Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

КҮЗ КЕЛГЕНДЕ АУЫЛ ЖАҚҚА ҚҰМАРТАМ

Жангелді  НЕМЕРЕБАЙ

***
Жүрегімнің түбінде,
Сақталған көп бүгінде.
Еске түсті ескі күн,
Жаздың соңғы түнінде.


Бозғыл кеште бозарған,
Бозбала едім сөз алған.
Сезімімді сонда алғаш,
Қозғап еді боз арман.


Жаз қайтқанда ентелеп,
Қаз қайтқанда ертерек.
Ауыл шеті тоғайға, 
Сен келуші ең еркелеп.


Құлап жатқан жердегі,
Жылап жатқан жердегі. 
Жапырақтай бұл жүрек,
Жұбатқанға көнбеді.


Жүрегімнің түбінде,
Сақталған көп бүгінде.
Еске оралды есімің, 
Жаздың соңғы түнінде,
Күздің туған күніңде.


Қайыңға жазылған  жыр

Алмасқан мезгілден сыр ұғып,
Тылсымды сезінген сәт сайын.
Талдарға қарасам бұрылып,
Егіліп тұр екен ақ қайың.


Жаз бойы жайнаған тек күліп,
Күз келсе кешетін аздап мұң.
Қайыңды жұбатам деп тұрып,
Жүректі жылата жаздаппын.


Өмірін жалғайтын жырымен,
Мұңы мен сезімін бақ тұтқан.
Жыласа жақсы ғой шынымен,
Бұл жүрек тек қана шаттықтан.


Ақ торғын сəні бар,жүзі бал,
Қайың да қартайтар əр-бір күн.
Оның да жаны бар біз ұғар,
Белінен майысқан тағдырдың.


Қайыңға жыр жазып қалдырдым,
Өшпейтін бір жаңбыр жауғанша.
Көшпейтін көңілден бар құрбым,
Ол енді өмірім ауғанша...


***

Таңдар өтті, мерзімінен жәй атар,
Кештер өтті, сағынышты оятар...
Күндер өтті, алдағыны аңсатқан,
Түндер өтті, оны еске алмай қоя сал.

Биыл тағы тілдесе алмай сізбенен,
Биыл тағы қош айтыстым күзбенен.
Мен бір пенде шөліркеген арманға,
Бұлақ көзін шың басынан іздеген.

Өрт ішінде жанбай қалған мақтадай,
Тәңірге айттым : «үмітімді сақтағай! »
Өмірге айттым өзгеге айтпас назымды,
«Өкінбе» - деп жауап берді аппақ Ай.

Қарашада туған Айым, ой салдың,
Күз соңында келген болар байсал мұң.
Қалың ойға қатырмастан миымды,
Құлазыған көңіл шығар дей салдым…

Күз келгенде

Күз келгенде ауыл жаққа құмартам,
Күз келгенде сағыныштан жүк артам.
Тағы менсіз гуілдесіп жатыр-ау,
Күзгі бақта жырға толы гүл ортам.


Сүт көжесін сіміре сап нешеме,
Бір еркелеп, сүттей әппақ шешеме. 
Үйден шығып кетуші едім кешкісін,
Бағыт алып атауы жоқ көшеге.


Əдетінше уақытында ақшамның,
Думанды естіп аяғынан бақшамның.
Тағы кетіп бара жатам шарықтап ,
Жетегінде сырға толы жақсы əннің.


Күзгі самал кекілімнен сипаған,
Күзгі кеште көңілге пəк күй табам.
Əлде бір шақ көрші ауылға аттанам ,
Көкжал атпен - қолымда көк гитарам.


Сол бір кезде тепеңдетіп құр атты,
Кешқұрымда кешіп қалың қияқты. 
Ақжал мініп ақ теректер ішінен,
Əкем  желіп шығатындай  сияқты.


Ойыма алып бал шақтарды не түрлі,
Бір бозартып,бір қызартып бетімді. 
Күз келгенде ауыл жақты аңсаймын,
Мені бір жан күтіп жүрген секілді...

Күз көңілі 

Бүгінгі күн көктем қыздай кекілді,
Күлім қағып, сәл уайымды кетірді. 
Қыз көңілі қандай екен білмедім,
Күз көңілі көтеріңкі секілді.

Түнгі аспанда ай да мұңсыз, қияқты,
Күндіз де шат,өлең шалқып, күй ақты.
Қыз көңілі қандай екен білмедім,
Күз көңілі көтеріңкі сияқты.

Осы шақтың жүзі – жұлдыз, көзі – күн,
Құстар да мәз, паш етуде өз үнін.
Бұл қыркүйек жайнағанмен ертең де,
Гүлденер ме сәуірдегі сезімің?!


***

Ең алғаш ынтызары ауған жандай,
Ең алғаш сұлулыққа арбалғандай.
Отырмын қара түнде арлы ойменен ,
Түсі аппақ қарашада жауған қардай .

Түсі аппақ ең алғашқы жауған қардай,
(Құшақтап , келбетіңе таң қалғандай)
Отырмын қарашада  – оңашада,
Қызарып, әлде неден арланғандай.

Түсіме күз айлары жиі кірген –
Ақ бұлттар –  ақ жібектей иірілген.
Мен жүрмін сол бұлттарға балап сені,
Сен жүрсің аласармай биігіңнен.

Жырымның оқыған сәт ең жаңасын,
Көңілдің сейілтесің шер-наласын.
Қисапсыз мазаңды алған жан емес ем,
Рұқсатсыз түске енетін сен ғанасың .

                             ***
Кейде аңсаймыз жазылмаған тағдырды,
Таңғажайып өмір сәнін не түрлі.
Кейде аңсаймыз жаумай кеткен жаңбырды,
Құмдағы гүл секілді.
Беу,дүние неге аңсаттың кілті жоқ,
Темір әйнек аржағынан сүйіп құр.
Аспан ашық, бір түйір де бұлты жоқ,
Жауын неге құйып тұр?!
Атақ,мәнсап олжа емес-ау ол да аса,
Осы нені қиялдаймын мен бірақ?
Бір арманым лайланғаны болмаса,
Өз бақытым мөлдір-ақ .


                         ***
Баяны жоқ жалғанның бес күнінде,
Соға бердім айналып ескі күнге.
Жаздың үні жыраққа кеткен сайын
Сазды мұңы жақыннан  естілуде.


Ұзатып сап жаз дейтін құба қызды,
Қарсы алатын жыр жазып  құла күзді.
Халық еркелеткенмен хəліңді ұғып,
Өмір еркелетпейді-ау сірə бізді.


Естелікті айлар мен жыл құрайды,
(«Ескеріпті»-деп кейін кім жылайды?)
Қайта алмаған күздегі құстай болып, 
Пай-пайлаған көңілім тұнжырайды.


Құлазиды қырлар да гүл қаптаған,
Құла күздің даласы жұмбақ маған.
Жазды қойшы,айналып тағы келер,
Менің жазым күн сайын қымбаттаған .


                             ***
Жабырқайды күз келгенде жасыл бақ,
Табиғаттың басында да бар қайғы.
Сабағынан  үзілерде  жапырақ,
Кім біледі өз тағдырын қарғайды?

Ең тамаша көрікті шақ  жеткенде,
Жүрекшелер желге ұшады, заңдылық.
Биылғы  күз  ұқсап кетті  көктемге,
Шыршадайын жасыл желек мәңгілік.

Қанша жасыл болғанымен ізгі  әйбәт,
Елші құстар біздің жақта қалмайды.
Сағынумен ғұмыр кешкен Сізді ойлап,
Менің жаным күзден бұрын сарғайды .


  Күзгі түн

Күзгі түн батыс жақтан жел келеді, 
Адасқан жапырақтар сенделеді. 
Қурайлар мұңдылау бір әнге салып, 
Шайқалып күміс терек тербеледі.


Әуезден естіледі қыс хабары, 
Табиғаттың заңды бұл нұсқалары. 
Алма кезек ауысқан мезгілдермен, 
Адамның да өмірі қысқарады.


Баулар да естілмейді құстар әні, 
Жылы жаққа себебі ұшқан әрі. 
Ауыспалы уақыттың елшілері 
Қағидасын қашан да ұстанады.


Күздің түні  жел тұрса шуы басым, 
Жауынына армансыз жуынасың. 
Күз артынан қыс келіп суытса да, 
Адамдардың жүрегі суымасын.

                    ***
Түн. Күзгі бақ. 
Ағаштардан әр тайған,
Көне шамдар - нұр сәулесі қартайған.
Тозған жолдың жағасында бос орындық,
Ескірген соң шалқайған.

Бұлбұлдар жоқ жан тербейтін әндермен,
Қарға да жоқ қарқылдайтын әр жерден.
Жапырақ та үзіліпті ең соңғы,
Сәл де болса сән берген.

Жемістер де тездеп үсіп кетіпті,
Мен келмеген кезде пісіп кетіпті.
Ай-жұлдыздар ақ жауыннан құралған
Көлге түсіп кетіпті.

Ғашықтар да бұдан былай сол маңда,
Серуен құрып, құшыспайтын болған ба?
Арасынан адам түгіл қарайған,
Құс ұшпайтын болған ба?

Тыр жалаңаш ақ қайыңдар шырайлы,
Бір-бірінің құшағына құлайды. 
Жарасымды салтыменен күзгі бақ,
Дәл осындай қалпыменен ұнайды...

***
Сағынып, сағынып сағынышты тауыстым.
Аңсап,аңсап ақыл- есімнен  ауыстым.
Ғұмыр бойы қол созып,
Көз жетпейтін қиянға,
Сөз жетпейтін қиялға,
Бір арманнан адасып, 
Бір арманмен қауыштым.


Жабығып,жабығып жабырқаулы күй кештім,
Зарығып,зарығып қайғы-мұңмен үйлестім.
Тұла бойым толған бір,
Сезім дейтін бал-тұғын,
Нәрін,бәрін сарқыдым.
Бұл арманды жалт еткен,
Ол армандай сүймеспін.


Жылатып,жұбатып шыңдады өмір көп мені,
Гүл атып,қуантып сарғайды көңіл көктемі.
Бәлкім дұрыс та шығар,
Түнемей де,түстенбей,
Құдіреті күш бермей,
Арман болған ақ арман,
Бағындырмай кеткені ...

 ***

Мен тауға барсам да,
Бауға барсам да 
барі-бәрінде журетін жолдың,
Сезіммен тылсым бөліскен сырды,
Қорғайтын менің періштем сынды
Сол жағымда өмір сүретiн болдың.
Көңілімді де, өмірімді де,
Жайнатар сенсің гүл өпкен арман.
Ән-жырымды да,тағдырымды да
Жап-жарық етер бір шырақ сенсің,
Жүректе жанған.
Жалған мұңым ба,қалған ғұмырда
Сендегі сертпен байланған едім?
Тағдырдың өзі әсiлi мұңлы,
Кешірсін Тәңір асылығымды,
Мен сүйген арман –
Күннен де сұлу, Айдан да керім!


                           ***
Жүрегімде жүргеннен соң күнде сен,
Сезім бағын жиі аралап, гүл кешем. 
Мен сенімен кездескем,
Кездеспеген сияқтысың мүлде сен.

Емес едің ханшайымның кейпінде, 
Емес едім ханзадамын дейтін де.
Өкпелеткем жоқ сені,
Жөнің де жоқ сенің өкпелейтін де.

Бірімізді _біріміз һəм ұға біз,
Құшырлана сүймеп пе едік сірə біз?
Оған куə құба күз,
Оған себеп: бір оқиға- бір аңыз.

Сағыныштың ақ жаңбырын тия алмай, 
Келем,келем өлеңменен күй арнай. 
Біз -ынтызар емес пе ек,
Бірін-бірі сүйіп өткен, сүйе алмай.

Куə болған тағы кетті қашып күз,
Тым жақынбыз, сол үшін де қашықпыз.
Біз өмірді сүрмеппіз,
Өмір бізді кешкен екен,
Ғашықпыз ...


               ***
Жұлдыздың үдеп жарқылы,
Сұр күздің келді салқыны.
Қыраулы қыстан бір хабар –
Қараша қаздың қаңқылы .

Бақ-ырысындай бір елдің,
Сағынышындай бір ердің.
Құстардың көріп  шеруін ,
Қуандым, және түнердім.

Олар да жасар жорамал,
Олар да жолай тоналар. 
Сапарлап кеткен бір  құсым,
Оралмас, бəлкім оралар.

Естілмей жаздың саңқылы,
Естілмей қаздың қаңқылы.
Көңілдің күзгі  бағында, 
Қарғаның қалды қарқылы.

***

Келер жерге еркін келіп 
бір демде,
Шөл көркіңнен толқын көріп 
күлгенде,
Сеніміме серпін беріп 
жүргенде,
Мезгіл ауып кетіпті.

Боз шабыт та келген шақта 
кемелге,
Құстар әнін  үйлестіріп 
өлеңге,
Сол әуенге атыңды енді 
берерде,
Бұлбұл ұшып кетіпті.

Бал рахатты кешейін деп 
жалғанда,
Бар жұмбақты шешейін деп 
қалғанда,
Сен де, мен де жүрген кезде 
армандап,
Сезім үркіп кетіпті.

 

 

 

 

 

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді