Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Мен дегенім – Көрұғлы

Батырхан Сәрсенхан

***

Ашықтым тағы
ашықтым бүгін,
ғашықпын бүгін əр жанға.
сəулелі сөздер шашыппын бүгін,
Сəуле ме,
сөз бе,
маржан ба?
Біле алман əйтеу өзіммен-өзім,
бөлене берем ақ нұрға.
Бұл қайсы лəззат?
сезінбегемін,
сезбегем, шуақ, тап мұндай!
Түсімде ме екен, өңімде ме екен,
мұнарта түсті дала алдан.
Үмітім қайта семірген екен,
арманым қайта жаңарған.
Жымиған екен ағаштың бəрі,
жұлдыздар хормен салған əн.
Жауынгер шықтар жол аштырғалы,
жауыздық жерде қалмаған.
Жұп-жұмсақ тіптен тас дегенің де,
ап-ауыр құстың қанаты.
Көбелек үні көшкен өңірде,
жүр екем мейірім таратып.
Тек қана мақпал бұлттар жылайды,
Мұржалар –
көкке қарауыл.
жанардың жасы түкке арзымайды,
сенімнің жасы
сол ауыр...
Біле алман əйтеу өзіммен-өзім,
бөлене берем ақ нұрға.
Бұл қайсы күнім?
сезінбегемін,
сезбегем, шуақ, тап мұндай!..

Туған жер

Аққұба түн. Байырғы мөлтек үнмен,
Сұр топырақ сұрайды бөртегүлден:
–Алабымда аунаған жас бар еді,
ақпанымда жаураған жас бар еді,
өскен жерден жырақтап кеткендей ме,
нәзік еді, сүйгені дастан еді.

Қыр басынан білінсе адасқан жан,
Алма ағашы сұрайды боз аспаннан:
–Бұтағымды жылқы еткен жас бар еді,
жамандарды күлкі еткен жас бар еді,
өскен жерден жырақтап кеткендей ме,
келер күннен көп үміт тосқан еді.

Маужыраса дүние тыншығандай,
Қабір маңнан сұраулы үн шығардай:
–Есейген бе, арпаның қабындай ма,
шырылдаған бесікте торым қайда,
неге жиі келмейді мекеніне,
қарай-қарай жанары шағылмай ма?...


Алагеуім

Шам сөнді, жел ескенде,
Шам – ақыл, сезім – желі.
тұншығып елес кеуде,
тұтқын жан езілгелі,
Аңсады, аңсады үміт,
аңсаған болар ол да.
қанша ұзап, сонша жүріп,
жете алмай жағалауға
жабыққан жалғыздарды,
жұбатар бар ма, бар ма?
жарадай таңғы ызғарды,
уыстап қармағанда,
келесің тағы есіме,
аялдап ара-тұра.
Келесі... келесі не?
Желтоқсан-Мәметова.

2.
Кешелер не етер, бүгіндер не етер,
Ағаштар не етер, ай не етер?
Ұйықтасам бұл түн өтіп те кетер,
оянсам, мүмкін, жай өтер.
Өзі де сезбей, өзі де білмей,
өзегі талып, жол білмей.
Қоштаса білмей, кезіге білмей,
білместікпенен күмбірлей
кісі келеді,
түсіне енеді,
Көкторғын кезі, күн кезі.
Қиялын тағы пісірер еді,
қазанның орнын білмеді.
Алқына түс сен,
алқына түс сен,
арманың көктеп аңғарда.
Түнек пен жарық талқыға түссе,
жолыңда қалар жан барда!

3.
Ду-думан. Той алаңы...
билеймін ол алаңда,
алаңсыз отырыстай.
Жолдасқа, жораларға,
тәбетті нақұрысқа
бақырам төр үстінде,
«Тараңдар! Жоғалт көзді!»
бейдауа беріш түнде,
бақсыдай жолақ кезген,
Бар да өтер,
өтер жоқ та,
сен ғана ұмсынар қыз.
«Өзіңді қатерлі отқа
салмашы!» дейсің әлсіз.
Шырпыдай шашылған сыр,
тән қурар, түр де ескірер.
Кеудемде ғасыр даусы,
Кім білер...
кімге естілер?


***

Өлең жаза білгенім әріптермен,
Басқалардай.
Өкінішті…
өмір құпия кітаптай жарық көрген,
немесе алынбаған тас қамалдай.

Өкінішті түн жүгін артатыным,
Мен әпенді.
қапелімде ұға алмай орта тілін,
шашылған мерекемді,
қайтемін,
қалғыма ойға дес бергемін,
Жойдым бәрін.
Әлі өкініш,
арудың кеш көргенім,
алқасын мойнындағы.

Ұлтарақтай жүрегім, жетім ол да,
Шын күлгелі.
Өкінішті,
екеуміз екі жолға,
сіңеміз бір күндері...


  Алаң

Долы теңіз бетіндегі қалқып жүрген жаңқадаймын,
жауар бұлттай жалбыз сезім алабымнан тарқамай жүр.
Кімді сүйдім, кімнен күйдім, қайдан келдім, қайда ағамын,
Кімге мәлім тыныш түнде құмыр құстай сайрағаным.
Сәттер өтті,
вагондарда,
саяхатта,
кешқұрымда,
той ішінде,
кітапхана,
жаңа мекен,
ескі жылда,
әрбірінде бір жүрегім, бір жүрегім ғана болған,
көп ойландым бір жарыққа қарай-қарай жағалаудан.
Сенбі күні
қимас досты қойнына алды жер анасы,
ол өзі де біле алмады морт сынғанын қара ағашы,
ол білмеді неге келді, неге жүрді, неге кетті,
неге өмірде өкінгенін, неге қуды көбелекті,
неге аруға сөз салғанын, неге өзенге шомылғанын,
неге досын мақтағанын, неге жаттан қорынғанын,
ол білмеді, түкті де енді біле алмастан кетті өмірден,
ақ ажалдың тас тұяғы тақ-тұқ етіп жеткені ме?
...тек ішімнен белгісізді бар дауыспен қайталаймын,
байқамайды оны өңгелер, оны өңгелер байқамайды,
көп ішінде тағы отырмын, тағы отырмын жалғыз ғана,
долы теңіз бетіндегі қалқып жүрген жаңқадаймын...

 

Мәскеу. 2017

Блок менен əлдене сұрағандай,
Сосын үнсіз бұрылып бір адамға:
–Алматыдан келіпті, ерен екен,
Ерендігі ессізге керең екен.
Албырт өңді Алаштың баласына,
Бұл Мəскеу бетін бері берер ме екен?
–дегендей,
жер шұқылап көкшіл көзі,
Шіркеудің қоңыраулап көп күмбезі,
Көгілдір шəрбатына мас ақынды,
Білмепті пенделіктен босатуды.
Кім сені,
сезімшілім, сезер менше,
Еріні дүниенің кезергенше,
Емінер ен жаһанның ес-ақылы,
Ерік күш құрық алар кезең келсе.
Көрінсе үмітімнің кестелері,
Жылатпас жарау жылдар қош дегені.
Əлдене Блок менен сұрағандай,
Мен одан сұрамадым ештемені...


Өзін көріксіз санайтын ару туралы

Ешкім де оны есіне алмады,
ешбірі, әсте, білмеді.
алақандай-ақ жасыл арманы,
алақанында бүрледі.
Ай дейтін оны, күн дейтін оны,
көйлегі ұқсас күлгінге.
Айналар ғана тілдейтін оны,
көре алмастық қой, білдің бе?
Тәңірден жалғыз тіледі жылу,
Жылылық - жанға бойсұну.
Айна,айна айтшы, кім еді сұлу,
жүрегі сұлу, қай сұлу?
Сазарып айна тұрып алғаны.
тағаты бейне, таусылды.
даланың оны гүлі қарғады,
түні қарғады маусымның.
жылады ару, жарадар сезім,
жарығы кеміп бойдағы.
көріксізбін деп санады ол өзін,
көріксізбін деп ойлады.
Көлдерді кезді, орманды кезді,
шашылып сәруар бұлағы.
Таң бөзі шығын тұндырған кезде,
Тұлпарға келді, қырағы.
Жаратылыстың жарасымынан,
жанары тапқан үйлесім.
жылқының мөлдір қарашығынан,
өзінің көрді бейнесін.
Тәңірден жалғыз тіледі жылу,
Жылылық - жанға бойсұну.
Қарашық, айтшы, кім еді сұлу,
жүрегі сұлу, қай сұлу?
Сен деді сұлу,
сен деді көркем,
Әдеміліктің тірегі.
әсемдікпенен мен де күнелтем,
күнелтеді әлем жүрегі!
Талмашы жүрек аласұрудан,
дүниенің ашып бар мәнін.
Өзіңді көрші қарашығымнан,
Сезімді көрші, ардағым!..


Майдан. Балалар жасы

Жұлдыздар жүре ме, жұлдыздар көше ме,
жұлдыздар біле ме сырғаның тасын?
Егер де көбейтсе он екі есеге,
Көре ме төгілген балалар жасын?

