Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

ҚАРАША ҚҰСТАР ҚАНАТЫ

ИМАНҒАЛИ БӨГЕТБАЙ


***

Үстел үсті.
Көздеріммен көздерің соқтығысып,
Бокалдармен бокалдар қақтығысып,
Таңқурайдың тосабын сығып-сығып,
Сорымызбен қайнатып жаттық ішіп.

Шөлмек сыңғыр,
сен және қалың нөпір,
Азан-қазан айқайлап жаныңда отыр.
Қаптаған тобырлардың арасынан,
Көздеріңе сүңгідім ағыл-тегіл.

Бір шансон,
бір симфония,
мың-мың жүрек…
Қай жаққа жетелейді құрғыр түнек?!
Көзіңе көзім тиіп кеткен тұста,
Кетеді жүрегімде бұлбұл түнеп.

Ал кейін - 
Күн сәулесі күліп атып,
Көзіңе ғашық болар шұғыла, бұлт.
Ал мен ше?
қарайладым жан-жағыңнан,
Әлемнің әр бұрышынан тұрып алып.

Кеудемде сыбызғы ма сыңсып қалған?
Көмейге жасырынып тұншықты аспан.
Шаштарың толқынданып тұрды сонда,
Қарап ем Шүршіт жақтан…

Гүржістан,
Мажарыстан
 қолыңды бұлғап тұрдың сол алыстан.
Сұлбаңа сұлқ құлап, құптан ауып,
Жаңылып күнтізбеден, шам ауысқан.

Мен неге сенде қалдым?
Хиуадан қарағанда сенде бармын.
Бағдаттан қарағанда сенде бармын.
Құдыстан қарағанда сенде бармын.
Қаңбақтай қаңғырумен жел сүйрелеп,
Содан соң… елге оралдым.

Елге оралсам, көзіңді түбі тұнық,
Қалыпты қасыңдағы жігіт ұғып.
Сәуегей түн айтқасын сырларыңды,
Шық жаным, шашырады үгітіліп.

Үстелі үсті.
Көздеріңмен көздерің соқтығысып,
Бокалдармен бокалдар қақтығысып.
Сынық әйнек жүректі тілгілейді,
Жібергенде бокалды қатты қысып.

Көңілімді суытқан жарты қайғым,
Сынған бокал ішінде қалтыраймын.
Тасадан бір қарашық сығалайды,
сабағын үзіп алып,
Таң…Қур…Ай…Дың!

 

ЕҢ


сен - ең, ең, ең!
еңдердің зәузәті ме ең?
«сен» деп тұрып құстарды сайратып ем.
кербез басып жүріп кел маған қарай,
ала-қызыл алдыңа жай да кілем.

тақ-тұқ етіп өкшеңмен еден құшып,
дәлізбен кел,
мен көктен келем түсіп.
батиқасын ап түсем төнеу жақтан,
Қалқаманмен, Мамырмен сәлемдесіп.

суыр сосын кеудемнен
жүрегімді ап!
тәнім
көзім
тек сендік,
түгелі жат!
содан кейін шәліңді шешіп ал да,
өлең қылып мойныма жібер орап!

сен - ең, ең, еңсің,
еңдердің ішіндегі!
жүрегімді қолыңа ұстатайын,
өзіңнің жүрегіңе ұшыр кері!


***


Бір 
екі 
үш
«Біз» десе - алай-дүлей сұм еді күш.
бір, екі қауырсынын мұңға малып,
Тор ішінде торығып жүр еді құс.
 
Қарайды кең далаға, көлден ада,
Көл алыс, алшақтады енді екі ара.
Құсбегі тор есігін ашты кейін:
«Жүр» деді қарындас құс,
ермеді аға.
 
Қанатын самал тербеп, сай аралап,
Ұшады қарындас құс "ой, ағалап!"
Шалшығы шақырады ала шұбар,
Жарқабақ, шәлкес-шәлкес
 жол алалап.
 
Бір
екі
үш
Жаралы жүрегіңді түлетіп ұш!
Ал менің аққу құсым "сәруәрлап"
сызылтып ән салып тұр
 - кім еді?
      түш…

 ***

Махаббат музейіндегі «музам»
«Мұңылығым»
Түндігін ашқан өн бойымдағы жырды ұғын!
Сағымға кетсе, сағынбай кетер кімді-кім?
Сені сағындым
Сағындым сені
Сағынысайық!
Алып-ұшайық, ұмытып күллі өкпені,
Тағы құшайын - деміме демің жетпеді.
[Қара пальтомнан қараймын қанып,
         әтірсіз иісің кеппеді]

Тек сені сүйем,
Тек мені сүйші - сен де шын!..
Биязылыққа кереғар бұла келбетің,
Ұмыттырардай жұп-жұмыр мына - жер бетін.
«Махаббат» деген
монтансып тұрған ғаламда,
Сені іздеп жүрген - мен жетім!..

Сұмпайы сезім улады менің санамды әр.
Жайықта мен бар келешегіңе алаңдар!
Күтеді сені Атыраудағы қамкөңіл,
жана алмай тұрған фонарлар…
жаза алмай жүрген қаламдар…

 

Қараша құстар

қараша құстар,
қараша құстар,
біздің аймақтан әрі асасыңдар.
табыт көтеріп жаназа күні,
жоқтау айтумен тарасасыңдар.

терезе тұстан шым-шым үйіліп,
сәждесін жасап шымшық иіліп.
қараша құстар тізбектеп ұшты,
қараша бұлттан ұршық иіріп.

қараша құстар, құжынап бәрің,
құмарсыңдар, ә, жылы жаққа тым?
мен білсем жерден жылылық кеткен,
тұрғынысыңдар-ау
ұжұмақ жақтың…

 

"Тұманбайды аяппын мен ақымақ"
(с) Есенғали Раушанов

Содан соң…
содан соң сен - мен болып
мен - сен болып,
Адасып бізбен бірге жол сенделіп.
Лалагүлден жасалған көйлегіңнің,
етегін ауық-ауық жел тербетіп.

Жел тербетіп
түрткілеп
биге сүйреп,
(Желменен жағаласып күй кешер ме ек?)
Түймедақ бәлсінеді әлсін-әлсін,
«сүйсем бе?» тағдырыңды
 «сүймесем» деп?!

Мау бақтар
мешел екеу 
ертегі үміт
Отырмыз Алатауды еңселі ғып.
Оқыдым Жазай жырын - «тамып түсті»
жұлдыздар ғаршы жақтан төңкеріліп.

«Қарағым, айналайын бүлдірген көз
Сені де сағынта ма бір жүрген кез?»
бұл менің - сезімімді білдірген сөз,
Дәл сенің - жүрегіңді тілдірген сөз!

Еріні дір-дір етіп гүл баяным,
«Оқыма, оқыма» деп тым баяу үн.
Жазай жыр қала берді өз ішім де, 
Оқылмай қалған сонда жырды аядым.

Содан соң…
содан соң сен - сен болып,
мен - кем болып!
Тарқадық жұмбағы көп елден жеріп.
Табиғат оқиды кеп Жазай жырын,
Ұйып тұр ырғағына жел тербеліп.


СЕН ДЕ КЕТІП БАРАСЫҢ ГОГОЛЬМЕНЕН
 
Жаным - әлем,
Сен де кетіп барасың Гогольменен
Мен де өтіп барамын Гогольменен
Дәл сол күні жанардан төгілді өлең,
Бірақ… бірақ…
(бірақ та сұрақтар көп)
 Мейман, мейман
 көшеге кінә артпа көп!
бұл көшені «тамұқ» 
деп ойладың ба?
мен де қалам Гогольды
 «жұмақ па» деп?!
Кербез-кербез 
жолдармен кетті құсни,
дәл осы бір жолдарға жат кісідей.
Тізбек
тізбек
көліктер өтіп жатты,
Үнсіз тартқан молданың тәспісіндей.
Құлазыған көңілді кешіп сол маң,
Гогольменен жүрек көп, көшіп-қонған.
Жолымда жолығар ең
дәл сол күні,
«Абайдың даңғылымен» кетіп қалғам…

***

Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында, қала ғой, өтінемін
(с) Есенғали Раушанов
 
Бір қарады
артына - екі кейін.
Жібермей тұр өткенді, несі қиын?
«Раушан жырлар» 
біз жақта оқылмайды,
Қайтшы үйіңе, қайта ғой, өтінейін.
 
Бар, бара ғой, мінсізім, мүсінді елік,
Біздер тек бұл өмірден «үзінді» едік.
Ас үйде мен қалайын аңтарылып,
Піспеген тағамыңның тұзын сеуіп.
 
Рабайсыз ғұмырлар, рақым етің,
Тастап кет төрде қалсын портретің!
Жарты жолдан үзілген сезім сынды,
Салынбай қала берсін жарты бетім.
 
Қыл арқанды осылай үзді бейбақ
Нем бар ед(і) күзді қинап, 
қызды қинап?
Жетпіс екі хор қызын дұға еткен,
Жетімсіреп қалмайды біздің үй жақ.
 
Көкжиек көрінбейді теріскейден,
Жоғалып кетсін солай күміс бейнең!
Сол қаңтардың ішінен «күтем» дейсің,
Мен саған Шекспир ме ем, 
Гетсби ме ем?
 
Шарайнаның кетпей тұр айғыздары,
Он ойланып кетпей тұр байғұс жаны.
Тезірек бұл ғаламнан шықшы Қалқам,
Келіп қалып жүрмесін хор қыздары…
Көріп қалып жүрмесін хор қыздары…

***
 
Мұңыңа тұзын сеуіп, меңіреу күз,
Өткенге орала алмай, еңірерсіз.
Шашыңды сабалақтап, тысқа шықсаң,
Желді де қарғап-сілеп, «долы» дерсіз.
 
Толықсып, одан сайын көмбіс келбет,
Үстіңе сыймай қалып әртіс көйлек.
Кештерден қалып қойып, мата таппай,
Тағдырды боқтап алып, қарғыс тілеп.
 
Миуа күз сыймай кетіп мишығыңа,
Өкініп, жұртқа жайған кей сырыңа.
Төбеңнен күн зілімен буырқанса,
Ішіңнен отырмысың күрсініп, ә?
 
Аспаннан жаңбыр құйып мезені алса,
Жуынып сол жауынмен көше болса.
Етегіңе ұстатып көше суын,
Көліктер мазақ қылып кете барса,
Жынданасың
 
сұп-сұр боп күнгеш өңің,
Жолдарында жақтырмай бұл көшенің.
Осындай сәтсіздіктің барлығына,
Кінәлі мені қылып жүр ме екенсің?

 

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді