Қазақ поэзиясында қарттық – тек жас ұлғаюының өлшемі емес, тұтас бір ғұмырдың шежіресі, уақыт пен адам арасындағы терең толғаныстың тақырыбы. Ақындарымыз ата мен әженің аялы алақанын, әке мен ананың қадірін, жастықтың өткіншілігін, кәріліктің кемелдігі мен кейде көңілге ұялайтын мұңын әр дәуірде әрқалай жырлады. Бір өлеңде қарттық – даналық, енді бірінде – сағыныш. Бірінде ұрпаққа айтылған өсиет болса, бірінде уақыттың алдында дәрменсіз қалған адамның ішкі монологы. Бірақ бәрінің тоғысар тұсы біреу: адам ғұмырының әр кезеңі қадірлі.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай қазақтың көрнекті ақындарының қариялар туралы жүрекке жақын жырларын оқырман назарына ұсынамыз.
Сағи Жиенбаев
Ауыл қарттары
Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде,
Тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет –
Қарттарым, аман-саумысың?
Өздерің болсаң жанында,
Ел іші жомарт,
Еңселі,
Дән иісі жүрген қанында
Даламның бір-бір бөлшегі.
Арада жылдар жөңкіліп,
Алыстап кеттім біртіндеп,
Айта алмай ауыз толтырып
«Ассалаумағалейкүм!» – деп.
Өзге бір менде жоқ тілек,
Өздерің көзбен баққаным,
Жайлы жер іздеп кетті деп,
Жазғыра көрме, қарттарым.
Ердім бір сиқыр қаламға,
Шығардым белге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң,
Даламда
Әулие қарттар жүргесін.
Жанды ғой бағы даланың,
Сендерге қуат, дем берсін.
Киесі де оның сендерсің,
Иесі де оның сендерсің.
Алдында жүрші көзімнің,
Асылым, алтын қазынам.
Ауыра қалсам, өзіңнің
Пейіліңмен-ақ жазылам.
Сағынтып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның иісі бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүрші!
Мұқағали Мақатаев
Қариялар азайып бара жатыр
Неменеге жетiстiң, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр .
Бiрi мiнiп келместiң кемесiне,
Бiрi күтіп, әнеки, жағада тұр.
Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетiмдiк басымызға.
Жалаңашқа шекпенiн шешiп берiп,
Бiр күлшесiн бөлiскен ашымызға.
Арсыз күлкiң тыйылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да,
Араздасып ағайын кетер едi,
Бiр қария болмаса бiр ауылда.
Бiз қария болғанша,
Кiм бiледi,
Баламыз да шал болып үлгіредi.
Бiр-бiрiнен екi шал асамын деп,
Кiм бiледi,
Бiр-бiрiн бүлдiредi.
Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса бүлк етiп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар...
Ақ кимешек көрінсе
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем.
Өңі-түсі өзіңнен бір аумайды,
Немересін ертпесе жүре алмайды.
Таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсі,
Көзіме оттай басылып, алаулайды.
Аппақтығы ұқсайды әрінің де,
Әжімің де, аумайды тәлімің де.
...Әлемдегі әженің бәрі бір ме?!
Әже, сен тірі екенсің әлі күнге.
Қия өтпейді...
Ұқсайды ізеті де,
(Ізетсізді бұлар да түзетуде.)
Бұлар да бабасынан алып қалған,
Өз жұртының дәстүрін күзетуде.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
...Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса...
Нені көрем???
Жұмекен Нәжімеденов
Қарттар
Алматыда кәрі көп, сәлемдессең бәріне
тілің талып қалмайды,
қол тозбайды әрине.
Талпынғанмен көңілің уақыт жоқ, туысқан –
не жұмысқа барасың,
не қайтасың жұмыстан.
Ғанибет қой қарттарға сәлем беру, жолығу,
ол жолығу болады – не жетпесе соны ұғу.
Сөйлемейтін жан олар не күлмей, не күрсінбей,
әнеугі айтқан әзілі бойыма әлі жүр сіңбей.
Қейбіреуі сыздықтап сауал тастар қыңырлау;
«Балам, мына шашыңды өрейін деп жүрсің бе, ей?»
Жанарымен содан соң әрі сыншыл, әрі ойлы,
бақайыңнан басыңа сыпыра бір қарайды.
Сен кетесің онсыз да әлсіз мойының бір түсіп,
Қарт қалады жүзінде – ой, миығында – күлкісі.
Ақтарасың ішіңді, ақталасың жасымай:
«біздің мода осылай, біздің мода осы ғой.
Қарттарыңның модасы – таусылмайтын қонағы
және осы дода-бас бізді сынау болады».
Әр кездің өз модасы,
шалдардың да шалы бар,
сол модаға – шалдарға еліктеуші тағы бар.
Ақылдының атағы – ақылсызға күш емес,
үлкен үнді қайталар – жаңғырық қой, кісі емес.
Көргім келер ылғи да: ақылды сол сыншы қарт
орағытып алысты отырғанын шымшылап.
Фариза Оңғарсынова
Қарттар
Жырақта жүрсем – мақтаным,
жанында жүрсем – баптарым,
атырған көзден тірліктің
ақпанды таңын, ақ таңын;
көңілдерін кірбің шалмаған
кешсе де өмірдің шатқалын;
тарланы болған халқымның,
салмағы болған даңқымның,
қайырымды қайран қарттарым!
Аршып ап батпақ, балдырдан,
арқалап өткен сан жылдан
Намыс пен Арды мұра етіп
ұрпақтарына қалдырған,
уызымен елдік, кеңдіктің
ұл-қызын ауыздандырған,
əкеңнің жоғын білдірмей,
аймалап шығар алдыңнан,
бəйтерегі биік бақтарым,
қайыңдай қайсар қарттарым!
Елімнің қанын сіңірген,
жерімнің нəрін сіңірген,
жүйрікті көрсе, сүйсініп,
жалтақтық көрсе, түңілген,
алдында ажал тұрса да,
ақиқатқа ғана жүгінген,
қасиетің мен құлқыңды
тілдеспей таныр түріңнен;
өздерің барда, мұңым кем,
сайраным көптеу жүгімнен,
шаңырағым биік, гүл іргем!
Ұрпағыма айтар мақтаным,
сендермен тірі салт, қаным,
алдымда дəйім жүріңдер,
қазығым – алтын қарттарым!
Қадір Мырза-Әлі
Жол ортасы
Қайран тірлік!
Қызықтың бәрі осында:
Өкпе-наз да,
Үйлесім-жарасым да.
Орта жолда тұрмын мен,
Орта жолда —
Жастық пенен кәрілік арасында.
Талай беріп жастықтың не бір залпын,
Ту деп білдік қазақы өмір салтын.
Жастық жағым — сәске түс,
Жайма-шуақ;
Қарттық жағым — жайлы кеш,
Қоңыр салқын.
Жеңілдемей тірліктің салмағы әлі,
Жабылады көңілдің сәл қабағы.
Жастық жағым — көк тоғай бүлдіргенді,
Қарттық жағым — сап-сары алма бағы.
Махамбетпен, Абаймен әріптес ек,
Дәріптедік халықты дәріптесек.
Жастық жағым — қызу іс.
Қызыл қырман;
Қарттық жағым — сый-құрмет,
Мамық төсек.
Қайғы-мұңға көңілім неге көнер!
Қуанышсыз — шырақтай сөнеді өнер.
Жастық жағым — көңілді құрбы-құрдас,
Қарттық жағым — жиен мен немерелер.
Азаматпын аптапта күн қақтаған.
Ақыл-ойын тірліктің тыңдап бағам.
Құдай өзі сақтасын о дүниеден,
Жастығым да,
Қарттық та қымбат маған.
Дегенменен,
Алғанда қала тыным,
Пайдаланып қараңғы дала түнін,
Жастық пенен кәрілік арасында
Жердің жоғы-ай тығылып қалатұғын!