Ағаштар үнемі, үнемі тірі еді,
ағаштар, білемін, тарихтай арғы.
Неге ерте темірге байланып білегі,
бұзбайды сауыт пен қарулыларды?

Қойтастар достарым, құлжа тас достарым,
достарым дулыға шашағын терген.
Түн жапты тағы да балалар аспанын,
көтеріл, бар болсаң, зілмауыр жерден!

Көк тұман көмеді, көк түтін көшеді,
түтінге қарлыққан махаббат үні.
...қыратта көктемнің гүлдері өседі,
зеңбірек ұшына ұқсаған тілі.


Димаш Құдайберген туралы ода

Желке тұсы, кірпігі, қарашығы,
ән салады мейірі, жаны ашуы,
жауырыны, мойыны, қатар тісі,
тең өлшенген Тәңірдің жарасымы
ән салады. Кекілі, көзқарасы,
ән салады қазақтың паң даласы.
саршұнағы, жусаны, суырлары,
ымырт сіңген қаланың қарбаласы.
Ән салады бүршігі, қасат қары,
келіншектал, майдамтал шашақтары,
бөртегүл мен қалампыр пиязшығы,
иектері кемсеңдеп жас аққалы.
Сақ ұланы, сырбаз ер, шаһит баба,
оянады жымиып жатып қана,
оянады тылсыммен уағдаласып,
алтынменен жағасы жақұттана.
Оянады Қозы мен Баян жаны,
қобыз кеуде құлпытас шайырлары,
оянады морт сынған ер найзасы,
бұршақ толы бойтұмар мойындағы.
оянады абыздың мол арманы,
телміргені, тапқаны, жоғалғаны,
жүрегіне сіңгені, толғатқаны,
дүбір-дүбір болашақ қадамдары.
Ән салады бешпенті, алақаны,
ой жанары, сана іші, жан отауы,
күбірлесіп тұнжыр кеш дұға оқиды,
бір әуенмен қызғылтым таң атады.
Ән салады түйсігі, түймелері,
көктем бейне аспанкөз түрге енеді.
Күмбез дүние әнімен буланады,
ол тек қана армандай білген еді.


               ***

Бұлттар –
өрген қозыдай енесіне,
шұбырады маңғаз тау төбесінен.
шұбырғаны секілді сабаз ойдың,
Мезгіл ауып барады келесіге,
тек сені ойлай беремін неге осы мен?..

Қажығаннан немесе зеріккеннен,
көнбес адам тағдырға, сеніп келген.
Көктем ізі көрінер көңілдерде,
әне, шашбау тағынған өріктер де,
тек сені ойлай беремін неліктен мен?..

Өктемсінген арманның өрде елесі,
«жасмин гүлі бүрлемей кел демеші»
деуші едім бе...
бәрі өзге бұл күндері,
жалғыздығым жанымның бөлмелесі,
тек сені ойлай беремін мен неге осы?..

                  2.

Махаббат келген ерте. Кеш ұғындым.
Жымиған гүлдер менше.
қаққан үнсіз құрмалы есігімді,
Мен ашып үлгергенше,
адасып ақылымнан үлгергенше,
Кетіпті ол тым жырақтап.
Өтті солай зарлық жыл, мұңлық апта.
..ал, бүгінде,
бүгінде бәрі өтпелі,
Сағаттай сол қолдағы, әдеттегі.
сарсаң жыл сағынышын мол еккелі,
Сандал тал сағасынан жел өпкелі,
Ол дәурен өшкен, көшкен бастан оңай,
Мың жылқы тарпып өткен жас моладай
Жүректі,
жүрмін енді, жарлы құсым,
Не құзға, не төбетке тастай алмай.

 

Көрұғлы
(поэмадан үзінді)


Міне, тағы өзгердім де, бүр аттым...

Данте «Құдіретті комедия»


Мен кім едім Тәңірім, мен кім болдым Тәңірім,
жалғыз бұзған зарлыдай дүниенің көрігін
сандаламын саясыз,
арбаламын аһ ұрып,
ым қағарға ешкімді келтіре алмай шақырып.
Аппақ еді дүние
ақ тарының дәніндей,
алыстадым өзімнен,
аярлықтан шегінбей.
Азабынан жанымның арылатын жол бар ма-ай,
қойыныма сұп-суық жылан салып алғандай,
қуарамын панасыз,
қап шыдамым кетіле,
Ұятымды уыстап лақтырғандай бетіме.
Шоқ, шоқ арман,
шоқ, үміт,
шоқ, сезімдер жықпылы,
мен бір ғаріп еңіреу,
тұзақ ойлар тұтқыны.
жаншыламын мың құлап күмәнімнің шыңынан,
Терістеймін ғұмырды
сосын қайта ұғынам.

Мен кім едім Тәңірім, мен кім болдым Тәңірім,
саған бастар жол бұраң
сансырадым, арыдым.
Мен дегенім – Көрұғлы
көр түбінен оянған,
бүршіктерін жел ұрлап, бұтақтарын жай алған.
Тарау-тарау тіршілік, тұтам құйрық бұлғаңы
қамар екен қашанғы
кесір нәпсі зынданы?
Бордай тозып пәктігім
қыбырлайды иегім,
жәрдем етіп тастамас төменге ешкім сүйегін.
Теңіз көрдім жағалы,
толқынынан жеңілген,
Айды көрдім бір түні
өзін-өзі кемірген.
Жаға көрдім жұпыны,
бақалшығы жоғалған.
Қайың көрдім қапалы,
қарауылдай қабарған.
Түнмен жүрдім тұмарлы,
түн «жөніңе қаш!» деді,
Таңмен жүрдім сапарға
таң «жүректі аш!» деді.
Доспен жүрдім жықпылда,
дос ерімді сұрады.
Жармен жүрдім жолсызда
жар кінәлап жылады.

Мен дегенім – Көрұғлы
жол іздеген түнектен,
алма жедім кітапсыз, тат суырдым жүректен.
айқұш-ұйқыш бір жүрек
бейне майдан алқабы,
жанып-сөнер мол ойлар түгесілген талқаны.
Көше.
Шу-Шу әуені. Кеше сарсаң, бүгін дал,
Менсіз өтер өмірлер, менсіз солар ұғымдар,
Менсіз жылар жас ару, менсіз билер бозбала,
Менсіз ренжіп жалғыздық
сәл шегінер наздана.
Қорған болам деуші едім барша адамзат үніне,
ораламын деуші едім алғаш сәби тіліне.
бір менімен айналып
тұрар деуші ем ғаламшар,
Міне, отырмын оңаша
қаздай шулап бар аңсар.
Қарайлаймын
түрленген ағашына Білімнің,
әр дарағы ұқсаған таңбасына ғұмырдың.
Қарайлаймын түзілген тұнбасына Танымның,
жету үшін мендағы
жырымдалдым, жаңылдым.
Әне, тұнжыр Саясат
көшкен бірге селменен,
жақын қарап не десем,
бостық екен ол деген.
Әне, көркем Сахна,
ұрандаған бірісі,
жақын барып не десем,
салқын екен тынысы.

Мен дегенім – Көрұғлы
міне, ғұмырдерегім,
мейірім алып келемін
сезім тасып келемін,
Көжекпенен қасқырды тату етіп келемін,
қарлығаш пен жыланды жақын етіп келемін.
алапеске аруды ғашық қылып келемін,
есімсізге есікті ашып беріп келемін.
Өмірменен өлімнің сәуле дедім арасын,
тікенек пен раушанның жау демедім арасын,
инелік пен бақбақтың туыс дедім арасын,
құралай мен мылтықтың достық дедім арасын.
Күлкіменен өксікті екі демей, бір дедім,
Арыстан мен қозыға «құраласып жүр!» дедім.
Терекпенен тамшыға «қандай әсем би!» дедім,
панасыз бір жолшыға «әлем саған үй!» дедім.


Мен дегенім – Көрұғлы
күнбіз бе бұл, түн деймін
Сені ойлаймын жас өмір, неге ойлаймын білмеймін,
үзілгендей бір шынжыр екеумізді жалғаған,
жанар толы жаутаңдық,
кеуде толы арман ән.
О, нәркес шақ! мекенім, түрлендірген жер үстін,
қиқу салған отаны жүректегі бейіштің.
алыстаса сенен жан, алыстар-ау өзінен
қираған төр бөлменің
құлыптарын сезінем.
әйнегінде қалың бу, ернеуінде сауысқан
саңқ-саңқ етіп әуелгі дегбірімді тауысқан:
–Сен қалдырған қараңғы бөлмедегі шылаулар,
түніменен желбіреп, өрмекшісі мың аунар.
Сен келмеген мейірім, сен ұмытқан бала аңсар,
сен сезбеген пәк сұлба, сен тудырған ғаламшар
әлдеқашан тотығып шамшырағы құлаған,
тұңғыш рет адасып қалған шақта тұмадан,–
дейді сұсты кәрлі құс, тұрпаты өңге, қара ала,
сірке суын уыстап тамызғандай жараға!

 

Соңғы жарияланған

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

 ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР

ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР "УЛИСС" БАР

                      СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді