Динара Мәлік
***
Мен сені жоғалтып алғанмын,
Қара жер қойнына Күз келмей.
Ал, сосын ұмыта салғанмын,
Қар болып қонуға үлгірмей...
Шын сүю өлу ме, расында,
Шындығым-Аллаға белгілі.
Армандау - жүк екен ғасырға,
Не болар өмірім ендігі...
Көктемді сезбейтін Ақ қардай,
Қалайша, мұп-мұздай боп алдың.
Өртеніп кетуге шақ қалмай,
Өкпешіл кейпіңмен жоғалдың...
Сен жаққа апарса аяғым,
Сезім деп сенерсің мас болған.
Ақ қарға, аппақ сыр жаямын,
Жапырақ жауса ғой аспаннан!
Қиялға серік қып үйреттің,
Өзіңнен таптым бір үйлесім.
Таңертең киілген көйлектің,
Сен ғана ағытсаң түймесін...
Мен бе екен ұмтылған іздеуге,
Жарысып жайқалған гүлменен.
Болады екен ғой сезбеуге,
Көзімді сен жайлы сөйлеген.
Сағыныш...енді оған сыңар кім,
Үмітті үкілей алмадым.
Мен бәлкім ұмытқан шығармын,
Мен бәлкім...
...өзімді алдадым...
***
Ұятымды тастап кеттім кеше мен,
Көгермесі анық шығар көсегем.
Көлеңкеде Күнге теріс қарап ап,
Өз уымды ұрттап іштім кеседен.
Ақылға да сезімге де өкпелеп,
Өмір дейтін бітпейтін бір өткелек.
Ал біріміз тауға шығып алсақ та,
Тауда тұрып, құзға құлап шөккен ек.
Күлкі деген көнермейтін жарықтық,
Көз жасыңды көрсете алмай тарықтық.
Шын бейнеміз салмағындай тозаңның,
Жамалып ап бүтін бейне таныттық.
Құрап алып әр нәрсені әуремен,
Уақыт деген бақыт жатты көлденең.
Тасып жүріп, шашып алып, қорланып:
Бір өмірді өлең еттік көрмеген!
Жарты жолда көңіл деген баладай.
Соны ғана ұстап қалдық обал-ай...
Сенің ойың, біздің мұң да кәрілік:
Ең оңайы бұрылып кет, қарамай!
***
(Каспий теңізінде қаза болған сарбаздарға арнаймын...)
Аналардың көзінен жас төккенін,
Әкелердің тауы жерге шөккенін,
Тірі жүріп көрейін ғой, деп пе едім,
Қарт-Каспий-ау, құшақтап ап жібермей,
Жұтып алып, тыншығаның неткенің?
Ажалына аңдап басып қадамын,
Қазақ бала, бұрған екен жанарын,
Орындау да керек басшы талабын:
Тілсіз жауда кетті-ау тіл де қата алмай,
Обалыңды кім өтейді қарағым?
Қанаттарын қомдап енді үйренген,
Батылмын деп, «батырмын» деп сендірген.
Қас-қағым-сәт жарық көріп үлгірген,
Екі аяғын тең басқанда ер болып,
Жерде енді жүре алмасын кім білген?
Енді оларға керек емес ауа да,
Қызғыштайын қоритын кең дала да.
Каспийді де қатігезге балама:
Адамды адам, жақсы көріп, қорғауға,
Мейірім мен сәуле керек санаға!
Бейбіт күнде жоқтау айтқан Аналар,
Жыла, егіл, келмейді енді жоқ, олар!
Бұл күнді де бір мейраммен жаңалар,
Демін бір күн жеткізер деп ұлының,
Ана ғана теңіз маңын жағалар...
Әке ғана көлегейлеп қолымен,
Ұлы кеткен жүз жүреді жолымен.
«Осы жол-ау жетелеген көрі ме-ең...»
Сыбырлайды, кім естісін сыбырын,
Өз ұлының ажалы өз елінен...
***
Бұрымымды салыстырып ойнаушы ем,
Көрші қызбен шамалас.
Бұрымдылар ғұмырлы деп ойлаушы ем,
Күн нұрымен аралас.
Бой түзедім, шаш түзедім айнаға,
Кескінім де ұнамай.
Бұрымымды қиып көрдім жәй ғана,
Кекіл кестім шыдамай.
Мен өскенде, бұрым жүрді қысқарып,
Әжем басын шайқады...
Өн бойымда өмір кетті басталып,
Оны да алғаш байқады.
Бірте-бірте бөлектеніп төсегім,
Жалғыз жатып, жүз тұрдым.
Жүрісім де, ұнамады кешегім,
Ұнамады мұңсыз-күн.
Өлең деген арпалысып отпенен,
Тірі қалам тырысып.
Өз-өзімді шашып алып, шақ келем:
Жинап алам бүрісіп.
Тарау-тарау аяқталмай әңгімем,
Сан жолдарда шегіндім.
Келесі күн болса тағы көндігем,
Күреспей-ақ, жеңілдім!
Ол мұңымда бар еді бір аңғалдық:
Сұлу еді, көз-жасым!
Сол бір мұңға, қап-қара боп жалғандық,
Маңдайға сол жазғасын.
Шыныменен ғұмыр бар ма, бұрымда,
Әлде ырым алдайды?
"Екінші өмір басталды " -деп ұлыңда,
Молда бүгін қол жайды...
Сол ғұмыр ма, орамалда түюлі,
Уыстай шаш шықпай қойды есімнен.
Мен үшін бе сендік өмір қиылды...
Бұрымымдай кесілген...
***
Бал қосып беріп, байқап бір көрші қайғыма,
Сөз еткен кезден, мезі еткен мұңнан айны да.
Күннен де бұрын күлімдеп оят таң сайын,
Жаңбырдың иісін үйіріп алшы қойныңа.
Көбелек мұңым қағып бір алып қанатын,
Кезі бір келсе танымай мені қалатын.
Әндердің кейбір әуенін алам өзгертіп,
Жолдардай бәрі өзіңе бастап баратын.
Мен солай сосын үй жасап алам ауадан,
Көтеремін де, көшіріп алам қаладан.
Ол үйдің заңы нәзіктік пенен ғашықтық,
Жазғырмайды да, қызғанбайды да жан адам!
Құндақтап алып, үн қатпақ болып күрмеліп,
Қызыл да жасыл құбылып жүрмін түрленіп.
Шын бола қалып әдемі, әсем, әлемім,
Өлең боп сосын төгіле қалсам үлгеріп!
***
Бір дәптердің ақ парағын аудардым,
Бұл қағазға талай рет жауған-мұң.
Күн астында көркем болып жүрем де,
Түн ішінде түгесіліп тоңғанмын.
Пердемді де, өзім емес Күн түрді,
Соған ұқсас жасап алдым көркімді.
Қимылымнан сенің даусың шығады,
...Жүрісімнен-тұрысымнан біртүрлі.
Еніп алған бұл не деген еркіндік,
Көлеңкемде күбірлейді бір мұңлық...
Бір мезетке бүкіл тағдыр сыйса да,
Маңдайынан сипай алмай іркілдік...
Саусағымнан сенің демің сөйлейді,
Ең алғашқы көктемімдей бүрлейді.
Сөзбен сурет салып жүріп ауаға,
Келбетіңе кереметін үрлейді...
Солай, солай тауып алып өзіңді,
Тамшылардан тіршілігім түзілді.
Минуттарды көшіріп ап көзіме,
Жиып алдым, дәл осы бір кезімді...
***
Білтелі шамдай майы таусылған,
Ығысып қана жанамын.
Ұзап кете алмай жылы маусымнан,
Сөніп қалмау ғой амалым.
Үнемдеп жүрмін отымды әрең,
Сәл ғана мызғып алайын.
Жымиып тұрып шақырды өлең,
Шуағым, нұрым, арайым.
Ештеңе қалмай мүлде есімде,
Жеп-жеңіл болып ұшамын.
Көп нүктелердей жұлдыз ішінде,
Тауып алам да құшамын.
Тауып алам да, тамаша болам,
Уақыттың ұстап Қадірін.
Сағынышыма жараса қалам,
Сағынышым сенсің, Жарығым!
Ертең де өмір сүруім керек,
Келесі көктем тағы да...
Бір ғұмыр ертіп жүруім керек,
Кекілін сипап, соңыма...
Өзімнен-өзім күбірлеп келем,
Күлімдеп алып кейде мен.
Өлгендер солай тірілмек екен,
Кінәсі-жерде жүрмеген.
Алақанымда, жанарымдасың,
Ауада әрбір қылығың.
Өмір құйылған қаламымдасың,
Құп-құйттай ғана тұнығым.
***
Маған бүгін керек шығар «бүліну»,
Керек шығар «өзімнен» де бөліну.
Кімге керек, аман өту көпірден,
Сапқа тұрған күнтізбеден көріну!
Маған бүгін керек шығар шаттану,
Керек емес, атар таңға ақталу!
Шілтеріден киген болып шыт көйлек,
Күн өртіне керек боп тұр қақталу!
Тымық ауа араласып деміммен,
Шілде маған ұқсас болып көрінген!
Менің ауам, сөйлеп тұрған қарашық,
Кірпігімнен сурет болып төгілген.
Мойынымда мұңға бермес арманым,
Құшағымда құндақталған жалғаным.
Бәрін...бәрін... төгіп алсам бір демде,
Жалғыз - ақ күн өмір сүре алғаным!
***
Мен енді түске нанбайтын болдым,
Әжем де жоқ, тәубеге шақыратын.
Атам да жоқ, ауылға бармайтын болдым,
Қара суға дем салып, отыратын.
Бүгін бе екен, сол түсті көріп жаттым,
Қашып келем, қара түнде сүрініп.
Бәтеңкесіз, дыбыссыз шырылдаппын,
Қайғым ғана, ауыр болып білініп.
Жардан құлап, жарақаттап тіземді,
Сезбейді екем, сезетінім басқа мұң.
Сөздері де, балағаттап түзелді,
Әйтеуір мен ұға алмадым астарын!
Шақырады, сенбеймін де жүгірем,
Туған үйдің ауласы да өзгерген.
Жеттім-ау,-деп күрсіне сап шегінем,
Таныс емес, көршілерім көз көрген.
Әрбір үйдің қаға қалсам есігін,
Мені қуған біреулер ме деп қалам.
Бәрі биік, жалғыз өзім кішімін,
Сөйлегіп кеп, сөйлей алмай оқталам.
Кімнен, неден қашып келем белгісіз,
Шөгіп барам, қара жерде тартылыс.
Айдалада айтсам адам төзгісіз,
Айдалада мені тапқан қорқыныш...
Тәсбіхімді тартсам ба екен салалап,
Алла үйін кетсем бе екен, аралап.
"Ажал бізден алыс кет"-деп әжемдей,
Тәңіріңе тіл өтпейді обал-ақ!
Ажал деген естімейді даусыңды,
Жел сөздей ол жүре берер домалап...
***
Шәй құямын, қоюлатып кесеге:
Мамыр ма екен, тоқтап тұрған кеше ме?
Мен әйтеуір шықпай тұрып есіктен,
Бұратылып, билеп барам көшеде!
Мен әйтеуір шықпай тұрып есіктен,
Дала тілін, түсініксіз есіткем.
Бір-бірімен шатасады көшелер,
Бірін-бірі кешіре алмай кешіккен...
Бәрін сезем, терезеден жылыстап,
Тіршілікпен тірілермен тыныстап.
Таңнан бұрын тұрған жанға Тәңірім,
Үлестіріп үміт берер уыстап.
Бойымдағы есейді ме бір адам,
Сен таза бол, сен алыс бол күнәдан.
Күн ішінде отырады жымиып,
Түн ішінде мен екен ғой жылаған.
Бәрін сезем, менен бұрын сен кеттің,
Үніңменен, даусыма сап әндеттің.
Өзім қалып, өзімді де сағынып,
Маңдайыма өлең жазып көрмекпін.
Қаншама ай мен бөлмеден шықпағам,
Кезім де жоқ, есігімнен аттаған.
Мен болуға ұмтылады бір адам,
Сөнбесін деп, бетінен бір қақпағам!
Кеуде тұстан менен бұрын бөлініп,
Сол жүреді, көп ішінен көрініп.
Мен шығармын, мен тұрармын бір күні,
Жоқ екенім, шын қалғанда білініп!
***
Маған осы ерекшедей көктемім,
Ұмытылып қалатындай өткенім,
Жаңбыр емес жауып тұрған жанымдай,
Күн шығатын жаққа қарай беттедім.
Төрт бұрышқа қарасам да Күн шығып,
Ортасында бір нүкте тұр күрсініп,
Сол нүктеге айналсоқтай беремін,
Өсіп шығып, жайқалардай бір шыбық.
Маңдайым да қайта айналып соғылып,
Айналамда ән айтады бар үміт.
Күнге еріп түнге сосын сіңем де,
Сол нүктемен қауышамын сағынып.
Нүкте маған, мен нүктеге сиямын,
Кеуде тұстан төгіледі күй ағын.
Шынға мүлде айналмайтын бейнемен,
Көп нүкте боп таралады қиялым.
Күнде жаңбыр жауа берсін...аз маған
Қиялыма ұлықсат берші, Күн-ғалам,
Балам маған, жіберсе ғой бір тал гүл,
Көңілінен бөліп беріп аздаған.
Ол да әлде бастады ма Жаңа Күн,
Сол қолымен ұстап алып қаламын.
Қаз қаз басып, сәби бола қалды ма,
Бұлт ішінде қызық басып қадамын.
Бұлт ішінде басты ма екен, тәй-тәйін,
Сүйіншісін ауыл жаққа айтайын.
Қиғаш кетіп, қалмаса екен сүрініп,
Бір көрсетші, бірінші өзім байқайын!
***
Алғыс айтқым келеді, кімге бүгін,
Құдайымның бір тірі жүргенімін.
Жердің үсті, асты да таныс маған,
Қайғырмаймын, қалды деп жерде кімім.
Қара жерден алыстап қаша алмадым,
Құс емесім, рас екен ұша алмадым.
Топыраққа айналған кеудең бе екен,
Кібіртіктеп көп тұрдым баса алмадым.
Сені сезу, дәл солай ауыр маған,
Бояп жүрмін, ақ шашым қалыңдаған.
Жауын болып, көрсетпе көз-жасымды,
Көз-жасымды сүртіп өт, жаным, балам!
Күліп жүр десе мейлі, күлімдейін,
Көлеңкесі жоқ жандай көрінбейін.
Жеткізбейтін, бітпейтін қара жолда,
Бүгежектеп, бүктеліп білінбейін.
Бар-жоғым белгісіз боп көп ішінде,
Миым, санам, денемде жүресіңде:
Дәл алдымнан еркелеп, кесіп өтіп,
Жұтыласың бір демде білесің бе?
Бүгін тағы жексенбі егілгенім,
Өп-өтірік, шаршатты көрінгенім.
Күрес дейді, ол не екен күресуің?
Жеңгенім де қай жерде жеңілгенім?
Құдайыма қайта кеп ораламын,
Шынымен орындалса қалағаным.
Өлгенін білмесінші сол бір-жүрек,
Жүрегінің сезсінші соға аларын!
***
Жүрегім қайта бұлқынды неге:
Өзіңе қарай ұшқысы келіп.
Қайтесің енді, күлкімді-көне,
Мезгілден жүрген көшкісі келіп.
Сәулесін сынық, сөйлетіп жүрген,
Мен шығармын батыл-ән...
Есіміңді шықтым, сүйретіп үйден,
Естімесең де шақырам!
Жасыл мен қара алмасқан өмір,
Табанымда қалып жолағы.
Таңменен нәпсі жалғасқан көңіл,
Ұмыттырғандай болады.
Әлі де деймін, сөнбеген екем,
Сөнбеген екем, сол сәттен.
Бейтаныс жандай, көрмеген-бөтен,
Бөлініп кеттік Жер-Көктен.
Әділетсіз әлем саған таныс па,
Маған ауыр ғой, Жарығым.
Кете алмай жүрмін көзсіз алысқа,
Бөліп бер мұңын бәрінің.
Өйткені мұңнан өлмейді адам,
Қайғы да "қамсыз" етуші.
Қиялмен құрған келмейді маған,
Аңсаған Өмір екінші...
***
Саусағыңды ұстап едім, салалап:
Көз-жасымды күлкімменен жамап-ап.
Екеуміздің арамызда үнсіздік,
Сөзге ғана сыя алмайды обал-ақ...
Ешбір дауыс қадалмаса деп едім,
(Кедергісіз кезді қашан көремін?)
Мендік үнмен даусың тұрса үйлесіп,
Бейкүнәдәй бола қалса керегім...
Өзімізді жетелеп ап жалғанға,
Сөздің өзін әкетеміз сан-жолға...
Бөліп алып, бірімізді-біріміз...
Тіріміз деп, тіл қату да арман ба?!
"Шүкір" айтып оянғанда таң сайын,
Шындығыңнан шырмалып бір туса Айың.
Шүкіріңнен кешірім ап сүйер ме ең,
"Рұқсат бер деп, сол адамды аңсайын..."
Тура қара! Жанарыма іркілмей,
Сөне алмаған, өше алмаған өртімдей!
Қабағыма мұң қондырып, бұрылып,
Жүре алам ба, дәл бұрынғы кейпімдей?!
***
Алыс шалғай, бір баурайда ержетіп,
Жел тілімен жүрегімді емдетіп.
Жұлдыз біткен жиылатын түндікке,
«Алматы» деп сыбырлайтын әндетіп.
Қала жақтан қарағандай арманым,
Есеюге сонша құмар болғаным...
Жолдың бәрі жылы емесін кеш ұқтым,
Балалығым құмда сіңіп қалғанын.
Жарты жолда, бұрылуға тепсініп,
Сүлейлердей сөйлеп тұрсам от шығып!
Қобыз үні естілер деп жырымнан,
Бара жаттым, қалған күнді жатсынып!
Жетімдердің анасы деп сезіндім,
Буланатын сүрткім келді көзін-мың.
Құйттай ғана жүрегімде кенеттен,
Көтерілген тауды көріп көз ілдім!
Ұйықтамайтын, шаршамайтын қаланың,
Гүлін иіскеп, түнін сүйді табаным.
Тау басынан қарды көрдім, кіршіксіз,
Мен де ол кез қарға ұқсас «баламын».
Көшелерде жүз адастым жаңылып,
Тірімін ғой, аялады әр үміт.
Ұзын жолдар әжем сүрген ғұмырдай,
Жүргім келді бір адамды сағынып...
Қайыңдары мінезіндей халқының,
Сыр білдірмей сызылады, жарқыным.
Жауын болып жауа салар бір демде,
Аспанынан алғым келді жарты-мұң.
Көктемінен үй жасадым көрікті,
Арманымды әу бастан-ақ ұғыпты!
Менің жаным, дәл қай жылы белгісіз,
Сөйлегеннен осында өмір сүріпті!
Қара жерде ашқандай бір құшағын,
Бөпемді де кеудеме мың қысамын.
Көгершін де жатсынбайды бұл жақта,
Құстарын да жауратпаған құса-мұң.
Жүздерінен гүл көрінген қанаты,
Өмір деген өлең деген бар-аты.
Құстар біздің айта алмайтын үніміз,
Тоқтағанша дүниенің сағаты.
Талмен, таумен дос болам деп ұшқаным,
Күннің өзін алақанда ұстадым.
Гүлдің өзін өссін дедім жайқалып,
Қардың өзін жібігенше баспадым.
Дәл осылай Жерге мейір төккенім,
Дәл осылай тап-таза боп өпкенім!
Болды ма деп, қалдым ба деп жазалы...
Оным үшін Алматыны сөкпедім!
Құшқанымнан, сүйгенімнен, қоштасып,
Алатауға қайғым кетті астасып.
Астанаға көз тікпеймін мен қазір,
Кеңсай жақпен кеттім биыл достасып.
Ұлым жатқан мазарында өлеңім,
Ұлым жүрген жолды сүйіп келемін.
Дәл сол үшін Алматыны сөкпедім,
Алматы да білмеді оның... өлерін!
***
Жан деген ол көрінбейтін періштем,
Сөздер әкеп көшіреді пейіштен.
Жан деген ол мен шығармын жапырақ -
Сөйлемейтін, сыбырлайтын тек іштен.
Сұлбасы да ұқсай ма екен өзіме,
Мен сияқты үздіге ме, үзіле?
Әр әріптің арттырып ап қадірін,
Кібіртіктеп ілеседі сөзіме.
Менде сөздің бәрі қымбат, қадірлі,
Өйткені мен өртеп жазам жанымды.
Жалғыз өзім көрермен боп содан соң:
Жалғыз өзім сөйлеп тұрам нанымды!
Әрбір сөзім тулап кетіп қанымда,
Бір гүлденіп, мың түрленіп жолымда.
Жықпыл -жықпыл көшеге ұқсап шамы жоқ,
Кекештеніп, кері қайтам соңында.
Өзімді-өзім тыңдаймын да мұңданам,
Бұл кеудеде мойнын созған мың ғалам.
Екі аяғым жеткен жерге-қадір жоқ,
Жаным неге биікте жүр таң қалам.
Кескінім де, өткен жылдан сұрықсыз,
Бұрынғыдай бейіл де жоқ, суықпыз.
Он күн азап... бір сәт ғажап сезінсек,
Жап-жаңа боп туылғандай тұнықпыз.
Алдасақ та, алдансақ та шеберміз,
Жапыраққа сылтау болар келер күз.
"Шыбын жаным көз ұшына келді"- деп,
Қоштасарда ақырғы рет көрерміз.
Жіберерміз еркіндікке ұшырып,
Ұша алмасым анық болар қосылып.
Менің Жаным! Кібіртіктеп қалма сен:
Көлеңкеде жүрме мені жасырып!





