Бақытгүл Сәрмекова
Бүгін шығарма жазамын деп әуреге түскеніме он күн өтіпті. Ештеме өнер емес, ойымдағы әр кескіннің басын бір шалып, осы уақытқа дейін қызғанып, ішімнен шығармай келген ойларымды тағы бір толғаттым. Әсері жойылып, бояуы солғын тартыпты.
Түнерген аспан мен жаңбырға шыланған тас жолдың түйіскен нүктесіне жетуге асыққандай апельсин түсті қызғылт сары қымбат көлікпен зулап келеміз. Рульде Ричард – бізді қонақтап қарсы алған Бәтестің күйеуі, иірім-иірім әжімдеріне жан бітіп, күлімсіреп анда-санда көңілімізді аулап әзіл айтып келеді. Көлігін жақында ғана алыпты, дүкенге нанға, екі квартал айналатын жұмысына барып келгені болмаса ұзақ жолға шығып тұрғаны осы екен. Жолдың бостығын пайдаланып анда-санда газды басып-басып жіберіп, сүйсіне басын шайқайды. Ағылшынша күбірлеп жалпақ алақанымен былғарыдан қапталған рульдің жақтауын соғып-соғып қояды. Алдыңғы орындықтан ұзын мойынын бұра бізге қарап жол бойы көрген ғимараттарды түсіндіріп келе жатқан Бәтес те анда-санда болса да күйеуінің айтқан әзілдеріне қолпаш білдіруді ұмытпайды, иығынан келтіріп қиған қызғылт шашын сілкіп тастап, еркелей күйеуінің иығына құлай күледі. Адам қартайған сайын мұрыны мен құлағы өсе береді деген рас-ау, Ричард селкілдей күлген сайын ерніне салбырай түсе бастаған, қызғылт тамырлары анық көрінетін күреңке түсті мұрыны да дірілдейді. Желбір шашты әйелінің басы иығына қисайған сайын бозғылт тартқан қарашықтары бір сәтке жылт еткендей болады. Көз оты Лондон аспанын құрсаған ауыр бұлттардың ортасынан жалғыз саңылау тауып, жіптей сызықпен жер бетіне бір сығалап кететін сараң күннің сәулесі сияқты тез жоғалады екен..
-Патшалар қаласына келе жатырмыз. Патшалар әулеті серуенге шығатын уақытқа дөп түспеспіз. Сонда да сарайды қарап, айналып, бақтың ішімен қыдырып өтуімізге болады, - деді Лондонға алғаш келіп тұрған маған барынша қызықты жерлерді көрсетуге тырысып келе жатқан Бәтес.
-Дәл уақытқа үлгеруімізге болатын еді, егер жол бойында жөнсіз жайылып жүргендер болмаса, - деп езуін қисайта тістерінің ортасынан сыздықтатып отырып сөйледі Ричард қаладан шыға берісте шығыс базарының ішімен өткенімізді есімізге салып. Ол маңайда таяу шығыстан қоныс аударған халық тұрады деп айтып еді жол-жөнекей. Жүгері салынған қораптарды тиеп арбасымен жолдың бойынан өтпекші болған бір адамды көлік қағып кеткен екен, сол жерде кептеліп, біраз тұрып қалғанымыз жол уақытын шегергені бар. Бұлт арасынан бір сәтке жылт ете түскен күннің жіңішке сәулесіне бетіне тосып “Sunshine” деп еркелей бір қолымен көліктегі әуеннің дауысын көтеріп келе жатқан Бәтес есіне көңілсіз бірдеме түскендей лезде томсырайып:
-Жаңағы көлік қаққан адам тірі қалар ма екен? - деді.
-Жолдың арғы бетіне тезірек өтіп, көбірек жүгері сатқысы келді, есесіне аяғын берді, - дейді Ричард көңілшек әйелінің мұңайғандағы түрінің одан сайын сұлуланып кететін білсе керек, әңгімесін әлде де әсерлі еткісі келгендей күректей алақанымен жібек көйлегінің етегінен сәл шығып тұрған тізесінен сызып көрсетіп. Қулана күлгенде бетіндегі әжімдері иіріліп, жүзіне жан бітіп, өлімсіреген жанарына жылт етіп бір там-тұм ұшқын түскендай болады. Жылтыңдаған ұшқын ұзақ та тұрмайды, айна тәріздес жабынмен қапталған көлігінің терезесінен алдындағы жолға көз тастағанда сұр асфальтпен түстес болып, суып кетеді қайтадан. Күннің сараң сәулесі бозғылт бұлттың ортасына кіріп жоқ болды, Бәтес те көңілсіз күйінде көкжиекті көзімен тесіп жіберердей сүңгіп кеткен.
-Көлікті жаңадан алды ғой, алыс жолға сылтау іздеп жүр еді, айызын қандырмақшы. Әйтпесе, өзім рөлге отырып, мына қалаға жеткенше мына әуендерді бар дауысына жіберіп, көңілді барып қайтамыз деп ойлап едім,- деп күйеуі түсінбейтін қазақ тілінде бізге сөйлеп келе жатыр. - Осы әншінің әндері ғажап, сөздері қандай, тыңдашы… Кейде маған ұрсып тұрғандай болады, кейде ата-анамдай қамқор сөздер айтқандай болады… Тыңдашы, - дейді. Сыртқы дауысты естіртпейтін қалыңдығы бір елідей ауыр әйнек терезесі бар көліктің ішінде ойнаған әуен тұп-тұнық күйінде ұйып, құлаққа құйылады. Әуен де емес, әншінің көмейінен кедергісіз шығып тұрған үні екен Бәтесті елітіп келе жатқан.
-Былтыр ғашық болғам, - дейді ернінің үстіндегі балапан түктері тағы да бір сәтке жылт еткен күннің шапағына шағыла жылтылдап. Қазақша бір сөзді де түсінбейтін лорд тұқымы - ағылшын күйеудің екі көзі сұр асфальтке жабысып қалған.
Бір апта ғана - дейді Бәтес, - Елден келген екен, іссапармен. Бір апта бойы әдебиетті, мәдениетті, саясатты айттық, қосылып ән айттық, мейрамханада биледік. Қайтатын күнін де айтпады, қоштасып үлгермедім, - дейді. Бірақ жүзінен мұң да, өкініш те байқалмады, сағынышы кеуіп үлгерген көз жанары жылтыңдап бұлт арасынан қылаң беретін күннің сәулесін күтіп тұрғандай көліктің кең маңдай әйнегінен ажырамады. Айтылған махаббат туралы әңгімеден бейхабар Ричард қолын рульден ажыратпаған күйі басын артқы орындықта отырған бізге бұрып:
-Патшалар қалашығына жақындап қалдық. Шаршамадыңдар ма? Патша сарайының алқабы он мың гектар, күштеріңді сарқып алмаңдар, - деп әзілдегендей болды. Кәрі бүркіттің жанарындай жылуы жоқ суық, бірақ өткір көздерінің ұясының айналасына әжімдері жиырыла қалды, күлімсіреген ишараты.
Біз қалашыққа жеткенше күн төмен түсіп, алакөлеңке басқан, денем мұздап тоңып кеткендей болдым. Жазғытұры болса да жылуы аз Лондонның табиғатын білмей елден жеңіл жейдемен қамсыз келетінімізді алдын ала Бәтес сезгендей көлікке жылы жемпір, жамылғы шарфтар салып алып келген екен. Түгі жұмсақ түбіт шарфпен иығымды қаусырып құныса түстім. Біздің елде дәл қазір тастөбеден шақшиған күннің сәулесі шеке қыздыратындай болып тұрған шығар деп ойладым.
Патшалар сарайына кірер уақыт асып кеткен екен, тек сыртын айналып, бақшаны аралап, қалашықтың аш ішектей жіңішке, ұзын шұбақ көшелерімен жүріп араладық. Біз сияқты әлемнің әр түкпірінен ағылып келіп патшалар өмірін қызықтауға келгендердің саны өте көп. Кездескен әр адам әртүрлі тілде сөйлеп барады, біреулердің сақылдай күлгені құлақтың түбінен естіліп барып, желке тұсымызға ауып ұзай түседі. Біреулері шаршаңқы күйде енжар сөйлеп барады, біреулері тіпті сөйлемей, аңтарылып жәй ғана үйлерді, көше бойын қаптаған шағын мейрамханалардың иісін иіскеп барады. Әбден шаршап, аш қарынға дауа іздеп, дәмді тамақтардың бағасын, мәзірін қарап салыстырып бара жатқандары белгілі.
Біз де бір ескілеу дизайнмен салынған мейрамханаға кіріп, ағаш еденін сықырлатып басып жүріп төр жағына орналастық. Табалдырығы добалдай ағашпен жасалынған екен, Ричард сүрініп құлап қала жаздады. Қаңғалақтаған күйі ұзын бойлы Бәтестің білегіне қолы жетіп, бойын тіктеп алды.
-Абайлашы, жаным, жазым боларсың, - деп Бәтес өбектеп жатыр.
-Шараптың сорттарын Ричард өте жақсы айырады, бізге қандайын ұсынасың? - дейді Бәтес мәзірдің жылтыраған бетін айқара ашып Ричардтың алдына қойды.
-Сіздің елдің табиғаты құрғақ, ыстықтау болып келеді, сондықтан құрғақ шарап одан сайын тамағыңызға қатты тиюі мүмкін. Жартылай тәтті ақ шараптың мына 2002 жылғы шардонеден басылған түрін ұсынамын. Италия, во! – деді Ричард сарғыш тырнағы қартайған сайын мүйізденіп қалыңдаған бас бармағын көрсетіп жымиып.
Шарап шөлмектің тобығына жеткенде біздің әңгімеміз қыза түсті. Көлік жүргізетін Ричард шарап ішпегендіктен біздің қарқынға ілесе алмай анда-санда ғана бар екенін білдіргісі келгендей.
-Десертке не таңдайсыздар, бикештер? Бәрі дұрыс па? Шарап ұнады ма?-деп отырды.
-Мадам, сіз бүгін сондай көңілдісіз, - дейді біресе әйелінің тоқтамастан сөйлеп отырған жүзіне күлімсіреп қарап. Шынымен де Бәтес аса көңілді үнмен даудырап сөйлеп отыр еді. Жанымдағы Ажармен екеуі Қазақстанда жұмыстас болып, бір жатақханада жатқандағы қызықты оқиғаларын еске алуда.
Ажар да елден келгелі “Лондон суық, балтырым сыздап тоңып жүр, басым ауырады, шаршадым” деп қабағы ашылмап еді, бүгін Бәтестің көңілді әңгімесі көңілін жадыратып жіберді ме, әйтеуірі көздері жайнаң қағады.
-Жездемізге көп рахмет! - деп Ричардтың қолтығына су бүркіп қоюды да ұмытпайды.
-Ұзағырақ сөйлесейікші, сен де араласшы әңгімеге, - деді бағанадан бері көбіне тыңдап, көз тоқтатып бақылап отырған маған Бәтес. Бірден қандай әңгімені бастап кетерімді білмей ыңғайсызданғандай жымидым. Қызыл шараптың қызуы көмейімді қыздырып, қан құлағыма дейін жүгіріп, маужырап отырмын. Шарап бокалының үстелді сүйіп жатқан табанын сызғылап отыр екенмін саусағыммен, Бәтес қолымнан қысып ұстап бетіме елжірей қарады.
-Мен сендей жасымда көшіп келдім ғой бұл елге. Және дәл сондай уақыт тұрып та үлгердім. Шынымен де көп уақыт өтіп кеткен, - дейді, - Келер жылы төркіндеп барамын, ковид оқиғасынан бері елге бармадым. Туыстар асыға күтіп жүрген шығар. Ричард та жылдан жылға денсаулығы кеміп бара жатыр ғой, жиі-жиі шекарадан шыға алмайтын шығармыз енді” деді күйеуінің иығы шап-шақ болып өзіне құйып қойғандай болып тігілген жібек пиджагінің иығын қағып, дұрыстағандай болып мейірлене қарады.
Қайтар жолда арзан-құрзан темір терсектен терілген әшекей, естелік магниттер, жалаушалар сатылатын жайма базардың етегінен елге барғанда туыстарға таратамыз деп ұсақ бірдемелер алдық. Күн тәріздес сары тастың сыртын жез сыммен ораған сүйкімді, әдемі бір сырғаны тауып алып, құлағындағы бұрынғы сырғасын шешіп Ричардтың төсқалтасына сүңгітіп жіберді де, мынаны сырғалығынан аса ептілікпен өткізіп жіберді де алақандай айнаға үңіле қарады Бәтес. Басын шайқап, сырғасының салпыншағы жылт-жыл етіп қозғалған сайын:
-Вааай, қандай әдемі?! Бірақ бұл менен гөрі саған әдемі жарасады, өзіңе біреуін таңдашы, менен сыйлық болсын, - деді маған қиылып. Әшекейге аса әуестігім болмаса да қолын қақпай бірге таңдаған сырғаны сол жерден тағып алдым.
-Лондонда күннің сәулесі аз дейсіңдер, күн, міне, енді иығыңда тұр емес пе? - деп сыңғырлай күлді. Шынымен де осындай болмашы әшекейді әңгіме етіп, күліп, қуанып тұрғаны шынайы ма, әлде жәй ғана біздің көңілімізді аулап тұр ма дегендей білдірмей ұрлана қараймын. Жоқ, мен ойлағандай күмәнді ойлардан алыс екенін көріп тұрсам да сенбей тұрғаныма өзім іштей ұялып та қалдым.
-Ертеңгі шараларың болатын жерді айтшы, тағы да келемін, сол күні көршім, дос қызым Валентинаның демалатын уақыты, мүмкін оны да ерте барармын. Концертте біздің жақтың өнерпаздары көп болады дедің бе? Домбырада ән айтылады ма? - деп өрекпіп асыға сұрайды.
-Валентинаға ұнайтынына сенімдімін, сенің де дауысың керемет қой, баяндаманы акцентсіз, сенімді түрде оқитыныңды біліп тұрмын, - деді Ажарды иығынан қаусыра құшақтап, өзіне тартты.
Ажар екеуіміз алқам-салқам көшені қиып өтіп, жалдап алған пәтерімізге келе жатырмыз. Қиқымдай ұсақ терезелерінен өлімсіреген сарғыш сәулелер жылтыңдап пабтардың айналасы гу-гулеп жан бітіпті. Кіріп шыққан адамдар даурығып сөйлейді, әлденеге өзара қызылкеңірдек болып дауласады. Айтатындары саясат, партия, жаңадан ашылған ғылыми жаңалықтар туралы. Арзан сыраны күннің салқындығына қарамастан тік тұрған күйлерінде өңештеріне құйып жіберіп, ақ көбігі жұққан езулерін алақанының сыртымен бір сүртіп тастап, кекіріп алады да бітпес дауға бас қояды. Жұмыс киімдерінің иығындағы шаңдары сүртілмеген, аяқтарындағы темір басты арнайы бәтеңкелерінің ауырлығы күні бойы сезілмей дәл қазір балтырларын тартып тұрғандай табалдырықтан еріне аттап бокалдарын сыраға толтыру үшін қайтадан ішке енеді.
“Иә, бұл жерде өмір туралы шексіз сөйлеуге, қиялдауыңа, ғашығың туралы сүйсіне айтуға, көңіліңдегіні жайып салуға, саясатты талқылауға, билікті жамандауға, патшалардың қателігін жайып салуыңа, тіпті боқтауыңа болады. Себебі орта өзіңдікі, үніңді осы айналадағы пабтың жанынан өтіп бара жатқан мен сияқты кездейсоқ біреулер ғана естір. Бүгін көсілуіңе болады. Таңертең бірақ тағы ауыр жұмысың күтіп тұрғанын есіңнен шығармағайсың, қара торы жігіт” деймін іштей өзеуреп тұрған афроамерикандық жігіттің сөзіне.
Келесі күнгі елшіліктің ғимаратындағы жиынға Бәтес келді, кірпігін көгілдір тушпен бояпты, құлағындағы кешегі алған көгілдір тасты темір сырғасына әдемі жараса кетіпті. Иығындағы жұмсақ былғарыдан тігілген кең сөмкесін бауырына қарай қысып ұстап алыпты. Табалдырықтан аттағанда аздап именгені, қобалжығаны байқалады. Айналамыздағы көп адамнан ыңғайсызданғандай жымиып келіп, кеше ғана көріскенімізді ұмытып кеткендей, бізді жаңа көргендей қуана қатты қысып құшақтады.
Арты орындықтардың біріне отырып алып, ұзын мойынын сахнаға соза түсіп әрқайсымыздың баяндамамызды мұқият тыңдап отырғанын байқадым. Аса қызықты деректер айтып жатқан жоқ едік, жалпы.
Елге кетерімізде шығарып салуға келді Бәтес. Қоштасарда сұқ саусағымдағы қошқармүйіз бейнеленген алтын сақинамды шешіп Бәтеске тақтым.
-Елге ораласыз ба? – дедім күмілжіп. Ричардтың қайбір өмірі қалды дейсің деген сөзді жұтып қойдым.
-Бұл жақта да үйім бар ғой. Көршім Валентина бар, Алпамыс бар, - дейді күліп. Алпамыс деп итін айтып тұр. Кеше сөйлесіп жүргенімізде итінің суретін көрсетіп атын Алпамыс деп қойғанын айтып еді. Бәріміз жамырай күлдік, көңілді қоштастық. Ұшақ жылаңқы бұлттың ортасына кіріп, жерден ұзап кеткенше Бәтес тапжылмастан аспанға қарап тұрған шығар шамаладым. Қалың бұлт арасынан жылт ете қалар күннің сәулесін іздеп тұр ма екен деймін іштей.





