұған бәрібір, Тайсойғаны не, Самның құмы не, әйтеуір қазақтың жері емес пе. Есі кіргенде бір-ақ білді, тағы да өлмепті, карцерде жатыр. Бұрын түсіп көрмеген пәлесі еді, аңдап қараса, айтса айтқандай-ақ болып шықты, лагерьдегі үйлер мен барактардың бәрі ағаштан салынған, арасындағы саңылауы мүкпен бітеліп, лаймен сыланған, ал, мынау тұтас бетоннан құйылған екен, екі бүктетіліп етпетінен құлапты, шалқасынан аунап түсіп аяғын созып еді, басы қабырғаға, аяғы есікке тірелді. Көлденеңі бір-ақ метр, темір есіктің үстінде алақандай саңылау бар, содан әлсіз сәуле келіп тұр, демек, әлі күндіз болғаны, түнге қарай карцер тұрмақ, барактарда да жарық болмайды, бәрін өшіріп тастайды. Орнынан тұрмақ болып еді, аяғының ауырғаны сонша, ойбайын салып бақырып жіберуге шақ қалды. Соғысқа алғаш кіргенде екі рет жараланған, бір оқ кеудесін тесіп өтіп жауырынына қадалды, дәрігерлер ешқандай дәрісіз-ақ арқасын тіліп отырып алып тастаған, алғаш рет арақты сонда ішті, екіншісі - снарядтың жарқыншағы болатын, қара санын ойып кетіпті, онда да бүйтіп ауырсынып көрмеп еді. Жалпы, өзі түйе сияқты төзімді жаратылған, анау-мынауды қыңқ етпей көтере беретін, әлде әлсірейін дегені ме екен... Кім білген, екі жыл соғысты, екі жыл немістердің тұтқынында болды, бір жыл партизандық қылды, бір жыл өзіміздің түрмеде отырды, енді міне, екі жылдан бері Сібірдің масасына таланып, суығына тоңып саяси тұтқын болып лагерьде жүр, қандай денсаулық болсын! Екі қолымен демеп құйрық басып отырды, біраздан кейін алакөлеңкеге көзі үйрене бастады, айналасы жып-жылмағай, төрт қабырға, еден, төбе - бәрі бетон, тура тас қораптың ішіне салып қойған жәндік сияқтысың. Қазір өзінің де жәндіктен артық болып тұрғаны шамалы-ау, бала күнінде құрт-құмырсқа көрсе табанымен тапап өлтіруге құмар еді, енді сол өз басына келіп тұр, мұны да қолында билігі бар кез-келген сүмелек аяғымен бір-ақ тапап, езе салуы мүмкін. Адамның басы Алланың добы дейтін еді, бұл күнде қолында мылтығы, иығында оқасы бар үлкенді-кішілі бастық атаулының бәрі өзін қай Құдайыңнан да кем санамайды, атқысы келсе атады, асқысы келсе асады. Төрт-бес жасар кезі, бір күні құмырсқаның илеуін талқандап ойнап жүрген, әуелі илеудің аузына шорылдатып тұрып шаптырып алды, сол мезет илеудің маңы абыр-сабыр бола қалды, жаңа ғана асықпай-саспай, біреулері аузына тістеген шөптің басын, өлген қоңызды, әлдебір дән-дәнекті ішке тасып, екіншілері тағы да жортуылға аттанып бара жатқан құмырсқалар әскері ерсілі-қарсылы шапқыласты да кетті. Бұл болса оларды өкшесімен жаншып өлтіріп жүр. Өзі мәз-мейрам. Қайран балалық шақ! Күліп оянып, күліп ұйықтайтын, ештеңеге алаңдау дегенді білмейтін, жұрттың бәрі мейірімді, бәрі қамқор боп көрінетін ең бір тәтті кезең екен-ау! Сол күні алғаш рет таяқ жеді. Сөйтіп құмырсқаларды қырып жүрген, кенет біреу желкесінен бүре көтеріп алды да май құйрықтан шапалақпен салып кеп жібергені, кейде әкесінің өстіп ойнайтыны бар еді, бірақ ол ауыртпай ұратын, бұл жолы шапалақ қатты тиді, көзінен жасы ыршып кетті, кім екенін біліп тұрған жоқ, мойнын бұруға шамасы келер емес. Қайтадан жерге қойды, сонда көрді - әкесі, бірақ жүзі қатулы, бұл бақырып қоя берген.
- Көке!.. Неге ұрасың? Ө-ө-ө!..
- Жазықсыз жәндікте не шаруаң бар, ақымақ! Обал емес пе!
