Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

КҮНДЕРІМ – ЖАЗҒАН КҮНДЕЛІК

Жұлдыз Қожабекова

ЖЫЛ ҚҰСЫ

Ай аймалады, Күн сүйдi,
Жұбатты тағы Түн келіп.
Әлемім үнсiз... тыншиды,
Күндерім - жазған күнделік!


 
Жұлдыздар сынды сансыз Мұң -
Сыңары мендік тағдырдың.
Қайрылмай кеткен қамсыз күн,
Қайғымды саған қалдырдым.
 
Аспанмен жаным үндесіп,
Арманға әппақ асылды Ай.
Мөлдіреп тұнған гүлге шық -
Жанардың тамшы жасындай.
 
Ұйқымды түнгі ұрладың,
Мазасыз елес - Мұң-Кісі.
Жылдарым- мөлдір Жырларым,
Жырларым менің - Жыл құсы...

ТЕҢІЗГЕ СЫР

Түн. Жерорта теңізі.
Тұр төбемде Шырақ Ай!
Ақ толқындар секілді, ақтарылдым шыдамай…

Аланияның тұрғандай атыңызды бұлты ән ғып…
Сізді аңсаған санамда сағыныш пен  іңкәрлік…

Теңізге айтып сырымды,
Сезіміме сендірем:
“Дәл осылай ешкімді сүйе алмаспын енді мен!”

Ұмытқан шақ еркімді,
Үміт моншақ шашылған…
Самалы боп теңіздің сипадыңыз шашымнан…

Елесіңді жасырды,
қыр басында қырсық Ай…
Қайран көңіл теңіздей,
Тебіренді тыншымай! 

Атыңызды жүректен өшіре алар емеспін,
Кеш кезіккен тағдырды кешіре алар емеспін! 

Бәрі ұнатып, ал сізге байқалмауым тым ауыр,
Сіз жайында ешкімге айта алмауым тым ауыр!

Нені іздеді көңілім шағаладай шарқ ұрып, 
Теңіздегі сабырым,
қалғандай ма сарқылып? 

Үміт оты жалт етіп, найзағайдай көк тілген,
Атыңызды теңізге сыр ғып айтып кеттім мен!

БІР АДАМ БАР!

Күндіз естен, түнде түстен шықпайтын,
Жанымдағы жақсылықты құптайтын,
Көңілімді жықпайтын...
Бір адам бар!

Жылы сөзбен жүрегімді жылытар,
Жамандықты көңілімнен суытар.
Мен дегенде бар дүниені ұмытар,
Бір адам бар!

Көңіліме тағынғанда күз кейпін,
Өлеңімнен өмірімді іздейтін...
Тоғысатын тағдырлармыз біз дейтін!
Бір адам бар!

Елесімен түсіме ылғи енетін...
Сағынғанда, іздеп мені келетін
Өзінен де артық маған сенетін
Бір адам бар!

Жағдайымды сұрайтұғын жие тым
Өнеріме ғазиз басын иетін.
Әлемдегі бар сұлудың ішінен,
Мені ғана жүрегімен сүйетін
Бір адам бар!

Менен басқа қызға көңіл бөлмеген,
Менен басқа қызды көзі көрмеген...
Жан дауамды жан-тәнімен сезініп,
Жан жарамды жанарымен емдеген!
Бір адам бар!
Сол адамның мәңгілік,
Жүрегінің лүпілімін мен деген...

КАСПИЙГЕ СЫР

Каспийдің жағасы.
Кешқұрым.
Мүлгіген жартастың мүсіні.
Есімде қалмапты ескі күн,
Естілмей тұр көктен құс үні…

Көкжиек көк мұнар арбасқан,
Көз ұшы көлбеген көк теңіз.
Ақ толқын секілді алмасқан,
Айтылмай қалды ма өкпеңіз?

Толқынға туғандай ізгі сәт,
Аспанға атады ақ көбік.
Дәл мені сағынған сіз құсап,
Жағаны жанымен жатты өбіп. 

Көк аспан жайғандай кең құшақ.
Көк теңіз танытып сырлас күй.
Дәл сізді аңсаған мен құсап,
Шуаққа малынып тұр Каспий…

Каспийдің жағасы тымыққан,
Айдынға түскен ай мүсіні…
Есте жоқ есімін ұмытқан,
Есіме салды бір кісіні…

ЖЫЛАП КЕТІП БАРАМЫН

Жылап кетіп барамын бұл қаладан,
Жүрегімде дүрсілдеп мұң барабан.
Баянсызын ұқтырды барлығының,
Мені өзіне шын ғашық қылған адам!

Жылап кетіп барамын,
Жаңбыр- жасым…
Аласұрып, жартастай жаңғырғасын!
Тауқыметті тартса да міз бақпайтын, 
Таулар ғана секілді тағдырласым! 

Жылап кетіп барамын күзгі аспандай,
Көңілімді көп сурет бұзбас қандай?
Жүрек деген ең жылы мекенімді,
Мұң дейтұғын мұнара мұз басқандай.

Жылап кетіп барамын…
Мұңмен жалғыз…
Жырақ кетіп барамын…
Мыңмен жалғыз!
Жолайрықта жолығып ақ сезімнің,
Жоғалтқанда қадірін білген жанбыз…

Жылап кетіп барамын бұл шаһардан,
(Қатыгезсің неліктен мұнша қарғам?)
Жүрегіме жерлетіп махаббатты,
Жалғыз қайтып келемін бір сапардан…

СҮЮДІҢ ЖӨНІ...

Мен оны жалқы ғұмыр деймін-ау,
Жалт ете қалар асығып...
Ішімнен ғана күбірлеймін-ау,
Есімін елден жасырып...

Білемін оның «құбыласы» да,
Мен десе кетер құбылып...
Мөлдір жырымның шұғыласына,
Мұздай жүрегі жылынып...

Сәт сайын оны керек етемін,
Жырыммен соны ұқтырдым.
Жырақтап алыс неге кетемін?
Қос жанарына тұтқынмын...

Қызғанып жаным, талай күйді ішім,
Жүремін қалай аңсамай?
Тағдырдың жолы оңай деймісің?
Сүюдің жөні дәл солай!

КЕРІ ОЙ

Қымбаттым! 
Нүктесі қойылсын бұл хаттың! 
Соңғы рет жүзіңе назар сап,
Соңғы рет тіл қаттым:

«Өмірге өкпелі емеспін,
Шеріңнің шектеуі емеспін.
Несіне налимын? 
Сіз үшін
Сезімнің көктемі емеспін»...

Өртенген түндерім далбаса,
Кектенген күндерім далбаса.
Ұнаттым, мұң емес ол да аса,
Ғашық боп қалғаным болмаса.

Баспасын мен жайлы еңсеңді ой,
Көрсетпей кетермін өлсем бой.
Жек көрем мен сізді.... бірақ та
Дәл қазір көрсем ғой...


ҚОШТАСПАЙЫҚШЫ ЕКЕУМІЗ...

Жүрегімнің жүз əніне лайықсыз,
Сізсіз өткен көктем нұрсыз, бекер күз.
Алдыңызда болмасам да айыпсыз,
Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

Жанардан-ақ мөлтек сырды түсіндік,
Біріміз-Ай, біріміз-Күн екенбіз..
Себеп тапсын ажырату үшін жұрт,
Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

Сізге деген сезіміме жыр куə,
Наз етеді шемен шерін шекер қыз.
Өткен шақта жасасақ та мың күнə,
Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

Сүйген жүрек үшін мұң мен наз бақыт,
Бірге болсақ бір мұратқа жетерміз.
Өкпелесіп қалсақ-тағы аз уақыт.
Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

Сезім семіп, көңіл көніп өлгенше,
Қарттық таяп, қасымызға жетер күз.
Ажал келіп арамызды бөлгенше,
Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

Шешімі боп жанардағы жұмбақтың,
Өтер талай көктем нұрлы, өтер күз,
Жүрегіміз қалайды ғой қымбаттым.
Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

БАТЫРЛЫҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Көшкенде көкжиектен көкбесті Күн,
Тарихы таң қалдырды көпті ескінің.
Дәуірлер дәруіштей дәріптеді
Даңқты ер – Дәуімшардың от кескінін.
 
Жем бойы – Ер Дәуімшар өткен аймақ,
Қаймықпай хас дұшпанға еткен айбат.
Алыстап асқақ болған тау секілді
Атағы бара жатыр көкке бойлап.
 
* * *
 
Хас батыр жанарынан от ыршытып,
Тұлпардың көк езуін көпіршітіп.
Қазағын қорғауды ойлап, жорық алды
Қабағын қалың ойдың отыр шытып.
 
– Сап жүрген құралай мен құлан айтақ,
Бабаның аманаты – мына байтақ!
Халқыма оза шабар күн тумайды,
Отырған озбыр патша құламай тақ!
 
Қазаққа салған сынақ, дүрмегі ауыр...
Бұлдырап бұлбұл ұшқан...
Бұл не дәуір?
Жоңғарлар жорық бастап, орыс ойран,
Күлкі жоқ, күнде соғыс, күнде дауыл!
 
Намысын найза қылып мың Адайдың,
(Құр босқа сырғымады құралай күн).
Дәуімшар "Я, Бекет!" – деп атқа қонса,
Жарқылдап жанарында тұрады айбын!
 
Түрікпенді қылышымен шырқ үйіріп,
Орыстың аспанына бұлт үйіріп.
Дәуімшар Құдабаймен қол бастаса,
Тұяғы тұлпарының тұр түйіліп...
 
...Кезең-ді қызып тұрған көрігі істің,
Жол жатыр жалғастырып жорық үстін.
Жыл еді мың сегіз жүз он екінші,
Бірі еді бұл орыспен көп ұрыстың!
 
Бекіген айрылмауға  кең бесіктен,
Ерлігін Дәуімшардың  ел де есіткен.
«Жерлерді отарланған игерем» деп
Орыстың сарбаздары енді есіктен...
 
Жем бойы...
Намысты жұрт назар бұрған,
(Дәуімшар талай жауды мазар қылған).
Орыстар зеңбірекпен қаруланып,
Қылышқа қарсы тұрды ажал қырдан!
 
Тарихтан өшіре алар аңызды кім?
Дұшпанның алға тартып жауыздығын.
Әйгілі бір батыры бас тартады,
Атының кері бұрып ауыздығын.
 
– Ер емес, ез екенсің! Қара мұнда!
Сылтау қып дұшпанының жарағын да.
Ешқашан батыр бабаң бас тартпаған
Жауынан ұлы жорық алаңында! –
Дәуімшар мылтығын ап, атып салды,
Намыстың қаны қайнап жанарында: –
Өлгенің өз қолымнан дұрыс! – деді, –
Дұшпанның тапталғанша табанында!
 
Жем бойы ұлы жорық сүйемі бар,
Дәуімшар батыр жатқан киелі жар.
Жаудан қорқып жалт берген – күйеу екен,
Сол маңда оның дағы сүйегі бар...
 
Намысы кетпеу үшін жат қолында,
Өтіпті Ер Дәуімшар ат жалында.
Дегбірін талай жаудың қашырыпты,
Құдабай қатар жүріп қапталында.
 
Ер еді батырлықты мансап еткен,
Халқының азаттығын аңсап өткен,
Сар дала сарбаздарын сыр етеді
Өтсе де қанша заман, қанша көктем!
 
Ел жасы қара жерге рә сіңбей,
Жасалды батырына рәсім кей.
Көзге оттай басылады ескі күмбез,
Көмескі көне тарих куәсіндей.
 
Халқыма бұйырсын деп кілті бақтың,
Көгімнің жасырсын деп бұлтын ақ күн.
Кешегі бабалардың ерлігі бар
Бүгінгі әр сәтінде ынтымақтың.
 
...Көшкенде көкжиектен көкбесті күн,
Тарихы таң қалдырды көпті ескінің.
Дәуірлер дәруіштей дәріптеді,
Даңқты ер – Дәуімшардың от кескінін...

 

 

 

Соңғы жарияланған

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

 ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР

ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР "УЛИСС" БАР

                      СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді