Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

ҚОҢЫР КҮШІК

Қанат ҒҰМАРОВ


    Томпылдаған қоңыр күшік үшін бұрын анасынан мықты, одан батыр ешкім жоқ сияқты көрінетін. Ол – бұлардың асыраушысы. Анасы келеді де, ұзыннан созылып жатады. Төрт күшік оның төсін кере еміп, тояттайды. Сосын бірімен-бірі ойнауға кіріседі. Өздерінше тістесіп, ырылдасып, итжығыс түседі. Мейірлене қараған анасы орнынан тұрып, ұзын тілімен бұлардың үстін тазалауға кіріседі. Дүниеде ана мейіріміне жетер жылылық бар ма? Мап-майда, жұмсақ жүндеріне анасының тілі тиген сәтте күшіктер әлемде өздерінен бақытты ешкім жоқтай сезініп, оған еркелеуді бастайды. Қандай жұмсақтық, неткен жылылық?! Осындай жылу төккен ананың бары қандай жақсы! Қуанған күшіктер жіп-жіңішке дауыстарымен шәуілдеп үріп те қояды. Содан кейін анасы төрт күшігін ертіп, вагонның астындағы баспанасынан серуендеуге шығады. Күшіктер анасының аяғына оралып, жүгіріп, асыр салады.
     Бұларды көрген басқа иттер абалап, дереу жетіп келеді. Қайтесің енді, өзгеге тиіспесе, ішкені ас болмайтындар өмірде жоқ емес. Кішкентай күшіктер болса қорқып, анасының бауырына тығылады. Қара аспанды төндірердей болып жеткен әлгі иттер анасымен иіскесіп танысады. Анасы ырылдағаннан кейін ғана: «Басқа ит көрсек, оған ұрыну, жабылып талап тастау – жазылмаған заңымыз. «Ит иттігін істейді», өзің де сөйтесің ғой», – дегендей, жайына кетеді. Олардың кері бұрылғанын көрген қоңыр күшікке жүрек бітіп, артынан шәуілдеп шабады. Енді ше, қасында анасы бар, олар бұған не істей алады? Жаныңда өзіңді қолдайтын арқа сүйерің болғанға не жетсін?! Әрі басқа бауырлары көрсін, мұның қандай батыр екенін! Бауырлары болса, бірге туғандығын білдіріп, ілесе жүгіреді.
     Қоңыр күшіктің тағы бір байқағаны – өмір үнемі аялай бермейді екен. Бірде анасымен келе жатыр еді, жүгіріп кішкентай балалар жетті. Бұған дейін бұлардың үлкен-кішісі тікесінен жүретінін көрген. Сөйтсе, еңкейіп отыра алады екен.
– Күшіктерді қара, – деді олардың біреуі құйрығын бұлғаңдатып, қошемет көрсеткен мұның басынан сипап. – Ішінде еркегі бар ма? Болса, алып кетейік.
– Қазір қарайық, – деген екіншісі мұның желкесінен бүріп ұстап, жоғары көтерді. – Мынау – бала күшік. Бірақ түсі қоңыр, маған ұнамайды.
    Сөйтті де, топ еткізіп жерге лақтырды. Тағдыр кейде осылай топ еткізеді. Бұл байғұс тоңқалаң асып, мұрнымен жер сүзіп құлады. «Аф» деген дауысы шығып кетіп, олардан іргесін аулақ салды. Орнынан тұрып, дүр сілкініп жүре берді. Анасы неге ара түспегенін ұқпады. Кейде арқа сүйерлер де осылай әлсіздік танытып, қиындықпен бетпе-бет қалдырады екен-ау. Әлгі баланың жерге жайлап қоймай, өзін не үшін лақтыра салғанын қоңыр күшік түсінбеді. Мысық емес қой, төрт аяғымен түсетін. (Иә, бұған дейін осындай балалардың бір кішкентай мысықты жоғары лақтырып, төрт аяғымен түскенін қызықтап жүргенін көрген.) Сол күні екі бауырын таппай қалды.
