ҚҰРАЛАЙ ОМАР
Қисық шәугім
Ерте-ерте, ертеде емес, беріректе болса керек, асүйде көп ыдыс-аяқ өмір сүріпті. Солардың араларында бір қисық шәугім де болыпты. Әрине, ол кезде бұл шәугім қисық емес, жылтыраған, көркіне көз тоймас әдемі екен.
Ол заманда үйден қонақ үзілмейді екен. Әрі отбасында да адам көп болғандықтан, ыдыс-аяқтарға тыным жоқ. Тіпті демалуды да білмепті. Бірақ ыдыстардың бір де біреуі шағым айтып, налымайды екен. Әр күндері той сияқты өтіп жатыпты.
Күндердің бір күнінде дәл осы шәугім мінез көрсетіпті. Кеселденіп, кеселерге ұрсып, қасықтармен қақтығысыпты. Сондағы айтатыны «Сендер
көпсіңдер. Мен жалғызбын. Оттан түспеймін. Белім бүгіліп, иілем де тұрам. Менің жұмысымды сендер істесеңдер, баяғыда қашып кетер едіңдер» екен.
Кеселер де, қасықтар да оған қарсы келмепті. Не десе де, үндемей құтылады. Ал шәугім болса, күннен күнге өрши беріпті.
– Осы сендер-ақ шуылдайсыңдар да жүреді екенсіңдер. Жұмыстарыңды тыныш жасасаңдар болмай ма? Мазаны алып біттіңдер ғой, – деп қасықтарға қарадай тиісіпті.
– Шәугім-ау, біз саған не жаздық? Жұмысымыз солай болса, қайтеміз енді? – депті үлкен қасық.
– Керемет іс тындырып жүргендей боласыңдар екен. Дайын асты алып ауызға дейін жеткізуді де жұмыс деп, – деп ернін сылп еткізеді.
– Бізді осы қызметке бекіткен соң, соны орындаймыз. Сенің жұмысыңды тартып алып отырған жоқпыз ғой. Үндемеген сайын ауыз өзімдікі екен деп сөйлей беретін болыпсың. Доғар енді! – деп айқайлайды үлкен қасық.
– Түріне қарамай, менің аузымды жапқысы келеді. Менің жұмысымды атқарсаң, көрер едім, – деп бұлқан-талқан болады шәугім.
«Бұнымен сөз таластырғаннан пайда жоқ» деді ме, қасықтар үнсіз өз тірліктеріне кірісіп кетеді. Шәугімнің сөзіне мән бермей қояды.
Тағы бір күні шәугім гүлді кесемен сөзге келіп қалады. Әрине, бәрін бастаған шәугім еді. Таңғы шайдың уақыты. Үй-іші енді шайға отырған кез. Шәугім әдеттегідей бұрқылдап келіп, гүлді кесеге шайды төгіп-шашып, қалай болса солай құяды.
– Абайлап құйсаңшы, – дегені сол еді, шәугім ашуға мінеді.
– Маған ақыл айтатын сен кім едің? Басымды иіп шай құйған сайын басыма шығып барасыңдар ғой. Дайын шайды құйып алып, ауызға жеткізгенге мәзсіңдер. Ыстық-суыққа шыдап, күніне бәлен рет отта тұратын мен. Ал сендер өтірік беттерің жылтырап, үнемі үстел үстінде тұрасыңдар, – деп айқайға басады шәугім.
– Енді ол... ол біздің қызметіміз ғой, – дейді гүлді кесе.
– Қызметің болса, үндемей істе. Шайды қалай құям, оны сенен сұрамаймын, – дейді ашулы шәугім.
– Сұра деп тұрған жоқпын. Бірақ сен де қызметіңді дұрыстап атқарсаңшы. Бүкіл жұмысты өзің ғана істеп жүргендей болмашы. Күні-түні отта тұрса да, ешқашан дастарханға келіп көрмесе де, қазан үндемейді ғой осы, – дейді гүлді кесе де беріспей. Басқа кеселер де шулай кетеді.
– Соны айтам. Бұл болмаса, дүние төңкеріліп кетердей қайтеді өзі, – дейді алтын жиек кесе.
– Көппіз деп жабылуды бастадыңдар ма? – деп шәугім кекесінмен күледі.
– Бәрін бастаған өзіңсің ғой. Тып-тыныш өміріміздің берекесін қашырып, – дейді алтын жиек кесе.
– Берекелеріңді алып жүрген мен бе?» деп әбден ашуға булыққан шәугім сол жерде төбелес шығарады. Ыдыстар бір-біріне соғылып, әп-сәтте үстел үсті быт-шыт болады. Шай төгіледі. Нанның үстіне тосап құйылып кетеді.
Майдың ыдысы төңкеріліп, дастарханның беті май-май болады. Содан төбелес әрең тоқтайды. Үй иесі ыдыстарды жуып, орын-орнына қояды. Кеселер шкафқа, ал шәугім болса, пештің үстіне кетеді. Пештің үстіне орналасқан шәугім «қай жерден кесел шығарсам екен?» дегендей жан-жағына барлай көз тастайды. Абырой болғанда пештің үстінде ешқандай ыдыс болмайды.
Қанша тұрғаны белгісіз, ұйықтап кеткен екен. Көзін ашса, түс болып қалыпты. Үй иесі түскі тамақ қамына кірісіп жатыр. Шәугімді аздап ысырады да, жанына қазанды қойып, тамақ пісіре бастайды. Пешке отынды көп қылып салады.
Бұл кезде шәугім құр тұрмай, қазанға соқтығыса бастайды.
– Күніне бір-екі рет тамақ пісіріп бергеніңе мәз боласың. Сол да мақтан ба? Жұмысың жұмыс емес қой сенің. Оп-оңай. Тамақ піскен соң тұрғаның сол мелшиіп, – дейді шәугім.
– Ойбу, сенің жұмысың қиын екен ғой. Жұмысыңды айтып неменеге бәрімізге міндетси бересің, – деп сөзбен түйреп алады қазан. Қасықтардан да, кеселерден де бұндай ауыр сөз естімеген шәугімнің ашуы басына шығады.
– Мен сияқты өзің отта тұрып, өзің дастархан басында жүрсең, көрер ем. Сен бе, сен, ондай болса, жүнжіп кетер едің. Менің еңбегімді ешқайсың да бағаламайсыңдар. Бір күн мен жоқ болайыншы, қалай өмір сүрер екенсіңдер, – деп бұрқ-бұрқ етіп ашуланып тұрған шәугім бір кезде тарс етіп атылыпты. Ашуланып, сөйлей берген шәугімнің суы таусылып қалып, содан атылып кеткен екен.
Тарс еткен дыбысты естіп, үй иесі жүгіріп келсе, бір жағына қарай қисайып, түбі тесіліп қалыпты. Қисық әрі тесік шәугімнің ештеңеге жарамасын білген үй иесі шәугімді қораға әкеп тастапты. Содан бері шәугім ешкімге керексіз боп жатыр екен. Әлі күнге дейін өзінің ісіне өкінеді дейді.
Ержүрек піл
Ерте-ерте, ертеде, алыс-алыс өлкеде түрлі жануарлар өмір сүріпті. Солардың ішінде момақан бір піл болыпты. Ешкіммен қақ-соғы жоқ, мейірімді екен өзі.
Сол мейірімділігі мен момақандығын маймыл бастаған кей жануарлар басынады екен. Пілді қорқақ деп ойлап, мойнына мініп, басына шығып, ойына келгенін істепті.
«Кішкентай ғой» деп маймылдың бар қылығына кешіріммен қарап, үндемейді. Пілді әбден басынған маймыл бір күні бүкіл аңдардың алдында пілді мазақтап, келемеждейді. Басына шығып алып, мұрнынан сырғып түседі де:
– Осынша ұзын мұрынды ақымақтар ғана көтеріп жүретін шығар. Салмағы ап-ауыр. Не ештеңеге пайдасы жоқ. Қане, пілдің мұрны өйтіп еді, бүйтіп еді дейтіндерің қол көтеріңдерші, – деп еліре айқайлайды.
– Соны не үшін көтеріп жүргенін өзі де білмейтін шығар, – деп кергиді керік.
– Керек емес нәрсені кесіп тастау керек қой, – деп ақылгөйсейді мүйізтұмсық.
Пілдің жылағысы келеді.
– Мен бұлардың ешқайсысына тиісіп көрмедім. Неге бәрі маймылдың сөзін қоштайды. Мен бұларды досым деп жүрсем. Менің досым жоқ екен ғой, – деп көзінен жас тамшылап кетеді.
Пілдің көз жасын көрген маймыл тіпті еліреді.
– Халайық, ертең осы жерге жиналайық. Піл досымызға жақсылық жасайық. Ауыр мұрынды қашанғы көтеріп жүреді? Ертең жолбарыс дәрігер келеді. Бәріміз бірге пілдің мұрнын қысқартып, өзіміздікі сияқты, әп-әдемі, шап-шағын мұрын жасап берейік, – дейді маймыл.
Жануарлар бір ауыздан қоштай кетеді. Көбі маймылдың пілді мазақ қылып тұрғанын аңғармайды. Шынымен де ауыр мұрынды көтеріп жүрген пілді азаптан құтқарып, жақсылық жасағалы жатырмыз деп ойлайды.
Ал пілге өз мұрыны ұнайтын. Оның тіпті салмағын да сезінбейтін.
Маймылдың дегеніне жетпей қоймайтынын білетін піл кеш бата салысымен ешкімнің көзіне түспей, ну орманның ішіне кіріп, басы ауған жаққа кетіп қалады. Бағыт-бағдары белгісіз, жүре береді.
Ертеңінде жолбарыс дәрігерді алып алаңға келген маймыл пілді таппай қалады.
– Үйін барып қараңдар! – деп бұйырады тышқандарға.
Аңдар жер-көкті шарлап, пілді таба алмайды. Қызыққа кенелем деп ойлаған маймылдың жоспары күл-талқан болады.
Осылайша күн артынан күн, ай артынан ай өтеді. Пілден еш хабар болмайды. Орманның ішінде адам түгілі, аң аяғы баспаған бір алқап бар екен. Піл сол жерді мекен етіп, өзіне кішігірім үй салып, өмір сүріп жатады. Рас, кейде достарын қатты сағынады. Бірақ маймыл мұрнымды кескізіп тастай ма деп қорқады.
Сөйтіп жүргенде жер асты патшалығында тұратындар жер бетіне шабуыл жасайды. Жер асты патшалығының сарбаздары оттан жаралған екен. «Уффф» деп демін шығарса болды, жер-көкті өртеп жібереді. Олармен күресуге аңдардың күші жетпейді. Ең мықты саналатын арыстанның өзі бірнеше жерін күйік шалып, қатты жараланады.
– Сендерді қорғауға менің күшім жетпейді екен. Жағдайымды көріп тұрсыңдар. Бірақ біз беріспеуіміз керек. Бір амалын табайық, – дейді жаралы арыстан.
Сол сәтте асығып-аптығып сусиыр келеді.
– Мен не көрдім, білесіздер ме? – дейді ентігін баса алмай.
Ентігін бассын деп, жолбарыс дәрігер оған су береді.
– Не көрдің, айт енді, – дейді арыстан.
– Жаңа ғана судың ішінде жатыр едім, жер астылықтар орманнан келе жатыр екен. Біреуі құйындатып келе жатып абайсызда суға түсіп кетті, – дейді ентігіп.
– Содан? – дейді арыстан.
– Әлгілер судан қорқады екен. Суға түсіп кеткені бірден өлді. Қалғаны шу-шу етіп қаша жөнелді, – дейді сусиыр.
– Жарайсың, сусиыр. Енді бәрің қолдарыңа ыдыстарыңды алып, су толтырып, соғысқа дайындалыңдар, – деп әмір береді.
Аңдардың бәрі үйлерінен ыдыстарын алып шығады. Жер астылықтар келгенде бәрі жапа-тармағай су шашуға кіріседі. Олардың ыдысындағы су жау әскерін жеңуге жетпейді.
Жер бетін өрт жайлап, аңдар жеңіле бастаған сәтте күтпеген оқиға болады.
Қалың өрттің арасында жау әскерін жайпап келе жатқан біреуді көреді. Маймыл биік ағаштың басына шығып, қолына дүрбісін алып, жалма-жан қарайды. Өз көзіне өзі сенбейді. Келе жатқан өзі ренжіткен піл екен. Өзі келемеждеп, кесіп тастамақ болған мұрынына су толтырып алып, соны шашып келеді. Сасқалақтап қалған маймыл қалай пілдің алдынан жүгіріп шыққанын білмей қалады. Піл жер астылық әскерлердің бәрін тып-тыйпыл ғып жеңеді. Риза болған арыстан пілге көп сый-сияпат береді. Соған қоса бүкіл аңдарға: «Енді кімде кім пілдің мұрнын мазақтап, тиісетін болса, соны оңдырмаймын» деп қатаң ескерту жасайды.
Содан бері пілді барлық аңдар қатты құрметтейтін болыпты.
Қарға неге қара?
Баяғы өткен заманда, жер бетінде адам әлі пайда болмаған кезде құстар мен жануарлар сөйлей алатын болыпты. Аңдар бір патшалық, құстар бір патшалық, ал балықтар бір патшалық құрып өмір сүріпті. Құстардың патшасы өліп қалып, өздеріне патша сайламақ болыпты.
– Біздің арамызда патша болуға кім лайық? – депті тырна.
– Әрине, мен лайықпын. Өзім ақылдымын, өзім сұлумын. Араларыңнан маған тең келер ешқайсыңды көріп тұрған жоқпын, – деп керіліпті қарға.
Айтса, айтқандай, қарға ол кезде ең сұлу құс болған деседі. Қауырсындары түрлі-түсті, алтын, күміс сияқты жылтырап тұрады екен. Ал қалған құстардың бәрі ол кезде сұр түсті болыпты. Дауысы да керемет екен. Дауыс жағынан бұлбұл, сұлулық жағынан тауыс пен аққу оның жанында жолда қалыпты. Айласы да, ақылы да бір басына жетерлік екен. Алайда сол қарғаның жаман қасиеті ешкімді менсінбейтін өркөкірек, қызғаншақ, әрі сондай мақтаншақ екен.
Құстар қарғаның мінезін ұнатпаса да, қарғаны патша етіп сайлапты.Қарға патша болған күннен бастап патшалықтан береке кетіпті. Құстар екіге бөлініп алып, қырықпышақ болыпты. Бір тобы қарғаның жақтасы болса, бір тобы мүлде қарғаны ұнатпайды. Қарға айналасына ылғи жағымпаз құстарды жинапты. Олар күнде таңертең сарайға жиналып алып, қарғаны мақтаумен болады екен.
– Кімде кім мені мақтамайтын болса, сарайға кіре алмайды. Егер маған қарсы шықса, патшалықтан қуылатын болсын, – деп жарлық шығарыпты қарға.
Содан бастап оны мақтамайтындар сарайға аттап баса алмапты.
Қарғаны мақтап ән салмағаны үшін бұлбұл сарайдан қуылыпты. Бүркіт те тау-тасты кезіп кетіпті.
Ал патшалықтағы қалған құстар қалай өмір сүріп жатыр, ол жағы қарғаны қызықтырмайды екен. Патшалықта өмір сүру қиындап, құстар аштан қырыла бастапты. Бір жағынан аңдар да оларға күн көрсетпепті.
Бір күні құстар жиналып:
– Басқа патша сайламасақ, болмайтын сияқты. Жағдайымыз күн сайын төмендеп барады. Қарғаның бізді ойлайын деген ниеті де жоқ. Аңдар бізді басынып болды, – депті торғай.
– Мені ана күні түлкі ұстап алды. Өз құқығымды айтып едім, «сенің қорғайтын патшаңның сиқы анау, сендер ешкімге керек емессіңдер. Енді бізге жем боласыңдар» деп, жеп қоймақ болды. Алыста ұшып келе жатқан бүркітті көріп қана аяғын тартты, – дейді қырғауыл.
– Мен білсем, қарға оңайлықпен тақтан түспейді, – депті сауысқан.
– Қалайда бір амалын табуымыз керек, – десіпті барлығы.
Күндердің бір күнінде аңдар патшалығынан сарайға хабарлама келіпті. Хабарламада «Әлемдегі ең әдемі дауыс иесін іздейміз. Кімде кім жеңіске жетсе, бүкіл әлем соған табынатын болады» деп жазылыпты. Қарғаның көктен сұрағаны жерден табылады. Енді ол бүкіл әлемнің оны мақтағанын елестетіп, жеңіске жетуді армандай бастайды. «Бұлбұл менен озып кетпесін» деп бұлбұлға қастық жасауды ойлайды. Сөйтіп ол сиқыршыға барып, дауысты жақсартатын және дауысты жоқ қылатын екі сусын дайындатады.
Мұны сезіп қалған тырна қарғаға білдірмей екі құтыны ауыстырып қояды. Жарыс басталады. Қатысушылардың көбі қазылардың сынына ұшырап, бірінші бөлімнен өтпей қалады. Бас жүлдеге үміткер ретінде қарға, қасқыр және бұлбұл қалады.
– Шөлдеген боларсың, бұлбұлжан? – дейді қарға өтірік мейірленіп. – Менде дауысты ашатын жақсы сусын бар. Кел, екеуміз ішіп алайық.
Көңілінде еш күдік жоқ бұлбұл сусынды жұтып алады. Одан көз алмай отырып, қарға да өз сусынын ішеді. Қасқыр қарғадан қалған сусыннан ауыз тиеді.
Үзіліс аяқталып, үш қатысушы сахнаға шығады. Бірінші болып бұлбұл ән салмақ болады.
– Қазір қызық болады, – дейді қарға қасқырды түртіп.
– Қандай қызық? – деп таңырқайды қасқыр.
Бұлбұл әнін құйқылжыта түседі. Дауысы бұрынғыдан да ашық, әдемі болып кеткендей. Аңдар мен құстар ұйып тыңдайды.
– Қандай қызықты айттың? Ешқандай қызық көріп тұрған жоқпын, – деп сыбырлайды қасқыр.
– Соны өзім де түсінбей тұрмын. Ана сиқыршы мені алдап соққан сияқты. Әлде бұл тез әсер етпей ме екен? – деп ойланып қалады қарға.
Қасқыр сол кезде ғана қарғаның бұлбұлға қастық жасамақ болғанын түсінеді. Кезек қарғаға келеді. Сахнаға тәкаппарлана шығып, тамағын кернейді. Әнді бастайын десе, дауысы біртүрлі. Шықпайтын сияқты. Бар күшімен «Ааа» деп айтпақ болады. Ол да дұрыс шықпайды. Қарға сол кезде ғана құтыны біреудің ауыстырып қойғанын түсініп, санын бір-ақ соғыпты. Сол кезден бері қарғаның дауысы жоғалып, қарқылдап шығатын болыпты. Қатты ашуланған қарға бұлбұлды орманнан қуып жіберіпті.
Қарғаның бұлбұлға қастық жасамақ болғаны, өзі қазған орға өзінің түскені аңдар мен құстар арасына тез таралып кетіпті. Қарғаның бұрынғы абыройы қалмапты. Тіпті жанында жүрген құстар да қарғаның мінезіне шыдамай сарайдан кете бастайды. Бұрынғыдай қолдаушылары жоқ, ол енді тағына қауіп төнгенін сезеді.
«Тақтан таймай тұрған кезде мен бұлардың тілін табайын» деп ойлайды қарға. Бір күні құстардың барлығын шақырып алып, жиналыс жасайды. Құстар оны тыңдағысы келмейді. Ашық қарсылық басталып кетеді. Жиынға аң патшасы арыстан да қатысады. Бәрін сырттай бақылап отырады.
– Бізге сендей патша керек емес! – деп айқайлайды құстар.
– Тақты өздігіңнен босат, әйтпесе өзіміз сені сарайдан сүйреп шығарамыз, – дейді ашынған сауысқан.
Жан-жақтан шыққан шудан құлақ тұнады. Бірін-бірі естір емес.
– Тоқтатыңдар! – деп ақырады арыстан. Құстар жым болады.
– Қарғаға тағы бір мүмкіндік берейік. Ол үшін қарғадан қалауларыңды сұраңдар, – дейді арыстан.
Сол кезде әтеш тұрып:
– Қарға бізді түрің жаман деп, сарайға ешқашан кіргізген емес. Өзінің сұлулығына мақтанып, басқа құстарды менсінбейді. Біздің де сұлу болғымыз келеді. Егер патша болғысы келе, бәрімізге бір-бір қауырсынынан таратып берсін, – депті.
Құстар әтештің сөзін құптай жөнеліпті. Әдемі қауырсындарын қайдағы бір құстарға беруге қимай тұрса да, тақ үшін, патша болып қалу үшін қауырсындарын жұлып бере бастайды. «Аман болсам, бұдан да әдемі қауырсын өсіп шығады ғой» деп ойлайды. Құстар қарғаның әдемі қауырсындарын талап алады. Қараса, қарға өзінде бір қауырсын, бір түк жоқ, жалаңаш қалыпты. Ұялғанынан тез сарайға ұшып кіріп кетеді. Далаға шығуға бет жоқ. «Қауырсындарым өскенше шықпаймын» деп сарайдан аттап баспай жатып алады. Күн артынан күн, апта артынан апта, ай артынан ай өтеді. Қарғаның қауырсындары мүлде шықпай қояды. Түрлі емдік шөп ішеді, түрлі майлармен денесін сылайды. Алайда оның ешбірі қарғаға көмектеспейді.
Амалы таусылған қарға бір күні көмірге барып аунайды. Ешкім танымастай қап-қара болып шыға келеді. Сарайына барып қанша жуынса да, көмір кетпейді. Сол күннен бастап қарға қап-қара болып кетіпті деседі.
Тәттілер патшалығы
Ерте-ерте ертеде, белгісіз бір қалада Айбек деген бала болыпты. Ол бала тәттіге өте құмар екен. Бір отырғанда бір тортты, бір дорба кәмпитті тауыса салатын болыпты. Тіпті, ұйықтап бара жатқанда да кәмпит жеп жатады екен. Аузынан кәмпит түспейтінін көрген көршілері мен туыстары оны Тәттібек деп атап кетіпті. Айбек деген аты бірте-бірте ұмытыла бастапты. Тамақ жемей, тек қана тәтті жей береді екен. Қанша әуреленсе де, ата-анасы оған тамақ ішкізе алмапты.
Ата-анасы тәттінің бәрін тығып тастаса да, Тәттібек оларды тауып алып, жеуін қоймапты.
Бір күні Тәттібек анасының бір тортты тоңазытқышқа салып жатқанын көріп қалады. Анасы жұмысқа кете салысымен тоңазытқыш жаққа барып, тортты жемек болады.
Тоңазытқыштың есігін ашып, тортқа қолын соза бергенде қолынан біреу бас салыпты. Ештеңе түсінбеген Тәттібек қолын тартады. Бірақ үлкен қол оның қолын жібермейді. Қанша жұлқынса да, қолын босата алмайды.
Бір кезде қол сөйлей бастапты:
– Осы күнді қанша күттім? Қолыма әйтеу түстің ғой, – дейді.
– Сен кімсің? – дейді оған Тәттібек.
– Менен қорықпа. Мен тәттілер патшасымын.
– Тәттілер патшасы? – деп таңқалады Тәттібек.
– Менімен бірге Тәттілер патшалығына барғың келе ме? Ол жақта саған ешкім тәтті жеме деп айтпайды. Бәрі ағыл-тегіл. Қалаған тәттіңнің бәрі табылады.
– Ол алыста ма? – деп сұрайды.
– Алыс та емес, жақын да емес, – дейді қол.
– Ата-анаммен барсам бола ма?
– Жоқ, ол жаққа жай адамдар бара алмайды. Жолды менен басқа ешкім білмейді.
Қалаған тәттіңді жейсің деген сөзді ұнатып қалған Тәттібек көп ойланбастан, қолмен бірге Тәттілер патшалығына баруға келісім береді.
Қол оны қатты тартып қалып, тоңазытқыштың ішіне сүңгіп кетеді.
Қанша уақыт өткенін білмейді. Көзін ашса, Тәттібек басқа бір жерде жатыр екен. Бағанағы үлкен қол да, тоңазытқыш та көрінбейді.
Орнынан тұрып, жан-жағына қараса, міне ғажап! Үй, гүлдер, жер, барлығы торттан жасалған екен. Ал аспанда бұлттың орнына тәтті мақта тұр. Тастардың бәрі жай тас емес, кәмпит. Тіпті бұл жақта судың орнына тәтті шырындар мен сусындар ағады. Тәттібек қуанып кетеді. Енді тәтті іздеудің қажеті жоқ. Жатқан жерінде тәтті жей береді.
Тәттібек патшалықты аралай бастайды. Патшалық өте үлкен екен. Кәмпиттен тұрғызылған сарайға кіреді. Шынымен де бұл кәмпит пе екен деп, тілін тигізіп көреді. Шынымен де тәп-тәтті. Үйдің ішіндегі жиһаздардың бәрі тәттіден жасалған. Тәттібек өз көзіне өзі сенбей, барлық жиһазды тістеп дәмін көріп шығады. Шынымен де бәрінің тәттіден жасалғанына көзі жеткен Тәттібек қуанғаннан секіріп, айқайлап өлең айтады. Кәмпит сарайда асыр салып ойнайды. Тәттілерді отырып та жейді, тұрып та жейді, жатып та жейді. Өзі тойса да, көзі тоймай жей береді.
Осылайша күндер өтіп жатады. Тәттібек қанша жесе де, тәттілер таусылмайды. Тәттілер патшасы оған өмірінде көрмеген тәттілердің бәрін дайындатып береді. Тәттібек ештеңе ойламастан, күні бойы ойнап, тәттіге тойып алаңсыз өмір сүріп жатады.
Бір күні Тәттібек ойнап отырған кезде аузындағы барлық тісі бірден сау етіп түсіп қалады. Ол шошып кетеді де, бақырып жылай бастайды. Енді қараса, қолдары шалдың қолы сияқты әжім-әжім болып кеткенін байқайды. Шошып кеткен ол түрін көрмек болып айна іздейді. Әрең дегенде айнаны тауып алып қараса, шашының бәрі аппақ, беті әжім-әжім, тістері жоқ шалға айналып кетіпті.
– Жоқ, бұл мүмкін емес! – деп айқай салып, айнаны лақтырады да, басы ауған жаққа қаша жөнеледі.
– Қайда қашып барасың, бала? – деп Тәттілер патшалығына алып келген қол оны тұра қуады.
Тәттібек қаша береді, қаша береді. Алды-артына қарамай қашады.
Бір кезде қатты шаршаған ол аяқ-қолы икемге келмей, құлап түседі. Ол жерде қанша жатқаны белгісіз, оянса, мүлде таныс емес жерде жатыр екен.
– Су, су, мен қатты шөлдедім, – деуге шамасы әрең келеді. Осылайша ол ұзақ жатады. Есін жинап, көзін ашса, жанында бір торғай ұшып жүр екен. Кенет торғайға тіл бітіп, сөйлеп кетеді:
– Ата, сізді бұл жерге кім әкелді? – дейді торғай.
– Мен ата емеспін, – дейді Тәттібек.
– Мен көріп тұрмын ғой, сіз атасыз, – дейді торғай қайтадан.
– Мен шөлдедім, маған су әкеп берші, содан кейін бәрін саған айтып берем, – дейді торғайға.
Торғай жақын маңдағы өзеннен аузына толтырып су алып келеді де, Тәттібекке ішкізеді. Тағы да су алып келіп, тағы да ішкізеді. Сөйтіп бірнеше рет су ішкізген соң, Тәттібек орнынан тұрады.
Өзінің бала болғанын, Тәттілер патшалығына келіп, тәттіні жей берген соң шалға айналып кеткенін баяндап береді. Торғай басын шайқап, таңдана тыңдайды.
Торғай екеуі Тәттібекті бала қалпына келтірудің амалдарын қарастыра бастайды.
– Таптым! Таптым! – деп торғай мәз болып ұша жөнеледі. Ештеңені түсінбеген Тәттібек торғайдың соңынан ілеседі. Торғай тынымсыз ұшып, бір бақшаға келгенде ғана тоқтайды.
– Бұл бақша ғой. Ол мені қалай балаға айналдырады? Бұл жерде сиқыршы жоқ қой, – дейді Тәттібек.
– Мына алманы жеп көр, – дейді торғай.
Тәттібек алманы алғанымен, жей алмайды. Жейін десе, аузында бірде-бір тісі жоқ. Жаны ашып кеткен торғай тұмсығымен алманы тістеп, ұсақ-ұсақ қылып бөліп береді. Тәттібек алманың бір кішкенесін жұтқаны сол екен, аузында бір тіс пайда болады. Қуанып кеткен Тәттібек алманы жей бастайды. Алманы толық жеп бітіргенде тістері түгелімен қалпына келеді.
Екінші алманы жегенде қолындағы, бетіндегі әжімдер кетіп, үшінші алманы жегенде шашы қарайып шыға келіпті.
Қуанышы қойнына сыймаған ол билей жөнеледі. Торғай да оған қосылып билепті.
Билеп жүріп «менің үйім қайда осы? Ол жаққа қалай барам» деп ойлапты.
– Торғай, торғай, мен үйімді қайтіп табам? – деп сұрапты.
– Сен үйіңнің жанында жүрсің ғой? – дейді торғай.
– Қалайша? – деп таңқалады Тәттібек.
– Бұл сенің үйіңнің артындағы бақша. Бірақ бұрын сен бұл жерге ешқашан да келіп көрмегенсің. Келгің де келмейтін. Ылғы тәттілер дүкеніне жүгіретінсің.
– Мен енді ешқашан тәтті жемеймін, – деп Тәттібек торғайға сөз беріпті.
Сөйтіп Тәттібек бақшадан өтіп, үйіне келіпті. Жол-жөнекей бақшадан түрлі жемістер де теріп алыпты. Үйіне келген бойда тәттілердің бәрін қоқысқа тастап, оның орнына дастарханға жеміс-жейдектер қойыпты. Содан бері Тәттібек тәтті жемепті.