Обалдың не екенін түсінетін бала кәне. Тұңғыш рет тұщы етіне ащы таяқ тигесін ботадай боздап үйге, шешесіне қарай жүгірді. Ананың мейірімі не деген шексіз, еңіреп жылап келген баласын көтеріп алып бетінен, көзінен, маңқасы салбыраған мұрнынан шөпілдетіп сүйіп жатыр.
- Кім тиді саған? Кім менің құлыншағыма тиіп жүрген? Ә? Айтшы, кәне, көрсетші өзін, сазайын тартқызайын!
Шешесінің еркелеткені жанына жағып бара жатыр, бірақ әкесінің ұрғаны да есінен кетер емес, булығып өксіп-өксіп қояды.
- Көкем ұрды!.. Апа, сен де ұршы оны!..
Шешесі тағы да аузы-басынан шөп-шөп сүйіп қояды.
- Қазір келсін, көрсетеміз оған. Ұрсамыз. Бірақ, ұрмаймыз, ия? Көкені ұруға болмайды ғой. Енді саған тимейді ол. Құлыным, кішкентай!
Сөйткен анасы да, ешкім тие алмайтын алып күшті батыр екен деп ойлаған көкесі де отыз екінің аштығында көмусіз қалды. Баяғы диуана кездеспегенде бұл да ит-құсқа жем болып, сүйегі шашылып қала беретін еді, қайта су ішерлігі бар екен...
Салдыр-күлдір етіп есік ашылды, қарауыл екен, кіре сала сау аяғынан теуіп келіп жіберді, бұлардың әңгімесі осыдан басталады.
- Кәне, тұр! Шығар мына шелекті!
Есік жақтағы бұрышта кішігірім күбідей үлкен шелек тұрады, карцерге түскен бейшара тұтқындардың дәретханасы осы, оның өзін біреу ұрлап кетер дегендей қабырғаға бекітілген ілмек темірге шынжырмен байлап, шынжырды құлыптап қойған. Шиқылдатып құлпын ашты, бұл болса тәлтіректеп орнынан тұрған, бірақ шелек көтермек түгіл тікесінен тік тұруға шамасы жетер емес, аяқ деген қақсап алып барады, қабырғаға сүйеніп жан сақтады, әйтпесе тағы да талып түсер ме еді.
- Неғып мелшиіп тұрсың?! Ұста, кәне!
Көзін жұмып, бар жігерін жинап бір аттаған, аяғының ауырғаны сонша, миы мен жүрегіне қатарынан біз сұғып алғандай болды, қайтадан қабырғаға сүйенбек болып қармана берген, айналып барып жалп етіп құлады, басын қабырғаға бір, еденге екі соқты, ол аз болғандай қарауыл солдат тепкілеп ала жөнелді, ауру аяғын бауырына алмақ болған, сол кезде әлгі жарты патшаның пималы етігінің тұмсығы тура қара табанынан тигені, қайтадан есі ауып кетті.
Талып жығылған адам да түс көреді екен, кейін білді ғой, сол құлағаннан екі күн бойы ес-түссіз жатыпты, әлде есі кірген кезде ұйықтап кетті ме, қалай болғанда да түсінен шошып оянды. Екі басты самұрық төніп тұр екен дейді, денесі адам, басы құс, екі қолының саусақтары темір істік тәрізді, бір шеңгелін бастан, екіншісін бұттан салып қысып әкетіп барады. Бас сүйегі шыны ыдыс сияқты шытынап сынып кеткелі тұр, бұтының арасы жаншылып, езіліп барады, босатшы деп жалынып-жалбарынуға шамасы келмей, әлі құрып, майы таусылған шамның білтесіндей өшіп барады. Кенет әлдеқайдан әкесі шыға келсін, босат баламды деп ақырғанда әлгі құбыжық мұны жібере салып әкесіне ұмтылсын, екеуі арсыл-гүрсіл арпалысып кетті. Бұл тағы тірі қалды, басы да жарылған жоқ, бұты да ауырғанын қойып, денесі босап сала берді, бей-жай… Бір қараса әкесі жоқ, құбыжық тағы да ентелеп келіп қалыпты, зәресі ұшып бақырып қоя берді де... оянып кетті.
Сол тас қорап, есіктің үстіндегі саңылаудан жарық білінеді, үсті-басы шылқып кетіпті, мұнысы несі деп маңдайын сипап көрді, терлеп жатыр екен, төменгі жағын ұстап көрді, ол да шылқып тұр, түсіндегі құбыжықтан қорқып бұтына жіберіп қойғанын сонда түсінді. Енді қайтпек керек? Айтпақшы, аяқ не болды екен? Тың тыңдап біраз жатты, ештеңе сезетін емес, жайымен қозғап көрді, ауырмайды, апырмай, шынымен жазылып кеткені ме? Екі қолымен жер таянып көтеріліп отырды. Қара санын сипады, ауырмайды, тізесін ұстады, дін аман, балтырын ұстады, одан төмен жылжып аяғын, табанын ұстап көрді, ауыратын емес. Енді тұрып көрсе қайтер екен? Еппен қозғалып орнынан көтерілді, салмағын сау аяғына салған, екінші аяғын да қорқасоқтап еденге тіреді, сезер емес. Сонда ғана санасына жетті, аяғы ауырмайды емес, ауырғанды сезбейді екен, жаны кетіп қалыпты, бұл қалай? Қайтадан отырды, енді әлгі әйеншектікті қойып, күп болып ісіп тұрған аяғын уқалай бастады, саусағымен мытып-мытып қояды, бәрібір түк сезбейді. Әр башпайын бір-бірлеп жұлқып көрді, өз аяғына ұқсамайды, үлкен башпайын қаттырақ тартып қалған, жұлынып кеткені. Ау, бұл не пәле?! Тірілей шіри бастағаны ма?! Бұл өзі анық башпай ма, әлде өлі терісі ме деп ала көлеңкеде үңіліп келіп қараған, қолымен сипап та көрді, ия, сол, өзінікі болса да, басқанікі болса да кәдімгі башпай, оң аяқтың үлкен башпайының өзі. Орнын сипап көрген, қан жоқ. Жүрегі мұздап кетті. Сонда қалай, мынау өлі башпай ма? Кімнің башпайы бұл? Әрине, өзінікі. Сонда бұл өлі болғаны ма? Екінші аяғын ұстап көрді, жоқ, тірі екен, жаны бар. Қызық болды-ау мынау… Денесінің жартысы тірі, жартысы өлі адам бола ма? Бұл қалай? Өстіп санасы сарсылып отырғанда салдырлап есік ашылды. Бұл жолғы қарауыл басқа біреу екен, бірақ, әдейі үйретіп қоя ма, бәрінің мінез-құлықтары бірдей болып келеді. Кіре сала дүрсе қоя берді. Жауыз, оңбаған, сатқын, арамтамақ, сендейлерді атып өлтіру керек, кеңес өкіметінің мойнына мініп алған масыл, сүмелек, екі күннен бері еркеліктен тұра алмай жатысың жаман еді, ішкі қорыңның бәрін бұтыңа жібергенсің бе, сасып кетіпті ғой мына жер! Тұр, кәне! Бол, тез! Сатқын! Опасыз! Бұл оған башпайды ұсынды. Мә, алшы мынаны. Бұл не пәле тағы?! Не беріп тұрсың маған, сұмпайы?! Башпай. Башпайы несі? Қайдан шыққан башпай, кімнің башпайы?! Менің башпайым. Ах, оңбаған, зиянкес! Жұмыстан жалтару үшін өз-өзіңді мүгедек қылған екенсің ғой? Көрсетермін саған, сүмелек! Фашистердің үйреткені ме бұл?! Мә, саған! Мә! Тарт сазайыңды, фашистің құйыршығы!
Фашист деп немістерді айтушы еді, сонда бұл немістің құйыршығы болғаны ма, мұны қайдан шығарған? Әлде мазақ қылып қорлағаны ма? Кейде қай жерде қорлықты көбірек көргенін, немістердің тұтқынында ма, әлде кеңестік лагерьде ме - өзі де айыра алмайды. Қарауыл болса әкесінің қаны осының мойнында кеткендей-ақ тепкілеп жатыр. Таяққа бойы үйреніп кеткен бе, әлде қарауыл шыңжау ма, тепкісі бата қойған жоқ. Шаршап барып өзі қойды, бірақ әлі кіжініп жүр, есікті жауып жатып әлдене деп боқтанып тұрған, бұл сүлесоқ қалпы жата берді, жартылай тірі, жартылай өлі адамға бәрібір емес пе, сөкті не, сөкпеді не, тепті не, теппеді не - әбден саудасы біткен, бүгін бар, ертең жоқ адам ғой. Сөйтіп жатқанда тағы да сатыр-сұтыр есік ашылды, әлгі қарауыл тағы келді, бұл жолы қасына біреулерді ертіп алған, лагерь бастығының кезекші орынбасары, сосын өмірі бір ауыз сөз айтпайтын қоңқақ мұрын дәрігер, бәлкім айтса айтатын шығар, бірақ соны естіген адам жоқ, тағы бір-екі адам, осында шаруашылық командасында істейтін еңгезердей екі тұтқын. Мұрындарын басып, жиіркенісіп жүріп мұны зембілге салып лагерьдің лазаретіне апарды, боқтап-боралап жүріп жуындырған болды, киімін ауыстырды, ертесіне аяғын қара саннан бір-ақ кесті. Мүгедек адам кімге керек? Екі апта жатып шыққаннан кейін мұны, баяғыда интернатта оқығаны бар, әріп-сан танисың ғой деп есепші қылып қойды, әр бригаданың қанша ағаш кескенін, нормаға толған-толмағанын тіркеп отырады. Бір-екі рет Құмардың нормасы толмай қалғанда қосып жазып жіберген, біреу-міреу біліп қойса тағы да карцерге қамар ма екен деп қорқып жүр еді, құдай сақтап, ешкім байқай қоймапты. Сөйтіп жүргенде амнистияға ілікті, ілікпеуі де мүмкін еді, жоғарыдан пәлен адамды босатыңдар деген нұсқау түскенге ұқсайды, барыңнан жоғың деп өздері қоя берді. Екі солдат бұларды мал сияқты етіп машинаның астауына тиеп, станцияның басына әкеліп салды да тайып тұрды, бұлар қалды ұйлығып. Енді қайда барады? Жолқағазында Қазақстан, Гурьев деп жазылған, бірақ ол жақта мұны кім күтіп отыр? Ол мұның туған жері, Самның құмына аунап өскен, бірақ есі кірер-кірместе туған-туыстан жұрдай болып интернаттан бір-ақ шығып еді, қайда барады, кімді сағалайды, аяқ болса мынау… Сөйтсе, бекер уайымдапты, елдің аты ел ғой, құшағын жая жүгірмегенімен, ер-азаматтың аман келгеніне шүкір деп жылы қарсы алды. Күйеуі соғыстан оралмай, әйелі Түрікпенстандағы төркініне көшіп кеткен, содан бері бос тұрған қоржын тамды бүгіннен бастап сенікі, енді ие бол деп босатып берді, алдыңа мал салайық, аяғыңды тұсайық, елде не көп, жесір әйел, бойдақ қыз-келіншек көп, қалағаныңды алып береміз деп жік-жапар болып жатыр. Үйге кіріп алды, бірақ анау айтқандай елп ете қалған жоқ, бала күнімнен шетте жүріп ауылдың өмірінен суынып кетіппін, есімді жиып алайын, оған дейін малды да, әйелді де қоя тұрыңдар, кейін өз қалауымды айтармын деп көткеншектеді. Жарайды, шынымен елден жырақта көп жүрген адам, біраз бойы үйренсін, есін жинасын, мүгедектігінен қорынатын шығар, кейін басылады ғой, сол кезде үйленер, қазір бір емес, екі аяғы қатарынан жоқ болса да еркектің дәурені жүріп тұр, қыз дегенің ырғын, жесір келіншек одан да көп, қайда барады дейсің. Қайда барғаны сол, бір күні есіктің алдына ағаш машина келіп тоқтай қалды, ішінен бір жуан сары түсті, бұл есік алдындағы сәкіде көлеңкелеп отырған, теңселе басып қасына келді. Амандасты.
- Ассалаумағалейкүм!
- Уағалейкүмсалам!
- Таныдың ба мені?
Қайдан танысын, алқымы мен шүйдесі тұтасып кеткен, бастың астында мойын деген болушы еді, одан жұрдай, амандасуына қарағанда бұдан жасы кіші, бұл елден кеткенде он жаста болатын, тіптен, құрдас болған күннің өзінде бір кездегі бала мен мына дәуді бір-біріне ұқсата қою қиын еді, танымады. Сөйтсе, оның да танып тұрғаны шамалы екен, дақпыртын естіп келіпті, шешесінің жасынан қағынып, қызыләскер боламын деп үйінен қашып кеткен бір інісі барын баяғыда бір естіген, сол нағашысы кейін дөкей бастық болыпты, біресе Мәскеуде, біресе Алматыда, біресе тағы бір жерде жүреді екен, ауыл-ел дегенді мүлдем ұмытыпты деген қаңқу сөзді құлағы шалғаны бар еді, соның баласы болып шықты. Сол жерде екеуі құшақтасып көрісіп, сағынысып жолыққан адамдардай-ақ мәре-сәре болып қалды, өмірінде бір-бірін алғаш рет көріп отырғандай емес, бұрыннан сыралғы адам сияқты әңгімелері де жараса кетті. Нағашысы отыз жетінші жылы қамалыпты, содан бері хабар жоқ, Мәскеуде тұрғаны да, Алматыда тұрғаны да, шетелге барғаны да рас болып шықты, бірақ сол сапары өзіне пәле болып жабысып, кейін Жапонияның шпионы деп айыпталғанға ұқсайды… Мына баласы Ресейде өмірге келген, бұдан бір жас кіші, ұлдан жалғызбын дейді, екі апасы бар екен, екеуі де орысқа күйеуге тиіпті, біреуі Мәскеуде, екіншісі тағы бір жерде, аман-сау, бір жездесі үлкен оқымысты екен, екіншісі соғысқа қатысыпты, батыр атағын ала қоймағанымен өңірі толған сөлкебай дейді. Мейлі ғой, кім болса да аман болсын. Сөйтіп, ойламаған жерден нағашылы болып шыға келді, көңілі бірленіп қалды. Өзі соғысқа бармапты, мұнайдың оқуын бітірген екен, мұндай сирек кездесетін мамандар елге де керек, сенсіз-ақ қырылатын адам жетеді деп үкіметтің өзі алып қалыпты, өз елің, өз халқың, сол жақтың мұнайын өндіресің деп Ембіге жіберіпті. Содан бері осындамын дейді, Құлсарының басында тұрады екен, әкесі Маңғыстауда апам бар, оның сенімен қатар ұлы болуы керек, екеуіңді бір кездестіремін, жездемнің аты пәленше, келісті адам деп қоймайды екен. Аштықтың кезінде айырылып қалғанына өкініп, содан бері үмітсіз шайтан, тірі болса қалай да тауып ал деп мұның аты-жөнін баласының құлағына құя беріпті, содан осы жаққа келгелі үнемі сұрастырып жүреді екен, алдыңғы күні бір геолог жолдасы келіп сүйінші сұрапты, осылай да осылай, жиенің табылды демей ме. Ертесіне-ақ машинасына отырып жолға шығыпты, кеше келгендей екен, сырты ағаш болғанымен іші темір, жолда машинасы түскірің бұзылып қалып, соны өйтіп-бүйтіп жөндегенше кідіріп қалдық дейді. Сонымен не керек, әй-шәйға қаратпай машинаға салып алды да кетті, көршілерге рахметін айтты, бас қосып, мәжіліс құрып отыратын уақыт жоқ, үкіметтің адамы, жұмыс болса қалып тұр, тез жетпесе болмайды. Бұған қағаздарынан басқа ештеңе алдыртқан жоқ, бір-екі қабат киімі болмаса ала қоятындай мұның қай бір мүлік-мүкәммалы бар, оның өзін нағашысы басынан үш айналдырып лақтырып тастағаны, орыстың арасында өссе де ырым-жырымға жетігін көрмейсің бе. Енді қайтып ескі киім кигеніңді көрмейтін болайын деп ескертіп қойды, оған да құлдық, қатып қалғандай көрінген жүрегі қайтадан жібіген сияқты. Сергей марқұмнан кейін ешкімнен мұндай жанашырлық көрмеп еді, туыс деген жақсы екен ғой, өмірі көріп-білмеген нағашысы міне, сонша жерден іздеп келіп, өзімен бірге ертіп кетпек. Ішінен Құдайға тәуба айтып келеді. Жолда бір жерге тоқтап ат шалдырды, машинаны суытты, шопыр жігіт қағылез бала екен, құмның үстіне алашаны төсеп жіберіп, үстіне дастархан жайып, білем-білем шұжық, салқын қуырдақ, құрт-ірімшік қойып лезде жайнатып тастады. Сыртын киізбен қаптаған темір торсықтағы су да сап-салқын. Нағашысы орыстың арасында тегін жүрмепті, шопырына бір ымдап қойып еді, лып еткізіп бір шөлмекті мөлдіретіп ортаға қоя салды. Ал, жиен, талайды көрген адамсың, орыстың да, немістің де дәмін таттың, таяғын да жепсің, ащы суды жатырқамайтын шығарсың. Екеуі қалайы саптыаяқпен тартып жіберген, жүрегі кілк ете қалды, ал кеп құссын, су ішеді де құсады, арақ емес, тура у ішіп қойған сияқты. Кейін Сергейдің өлген күнінде қорқасоқтап тұрып жарты стақан ішіп көріп еді, майдай жақты, бір шөлмекті бір-ақ тауысты, тері бұрқырап рахаттанып қалды; тағы бірде нағашысымен бірге ішкен, қайтадан кері тепті. Бұл не сұмдық, әлде бар пәле нағашысында ма? Ол жоқта ішіп көрген, тағы құсты, содан кейін жоламаспын деген, Жеңіс күні ішті, шұбаттан кем жаққан жоқ. Содан кейін ойлады, намаз оқып, ораза ұстауды білмесем де әйтеуір мұсылманмын ғой, арақ ішуге болмайды екен, ал, мына екі күні ішкеніме марқұм досым мен басқа да қыршын кеткен боздақтардың аруағы риза болып жүрген шығар, бұл күнәмді Жаратқан жалғыздың өзі де кешіретін болғаны ғой, сірә. Кім білген, бәлкім солай болар, әйтеуір, содан бері бұл жылына екі мәрте ғана ішеді.
Сонымен Құлсарыға келді, нағашысы үй әперді, бастан-аяқ киіндірді, ел емес пе, қолы шебер ұсталар әлі де бар екен, ағаштан аяқ жасатып берді, апта өтпей балдағын тастады, қоймаға бастық қылып қойды, үйлендіремін деген, мұның өзі қарсы болды, өмірі әйел адамның бетіне қарап сөйлемеген басым біраз үйренісейін, қатынсырап бара жатсам өзім айтармын деп көнбей қойды. Сөйтіп өмір сүріп жатты, уақыт жылжып өткен сайын жүректегі жара да жазылған сияқты, бұрынғыдай дүние түгел тұнжырап тұрғандай көрінбейтін болды, халықтың да еңсесі көтерілген. Ұлы көсем дүние салған жылы бұл да үйленді, пошта таситын жесір әйел бар еді, сонымен көңіл қосты, бір ұл, бір қыз сүйді. Құдайдың бергеніне шүкір, екі баласы да қатарының алды болып өсті, мектепті үздік бітірді, бірақ ата-анаға суық болып шықты. Қызы Ақтөбеде дәрігер болатын, күйеуінен бала көтермей, ажырасып кетті, кейін бір молдаванға тиіп соның еліне кеткен, бұрын хат жазып тұратын, екі қызды болыпты, кейін мүлдем хабарласуды қойды, шешесінің қазасына да келмеді. Бірақ, оны кінәламайды, молдаван деген қазір шет ел, сонша жерден келу қайдан оңай болсын. Алматыдағы журналист ұлы келді, соған да шүкір, бұл да жатбауыр, әлі күнге дейін не келінді, не немерені ертіп келген емес, әлде бұл да ажырасып жүр ме? Мейлі ғой, әйтеуір аман болсын.
Шалдың балаларға өкпелейтін орны жоқ, өйткені оларды толық өз балам деп меншіктей алмайды, жан-жүрегінің қат-қабат қуысына жасырған құпия сыры еді, адам баласына білдірмеспін дейтін, кемпірі қайтыс болғаннан кейін Сейтек құрдасына ғана айтты, әйтпесе ішіне сыймайтын болды, онсыз да жұлым-жұлым жүрегі мұндай салмақты қалай көтеріп жүргеніне таң. Сөйтсе оны Сейтек те аңғарыпты, сырбаз адам ғой, онысын ешкімге білдірмей жүр екен, көңілдегі түйткілге дейін танып қойғанына айран-асыр қалды. Сырыңды айтпай-ақ сезген не деген сұңғыла, онысын осы күнге дейін байқатпай келген неткен бипаз, адам жанын аялауды мұрат тұтқан неғылған дегдар! Осындай асыл адамды жаратқан Құдай тағалаға қалай риза болмайсың, перзентіне осындай тәрбие беріп, көкірегіне ізгілік еккен, көшелі мінез сіңірген халқыңа қалай алғыс айтпайсың!
Зейнеткерлікке шығарда қайсыбір қағазын таппай сандықты ақтарып отырып уақыт табынан сап-сары болып сарғайып кеткен көне сурет тауып алған. Қараса, баласы, кәдімгі Алматыда оқып жүрген баласының өзі, қасы қиылып, көзі шоқтанып, дөңестеу мұрны мен жымқырылған ерніне әсем жараса қалған қияқ мұртына дейін аумай қалыпты. Бірақ, неге ескі? Суреттің артына қараған, әйелінің атына арналған мәңгілік естелік деген сөзді оқыды, сүйіктің дегенді көзі шалып қалды, 1940 деген санды көрді. Көрді де түсінді. Түсінді де тебіреніп сала берді. Алпыс екі тамыры иігендей елжіреп, егіліп кетті. Қанша топас болса да махаббаттың құдіретін сезетін, ондай қасиетті сезімді бастан кешу бақыты өзіне бұйырмағанын да мойындайтын, қосағымен дәм-тұзы жарасқанына шүкір деп жүре берген ғой, бірақ дәл мұндай болады деп ойламапты. О, жасаған!.. Ұлы ғана емес, қызы да соған тартқан болып шықты. Мұндайды кім көрген! Көрмек түгіл естіген де адам жоқ шығар, сірә. Жәпірейген жаман кемпірі тегін адам емес екен. Үйлене сала майданға аттанған, алғашқы шайқаста-ақ оққа ұшып, шәйіт болған жарына деген сүйіспеншілігін жүрегінің терең бір түкпірінде мәңгі сақтап жүріпті-ау! Тек сақтап қана қоймай, сол бір құдіретті сезімнің қуатын жоғалтпай, басқаның, мына менің қанымнан жаралған балаларымды сол махаббаттың мәңгілік белгісіне айналдырып жіберген. О, құдірет! Отыз жыл қойныңда жатқан қатыныңның, бір шөкім болып шөмиген кәрі кемпіріңнің осындай асыл сезімді, саф таза махаббатты кір шалдырмай сақтап келгенінің өзі неге тұрады! «Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз» дегенді айтқан қазақ неткен кемеңгер! Ал, біз үшеуміз. Үшеуміз де бақыттымыз. Алғанынан ажал айырса да сол жарының құрсағына менің қаныммен бірге рухының бір бөлшегі енген марқұм да; қу соғыстың қырсығынан сүйгенінен айырылғанымен оған деген сезімін жоғалтпаған, менің алдымда күнәдан пәк, кіршіксіз адал бола тұрып алғашқы махаббатын да ардақтай білген, тоғыз ай бойында жүрген баласына сезімінің күшімен сол сүйіктісінің келбетін берген әйелім де; осындай қастерлі де аяулы махаббаттың жемісті болуына өз үлесімді қосқан менің өзім де шын бақытты жанбыз! Мұнысы рас болатын. Тағдырынан қанша теперіш көріп, қанша қиындықты бастан кешсе де шалдың пейілі кең-тұғын. Бірақ мұны біліп жатқан ешкім болған жоқ, білмеді-ау деп шал да өкінбейтін, ішінен Құдайға сыйынып қойып жүре беретін. Адам түгіл малға да зекіріп көрмеген шалымыз кемпіріне де, балаларына да ешқашан дауыс көтерген емес, бірақ жүзінен бір ызғар байқалып тұрушы еді, әлгі суретті көргеннен кейін сол ызғардың табы да жоғалып кетті, көзі қып-қызыл, суық жүзді, қапсағай денелі қарттың орнына көп сөйлемейтін, дидарынан шуақ төгілген, көзінің қызарып тұрғаны да мінезінің жұмсақтығының белгісі сияқты мейірбан қарт пайда болды.
Кемпірін жерлеп келгеннен кейін ас ішіп, құран оқылған соң жиналған жұрттың бәрі тарап кетті де келін-кепшік, көрші-көлем үйді жинастырғанша деп Сейтек екеуі далаға шыққан. Шалдың көңілі әлденеге алаңдап тұрғанын аңғарды, екеуі ауланың арғы бұрышындағы талдың көлеңкесіне қарай жүрді, ол жерде тағы бір сәкі болатын, сонда келіп отырды. Әңгіме кібіртіктеп өрбімей қойды, араларында әлдебір ыңғайсыздық бар сияқты, бір сәт тым-тырыс отырып қалды. Тыныштықты шал бұзды.
- Алла жарылқасын сені, құрдас, бізге деген ықылас-пейіліңе кемпірім де өле-өлгенше риза болып кетті, мен де разымын саған, жағың түспей жамандық көрме.
- Ол не дегенің, «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген, қызмет қылсақ сауабын аламыз.
Шал темекісін тұтатты да Сейтекке екі көзі жасаурай қарап біраз отырды, толқығаны сезіліп тұр, бір кезде байыппен суыртпақтап әңгімесін бастап келе жатқан, құрдасы бөліп жіберді.
- Айтпай-ақ қой, мен мұны баяғыда білгенмін, Құдайдың құдіретіне тәнті боп сол кезде-ақ жығылғанмын намазға, бірақ ол кезде мұғаліммін, партия қатарындамын, біреу-міреу намаз оқып жүргенімді біліп қоймасын деп бөлмемді ішінен жауып алып оңаша оқитынмын, кейін ғой заманның түзелгені. Құдайға шүкір, қазір не істеймін десең де еркіңде, бірақ кейде ойлаймын, бостандықтың өзін біртіндеп беру керек пе еді, талай адамның басы айналып қалды, талайлар осыны көтере алмай жүр, енді біреулер тіптен азып-тозып кетті, қайран азаттықтың қадірін білмей, теңдігін кемдікке қайтадан айырбастамақ болып қанша адам шапқылап жүр. Ал, сенің сырың маған балаларың аяғын апыл-тапыл басқан кезде-ақ мәлім болған, оған бола қамықпа да қорланба, бұл деген кемпіріңнің, жатқан жері жайлы болсын, сені кемсініп, бұрынғы күйеуін сағынғаны емес, жүрегінің кеңдігі, сезімінің тазалығы, арада қанша жыл өтсе де алғашқы аппақ махаббатына кір жұқтырмаған адалдығы. Сондай әйелдің ері болғаныңды мақтан тұтпайсың ба, осы уақытқа дейін сыр шашпай келгеніңе қарағанда өзің де түсінген сияқтысың мұны, басқа не айтайын.
Құрдасына іші жылып қалды, дұрыс, басқа не айтсын, көкейінде жүрген түйткілді дөп басты, бұдан артық не керек. Сөйтіп көңілі орнына түсті, жұма сайын кемпіріне бағыштап құрдасына құран оқытады, ас-суы сол үйден, бірде қыз-келіндері үйге келіп шәй береді, тамақ ішуге шақырып әкетеді, шалың сөйтіп жүріп жатты. Баласы Алматыға көшіріп әкетем деген, бармады, өлер шағында келіннің қолына қарамақ па, одан да елдің ішінде отыра бермей ме, өле қалса бірдеңе етіп көмер. Баласы шырт ете қалды, сендер тек өздеріңді ғана ойлайсыңдар, міне, шешем өлді, бүкіл жұмысты, бала-шағаны тастап, қарызданып-қауғаланып ит өлген жерден келіп отырмын, ертең сен өлесің, салпақтап тағы келемін бе? Жаңа жұмысқа тұрып жатырмын, бастығымыз қатал, жібермей қойса қайтемін? Қайтесің, ол жақта да жөн білетін адам бар шығар, аруағыма бағыштап құран оқыта сал. Баласы бұрынғыдан бетер ашуланды, ол жақтың адамдары шынымен жөн біледі, сендердей кері тартқан қырсық емес, айтқанды түсінеді, шалдардың бәрі бірдей осындай бола бермейтін шығар. Жарайды, жолыңнан қалма, адамның да, Құдайдың да алдында айтарым сол, қабіріме топырақ салмадың деп ренжімеймін, қарағым, өзің аман болшы, ана кішкентай күшіктерің аман болсын, содан артық ештеңе керек емес маған. Екеуі сөйтіп тоң-теріс қоштасқан.
Енді міне, Сергей досын еске алып отыр. Ертең ана дүниеге барғанда кездесер ме екен онымен? Ата-бабасымен, кемпірімен кездесері анық, Сергей орыс қой, діні басқа, бірақ, кім біледі, ол жақта дінге қарамайтын шығар. Құдай бір демей ме. Қой, досымның аруағы риза болсын, соңғы стақанды алып қояйын. Тартып жіберді, кенет денесі жеңілдеп сала берді, бойын әлдебір қуаныш пен шаттық кернеп барады, қарсы алдында Сергей тұр, бұл көрген Сергей емес, одан әлдеқайда жас, түрі де өзгеше, жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. Екеуі құшақтасып көрісті, далаға шықты. Мәссаған! Аппақ нілден тоқылғандай жұп-жұқа киім киген бір топ адам күтіп тұр, бәрі таныс, бәрі қуанышты, жапырласып амандасып жатыр. Анасы келіп маңдайынан сүйді, әкесі мейірлене құшағына қысты, кемпірі… қайдағы кемпір, үлбіреген жап-жас бойжеткен екен, жүгіріп келіп мойнына асылды, қолынан ұстап бұрынғы күйеуіне ертіп апарды, онымен де көрісіп жатыр. Бәрі өңкей шаңқан боз сәйгүлік жегілген аппақ күймеге мінді, аттар да ала жөнелді, сап-сары нұрға бөленіп, сағымданып тұрған даланы бетке алып құйғытып келеді, бірақ ат тұяғының дүбірі естілмейді, оның орнына әлдебір әлдилей аялаған әуен төгіліп тұр…
* * *
Шалды жерлеуге ұлы келе алмады, қызына хабар тимесе керек, қарасын бастан-аяқ Сейтек құрдасы атқарып шықты, баяғы нағашысының төрт баласы қазір белді кәсіпкер болып дүрілдеп тұрған, солар ұлан-асыр ас берді, нағашысының өзі төрт-бес жылдан бері алжи бастаған, ол да келді, аста емес, тойда жүргендей кемпірлермен қалжыңдасып қояды. Несі бар, сексеннен асқан адамның қазасын той қылып өткізуге болады, мұның еш сөкеттігі жоқ.
2003 ж.





