СҰЛТАН РАЕВ
Аударған Әсем Ережеқызы
– Тыс-с!.. Ақырын...
– Кім?
– Көршіміз... байқап қалмасын... Тыс-с! Ақы-рын бас-сс... Аяғыңның ұшымен жүр. Жөтелме! Әй, байқа деймін... Ке- реуеттен алыстау тұр. Сықырлат... сықырлатпа!.. Тыс-с!.. Ақырын бас. Аяғыңның ұшымен жүр...
– Көршің бе?..
– И-иә. Жөтелме деймін! Байқап қалар. Тұрдың ба? Бер қолыңды. Артымнан ақырын жүре бер. Абайла, шифонер... Соғылып қалма.
– Аяғымды...
– Кие аласың ба? Ки.
– Қараңғы, ештеңе көрінбейді... Кидім. Қай жаққа барасың?
– Бер қолыңды. Ии... былай жүр. Солға... Шифонерді абайла. Соғылып қалма. Ии... ақы-ры-ын...
– Бәтеңкем ше?.. Қай-да?.. Қай жерге қойып едің?
– Мына жақта. Мына жаққа қарай жүр... Ии, мына аяғы- ма соғылды. Тыс-с-сс!.. Таптың ба?
– Таптым. Біреуінің бауы жоқ па? Түсіп қалған ба? Жарықты жақсаңшы. Көрінбей жатыр.
– Жоқ! Жақпа! Анау байқап қалады.
– А, таптым, міне!..
– Есігін ашып жатыр. Кіріп кетсін...
– Тесіктен сығалайын ба?..
– Қара... Ақырын, есіктің дәл жанында қоқыс жәшігі бар. Теуіп кетпе.
– У-ух! Аз қалды. Теуіп кете жаздадым.
– Қарашы. Не істеп жатыр?..
– Есікті...
– Бір сағат аша ма? Кірмей ме кіретін болса?! Бір сағат болды аша алмай тұрғанына...
– Кілтін таппай...
– И-ии! Есімнен шығып кеткенін қарашы! Әйелі кілтті маған қалдырып кетіп еді ғой? «Күйеуім келсе, бере сал» деп
еді. Енді қайттім?! Өлдік қой!.. Жаңа қоңырау шалғанда аша салуым керек еді. Сен де... сен болмағанда...
– Қайдан білейін онысын?
– Мен де кім дей салмаппын... Тұр ма?..
– Тұр... Түкірді. Сағатына қарады. Тағы қарады...
– Қолында бірдеңе бар ма? Әлде жоқ па?
– Қазір... қазір... Көрінбей қалды. Ә, міне, міне, көріне бастады... аяғы... плащы... өзі... Пай-пай! Қабағын! Түрін қайтерсің! Тура сот сияқты. Қай жерде істейді бұл? Зор біреу ме? Қолында қара дипломаты бар. Осы жаққа қарап тұр...
– Тыс-с! Жап аузыңды! Естіп қалмасын.
– Кім болып істейді бұл?.. «Шишка» сияқты ғой. Тура Гогольдің шығармаларындағы байлар сияқты, о, тоба!
– Ғылым кандидаты. Академияда істейді. Философ! Диссертациясының аты – «Отбасылық тұрмыстың этикасы»...
– Пай-пай-пай! Оңай адам көрінбейді. Басы да қазандай екен, миы көп шығар. Важная птичка! Маңдайы тұп-тура Сократтыкіндей. Тағы түкірді! Бұл неме неғып түкіре береді...
– Ақырын, естіп қояды. Құлағы сақ. Ол аздай үлкен.
– Мектепте жақсы оқыған болса керек. Мұғалімдері де көп мақтаған сияқты.
– Ақырын, естиді. Қарасайшы, құлағы шынында да үлкен бе екен?
– Құлағы көрінбейді ғой? Шляпасы...
– Шляпасын әдейілеп баса киеді. Ұялады ғой, байғұс кандидат. Біздің үйге келгенде де шляпасын мүлде шешпейді...
