Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

КҮЗГІ ДӘПТЕР

Ербол Бейілхан

*** 
Күз бейнесі – қара суық, қара жел,
Күзеу суып, қыстау жаққа тарады ел.
Бұлдыраңдап бұлтқа сіңген тырналар,
Қалқатайдың бір хабарын ала кел!


 
Ел мен жердің тастан оқып дерегін,
Құстар қайтты өзіне алып керегін?!
Сұрағанға үнсіз қалды дерсіңдер,
Жырсыз қалды, мұңсыз қалды демегін.
 
Жел толқыса — тартылады қурай - күй.
Құстар, құстар туған жерін қимай жүр!
Әттең бізде!.. арман барда, қанат жоқ,
Сағынышым жер бетіне сыймай жүр!
 
Бұлт көшеді, шуда-шуда ұйысып,
Тағдыр ма бұл, кете алмадық қиысып!?
Көлден ұшқан көкала үйрек секілді,
Өлеңіміз барады  ұшып  сүйісіп…
 
Күздің демі – қара суық, қара жел,
Ал, Қара Күз, қарайлама, бара бер!..
Бұлдыраңдап бұлтқа сіңген тырналар,
Қалқатайдың бір хабарын ала кел!

Күзбен қоштасу

Қара суға қаймақ түсті, қараша ауыл қи жақты,
Боз қырауға, бозайғырдай аунап түсіп қыр жатты.
Қайтқан қаздың қаңқылынан келе-келе бұлт үркіп,
Қоңыр аңды жота -жонды аппақ ұлпа қар жапты.

Аппақ қарға аппақ болып салар ертең құр ойнақ,
Жолаушыны жүргізбейді пыр-пыр ұшып шіл ойнап!..
Күп-күрең боп, алма-кезек күреседі күз бен қыс,
Тәкаппарлау таутекенің мүйізінде күн аунап...

Қайтқан құспен жоннан үркіп, ойға түстің, Қараша,
Жапырағың тоналған күз,  жаныңа кім араша?..
Қоштаса алмай біз секілді жылай-жылай жүдеген,
Үйір-үйір бұлттар көшкен, күз аспаны аласа,  ә!..

***
Өлең өзі туа ма, жазыла ма,
Маған көктен ұйқастар сауылдайды.
Жүрек осы біреуді сағына ма,
Кеуде тұсым күз келсе  ауырлайды.
Көз алдында өткен күн көл бауырлап,
Сарыала қаз сағыныш мамырлайды...
 
Өмір сұрақ, берілген жауап бар ма?
Ұзын жолдың аяғы — Мағынасыз.
Сәттер, кездер дамылсыз сағаттар да,
Есімі жоқ біреуді сағынасыз...
Қанат байлап бір жаққа ұшқын келер,
... Сосын, сосын тағдырға бағынасыз.
 
Айтыңызшы, жауабын білесіз бе?
— бақыт неге уақыттан кешігеді,
— жаман неге жақсыға өшігеді,
— жылдар неге ізіңді өшіреді...
..Шалыс бассаң құлайсың орға барып,
Анаң ғана қатеңді кешіреді.
 
Өмір осы арпалыс: Үміт, Күдік,
ертең жақсы болардай қиялдайсың.
Ішің жылап тұрады күліп тұрып,
Өзгені де, өзіңді мың алдайсың.
Дүниені тәрк етіп кетер-ақ ең,  
Бір жақсы бар, тек соны қиялмайсың...


***
Қайтейін жирен күзді кісінеген,
Осы кез сыртым өлең, ішім өлең.
Сырласам сары сағыныш жапырақпен,
Ісім жоқ дүниемен, кісіменен…

Табиғат түрленіп тұр, жұмақ кілең,
Бау-бақша, орман-тоғай, қырат күрең.
Аралап Алатаудың сай-саласын,
Өзеннің гүріліне құлақ түрем.

Жүрген сол: жар жағалап, тау етектеп,
Мұң - сырлас, өлең - олжа, ой жетектеп.
Төбемнен қайтқан қаздар қаңқылдайды,
Басыңнан сенің-дағы жаз өтед деп…

Жаз өтіп, күзде жүрмін…Бағынамын,
Уақытқа өлең болып жазыламын.
Күз келсе сол жақ кеудем шымырлайды,
Білмеймін, кімді сонша сағынамын…

***
Аспанда бұлттар жөңкіліп,
Басыма қалың ой қаптай.
Жапырақ жаным жаншылып,
Жанымды емдер жан таппай…

Жүрген бір осы сәттерде,
Шұғыла төккен жанарын.
Өлең боп түсіп дәптерге,
Кім білген сәттер қаларын.

Күн барма бізден көшпеген,
Қайтқан құстар да салады ән.
Ессіз кезімді кеш дер ем,
Есімнен тана қараған…

Арындап жүріп жалт еткен,
Жастықтың күні қайда екен?
Түнектен шығып жылт еткен,
Мекенін сенің Ай ма екен?..

Қазанның соңы қараша,
Бұзылар ертең сенген күн.
Қуантып мені балаша,
Жанымды әттең, емдер кім?..