    Қоңыр күшік ойнағысы келді ме, ертеңіне бір кішкентай балақайды көргенде шәуілдеп тұра шапқан. Ол бұдан қорқып, бақырып жылап жіберді. Тістейін деген ойы жоқ. Жай ғана қорқытқысы келді. Онысы жүзеге асты. Енді қоңыр күшік оның қорыққанын қызық көріп кетті. Жіп-жіңішке балаң дауысымен шәуілдеп, жайлап етегінен тартты. Әлгі одан сайын бақырды. «Ойнайықшы» дегендей үріп, қасында тұрғанда, жандарына ұзын бойлы, қоңыр шашы иығын жапқан, аппақ жүзіне мейірім ұялаған бір келіншек келді. Ол сырттай бақылап тұрса керек. Ит одан өзіне қауіп жоғын сезді.
– Аааф, аааф, ааф, – деді кішкентай балаға қарап.
– Қорықпа, Жомарт, – деді келіншек сәбидің қолынан ұстап. – Бұл да сендей кішкентай ғой. Міне, қарашы, кішкентай қоңыр күшік! Қане, кә, кә, бермен кел, күшік!
Жақындап еді, келіншек басынан сипады да, қолындағы сәбиге:
– Міне, көрдің бе?! Ешкімге зияны жоқ, – деді.
Сәби де түсініп, күшікті екі қолымен қыса ұстап, құшақтап көтеріп алды. Мұның басы оның иығына жетіп, аяғы жерге тиіп тұр.
– Мама, үйге алып кетейікші, – деді бала.
– Жоқ, – деді анасы жаймен ғана баланың қолынан мұны босатып. – Біз корпуста тұрамыз. Атаң ұрсады ғой.
– Маған күшік керек деймін, мама, – деп бала жыламсырады.
– Итті үйге апаруға болмайды. Қазір саған ойыншық ит алып беремін. Ал мына күшікке осы жерге келіп тамақ беріп кетеміз.
Келіншек баланы көтеріп алды. Қоңыр күшік оларды үйлеріне дейін шығарып салды. Бірдеңе білген екен. Артына күлімдей қараған келіншек ішке кіріп кеткен, артынша кері шығып, бұған бір тілім нан тастады.
Әрине, адамдардың да бәрі бірдей емес. Кейбірі мұны көрсе, қуалап, тас лақтырады.
    Бұлар өсе бастаған соң, анасы енді көп емізбейтінді шығарды. Оның үстіне, емшек сүтін қашанғы қорек етсін?! Қоңыр күшік өз бетімен ризық іздемесе болмайтынын ұқты. Бірде дүкеннің қасындағы қоқыс жәшігінің жанынан өтіп бара жатқан. Мұрнына тамақ иісі келді. Иіс жәшіктің ішінен шығады. Аш еді. Дереу жүгіріп барып, секіріп жәшіктің ішіне түсті. Себебі, кішкентай ғой, қаттырақ жүгіріп келмесе, бұл жүзеге аспайтын. Өмірде кішкентайлар биікке шығуы үшін өз ақылы мен күшіне сүйенбесе, ешкім қолтығынан демей бермейді. Бақытына қарай, қоқыс жәшігіне шыға алды. Бұған дейін оған секірсе болды, талай мәрте тарпаң асқан. Мұрны алдамапты, қоқыс үстінде шала мүжілген үлкен сүйек жатыр. Қатты қуанды. Аузынан сілекейі шұбырып, тістей салып, сыртқа секірді. Жерге түскен бойда мұны көзін ежірейтіп, тісін ақситқан дәу төбет күтіп алды. О, Құдайым-ай! Бұл қайдан келіп қалды? Нән төбет бұған тап беріп, олжасын иемденіп, өзін сабап, яғни талап жіберді. Ойбайлап қашқан қоңыр күшік дүниеде әділеттілік деген жоқ екенін ұқты. Еңбектеніп жетсең де, қолыңда барды тартып алғанымен қоймай, өзіңді кінәлі етіп шығаратындар бар екен. Сондықтан ризығыңды жариялау керек емес. Жәшіктің ішінде тұрып жеп алғанда, бұлай болмауы мүмкін-ді.
     Ол сүмірейіп, құйрығын бұтына қысып, көрші ауланың астындағы тесіктен ішке енді. Мұнда ала төбет тұратын. Өзі бір момақан, бұған зияны жоқ ит. Қашан көрсе де, шынжырын сүйретіп, бұл үйге келгендерге арсылдайды да жатады. Шар сияқты домаланған төбет. Үнемі итаяғы бос тұрмайды. Бір жақсысы, бұдан көп қызғана бермейді. Бұл жолы да ол атып тұрып, қасына келген мұны иіскеді де, орнына қайта жайғасты. Қоңыр күшік оның итаяғындағы қалған-құтқанды жалап-жұқтап жоқ қылды. Сосын құйрығын бұлғаңдатып, ризашылығын білдіріп, төбеттің қасына жайғасты.
     Кейде бұл иттің өміріне қатты қызығады. Тамағы тоқ, уайымы жоқ. Алайда шынжырын сүйретіп, бір жерде жүре бергеннің несі жақсы? Біреудің байлаулы иті болғаннан, еркіндігінен айырылғаннан, аш жүрсе де, осы тірлігі артық. Ешкімнің қолына қарамай, бәріне өз күшімен жетеді. Бұған дейін осы төбеттің шынжырынан босап кеткенде қалай қуанғанын көрген. Әрлі-берлі шауып, аула ішіндегінің бәрін иіскеп, бұған ілесіп асыр салған. Еркіндікке не жетсін?! Артынша иесі шығып, итін шақырып алып, мұны кесектеп қуып жіберген. Бастапқыда төбетті бұған айтақтап, қоңыр күшікті талатқысы келген. Онысынан ештеңе шықпады. Ала төбет бұған жетіп келгенімен, тиіскен жоқ.
     Қоңыр күшік кейде көңіл көтереді. Арсылдап үріп, өзінен қашқан сиырларды қуалап, қызыққа батады. Олардың бәрі бірдей бұдан қорқа бермейді. Қуғысы, жүгіріп қан таратқысы келіп, бар дауысымен үрсе де, «Кетші, әй, мазаны алмай», – дегендей, орнынан тапжылмайтындары бар. Балаларымен де достасып үлгерді. Кейде олар айтақтап, мысыққа қосса, тұра қуатын. Әрине, мысық деген ойнағанды көтермейді. Кішкентай күшік болған соң шығар, бірде мұның мұрнын тырнап алған. Сол сабақ болды. Жүнін тікірейтіп, «фыс» деп айбат шексе, жақындамайды. Бұл күшік балалар мойнына жіп байлап сүйрегенде де көнді. Тынысым тарылып барады деп қауып алған жоқ. Жіптен құтылғысы келіп, аяғын ербеңдетіп, қыңсылай берді. Үлкендердің бірі келіп, мұны құтқарып жіберді. Бұған дейін бұл егде адамды қос қабатты үйдің алдынан талай көрген. Аузына бірдеңе қыстырып, түтінін будақтатып, шырт түкіріп тұрған. Үстінен қоқыс жәшігін өртеген иіс шығады.
    Аппақ қар жерді басқанда, бұл біраз көтеріліп қалған. Енді желмен ұшқан қағазды бұрынғыдай абалап қумайды. Алайда қарды бірінші көруі. Жұп-жұмсақ аппақ ұлпалар төбесінен түсіп жатыр. Секіріп, жерге жеткізбей қағып алайын десе, тұмсығына тиісімен еріп кетеді. Қар жауғаннан кейін анасы өздерінің баспанасына кеткен. Жұмсақ ұлпалардың денесін сулайтынын білгеннен кейін, бұл да сол жерге тартты. Бірақ осы қыста бұл анасы мен бауырынан айырылды. Сол күні үшеуі қоқыс жәшігінің қасын тіміскілеп, қорек іздеп жүрген. Мұны құтқаратын егде адам қасындағы біреуге бұларды көрсетіп жатты. Ол иттерге беттеді. Шешесі бірдеңе сезсе керек, дереу кейін бұрыла берген. Әлдене тарс етіп, бұларға қарай келе жатқан адамның қолындағы ұзын таяқтың аузынан көк түтін көрінді. Анасы мұрттай ұшып, қар үстіне құлады. Құлақ жарған дауыс екінші рет естілгенде, қасында бірге қашып келе жатқан бауыры да ажал құшты. Қоңыр күшік жанталаса ала төбеттің ауласына кіріп үлгерді. Төбет бас сауғалап, үйшігіне тығылып қалыпты.
    Аулада мұны кесектеп қуатын үй иесі балық кесіп отыр. Кіргенін байқамады. Оны көрген бойда кері қашқысы келген, алайда олай етпей, бір шетте жинаулы тұрған ағаштардың астындағы қуысқа зып етті. Сол жерде отырып, егде адам мен қасындағы отты таяқ ұстағанның аула ішіне енгенін бақылады. Олар үй иесіне дауыстап, бұл тығылған жерді меңзеп, бірдеңе деді. Әлгі жігіт орнынан тұрып, қолындағы балық кескен пышағын тастамай, бұл жатқан орынға беттеді. Еңкейіп, ағаштың астын қарады да, мұны көрді. Қоңыр күшіктің жаны алқымына тығылып, жүрегі дүрсіл қақты. Қашатын жері жоқ еді. Алдында – өлім, арты – бітеу. Ол көзі жасаурап, үй иесіне жаудырай қарады. Тағдыры қыл үстінде! Бәрі секундтарға тірелді. Күшіктің өмір сүргісі келді. Жарық дүниені қараңғы түнекке айырбастағанды қаламады. Алайда ажалдың алдында дәрменсіз еді. Жігіт сәл тұрып, кері бұрылып, анау екеуіне жоқ дегендей қолын бұлғады. Сөйтті де, содан өтіп кеткен болар дегендей, ауланың қарсы бетіндегі шарбақ астындағы тесікті нұсқап, бірдеңе айтты. Жаңағылар кері шығып кетті.
   Қоңыр күшік бір кезде өзін балалардан құтқарған егде адамның мұны өлтіргісі келгенін түсінбеді. Көрсе болды кесектеп қуатын үй иесінің тура келген ажалдан жасырып қалғаны да ақылына сыймады. Адамдарды түсіну қиын екен. Бетперде киіп жүре ме? Жақсы дегеннің жаман немесе керісінше болып шығады. Бірақ қоңыр күшіктің жазығы не? Ит болып жаратылғаны ма? Осындай итшілік өмірді бұл өзі таңдады дейсіз бе? Бұл біреудің ризығын тартып алып жатқан жоқ қой. Құдай нені нәсіп етсе, соны жеді. Бір-екі күннен кейін ол егде адамды көрді. Құйрығын бұлғап, қошемет көрсетті. Татуласқысы келген. Ол да қарсы болмағандай, жақындағанда басынан сипады. Алайда бұл кері бұрылғанда, оның ұялы телефонымен:
– Қоңыр күшік үйдің алдында жүр. Көлік жіберейін, келіп атып кет! Бір шөлмегің менен ғой, – деп айтып, бұған үкім шығарғанын қайдан білсін?!
     Аппақ қарға, күлімдеген күнге, ашық аспанға сүйсіне қарап, жаймен кетіп бара жатты.

Соңғы жарияланған

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

 ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР

ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР "УЛИСС" БАР

                      СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді