- Әке, ана жалғыз тұрған мазар кімдікі? Неге жеке қойылған?
-Шырағым, ол Қызғалдақ қыздың моласы ғой. Содырлықтың құрбаны болған аяулы адам екен. Бұл-осы өңірдің жазылмас жарасы секілді ауыр хикая, құлыншағым, естімей-ақ қойшы! Әкем атын тебініп ұзай берді, мен жалғыз зиратқа жалтаңдай қарап, соңынан ілестім...
Қазан айы туғанымен малға да, жанға да жәйлі ақжарылқап шақ еді. Биылғы күздің жаңбырлы болып, соңы шағырмақ шуаққа ұласқаны дала тірлігін ыраң-тыраң күйге түсіргендей. Жұрт жаңартқан Сүгірәлі бай әдетттегідей Тайсойған төріндегі қыстағына асықпай, Сарыкөлдің шығыс жағын уақытша қоныс етуге көңілі ауған-тын. Биыл күз бейілді. Алғаш түскен шықтан бұйрығын-көкпегі мен жусаны жетілген тұяқ тимеген құйқалы байтақ желіндеп тұр. Бұл аймақты ықылым заманнан жайлап келген есентемір, шеркеш, руларымен бұрыннан байланысы үзілмеген бай ауылы әзір ел орныға қоймаған соны күздеуге жайыла қонды. Кешегі Исатай-Махамбет бастаған толқуда қарағаштай қалың беріштің сойылын соғамыз деп талай ру атқа қонғанымен, кейін қан-қасап жазалау жүрген шақта бет-бетімен бытырап кеткен болатын. Солардың бірі-Таз руынан тарайтын бір тайпа ел ілкіде шүйініш-шеркеш Асаудың Тұрланына ежелгі құдандалығын бетжүздік қылып осы Сарыкөлге тоқырап қалған. Ата күлдігі Жылыой бойында қалған мұндағы аз атаның бетке шығар байларының бірі- Сүгірәлі болатын. Сүкеңнің бүгінде екі інісі мен үш ұлы бес ауыл болып, ат аяғы жететін жерге атағы дабырайып тұрған шағы. Тіпті, кешегі болыс сайлауында есентемір Тұрабай бимен иық тірестіріп шарға да түсіп көрген. Алайда, қалың есентемір есе бермей оңбай шоңқиды. Дегенмен, өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақ емес пе, қазір Тұрекеңмен аралары жаман емес. Тіпті, Тұрабайдың қызын алған кіші ұлы Жолшыға енші бергенде есентемірлер елдіктерін танытып, Қарабаудың құбыла бетінен күйеубалаға қоныс ауыстырды. Енді шеркештермен сүйек жаңартып, жалғыз қызы-Қызғалдақты Тұрлан тұқымына ұзатса, байекеңнің мұртын балта шаппасы анық.
Қызғалдақ! Сүкеңнің үш ұлдан кейін көрген қырмызы қызығы ғана емес, күллі Қарабау-Сарыкөлді жайлаған бес тайпа елдің бозбалаларының көз құртына айналып өсіп келе жатқан бойжеткен. Жасы биыл он жетіге толады. Баяғы заман болса, ауыл үстін шаңдатып құдалар ағылар еді. Алайда, бейілді бай жалғыз қызының екі тізгін, бір шылбырын алдымен Алласына, қала берді тағдырына тапсырып, бас еркін өзіне берген. Тек, қылықты қыз таңдау жасауға асығар емес. Өткен жазда «Кетебайда» отырған беріштердің ауылындағы тойға қаратоқай-беріш Мөңкенің Мұраты келіп үлкен сауық құрған. Қиылып сұранғасын Қызғалдаққа бір топ құрбысымен баруға қарсылық білдірмеген-тін. Сол тойда қыз бен жігіт боп жұптасып айтысқан сыңайлы. Қызғалдағы ел аузына жақсы атымен танылып қайтты. Жастарға төрелік еткен ақиық ақын Мөңкенің Мұраты таздың қызына батасын беріп кетулі. Енді бұрыннан айнала ағайынға қылықты да, ісмер қыз боп танылған Қызғалдаққа «ақын» аты таңыла бастапты.
Қиырдағы жылқы қосындарын апталап аралап, қас қарая ауылға құлаған Сүгірәлі кермеде тұрған бөтен аттарды бірден байқаған. Алдынан қарсы шыққан бәйбішесі Батиқа байды отау үйге бастады. Көзбен қойған сауалына:
-Үлкен үйде қонақ бар. Қызғалдақжанның құрбылары,- деді. Әдетте, қызының қонағы өз отауына болмаса, үлкен ұлдың үйіне түсетін.
-Балкүміс құдаша ғой, құлынымның өрмегін көре келіпті,- деп бәйбіше тағы алдын орап тастады. Қазан-қарашаның жел-құзына қарайлап Қызғалдаққа өрмекті үлкен үйдің ішіне құр деген өзі еді. Балкүміс деп отырған құдасы есентемір Тұрабай бидің кіші қызы. Ауыл аралас, оның үстіне әпкесі Айкүміс осы шаңыраққа келін болғалы ерке құдаша ат құрғатпай келіп-кетіп жүретін.
Отағасының оралған хабарын естіген жастар үлкен үйге амандаса келді. Қымыз құйылып, кесе жүгіре бастады. Сүкең сол кезде ғана жастарға бажайлай назар жыққан. Балкүмістен басқа тағы екі қыз бен көрші андағұл-шеркеш ауылының бір-ер бозбаласын шырамытты. Ал, түбіт мұртты сылыңғыр қараны жыға тани алмады.
-Бұл жігіт Қаракөлдің-Ысығы. Тоғызбай ауылынан. Бекжігіт деген жырауымыз, өзі жанынан өлең шығарады,- деп мұның үнсіз сауалына бозбалалардың бірі жауап берді. «Тоғызбайың» жанары жалт-жұлт етіп, ойнақшып қалған неме екен! Үлкен үй екен деп айылын жыю қайда, көкесінің төрінде отырғандай еркін. Айналасындағылардың езуін жиғызар емес. Онысы жастарға, тіпті, Қызғалдағына да майдай жағатындай. Әзілкеш неменің аузынан маржан төгілетіндей, бәрінің көзі қонақта. Сүкең теткіп қалды.
Шалының іші жаратпай қалғанын аңғарған бәйбіше жастарға: «астың отау үйде дайындалатынын» айтып, шығарып салды. Бұл ауқаттанып алғасын төсегіне қисайды.
Арада күндер, айлар өтті.
-Көке, Алақай атамның ауылына Бекжігіт бастаған ақын-жыраулар келіпті. Кешке жастар бас қосып жатыр екен, барып қайтайыншы,-деп бір күні кешкілік Қызғалдақ әкесіне еркелей тіл қатты. Андағұл-шеркеш Алақай батыр осы өңірдің айбары сынды. Он алты жасында от алып ортаға түсіп, құбыладағы қалмаққа аттанды, Адайлардың арын арлап түстіктегі түркімендермен тіресті. Шүйініш-шеркештен шыққан Байбақты, Нұрсұлтан секілді сойлармен тізе қосып талай мәрте аймағының қорғаны болған намысты ер. Әсіресе, қамшы сайысында Алақайға адам шақ келмейтін. Тоғыз тұтам бұзаутіс дойырмен тартып өткенде төрт қабат атан өгіздің терісі қақ айырылады екен! Осылайша, алаш жұртына қамшыгер атанған жәйі бар. Алдыңғы мешіннің жазында жасы алтыншы мүшеліге толатын қарт батырға ауылдастары ала-бөле қолқа салған дейді. Сонда Ойылдың «Көкжар» жәрмеңкесінде ағайынның арын арлап, күллі қазаққа мәртебе әпергені бар. Әлдебір көпес «сарыкөлдік» ағайынның малын арзанға алып есе бермегені өз алдына, ұрып өлтіріпті. Базар бастықтар аңқау, надан қазақтарды орыс көпесіне жығып берген. Сонан шу шығып, жәрмеңке тәртібі бұзылатын қауіп төнеді. «Базарком» баяғы Бөкейдің көп шәлдіріктерінің бірі болса керек! Жем жеп отырған астауына түкірмейтін төре тұқымы қазақтың ісін теріске шығарғасын, ашынған қазақтар бөлекше шарт қояды:
-Кінәлі «Зеленыйдың» көпесі. Ауыл аралас, қойымыз қоралас бір Жайықтан су ішіп отырған елдің тыныштығына сызат түсірмейтін жол керек! Кесім мынадай: құныкердің Өзі шартқа тұрсын! (орыс қолынан өлген азаматттың інісінің талабы)
-Егер сіздер айтқандай ағамыз қамшымен бір тартқанда жаны үзіліп кеткені ақиқат болса, сол көпесті біз де ұрып көрейік: Тірі қалса, жаны салауат, талабымыз жоқ. Шейіт кетсе, екеуінің де құны жоқ, Обалы-қамшыға! Осылайша, сертке тұрған екі жақ, «қамшыны кім соғадыға» келгенде, андағұл-шеркеш Алақайға тіреледі. Мұндай теке-тірестің талайын бастан өткізген шеркештің «шерісі» ағайынның айтқанын қабыл алады. Ортаға көпесті отырғызып, үстіне төрт қабат тоқым жабылады. Орысы Жайықтың бекіресіне бөгіп өскен дередей неме екен. Сақалы сапсиып ортаға келіп отырды дейді. Алқалы топты айқайымен ығыстырып, «Шағырайлап» шапқан батыр шірене тартқанда төрт қабат тоқымнан өткен ат қамшы өңкиген орысты қақ жарып, қылыш кескендей қиып түскен!
Сол Алақай батырдың ауылы Сарыкөлден иек артпада Майкөлді мекендейді. Атүсті тірліктен сырттағанмен аруақты ер әлі күнге ауылын шашау шығармай ұйытып отыр. Қызының айтқан қонақтары сол ауылдың мейманы болса керек.
-Бекжігітің кім?,-деп шалдың шаншыла қойған сауалына кенжесі Жолшы жауап берді:
-Ана жолы өрмек үстіне келетін жігіт. Өзіңе амандаспап па еді? Сол бала, өзі қызыңмен айтыспаққа бел буып келгенге ұқсайды,- деп үлкен ұлы Жақаш үстеп қойды. Шал тымырылғанмен, жалғыз қыздың тауанын қайтара алмады. Жастар улап-шулап атқа қонды. Орталарында дүрия көйлегінің етегі желбіреп, ақбоз жорғамен Қызғалдақ кетіп бара жатты.
Ертесі бай әулеті дүрбелеңмен оянды. Әшейінде, сиыр сәскеге дейін манаурап ұйқысы ашылмайтын ауылда бүгін абыржушылық бар. Қызғалдақтың тобы кешегі тойдан әлі қайтпапты. Ілесіп барған бір-екі жігіт-желең ертең ерте малға шығатын болғандықтан Үркер ауа оралса керек. Бірақ, мандытып ештеңе айта алмады. Білгені, айтыс болыпты. Бес ауылдың дәмелі ақындарын санап жеңген Бекжігіт ақыры, Қызғалдақпен сөз қағыстырғанға ұқсайды. Ілкіде қыз бен жігіт айтысы болып басталғанымен сөз аяғы іріленіп, ақындар ру мен ел жайына көшкен. Алдаспан ақын Мұраттың алдын көрген, жас болса да, тісқаққан Бекжігіт: таздардың кешегі дүрбелеңде қопарыла көтеріліп Жылыойдағы жылы орындарын суытқанын, Жайықтың Самар бетін кезіп, кейін ата қонысқа жете алмай жүргенін алға тарта берсе керек. Оған Қызғалдақ: «қай жерді жайласам да, байтақ өзімдікі, қыран текті жұртым бар, қанатым талғанша самғаймын! Аядай «Қаракөл» мен «Қаттыкөлден» айналып шыға алмайтын тобан аяқ тауықсың, оның үстіне тоқымың кеппейтін «қылбелбеу» ұрлығың тағы бар» дегенге дейін барған. Қош, сонымен айтыс аяғы қызындыға ұласып, жастарды ауыл ағалары зорға тоқтатса керек. Ендігі айтыс бүгін іргелі ел есентемірдің бір тармағы-Тағашылар жайлап отырған Киікшіде жалғасатын сыңайлы.
Киікші- Есентемір Мыңбай батырдың ата күлдігі. Заманында байбақты Сырым бидің сойылын соғып, хан ордасын шаңдатқан, қала берді, шекті Көтібардың Есетіне ат сауырын берген Мыңбайдың шаңырағында бүгінде ұлы Дәріжігіт отыр. Ол ауыл кешегі қансоқтада опат болған Исатай батырдың түп нағашысы. Бүгінде ұзын аққан Ойыл өзеніндегі Қарабау бойын ен жайлап, кемеріне келіп отырған іргелі жұрт.
Жастар тобымен Қарабау асқан көрінеді. Мұны естіген Батиқа бәйбіше байбаламға басқанымен, Сүкең апшыған жоқ. Керісінше мұртынан күлді де:
-Жолдары болсын, менен туған қыз болса, жерге қаратпас,- деп арқасын кеңге салып отыра берді.
Қызғалдақ есентемірлер ауылынан зор атақ-абыроймен қайтты. Екі түн, үш күнге созылған айтыста ысық жігіт жеңіліс тауып, астындағы атын ер-тұрманымен Қызғалдаққа түсіп беріпті. Басы жерге жетпес «Қанкүрең» тұлпар осылайша, Сүгірәлінің белдеуіне байланды. Бекжігіт-өз елінде айтулы байдың солқылдаған мырзасы болса керек. Дегенмен, жесірлік жүйрікті сөзден ұтылдым деп қайдағы бір төмен етектіге байлап кетуі елге ерсі көрінді. Тіпті жүгенін де алмапты! Мұны ауылдың құла ауыздары сан-саққа жүгіртті:
-«Ойбай, Сүгірәлінің әздектеген Қызғалдағы ысықтарға ұзатылады екен. Қалыңның басы деп Бекжігіт «Бәйгекүреңін» байлап кетіпті. Енді Тұрлан атамның тұқымы таздарды шауып алатын шығар»,-деп желпілдеткендер де жоқ емес. Бірақ, жалпы үлкендер арасында ұйғарым болғанымен шеркештермен құдалық жасалмаған, бұла бойжеткеннің басы бос еді.
Ал, Қызғалдақтың өз қызығы өзінде болатын. Ол Бекжігітті былтыр жазда көрші ауылдағы тойда көріп еді. Жасындай жарқылдаған өнерпаз жігіт жиналғандарды лезде баурап, өзіне үйіріп алған. Ақындығын айтпағанның өзінде, әншілігінің өзі бір жосын. Қимыл-қозғалысынан ата ғұрпына тән ибалықпен қатар, бекзаттық көзге ұрып тұрғандай. Әдетте, сөз қағыстыруда кейбіреулер қарсыласын тұқыртып, анайы қылық, тұрпайы сөзге дейін барып жатады. Сөйтіп ұтса жеңілгеннің жігерін құм қылып, қашан ойын аяқталғанша желкесінен түспейтін. Ал, Бекжігіт ондай өрескелдікке бармады. Сол тойда өзімен айтысқан шеркештің жасамыстау ақынын «ағалап», өзі жүлдеге алған шапанын иығына жапты. Келесі жұпта сөзден тосылған ысықтың қызын «қарындасымның болашақ тойын өзім басқарамын, баянды, бақытты күндерді нәсіп етсін» деп ақжолтай тілегін арнаған-тын. Осылайша, жиналғандардың құрметіне бөленген өнерлі өренге бойжеткеннің бүйрегі бұра бастады. Бірақ жаңа жетіліп келе жатқан бәлекей қызға асқақ ақын сұғын қадамаған. Бұл жолы олар сөз қағысқан жоқ. Бірақ қосылып ән шырқады. Тойлы ауылдан Бекжігіт бұлардың тобымен бірге шықты. Сонан бері қыз бен жігіт арасында сыйластықтың нәзік тіні тартылғандай.... Жиын-той болса, бір-бірін іздеп тұратынды шығарды.
Шеркештермен сүйек жаңғыртуды ерте ойлаған Сүгірәлі бай Тұрланның немере інісі Қожаспен құдаласуды қолайлаған. Екеуі де бесінші мүшелден асып келеді, құрдас. Араларында әзілі-шынды бір әңгіме көтерілгеніне біраз болды, бірақ екі жақ та асығар емес. Қожекеңнің тұңғышы Аманияз ерте аяқтанған, үйлі-баранды. Ал кішісі Есенжан - сері-сымақ. Әлі күнге қызды ауылды шулатып, қалыңдық таңдап жүрген бозбала. Ойын-тойда ата даңқын малданып, әрі үлкендердің әңгімесіне қанықтығын байқатып Қызғалдақты басыбайлы меншігі көретінін жасырмайды. Бірақ мінезі тасыр, аузындағы әзілінен қолындағы қамшысы бұрын қозғалатын бай мырзасын бұла бойжеткен бойына дарытқысы жоқ. «Қалыңдығының» абыройы артқалы осы Есенжаннан маза қашты. Бұрын әке сөзін жүре тыңдайтын ерке мырза енді өзі келіп таздарға құда жіберуге құлықты екенін ишаралады. Осылайша ұзын-арқан кең тұсаумен жүріп, боқыраудың басында таздар құмға көшті де, шеркеш мырзаның ауылы Сарыкөлде қала барды.
Жазғытұрым шақ. Шеркештердің етегін басып, Жайыққа қарай беттеген Сүкеңнің көшіне алдымен ерулік берген Қожас бай болды. Былтырғы әңгімені тірілткісі келген құрдасына, қыз әкесі: «көш-жөнекей келелі кеңес түзілмейтіндігін» айтып, аяғына отырғызбады. Екі жақ та самсоз күйі қош айтысты. Бірақ, Тұрлан әулетіне үміт үздірген жоқ. Жайыққа жетіп, байырғы жайлауларына орналасқасын Сүкең айнала ағайынды жинап кеңес құрды. Әңгіме биыл жаз жалғыз қызды құтты жеріне қондыру жөнінде еді. Оған себеп шеркештерден таяуда ғана хабаршы келген. Қожас бай осы жайлау үстіне құда түсе келмек. Ырғаса келе таздар өзара міндет бөлісіп, бай ауылы болашақ құдаларын қарсылауға қам қыла бастады.
Қарабауға таяу «Саршығанақ-Мән» бойын жайлап отырған қаратоқай беріштер былтыр өмірден озған қариясына ас бермек екен. Екі болыс елге сауын айтылған. Қожас бай таздардағы шаруасы үйлессе, Сүгірәлінің ертіп солай аспақ секілді. Енді қызды ауылға асығуға тура келген. Бірақ бірден құлап түскісі келмеген Сүкең, болашақ құдасын қайтар жолда күтетінін айтып жаушы аттандырды. Құдалық кейінгі ысырылды. Мөңкенің Мұратына жиендігі бар Бекжігіт осы асқа келеді екен деген сыбыс шынға айналды. Кешкілік кіші жеңгесі Айкүмістің аузымен айтылған хабарға Қызғалдақ шын қуанды. Енді ше, қыс бойы қиырдағы Тайсойған құмында жатқан ауылға ақын жігіт ат ізін салмаған-тын. Қол алысып, серт айтыспағанмен екі жастың тілегі әлдеқашан бір арнаға тоғысқан еді. Тек ақылды қыз, әкесі мен қара орманына қарайлай береді. Ат төбеліндей аз ғана таздың қазір кіммен болса да тартысуға қауқары жоқ-ты. Егер шеркештермен кетіссе, күздеуден айырылып, ара қонып жететін құмдағы қыстаққа жол жабылары анық. Әзірге Тұрлан тұқымымен сарысүйек құдандалығын малданып келген әкенің мұны дүмді жерге ұзатқанда ұтары да осы болатын.
-Жер аяғы шалғай алты ай қыс қатыса алмадым. Оның үстіне аяқлау жалғыз атымды өзің алып қалған жоқсың ба?,- Бекжігіт әңгімені әзілмен бастады.
–Атың бағымда, жарлық көрген жоқ, өнерің жетсе, шырайлымды жеңіп ал да, жетектеп кет,-деп қыз жеңгесі Айкүміс те есесін жібермей жатыр. Бірақ, жеңсе, атты ма, әлде арман болған ақын қызды ма, қайсысын жетектеп кету керек екені ашылған жоқ. Екі жақ та емеуріннен ұғысты. Жастарды оңаша қалдырған қыз жеңгесі үлкен үйге қарай ығысты.
-Бекжігіт, бізді табыстырған айтыс болса да, бір көргеннен азаматтығыңа тәнті болғам. Өзіңдей жігіттің жары болу қыз-қырқынға арман шығар.... Бірақ біздің жайдан хабардарсың, басым байланбағанымен бұғалығым есіліп, бас жібім дайындалып жатыр. Бұйдаға көнбеген бұла болсам да, ғұрыптан аттау салтта жоқ. Кетсем де, екі елді шабыстырғым тағы жоқ. Жолын тауып, тәуекел десең мен етегіңнен ұстадым,-деді оңаша қалған сәтте Қызғалдақ.
– Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жолды болжай алмай отырмын. Бірақ, сен мақұл десең тәуекел, тағдырдың салғанын көріп алдым!,- деп алқынған бозбала ағынан ақтарылды. Осылайша сөз байласқан екі жас таң құланиектене қимай қоштасты.
Сарыкөлден шыққан шеркештер қыз ауылына бір қонып, Сүгірәлінің тобымен бірге Саршығанаққа жүріп кетті. Тек Есенжан бастаған жастар бай ауылында қонылқылап қалып қойды. Кешкісін отау үйдегі бастаңғыда Бекжігіт пен Есенжан сөзге келіп қалды. Өзінен өнері асқан бозбаланы ілік тауып қыжырта берген байдың мырзасы: Бекжігітке «қаңғы», «бұралқы» дегенге дейін барды. Екі жақтың намысқа қызған жігіттерін ауыл жастары зорға басты. Бірақ ойынның сәні кірмей қойды. Бекжігітті аттандырып салып, Қызғалдақ отауына қайтты. Бай мырзасы буырқанып түк өндіре алмасын біліп, оразасын асығыс ашып, ол да атқа қонды.
«Қожастың болашақ келіні ысықтың жігітін өзі аттандырып салыпты. Есірген Есенжанды қалыңдығы көзіне де ілмей, бай мырзасы бетімен жер басқандай боп кетіпті»,- деген жайсыз хабар қыз әкесіне де, Қожастың тобына да қатар жетті. Қабарған бай қайтар жолда қызды ауылға соқпастан Сүкеңмен қыр басында қоштасып кете барды.
Жаз өтіп, таздар қыстаққа қарай бағыт алды. Күн райын берсе, бай ауылы бір-ер ай тағы да Сарыкөлге табан тіремек. Шеркештер оң қабақ танытса, қыстап қалмақ та ойы бар. Есентемір Тұрабаймен де, андағұл-шеркеш Алақай батырмен де сыйлас Сүгірәлі Тұрлан тұқымының домбытуынан ыға қоймас. Бірақ, былтыр басталған құдалық баян таппады. Екі ортада жастардың арасынан ши шықты. Енді жабулы қазан жабулы қалдыруға бұл бейіл болғанмен, Қожас көне ме?! Көнбегенде, басын ашып бата жасалмаған құдалықты кімнен даулайды? Осындай шым-шытырықтың шегіне жете алмай, Сарыкөлге құлаған Сүгірәлі, былтырғы күздеуіне көш басын тіреді.
Саяқтармен бірге жүрген «Қанкүреңді» әлдебіреулер мертіктіріп кетіпті. Былтырдан бері анда-санда Қызғалдақтың өзі тақым артқаны болмаса, байраққа келген қазанат құр жүретін. Осы ауылдың желөкпелері бәйгеге жаратпақ болғанда бай тиып тастаған: Мыңды айдаған Сүкең «ысықтың тырақысын бәйгеге қосыпты» деген қаңқудан бой тартқан. Сосын даулы дүниені көстеңдетіп, көршілерінің көзін қызартқысы жоқ-ты. Сұмдық хабарды, ести сала жеткен Қызғалдақ күреңді көргенде көзінен ыстық жастың қалай ыршығанын өзі де байқамай қалды. Қаскөй біреу есіл жүйріктің тұқайының көбесіне пышақ жүгіртіп, сіңірін қиқалап-қиып тастапты. Екі алдыңғы аяғынан қорғалап, ақсаңдай басады. Жат ортада жалғыздық көріп, қыздан басқаға бойын үйретпеген қайран тұлпар Қызғалдақ келіп мойнын құшқанда оқыс оқыранды.
Бұл-өнер табыстырған арманды екі жастың басына үйірілген бұлттың басы еді. Кешкісін ақсақ атты жетелеген Қызғалдақ үйіне келісімен ымырт үйірлмей жатып қалды. Оқыс оқиғадан құлағдар болған ауыл қаралы хабар келгендей тым-тырыс.
Араға апта салып Есенжан бастаған бір топ жігіт қызды ауылға келіп түсті. Қоғалы Қарабау бойынан саятшылап келе жатқан сыңайлы. Қанжығалары қанды болса керек, байдың мырзасы ауызды келіншектермен айтыса жүріп, төрт үйрек, екі қазды қазанға салдырды. Түстеніп аттанбақ. Өзі сойған түлкідей ыржаң-ыржаң етеді. Шындығында, қыздың қабағын барлап, «Қанкүреңнің» халін білмек ниеті де жоқ емес секілді. Сүзектен тұрғандай сұрланған Қызғалдақ жеңгелеріне қонақтарды күтіп алуға жарлық берді. Арнап келген мейманды кері қайтару ғұрыпта жоқ, амалсыз өзі де түскі асты еріккен топпен бірге ішуге мәжбүр болды.
-Бәйгекүреңнің аяқтан қалғаны қиын болған екен. Осы орамда алдына ат шықпаған тұлпар еді, амал не,- деп шәй үстінде бай мырзасы көңіл айтты. Сазарған сұқпытынан сыр ұғу әсте мүмкін еместей...
-Желмен келген желге кетеді де. Құрбымыздың бір ауыз жел сөзінің бодауына байланған мәстек емес пе, бас аман болсын,-деп тағы бір парықсыз бықсытты.
-Жүйрік пе, жорға ма, сырты түкті, іші боқты хайуан ғой! Тек қинайтыны есерлердің егесіне бола, асыл азаматтың жанына балаған қанатының қайырылып қалғаны ғана. Ертең Бекжігітке не бетімізді айтамыз? Телі-тентек қай жерде де болар, бірақ ашуын айуан малдан алғандай бұл елде ес қалмаған ба, дейтін естіген елге күлкі болдық,- деді қонақтардың кесесін ұзатқан Айкүміс. Өмірде сөзге есесін жіберіп көрмеген әйгілі Есентемір Бөкенбидің ұрпағы, Тұрабай бидің қызы ширығып отырса керек. Әрі қылатынын қылып алып: ал, не істейсің дегендей тал түсте төрінде шәниіп жатқандарға ит жыны құрысып зорға отырған жәйі бар. Тек қайынсіңлісінің қабағына қарайлауда. Қызғалдақ кеңеске кірмеді. Есенжанға назарын сала қараған. Қылмысы бар немедей, мырза жігіт төмен тұқшиды.
Қараша қаз қайтып, қара су қаймақтанды. Бекжігіттен хабар жоқ. Жазғы уәде бойынша осы күздеуде бір шаң берсе керек еді. Қызғалдақтың бір уайымы осы болса, екіншіден, ертең «Аяуылым» деп алыстан келген азаматының алдынан ақсақ атты жетелеп шығатынын ойлағанда жаны тағат таппайды.
Арада айлар өтті. Боқырау таяп, киік матаса бастады.
-Атқа қылған қысасы мынау, енді өзіңді мерт қылар, мына дүлейлер! Мен сені енді қалдыра алмаймын. Айтқан уәдеңе тұрсаң, кетейік. Мұнда сыймасақ, түп нағашыларым Жайық бойын жайлаған «жеті баулы беріш» бар. Қожас болмақ түгілі, сегіз арыс шеркеш қаптай шапса да ортасынан суырып, шығарып бермес. Олар да құлағдар. Хабарымызды күтіп отыр,-деп Бекжігіт бар шаруаны тиянақтап келген адамның сөзін айтты. Ақын жігіт қызды ауылға кеше ымыртта құлаған. Күреңнің жайын естігенімен түн ішінде атты көрем деп тұра шаппады. Онысы Қызғалдақтың көңіліне қарағаны шығар.
-Ниетіңнен садағамын, жолбарысым! О баста айттым, жол бастасаң, жетегіңе еріп жер түбіне кетуге бейілмін. Тек сайын сахарадан сая таппай сандалып жүрген жұртым алаңдатады. Мен аттанысымен ауыл үстін шаң басарын сеземін. Дегенмен, «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар», әкем де қарақалтай көп қазақтың бірі емес. Қалған жұртын талауға бермес. Тәуекел! Ертең «Үркер» төбеден ауар шамада діттеген жерден табылармын,- деп бойжеткен албыраған жүзін жігітінің кеудесіне жасыра берді. Бірақ сөзі нық, кесіп айтты.
Күні бойы көп көзінен тасаланған Бекжігіт түн ортасы ауа екі бозды жетелеп, жыңғылды сайға түсе берді. Ай қорғалаған өліара шақ. Бейсеует жүргіншісі жоқ ауыл бейғам ұйқыда. Көп кешікпей Айкүміс пен Қызғалдақ та ауыл тұсындағы сайды құлдап, межелі жерге жеткен. Қыз жеңгесімен асығыс қоштасып, үзеңгіге аяқ артқандары сол еді, сайдың құбыла бетінен бір топ аттылы қиқуды салып, шыға келді:
-Кетті, кетті, қайыр былай! Ойбай, қыз қашты... Баж-бұж айқай, атттанға ұласып ұйқыдағы ауылдың беймарал тірілігін астаң-кестең етті. Қымғуыт басталды. Қылаң сұрға мініп үлгерген жігіт Қызғалдаққа:
-Темірқазықты бетке алып тарта бер, мен мыналарды бөгеп, соңыңнан жетем, деп сойылын сайлап көп қараға қарсы кете барды. Бірақ кеш еді. Бастырмалатып жеткен біреу қыз мінген ақбоздың шылбырына жармасты. Кері оралған Бекжігіт жолын кес-кестеген екеумен қатар шарпысып қалды. Алдыңғысына ат жалын құштырғанмен екіншісі қаша ұрыс салған ақын жігіттің адымын аштырар емес. Қызғалдақтың тұтылғанын көрген жігіт алдындағыларды жапыра ұмтылған. Жауырыннан қуалай тиген қақ сойыл сұлатып түсірді...
-«Қыз-Данайдың» қырғыны аз боп па еді, ойбай! Төремұрат көкеңнің түбіне төмен етекті жеткенін білесің. Енді міне, ана сорлы да кірпігі қимылдап жатыр дейді. Қыз емес, қырсық тудым ба, құдай! Батиқа бәйбіше озандатып отыр. Түні бойы тас бүркеніп жатқан қыз Бекжігіт сойылға жығылды дегенде басын көтеріп алды.
–Білші апа, жағдайы қалай екен, есіл ер мен үшін құрулы кермеге тап болды-ау,-деп жылап жіберді.
-Алақай атаңның ауылында жасырынған жолдастары бар екен. Солар келіп алып кетті. Қайдам, жарақаты ауыр секілді, өздігінен атқа отыра алмапты, байғұс бала. Ол да бір ананың жалғызы екен ғой!,- деп қыз анасы жанарын сулады.
Сойқан болған түні Сүгірәлі ауылда жоқ еді. Абыройсыз тірілікке аптығып жеткен хабаршыдан қаныққан бай, асығыс атқа қонды. Келісімен қызының амандығына көзін жеткізді де, атан түйені қомдап, оған Бекжігітті ұзыннан жатқызып ауылына асығыс аттандырып салды. Сонан бері байдың қабағын баққан ауыл өлік шыққандай түнеруілі. Қызымен қатынас үзілген. Тек жеңгесі Айкүміс қана ас-суын апарып береді. Қашып кетіп, теңін тапқан төмен етектінің алды-арты бұл емес еді. Тек құтыла алмай қалғаны қинайды. «Бағы ашылмаған бейбақ болдым ғой. Бекжігіттің халі қалай екен? Сорлы, алдымен атынан, енді келіп арманынан айырылғандай болды-ау. Әке бетіне қалай қарар, көлденең керауыздың өсегі тағы бар. Бәрінен де, жаман Есенжанның табасына қалдым–ау! Қызғалдақтың жатса да, тұрса да ойы- осы. Ендігі жерде Бекжігіттен бұған бұлт жуық шығар. Сонда, табары кім? Есенжанға барғанда өмір бойы бүгінгісін бетіне басары анық. Арым таза, аршылмаған жұмыртқамын деп қайсысын сендірер? Соңынан шаңы шұбатылып келген келінді кекір шеркештер кешіре ме? Арыстай азаматына жасаған қысастықты ысықтар көтере ме? Қол жиып келіп әкесін шауып алса, оларға қой дейтіндей кім бар? Мұндағы Тұрлан тұқымының дүмпуіне Ойылдың өрін толтырып отырған қалың ысықтың зорлығы қосылса, ағайынның жәйі қалай болмақ? Сайып келгенде бәріне кінәлі мұның сорлы басы болмай ма? Қыз-Данайды анасы неге аузына алды? Өңкей сәурікті желіктірген қақ байтал атана ма? Олай болса, ендігі өмірде не мән-мағына бар?!
Жас жанын арадай талаған сан сауал бұла бойжеткенді тығырыққа тіреп, жар жағасына сүйрей берді...
Кешкісін қашаннан сырлас Айкүміс жеңгесі шәйға шақырды. Жолшы ағасы да үйде екен. Бірақ жүзі күйгендей қарындасына тіктеп қарамай қойды. Асын асығыс қайырып, әлденені сылтауратып үйден шығып кетті. Саналы қыз бұған да жасып қалды Тек ағасы емес, күллі ауыл бұдан теріс айналғандай... Айкүмістен білгені Бекжігіттің жағдайы қиын екен. Әупірімдеп ауылға жеткізгенімен айығып кете алмапты. Жіңішке ауруға ұласпаса, неғылсын! Айдың күні аманында сойылға жығылған бауырларының намысына қызғандар ол ауылда да жеткілікті көрінеді. «Бәйтерек» ұранды іргелі ысық бұған дейін азаматын қорлатпақ түгілі, жетім лағын жоғалтып көрмеген! Тек жігіттің әкесі: «Баланың беті бері қарасын. Сосынғысын көріп алармыз!»,- деп басып отырса керек. Отауға қайтарда жеңгесінің көзін ала беріп ағасының мүйіз сапты алмас кездігін жеңіне жасырып ала кетті. Әлдебір қанқұйлы тәуекелге бас тіккендей қатайып алған қыз, аяулы жеңгесіне сыр алдырмастан үйден сазарып шықты.
Ертесіне қыз отауының түндігін ашқалы келген Айкүмістің табалдырықтан аттай бере азандатқан жандауысы дүйім жұртты дүрліктірді. Қанға бөккен қайран ару қақ ортаға шашын жая жығылыпты. Ауыл азан-қазан болды. Кейін сүйекке кіргендер айтады. Айнала оттың арасынан жөн таба алмаған сорлы сұлу өзіне өндіршектен пышақ ұрғанға ұқсайды. Шапшыған қанға қанша тұншықса да, қашан жаны шыққанша дыбыс берместен шыдап жата берген!
Қызғалдақты жерлеуге келгенде ағайынның ау-жайы екіге жарылды. Ауыл молдасы: «Өзіне қол жұмсаған пендеге жаназа оқылмайды. Мәйіті мұсылмандар бейітіне қойылмайды!»,-деп қисайып отырып алды. Тек ауыл ақсақалдары араласып, марқұмды пәктеуге зорға рұхсат алды. Дегенмен, қыз оңаша жерленетін болды.
Қызғалдақтың жетісін өткізісімен таздар құмдағы қыстақтарына қарай қозғалды. Бір кезде ақарлы-шақарлы рулы ел отырған, ат аяғы жетер ауылға аяулы аруымен танылған жұртта жалғыз төмпешікк жетімсіреп қала берді. Оған қарауға қорыққандай қаралы қауым аттарын үсті-үстіне тебініп, қасіретті орыннан алшақ кетуге жанталасып бара жатты.
Арыстанбек Кенже