***
Менің күзім барады қайда асығып,
Зулаған күндерімді ай жасырып,
Болашағын елімнің болжай алмай,
Омалам да отырам ойға асылып…

Неге ғана ойландым күз келгенде,
Таулар көшкен теңселіп біз келгенде.
Кейінгілер соңымнан қуып келеді,
Бір күн дәурен көшеді-ау, біздерден де…

Бір күн бәрі тоқтайды, шыда жүрек,
Өмір дейді бұл жерді сынағы көп.
Жылап келіп қайтатын жалған осы,
Қаңбақ ғұмыр, жел қуған тұрағы жоқ.

Мезгіл сынды дүние ауысады,
Жаз күн көшсе, күз бен қыс қауышады.
Қайтқан құсқа үн қосса қобыз- кеудем,
Өзен бойлап шулайды қамыс әні.

Күзім менің, толыққан кезім бе едің,
Кештік білем армансыз сезім көлін. 
Жапырақтай жайқалған қайран жастық,
Бір күнгідей қайтейін, сезілмедің…

…Менің күзім барады қайда асығып,
Өлең туар күз келсе бой жасырып.
Сағыныш қой, күз деген есімі жоқ,
Естелік боп барады ол, жолға шығып…

КҮЗ
 
Шіркін, өмір...Тұсаулы,
Тістенумен түс ауды.
Сағынышты арқалап,
Сарыарқадан құс ауды.
 
Қиқу-қиқу құс әні,
Көңіл неге құсалы?
"Қара бауыр қасқалдақ",
Жер бауырлап ұшады...
 
Тырау-тырау тырналар,
Қимай бізді қиналар.
Мөлт-мөлт етіп жанары,
Жылап жатыр жылғалар.
 
Тірлік осы... Сабылыс,
Ақын едім, жаны құс.
Күздің көзі сап-сары,
Күздің өңі - сағыныш..
 
Жұмақ бар ма ұяңдай?!
Сол ұяға сия алмай...
Құстар қайтып барады,
Сарыарқасын қия алмай...

***
Осы күз бұрын болған ба, 
Күреңде, жирен атырап. 
Шашылып жатыр жолдар да, 
Жанынан жүдеп жапырақ. 

Толассыз төгер жаңбыр да, 
Көңілдің көгін құлатып. 
Көнесің бір күн тағдырға, 
Аяған кімді уақыт... 

Жапырақ — ғұмыр сағыныш, 
Сарғайып барып үзілген. 
Сананың іші сабылыс, 
Қоштастым тағы күзіммен. 

Осылай адам жүдейді, 
Мазаңды алар ой қандай? 
Тірліктің өзі үрейлі, 
Қалса егер Құдай ойланбай... 


Жирен Күз

Жирен Күз. Қобы тартып, жыра салған,
Түсіме тау кіреді қына шалған.
Жаз – дәптер күнге тиіп сарғайыпты,
Бұлт ойнап, қызыл-жасыл сия тамған.

Құс қайтты!.. әуен қалды жүрекке еніп,
 Құлжалар шайқасады күйек келіп.
Індерін шолақ саусақ суыр жауып,
Жатады ұйқылы- ояу түнекке еніп.

Текелі Сүмбіле өтті суық шалған,
Шағыл – Ой, сені қайтем тұйықталған?
Шыт көйлек бұлт сүйгенде шыңның басын,
Орамал сыйлап сені сүйіп қалғам...

Күз ару – демін жұпар, құшағың бал!
 Желменен көшіп жатыр құса құмдар.
Қараша. Қайтқан қазды қия алмайсың,
Жирен Күз, жер тарпыған тұсауың бар

ЖЫЛДАРҒА СІҢІП БАРАМЫЗ...

Тым ерте қайтты тырналар,
Тым ерте келді қара күз!
Жылауық сулы жылғалар,
...жылдарға сіңіп барамыз!?

Естелік – күндер ескірер,
Орамал тозар кестелі...
Таң атар сосын кеш кірер,
Мезгіл-ай, менмен көшпелі.

Қойторы – көңіл жабығар,
Мүжіліп ойдың тағасы.
Сарыала қазын сағынар,
Сезім көлімнің жағасы.

Қобыз – кеудем-ау, шер толғақ,
Дүлдүл – қиялды үркіт пе?
Биіктік жайлы жыр толғап,
Қарға отыр, әне бүркітке!?

Би есігін пара ашып,
Қараша қоян – қалжалы.
Күтіп отыр «қарашық»,
Бақыт мінген арбаны!?..

...Тым ерте қайтты тырналар,
Тым ерте келді қара күз!
Мен жайлы өлмес жыр жазар,
Сен, есен жүрші, дара қыз!..

Соңғы жарияланған

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

КҮЗ КЕЛГЕНДЕ АУЫЛ ЖАҚҚА ҚҰМАРТАМ

КҮЗ КЕЛГЕНДЕ АУЫЛ ЖАҚҚА ҚҰМАРТАМ

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді