АСАНТЕМІР ҚАРШЫҒАҰЛЫ
***
Түннен қашып, жеткенмен таңға асыға,
Дөңбекшідім жатқанмен жар қасына...
Жапыраққа хат жазып желге ұшырдым,
Жетті ме екен үйіңнің ауласына...
Қарай салшы көзіңнің қиығымен,
Сөйле сосын сезімнің биігінен.
Жүрегім-ай, жүрегім кісінейді,
Құлындайын адасқан үйірінен.
Бұған бола өкінбен мен де, сен де,
Жазылмас дерт жазылмас емдесең де...
Жапырақ ол сезім ғой ұшқан желмен,
Болады хатқа жауап бермесең де...
***
Ырылдасып анаумен, мынаумен де,
Шыбын жан шықпай қойды шығар жерде.
Аспан жаққа ұшып-ақ кеткім келіп,
Қомданам да ұша алмай тұрам жерде.
Жердің беті жіберді жиіркендіріп,
Жығыла берді жиі желкенді үміт.
Бастың іші бөтен ой. Өзімді өзім,
Желкелеп отырғаным желкемді ұрып.
Желкемді ұрып, содан соң басымды ұрып,
Жұртқа көрсетпейін деп тасыр қылық.
Е, қырық төрт жасыңда сорақы екен,
Өмір сүру өзіңнен қашып жүріп...
***
Өледі ақын. Сосын бәрі жылайды,
Бірі адамды жазғырады, Құдайды.
Есі танып, естеліктер айтады,
Тірісінде қадірлеген сыңайлы.
Өледі ақын. Сосын барып көмеді,
Садақада айтылады беделі.
Өр еді деп, мықты еді деп өлеңі.
Соған күлкім келеді.
Ақындардың қадіріне жетпедік,
Шауып жүрген бүгін ақын кетті өліп...
Ту сыртынан саусағыңды шошайтып,
Кеше соны отыр едің жек көріп...
Ақын өлді, ал, жыла!
Талантпен тілдесу
— Әй, Асантай, аға жоқ па сенде осы?
Біз бармыз ғой бір Құдайдың пендесі.
Уатсабыңа бір мекенжай жіберем,
Кел де мені өлеңіңмен емдеші.
— Кешір, аға, болып кетті қарбалас,
Сәлден кейін бара салам.
— Алдамаш(ы).
— Иә-иә, аға, барам дедім, барам ғой,
Ақын уақыт таңдамас...
Әй, тірлігі таусылған ба тірінің,
Отыз-қырық минутты ұрлап ұры-күн.
Жетіп келдім. Бастап кетті әңгіме,
Талант ағам тұтатты да шылымын.
Сөз ауаны бұрылды да қалжыңға,
Ә дегеннен болды әңгіме Әбділдә.
Өтежанның аруағын аунаттық,
Талантымен шыдас берген тағдырға...
Табылдының туралығын сөз етіп,
Отырғанда кетті уақыт тез өтіп...
Дарынды ұлын тепкілеген бұ қоғам,
Аяғына киіп алып жез етік.
Күрсінді ағам:
— Айналайын, жан інім,
Қоғам үшін қажет емес дарының.
Қуандықтың өлеңдерін өртедік,
Қадырдың да кейін білдік қадірін.
Есенғали, Есенқұл да жоқ енді,
Соларға құсап жазбағасын өлеңді.
Қазір көбі хан алдында сайрайды,
Болғысы кеп беделді.
Адам деген қарау керек шамаға,
Дұрыс айтып отырмын ғой, ә, бала...
Құдай ғұмыр берсе екен деп жүремін,
Сабыр Адай, Шәһизада ағаға.
Шын таланттар әлі төрге шығады,
Талантсызды Тәңір өзі ұрады.
Сәлден кейін белең алды үнсіздік,
Таланттарды талант сөзсіз ұғады.
Біз екеуміз отырған жер — жертөле ед,
Мен ағама көп отырдым еркелеп...
Біздер күткен Қырғыз-Қазақ кешікті,
Кетіп қалдым ертерек...
Соңы не болды екен?
*(Түсіндірме: Қырғыз — Қанат, қазақ — Данияр)*
Жағымпаздарға
Патшаға да басқаға да бас игіш,
Жалпақтаған кісілерге ашиды іш.
Ажалыңнан бұрын сені өлтіріп,
Көмбей тұрып маңдайыңа тас үйгіш...
Мен соларға қайран қалам... иә, рас,
Жағыну мен бағынуың ұялас...
Ханға сәлем бермейтұғын қайсарлық,
Қанымызда бар еді ғой, ей, Алаш?!
Сол қайда кетті?
***
Тәңірдің жаңбыры, шомылдыр мені,
Шомылдырмасаң болмайды - көңіл кірледі.
Жапырақтай жанымның тоңып жүргені,
Рас, рас, боп кетті жолым күрделі.
Жеткіземін кімге айтып күйімді енді,
Айға ұмтылсам, құладым сүйіп жерді.
Жетпей отыр ақылым сүйген құлын,
Құдай демеп жіберсе, қиын ба еді?
Әлде о кісі бұрмай ма құлға мойын,
Төменшіктей береді шыңдағы ойым.
Қапылыста кездесіп қалармын деп,
Іңір түссе кеземін жылға бойын...
Ұлы әулие, құл сөзін топшыларсың,
Қаһарлансаң аспанды от қыларсың.
Қане менің сөзіме түр құлақты,
Бар шығарсың маңайда жоқ шығарсың,
А!
***
Адам өзі қолыменен батады екен күнәға,
Оның қалай бататынын ойлан, бірақ сұрама.
Иықтағы қос періштем арыз айтса Аллаға,
Құдай мені кешірмейтін шығар, ә,
«Күнәһар» деп бұл бала.
Адам өзі қолыменен батқан кезде күнәға,
Иықтағы қос періштең арашаға тұра ма?
Жер мен көкті жалғыз өзі жаратқан,
Құдай мені кешіретін шығар, ә,
«Ақын ғой» деп бұ бала!
***
Үйрене алмай тірлікке қала жақтағы,
Аңсайтыны көрініп дала жақты әлі,
Қалың ойды құшақтап бара жатқаны,
Саған ұқсайды,
Саған ұқсайды,
Саған ұқсайды!
Ашуы да аспайтын қақпадан әрі,
Көңілінің төрінде сақтаған әні,
Сілкіп тастап бұрымын жалт қарағаны,
Саған ұқсайды,
Саған ұқсайды,
Саған ұқсайды!
Өзі ғана өртеніп жан алауына,
Тәкапарсып айнала қарағаны да,
Жүрегімді, жанымды жаралауы да,
Саған ұқсайды,
Саған ұқсайды,
Саған ұқсайды!
***
Ұқсаушы едік екеуміз қимас жанға,
Тәкаппарсып қарайсың кейде аспанға.
Ғұмыр қысқа қыранның тұмсығындай,
Жететіні жоқ, досым, сыйласқанға.
Қонақтасын басыңа ғана бақыт,
Сол үшін де берілген саған уақыт.
Сыйласпасаң, өкініп жылайсың-ау,
Табытымды көтеріп бара жатып...
Тағдырыңа жазылса жүлде бөлек,
Достан басқа жүреді кімдер елеп?..
Жылап келіп кешірім сұрап тұру,
Қабірімнің басында...
...кімге керек?
***
Айналайын Абылайым, әй, інім,
Ұқтыра алмай жұртқа сөздің байыбын.
Бекіресін аза тұтып, бүк түсіп,
Жылап ағып жатыр ма екен Жайығым?
Балық бітіп...
Жұрттан қалып, бір ермек.
Малды жайғап, құнаныңды шідерлеп,
Кеш батқанда Қадырқұлда жатсың ба,
Өлгендердің өлеңдерін түгендеп...
Е, бізде ме, біздің жақта кіл мықтың,
Бәйтерегін аласартып Бірліктің...
Өлуіне жұмыстанып Шындықтың,
Сарайында билеп жатыр Сұмдықтың.
Біздің жақта таң атқанмен арайлы,
Сүрінгенді ши бөрілер талайды.
Фейсбукте ақыл айтқан ағайын
Өз тіліне өгейсініп қарайды.
Осыдан-ақ біздің хәлді біле бер,
Жаз өлеңді. Ал жығылсаң, түрегел.
Алматыға кетем депсің қайтесің,
Сағынтайдың саясында жүре бер!
***
Жұбата алмай көңіліңді сәл босаған,
Жабырқап жүрме екенсің, Жандос ағам.
Қапаланба, адамға тағдыр — Құдай,
Тығырықтан шығатын жол жасаған.
Жайыңды жұрт айтпай-ақ түсінемін,
Жылқыдай жер тарпыдың, кісінедің.
Саған осал болуға болмайды, аға,
Қиядан шалып түсер құсым едің.
Бәрі де реттеледі, уайымдама,
Сені серпілтеді әлі сайын дала.
Көкем-ау, кез келгенге күйіп-піспей,
Ойласаңшы жүректің жайын ғана.
Жолыңды көп кеседі киік-өлең,
Білем ғой жұртқа берер сыйың — өлең.
Жүрегіңді сақташы, сақташы, аға,
Түсімде мен өзіңді жиі көрем.
Жан едің татитығын сөзің нарға,
Аға, жігерлендірсін өзіңді Алла.
Түсімде көрем сені, көп ұрсасың,
Білмеймін, өкпелеткен кезім бар ма?
Кешір!
***
Аяулы әнім,
Сен менің жүрегіме аялдадың.
Қырықтан асқан кезде амалым не,
Қомданып қанатымды жая алмадым.
Көзі әдемім,
Көңілімде ойнаттым сөз-әуенін.
Ар-ұятым көлденең тұрып алды,
Мен әйтпесе қолымды созар едім.
Қош қарағым,
Қоштасудан қалмады басқа амалым.
Батқан күндей еңкейіп мұңаямын,
Тағдырымның бұза алмай тас қамалын.
***
Біз танысқан кезде күн жаңбырлы еді,
Сонда сені құшақтап алғым келді.
Қасыңда қорғаның боп қалғым келді,
Саған бұйыртпапты ғой тағдыр мені.
Есімің жазылмапты маңдайымда,
Тағдырдың кермек дәмі таңдайымда...
Ойлар, ойлар мені ылғи салды уайымға,
Құдай сені қосты екен қандай ұлға...
Ұмыт боп қалды-ау саған түрім менің,
Жүрегімдей жылап тұр бүгінде күн.
Қай қалада екенсің?
Астанада.
Көп қабатты үйлердің біріндемін.
***
Басында атанып ем қасқа бала,
Қиналмай жайлы өмір бастала ма?
Баяулап жерге сіңген қызыл күндей,
Үйренісіп қалыппын Астанаға.
Елордаға келгелі байқағаным,
Сән үшін деп, өзгенің айтады әнін.
Сені қонақ қылмаққа ниеттеніп,
Көшеден ұсынады шай-тамағын.
Билікшіл көкелер көп көки берген,
Жиналысқа жұртының еті үйренген.
Бойдағы да жетеді, ойнағы да,
Керек болса, кейбірі екі үйленген.
Халқының бұлқынуға қауқары жоқ,
Банкке бәрі қарыз, айтары жоқ.
Алаяқтар алдайды аңқау елді,
Баба тіл — жетім ұлдай, жаутаңы көп.
Осының бәрін көріп жатқаным-ай,
Ауылдағы алаңсыз шақтарым-ай.
Бәрі жақсы болар деп үміттенем,
Жамандық атаулыдан сақта, Құдай!