– Саған да келіп тұра ма?
– Кей-кейде... Әйелі кезекші болған күні. Әйелі барда жоламайды. Одан өлердей қорқады. Қызғаншағын қайтерсің... Әйелі де осындай. Менен күйеуін қызғанып өле жаздайды. Пісілген сабадай болған мынасын пісіріп жейді дей ме екен сен тұрғанда?.. Фу! Солай емес пе?
– И-иә...
– Енді қашан келесің? Сағынам ғой... Келесің бе? Әлде жоғалып кетесің бе? А?..
– Келемін. Келмегенде. Сағынтып қойып қайтіп жүрейін?
– Шын ба?
– Шын...
– Шын болса, сүйіп қой. Тағы... Бір, екі, үш, и-ии... Ренжідім!.. Үшіншісін дұрыстап сүйсеңші! И-ии, осылай! Төрт, бес, алты. Мо-ло-дец!
– Енді сен. О-хо! Бір, екі, алты, он, отыз! О-хх! Болды! Әйеліме де бірдеңе қалсын. Жаным...
– Айт-шы?.. Кімсің сен маған?..
– Мен бе?.. Мен сенің... Не десем екен? Бір сөзбен айтқанда, сүйгеніңмін.
– Сен бе?!
– Иә, мен... Осы тұрған мен...
– Сен деген менің көңілдесімсің. Мұны бір де...
– Бір.
– Арманымсың. Екі де... Ең бастысы! Ой-на-сым-сың... Білдің бе?
– Осы ғана ма?
– Осы ғана. Қысқа да нұсқа! Сен тұрғанда мынаны не қыламын? Фу-у!.. Мұның екі сөзінің бірі: «Гегель былай айтқан, Фейербах олай айтқан, Платон бүй деген...» Бар болғаны осы. Өзіңіз не дейсіз десем, менің пікірім жеке, субьективный дейді... Байғұс кандидат...
– Қарай гөр кандидатқа... Тағы түкірді! Бензин ішіп алған ба? Бағдаттың түйесі секілді!.. Ии... енді сөмкесін ақтарып жатыр. Беторамалын алды. И-ии! Енді түшкіреді... Айттым ғой... ии... и! Оп! Түшкірді... Беторамалын толтыра түшкірді... Ах пүш! Та-аак... Енді есіктің тесігінен ішке сығалап қарап тұр…
– Кәні, мен қарайыншы, былай тұршы. Хи-хи-хи... Байқұсым-ай! Еңкейсе мойыны желкесіне жабысып қалады. Әйелім үйде біреумен жатыр ма деген арам оймен қарап жатқан шығар. Тағы қарады... Байқұсым!.. Қызғаншағым-м!.. Кандидатым!.. Хи-хи-хи... О-па! Шляпасы басынан сусып түсті. Қарашы, құлағы делдиіп көрініп тұр. Қарашы!..
– Былай тұршы, кәні, көрейін. Ой-бай! Киіп үлгеріпті. Басында тұр... Екеуіміздің сөзімізден делдиген құлағы ысып кетсе керек.
– Ысысын. Ысымақ түгілі өртеніп кетсін мейлі. Менің үйіме кім келеді, кім кетеді – барлығының есебін алады. Маған штаттан тыс қарауыл болып алды... Айтпақшы сағат неше болды? Кеш болып барады, мына неме таңға дейін тұра ма?..
– Сағат па?.. Көрінбейді ғой? Қазір... Жарықты жағайық па?
- Жақпа! Байқап қалады. Сіріңкең бар ма? Сіріңке жақ...
– Сағат па? Сағат он екіге он минут қалды...
– О-уу! Түн жарымы. Әбден кешіктің. Әйеліңе не айтасың? Қайда жүрдің десе? Тағы қандай өтірігіңді айтасың?.. Автобустар да тоқтады. «Асанбайға» қалай жетесің? Оның үстіне бүгін сенбі, он болмай тоқтап қалады…
– Оны уайымдама. Баратбай досымның туған күнін тойладық деймін. Үйге ептеп таксимен жетіп алармын. Бәрінен бұрын мына кандидатың кетпей қойып, ит қылып жүрмесін кісіні. Тағы тесіктен сығалап жатыр.
– Қызғаншақ неме. Еркектің жаманы – қызғаншақ. Әйелі үйде есікті жауып алып, біреумен жатыр деп ойлап тұр ғой. Айтпақшы, Баратбай досың әйеліңе звондап қалса не істейсің? Сорың сорпадай қайнайды ғой? Өлдім дей бер! Екінші қайтіп бұл жаққа аяғыңды баспайсың. Сылтау таба алмай қалып жүрме.
– А, ештеңе болмас! Баратбай досымның телефоны тұрғай, үйі де жоқ. Пәтерде тұрады. Әйелім де оны танымай- ды... Көңілің алаң болмасын!
– Білесің, ә?! Миың істейді. Мына кандидаттікіндей емес. Айтшы, сен де қызғаншақсың ба?..
– Жоқ.
– Өтірік соқпа!
– Өліп кетейін!
– Мақұл онда... Қазір үйіңе бардың дейік.. И-ии де.
– И-ии дедім...
- Барған кезде әйелің біреумен аймаласып жатады. Онда не істейсің? А?..
– Қайтуім керек? Екеуін де бітіремін! «Қық». Екеуін бірдей...
– Во-о! Көрдің бе. Қызғанасың, қызғанасың, ә? Қызғанбаймын дейсің. Білесің бе?.. Қайсыбір өлкеде әйеліне бір еркек көз салатын болса, күйеуі «әйелімді менен басқа кісілер де жақсы көреді» деп қуанатын көрінеді.
– Африкада ма?..
– Есіме түсіре алмай тұрмын, қай ел еді? Сол жақта болса керек. Ал біздің еркектер аман болсын! Тегінде қызық жансыңдар.
– Қандай мағынада?..
– Кәдімгідей. Біреудің әйелін сылап-сипалағанды, алдағанды өлердей жақсы көресіңдер. Ондайда джентельменсіңдер... Ал өздерің сәл бірдеңе болса Отелло екендеріңді ұмытасыңдар, дереу ажырасасыңдар… Өздеріңнің құдаймен істерің жоқ! Еркектік соқыр философияларың бар. Қызық!..
– Мұны саған кім айтты? Мына философ па?..
– Кім айтушы еді? Өзім.
– Жарайсың!
– Тыс-с-сс! Ақырын деймін. Естіп қояды... Қарашы?
Әне біреу... Тұр ма әлі?
– Тұр Платоның. Обал болды оған.
– Ештеңе етпес. Өмір Гегель мен Фейербахтың сөздерінен ғана тұрмайтынын сезінсін. Бұл жалғанда «күту» деген сөздің де бар екенін білсін, байғұс Платон. Адам өмірі мәң- гілік күту екенін сезінсін.
– Осы жерде ұйықтап қалмаса екен әйтеуір...
– Сенен бір нәрсе сұрайыншы...
– Сұра...
– Адам хайуаннан жаралған деп жүрміз, ә?
– О! Дүние жаратылғаннан бергіні қопарайық дейсің бе?
– Жо-жоқ! Қоя тұршы! Рас па осы?
– Рас.
– Сөзімді бөлмеші. Тыңда... Адамның хайуаннан жаралғанын қалай дәлелдейсің? Дәлелің бар ма?
– Бар. Пожалуйста, Чарльз Дарвиннің эволюциясын оқы.
– Кітап емес. Өмірде?
– Өмірде ме? Та-аак... Айталық, бізді қалай жаратқан? Маймылдан еш айырмамыз жоқ. Құйып қойғандай ұқсаспыз. Маймылдың дарақтан дараққа секіргені болмаса…
– Жо-жоқ! Сен әзілге бұрма! Бұрма деймін!
– Жарайды. Өзің айт. Сені тыңдайық...
– Адам хайуаннан жаралған дейді. Бұл дұрыс емес.
– Ғылым куә бұған!..
– Сол хайуандық әдет кімдерде сақталған, білесің бе?.. Еркектерде. Себебі, сендер хайуан шатыссыңдар. Әйел көрсеңдер болды. Ақыр заман төнсе де алды-арттарыңа қара- майсыңдар. Сөздерің – бал, көздерің – от.
– Дұрыс... дұрыс... Кімнің көршісі екенің білініп қалды. Сынықтан басқаның бәрі жұғады. Бұл да сол философ көршіңнің әсері.
– Ал бұл байқұс қайтсін. Әдеттегіше өзінің кандидаттық диссертациясына қарсы шығады да. Отбасы этикасы Помпейдің ақырғы күніндей талқыланады. Басқа тақырыпқа көшетін болса, бұл бейбаққа шабуыл күшейер ме еді? Кім біледі? Қарасаңшы, әлі тұр ма?
– Тұр... Шылым тартып келді... Тұрсын! Есікке жабысып. О! Ойланып тұр.
– Ойлансын. Мұныкінің барлығы субъективный...
– Тыныш! Үніңді шығарма! Біз жаққа келе жатыр. Тыс-с!
Тыс-с!
– Ақырын... Есіктен ары тұр. Қоқыс жәшігін абайла!..
Тесіктен көрініп қалады. Тыс-с!..
– Қарап жатыр...
– Тыс-с!.. Қыбырлама-а... Құлағы са-аақ...
– Кетті. У-ух... Тыңшы болғандай жөні бар екен. Үйінің қоңырауын басып жатыр.
– Ақымақ!
– Соқыр үміт қой...
– Кім ашады екен? Үйде адам болса бір жөн. Жаңа қоңырауды басқанда кілтін бере салмай. Қа-аап! Сен де! Ашпа-ашпа деп! Енді қайттік? Есікті ашсам болды! Күдіктенеді!
«Сіз феномен әйелсіз» деген сөзді мыжып айта бастайды. Әт-тең! Осының бәрі сенің кесіріңнен болды! Енді тұра береді бұл қаққан қазықтай қақайып.
– Не-мене? Іш көйлекпен шықпақсың ба?
– Бір амалын табар едім.
– Мәссаған! Не үйде, не Шуда емеспін. Сағат та та-аак... он екіден он алты минут кетті. Не істейміз?..
– Таң!? Осылай отыра береміз. Шынымды айтсам, сені жібергім келмей жатыр. Сен жанымда болсаң, жалғыздық деген бәлені ұмытамын. Сен кетсең, қайтадан жалғыздық басталады. Түнде түн сияқты ойлар келеді маған. Үйде бүкіл затпен сөйлесіп шығамын. Дуалмен де, үстелмен де, айнамен де, өзіммен де. Барлығының тілі бар. Сөйлейді… Білесің бе, бір жолы түсімде өліп қалыппын… Сүйегімді қашан алып шығады деп күтіп жатырмын. Ешкім келмеді. Сүйегімді алып шығуға бір де бір адам келмеді. Қайран, менің бұйымдарым, солар ғана мені жоқтап жылап жатты…
– Түсінде өлген адам көп жасайды.
– Әй, итім біліп пе?!
– Осылай жориды мұны...
– Анау кетті ме?..
– Балбал тастай қатып тұр орнында.
– Байғұс кандидат. Кетпей ме енді? Өз үйінен басқа баратын жері жоқ болса керек. Есікті ашып, кілтті берейін десем болмайды. Онда ісіміздің біткені. Жаман ойлайды. Оны әйеліне айтса – бітті, ертең шаһарға мың түрлі өсек тарайды. Байғұс өзі мені табалауға ілік іздеп отырғанда. Күйеуін мен тартып алатындай қызғанады. Жамандағаны жамандаған... Көңілімді суытайын деді ме, бір жолы мені бір профессормен таныстырамын деді. Таныспақшы болғанмын, сөйтсем онысы менің әкемнен де кәрі неме екен. Басы қалтылдап, кеудесінде шығар-шықпас жаны бар. Маған үйлену қайда, ана дүниеге дайындалуы керек. Өлмелі профессор…
– Қазір мода ғой...
– Модасымен қоса жерге кірсін! Ал кеше не дегенін білесің бе? Танысу үшін өзіңе жарнама бер дейді. Осы күні мен секілді жалғызбастылар солай жар іздеп, бақыттарын тауып жатқан көрінеді. Отыз сом берсең болды дейді. Жарнаманың мәтінін де жазып, дайындап келіпті. Оқып берейін бе? Күлкіден ішегің түйіледі. Гі-ім…Бері келсеңші... мына жерде сияқты еді... И-ии, таптым. Тыңда, жақсылап тыңда...
– Сіріңке тұтатайын ба? Көрінбейді ғой. Е, оқы...
– Құлақ сал. Тыңда. Дәл осылай мақтапты дерсің! Он алтыдағы қыздай! Софи Лорен далада қалады. Тыңда, тыңда жақсылап...
– Хо-ош. Тыңдайын... Құлағым сізде...
– Менің жасым отыз үште, бойым бір де алпыс төрт, ұлтым қырғыз. Білімім жоғары. Бұрын некеде болған емеспін. Отбасын құруға барлық жағдайым бар. Материалдық жағдайым жақсы. Өңім аппақ, шашым қара, бетімде титтей ғана меңім бар. Үсті-басым мұнтаздай. Ажарлымын... Хи-хи-хи...
– Тура айтады. Ажарлы емей неменесің? Шырайлысың.
Одан арғысы...
– Енді мынаны тыңда. Әдебиетке, музыкаға, киноға қатты қызығамын. Тамақты да дәмді пісіремін. Мінезім байсалды. Өмірлік жар болатын адам іздеймін. Жасы елуден аспауы керек. Спирттік ішімдік ішпеген, темекі тартпаған, жаман әдеті жоқ, мейірімді, қайғы-қуанышымды менімен бірге бөлісетін адам болса. Хи-хи-хи...
– О-хо! Керемет жазылған...
– Хи-хи-хи. Мынауың ақ боз ат мінген ханзада ғой! Мынадай еркекті қызыл кітаптан іздесең таппайсың! Мұндай еркекке жар болатын кісі менмін бе шынымен? Шырайлы... некеде болмаған... анасынан басқа ешкім сүймеген... Тапқан екен! Жарнама беретін кісіні! Арам ойы мені амалын тауып күйеуге берсе. Кандидат күйеуімді азғырып алмаса деп қорқады байғұс. Әйтпесе осылай дейтіндей басына тас түсті ме?!
– Айтшы шыныңды? Күйеуінің сенде ойы бар ма? Бірдеңенің шетін шығарды ма?
– Әйелге көз салмайтын еркек бар ма? Оның үстіне, жалғызбасты әйелге. Болса болған шығар. Оны қайдан білейін? Маған қызық емес. Кейде келеді байғұс. Сынықсыған нәзік өзі. Чех сағызы сияқты созылып қалған біреу. Сондай еркектерге жыным келеді. Еркек деген еркек сияқты болуы керек. Қазір еркектердің көбі әйел сияқты. Мұның екі сөзінің бірі – баяғы философиясы, ғылым ісі, академия, он- дағы академиктер. Сөйлесе қалсаң сондай сыпайы, этичный. Жерде жоқ адам! Бірақ жұмыртқадан жүн қырыққан қу.
– Кандидат қой енді...
– Маған не дегенін білесің бе? Сіз, – дейді, – ақылды, өңі келісті, шырайлы жансыз. Адамдардың көбінде интеллект пен дене сымбаты қарама-қайшы. Ал сізде бұл екеуі тепе- тең. Мұндай гармония адамдарда сирек кездеседі. Мұндайды философтар әйел-феномен деп айтады...
– Бәле-е, философ! Ақылды берекем!..
– Кейде осындай сөздер тамшылайды тілінен. Енді мына тұрысына қарамайсың ба? Тура сенің айтқаныңдай, түйе десе түйе. Көп түкірінеді. Бір жолы сынайын деп «Сүю деген немене?» деп сұрасам, байғұс су төгілмес жорғадай тайпалды ғой. Бір жағынан, нағыз профессионал. Әйелінен қорқатыны болмаса...
– Сүю деген немене екен?
– Айтуынша, сүю деген шексіз түсінік екен. Адамның сүю сезімі тек бір адамға ғана емес, барлық адамға бағышта- латын көрінеді. Мысалы, Бетховен он екі жастағы қызды сүйіп қалып, оған «Ай сонатасы» деген музыка жазған. Ван Гог алақанына ыстық шоқ салып қойса да, сүйгенін көргісі келген, шыдаған дейді. Сүюдің құдіреті осындай! Швецияда феминист әйелдердің ұйымы бар екен. Бұл әйелдердің барлығы еркектерден, күйеулерінен жалыққан әйелдер-міс. Олар қалаған еркекті үйіне кіргізіп, бірге тұрып, көңілі суығанда қуып жібереді дейді. Әйелдер мұны ұрғашылық еркіндік дейді екен.
– Міне, цивилизация! Содан?
– Тағы немене дейді?.. Қайсыбір өлкеде екі әйел алуға рұқсат беріліпті... Көрдің бе, еркектің бағасына жеткен мемлекеттер өз азаматтарына қандай жағдай жасаған? Ал бізде ше? Біреуінен ажырап, екіншісін алдың ба, болды. Мінездемеңе «моральдық азғындаушы» деп қақшитып жазып қояды. Күйеуі жоқ әйелдер қаншама бізде? Себебі еркек дефицит! Дұрыс па? Дұрыс! Кей ұрғашылар пенсияға қыз күйінде шығып кетеді екен байғұстар. Бұл неден шықты?.. Еркектерге жағдай жасамағандықтан, әйелдердің тағдырына немқұрайды қарағандықтан дейді! Осы сөздерді айтқанда аузынан жанартаудай жалын атады байғұс кандидаттың. Осы қазірдің өзінде дүниенің бір жеріндегі бір шахтың екі жүздей әйелі бар екен...
– Мынаусы жақсы екен! Бізде болса қалай болар екен!
– Қызық!.. Мен оның айтқандарын тыңдап отырмын, тыңдап отырмын. Былжырап көп сөйледі. Аузынан шыққан сөзі кейде шекер сияқты. Сондай бір сөзіне тамсанып отыр- ғанда кандидаттың қолы менің қолымды сипаламасы бар ма? Содан не істедің деші?..
– Не істедің? Бетінен тартып жібердің бе?
– Жоқ.
– Ары қарай не істер екен деп отырдың ба?
– Жоқ... Тыңда. Қарасам, байқұс кандидаттың көздері оттай жанып, еркектердің классикалық шабуылына көшті. Шашымнан, белімнен сипалай бастады. Қуын қарашы! Шырын-бал сөздерін төгіп, жаман ойын іске асырмақ болса керек. Мен оған не айттым, білесің бе? Сіздің кандидаттық диссертацияңыздың тақырыбы не еді? Есіме түспей жатыр десем...
– Ол не деді?..
– Не деуші еді? «Отбасы тұрмысының этикасы» деді.
– Сен ше?
– Мен бе? Жақсы тақырып екен дедім. Байқұс кандидат сөз төркінін түсіне қойды. Белімнен төмен түсіп бара жатқан қолын жылан ұстағандай ыршып, тартып ала қойды. Хи-хи-хи...
– Есті екен қайткенмен... Түу! Қанша тұрады екенбіз осылай?
– Тесіктен қарашы, дауысы естілмей қалды. Кеткен шығар...
– Кетпей қалғыр, тұр әлі. Кетпей ме мелшиіп тұра бермей!
– Соны айтсаңшы. Күтейік біраз...
– Күтудің де шегі бар.
– Айтпақшы, бүгін нешесі?
– Он үші... Неге сұрадың?
– А-а, жай...
– Беталды сұрамайды ешкім. Бір білгенің бар шығар.
– Немене? Білгің келіп жатыр ма? Соншалық па?!
– Білген жақсы ғой.
– Бір нәрсе айтайын... Жүрегің ұшып кетпесін!
– Неменеден?!
– Неменеден болушы еді? Менің бойыма бірдеңе бітіпті...
– Қойшы әзіліңді! Шының ба?!
– Шын емей? Өтірік дейсің бе?!
– Сенбеймін. Қайтіп сонда?..
– Сөйтіп... Екі ай болды...
– Мүлде білінбейді ғой...
– Қазірше... Тағы бір ай өтсін, кәдімгідей білінетін болады. Кеше токсикоз болды. Құстым...
– Бұл шының ба? Әлде әзіл ме?..
– Сенбесең өзің біл! Құдай ұрмай ма? Жапондықтар бір дәрі шығарыпты. Бір таблетка ішсең болды, бойыңа бітеді екен. Біреу ішсең – қыз, екеуін ішсең – ұл. Оған қарағанда біз екеуіміз...
– Рас па! Шын ба мұның бәрі?
– Шын емей.
– Қарғаншы!
– И-ии... Сол ғана жетпей тұр еді. Туайын ба? Туа берейін бе?
– Менен сұрайсың ба?!
– Қайтсе де әкесі емессің бе?
– Қойшы, қайдағыны айтпай. Қайтіп сонда?!
– Кәдімгідей. Оңай. Туайын ба?..
– Тусаң ту...
– Дауысың неге дірілдеп кетті? Қорықтың ба?
– Жо-жоқ...
– Жалған айтпа! Қорқып жатырсың. Қорықпай-ақ қой. Жұмысыңа барып арыз жазып, моральдық тұрғыдан азғындаушы дегізбеймін. Қорықпа...
– Қорыққаным жоқ...
– Көзің айтып тұр. Сен де көп еркектің бірісің. Сендердің бәрің бірдейсіңдер. Бір ғана тіл білесіңдер.
– Қандай тілді?
– Бал тілді. Әйел әйел болғалы алдануға жаралған жан. Осы еркектердің бал тіліне еріп, әйелдер бұзылады, азғырылады. Таяу Шығыста бұзылған әйелдерді Регистан мұна- расынан секірткен дейді. Ал бізді ешкім еш жақтан секірте алмайды. Сөзіміз сөз, айтқанымыз айтқан. Одан қалса эмансипация... Әйелден қасиет кетіп бара жатыр... Әйелдің бұзылғаны – заманның бұзылғаны... Неге үндемей қалдың?
– Не дейін?..
– Сөзің бітіп қалды ма?.. Сенсең, осы жалғыздық мені ойшыл қылып жіберді. Ойлана берем, ойлана берем... Жалғыздықтың азабын тартқан мен ғана ма десем, олай емес екен. Біз бәріміз жалғызбыз...Мен де, сен де, қызған- шақ әйелі бар философ та, бәріміз. Одан қалса жер де, күн де жалғыз, өлім де жалғыз... ол деген әрбіріміздің басымызға жеке-жеке келеді. Ажал да жалғыздан алады бізді... Кейде маған мына дүние жетім сияқты сезіледі. Біз адамдар осы жалғыздықты қош көреміз тіпті... Маған олай қарама. Не ойлап тұрғаныңды ұғу қиын маған. Мен туралы не ойлайсың, соны білгім келеді... Бәлкім, ішіңнен мысқылдап күліп тұрған шығарсың. Егер біле білсең, мына төсекке сенімен жетіскеннен жатқан жоқпын. Қыр соңымнан өкшелеп қалмай келе жатқан жалғыздықтан осылай құтыламын ба дегенмін... Әйелдік қысқа ақылым төсектен арыға бара алмай тұр...Сен неге үндемейсің?..
– Бір ақынның бір жол өлеңі есіме түсті: «Қараңғыда қараңғы ойлар келеді...».
– У-ух!.. Бұл дүние неткен қызық!.
– ...қызығы қызық...
– О-уу! Сағатқа қарашы. Бір... Әйелің не дейді екен?
Кешіктің ғой? Түн жарымда барсаң?..
– Бірге аз қалды... Енді қайттік? Тесіктен қарайыншы... Тұр ма, жоқ па?.. Тұр. Біреумен сөйлесіп тұр. Қарашы, кім екен? Қарашы...
– Кәні, былай тұршы. Қазір... қазір... А, оң жақтағы, он бірінші пәтердегі көршіміз. Бірдеңе айтып жатыр. Соның үйіне кіретін болды. Кіріп бара жатыр. Екеуінің арасы жақсы. Бол тез, шығып кет, бол…
– Аш есікті. Әлде мен ашайын ба?..
– Жо-жоқ. Құлыптың сырын білмейсің, өзім ашамын.
Үніңді шығарма…
– Аш... Ашсаңшы.
– Тесігін тауып алайын, сіріңке жақ... Жақынырақ. Таптым...
– Ақырын аш. Біліп қалмасын...
– Үйретпе. Аштым... Шық, шығып кет. Жылдам...
– Тоқтай тұршы кісіні асықтырмай. Қашан келейін? Айт, қашан?..
– Қашан келуші едің? Қалағаныңда келесің де! Мен байғұс күте берем…
– Қашан екенін айт? Екі-үш күннен кейін бе? Бір жұмадан соң ба? Нақты айт. Қашан?..
– Келмей-ақ қой. Әуре болма.
– Не болды? Жаным! Кел бетіңнен...
– Сүйме! Былшылдатпашы!
– Саған не болды, а?..
– Ештеңе. Келме. Келмей-ақ қой. Сен үй-жайлы адамсың... ал мен жалғызбасты әйелмін...
– Қойшы оны. Айт енді? Қашан келейін? Аналар шығып қалмасын.
– Шын айтам... Бұдан былай келмей-ақ қой, керегі жоқ. Өтінемін... Бұндай өмірдің керегі не? Саған ба, әлде маған ба? Сен келсең аз болса да жалғыздығымды ұмытамын дегенмін. Жоқ... олай емес екен. Сен қазір кетесің, мен қаламын. Жалғыздықты бұрынғыдан да күштірек сезіне бастаймын. Қиналамын... Бұның не керегі бар? Мәңгілікті уақытшамен алмастыра алмайсың. Өзімізді алдап қайтеміз? Өмірді алдап керегі не? Өтінемін... Бұдан былай келмей-ақ қой. Түсін бәрін...Түсін. Әйелмін. Әйелдігіме жеңдіріп «келме, келме» дегеніммен, сені қайтадан сағынамын. Ұрғашының әлсіздігі осында ма? Жалғыздығымызды осы әлсіздігімізбен жеңгіміз келеді. Қайран Шекспир «Әйелдің күші – оның әлсіздігінде» деп бекер айтпаған екен. Бітті бәрі! Бітті. Бұ дүниеде күтуден өткен азап жоқ. Бұл жалғанда күте береді екенбіз... Ал сонда күткеніміз немене біздің?..
– Саған не болды?..
– Ештеңе. Түсінсең осы...
– Көзіңдегі жас па?..
– Алшы қолыңды!.. Ылғи бір нәрсені күтемін. Бірақ нені күтемін? Соған ақылым жетпейді...
– Қойшы енді?!
– Ал қолыңды?!
– Түсінбей тұрмын сені...
– Әйел болып көрмеген соң қайдан түсінесің? Түсінші?
– Неменені?!
– Әйелдің өмірін. Күтуден жалыққан әйелдің өмірін. Жалықтым, шаршадым! Сенен де, өзімнен де, күтуден де! Соншалықты жалықтым!.. Кет!.. Кет!.. Кет!..
1988 ж.





