Жәудір Нартай
(Әңгіме)
Бұл ауылдың қай кезде Париж атанып кеткенін мен білмеймін, оны өздері де білмесе керек. Күндердің бір күнінде осы ауылдың бір баласы әйгілі Эдит Пиафтың әуелеген әніне балқып, жаңа піскен ыстық круассанды бір тістеп, ашқылтым қою эспрессо кофесін аз-аздан ұрттап, «Chanel №5» әтірінің жұпары аңқыған еуропалық сұлу бикештің қолынан ұстап, Париждің Эйфель мұнарасына қарап, түстеніп отыратын шығар. Ал әзірге мен сіздерге Бетбақдаланың жал-жал құмының ішіндегі шаңы шұбатылған Париж ауылы, ондағы тұрғындар жайлы аз-кем әңгімелеп берейін.
Оңтүстіктің теріскей нүктесінде орналасқан, картадағы атауы Құмтөбе болғанымен, былайғы жұрт «Құмпариж» атап кеткен ауылға қоңсылас Қамысты ауылы бар еді. Айналдырған отыз түтіні бар, алақандай Қамыстының тоғызыншы класын бір өзі бітірген Шәпидің жалғыз баласы – Көбей жасы он алтыға келген күні шашын түкіріктей қайырып, ышқырын бір көтерді де, «паспортқа түсем» деп ауданға жиналып, автобусқа отырды. Қаратаудың етегіндегі ауданға жету үшін Бетбақтың Қамыстысынан ыңырана шыққан автобусы, бар болғыр, теңселіп-теңселіп келіп, дәл Құмтөбенің іргесінен өте бергенде, ескі моншаның жанындағы төрт тағаны төрт бұрышқа қисайған цилиндрлі су мұнарасының төбесіне автобус терезесінен тесіле қараған Көбейдің көзінің ағы молайып:
– Қи-и-ии, Пәғиж-ж-жж, – деп аузынан ақ көбігі ағып, басы айналып, талып түскен екен.
Бас ноқтасы қазыққа байланған көгендеулі бұзаудай, Қамыстының айналасынан ары ұзап шықпаған Көбей үшін үш жүздей түтіні бар Құмтөбедегі су жинайтын биік мұнара көзіне Париждің Эйфель мұнарасын елестеткен деседі. Содан бері Құмтөбенің «төбесі» түсіп қалып, оның орнына «Париж» сөзі қоса-қабат жалғанып кеткен екен. Ауылға жақындағанда әуелі қарайып төбесі көрінетін сол су мұнарасын жергілікті жұрт – Көбейкөрген, кейінірек Эйфель мұнарасы деп атап кетті.
Көбей бүгінде дардай жігіт болып, үйленіп, балалы-шағалы болған шығар. Бірақ оның сол оқиғасы Құмпариждіктердің мәңгілік есінен шықпайтын аңыз-әңгімеге арқау болып, ауыздан-ауызға тарап кеткен еді. Кеңес дәуірінде ауыл моншасын сумен қамтамасыз етіп тұрған су мұнарасы тоқырау жылдары өз қызметін тоқтатып, иесіз қаңырап бос қалды. Есесіне, мұнара ауыл жастарының жалғыз ермегіне айналды. Уақыт өте келе, «Эйфель» мұнарасына ғашығына сезімін білдіру үшін талай жас өрмелеп шығып, омақаса құлап, аяқ-қолдары сынып, бәлнеске түскен.
Малы жоғалғандар Бетбақ далаға дүрбі салып, мұнара төбесіне сағаттап жататынды шығарды. Көктем шыға мұнара төбесіне сонау қырғыз даласынан күркірей келетін ну өзенінің ағысын байқау үшін күллі париждіктер күн ұзаққа мұнараға өрмелеп мініп, өрмелеп түсіп жататын. Цилиндрдің төбесіне қараторғайдай қонақтаған күллі бала көздерін күннен көлегейлеген боп, алысқа, ту алысқа дүрбі салып, сосын жердегілерге қарап, алдымен сыздықтатып түкірігін түсірді де:
– Э-э-эээ, Әуа-а-аақ! Өзен Ақкөлге тақап қалды, ағыстың беті қатты, қаптарға құм толтыра беріңдер, – деп жердегілерге дауыстап бұйрық берді.
Ауыл халқы шулап жүріп қаптарға құм толтырып, ауыл шетіндегі үйлердің, қора-қопсының, көше бойының жиегін қоршап, құмнан бекініс соғып, абыр-сабыр күйге көшті.
– Э-э-ээ, Әуа-а-а-аақ, сенің ақсақ тоқтың-ау деймін, қамқалы жақта бір қой келе жатыр, – деп тағы дауыстайды балалар.
Жердегі жоқ іздегендердің арасынан Әуелбай мұнара төбесіндегілерге шалқая қарап:
– Құйрығына қызыл бояу жағылған ба-ей, дұрыстап қарашы, – деп дауыстап еді, мұнараның төбесіндегі балалар дүрбіні бірінен кейін бірі алып:
– Шақаңның «Аю» деген төбетіне де ұқсай ма деймін, сенің тоқтың қамыстылықтарға кәуап болып кетті-ау, – деп күлкіге басты...
Ауыл автобусының бағытын байқайтын да сол мұнара төбесіне шыққандар еді. Автобус ауылға кірген бойда мұнарадан өрмелеп түсіп, автобус есігінен кіріп-шыққандарды көзбен бағып, ауылдың бір топ баласы аялдамаға жинала қалды. Қамыстының балалары көзге түссе, автобустан сүйреп түсіріп, ұмар-жұмар төбелесе кететін. Күллі қатын шулап, бала жылап, Қамыстының қыз-жігіттері:
– Күйгенде, осы аппачилерден күйдік-ау! – деп зар илегенде, париждіктердің айыздары қанғанша қарқылдай күлкіге басып:
– Эйфелдің жанынан ақша төлеп өтіңдер! – деп, автобус қозғалып жүріп кеткенше, бір-бірімен тебісіп, зорға ажырайтын еді.
Қамысты мен Құмпариж арасындағы бітіспес дау-жанжал мұнымен тоқтамайды. Баяғы төбелестің қарымтасы ретінде Қамыстының балалары Құмпариждің бір қызын алып қашып, басына ақ жаулық салып, бір үйге келін ғып отырғыза салды. Келесі күні париждіктер Қамыстының көшесінде теңселіп, бейғам ыңылдап, ән салып келе жатқан қызды лақша бақыртып, мотоциклдің люлькасына өңгеріп алды да қашты. Мұны өздерінше «Қамыстының қарымтасы» дейді. Бұл есеп айырысудың соңы үлкен тойға ұласса жақсы, тойға ұласпаса, әлгі есеп айырысу ығы-жығы төбелеске ұласып, жалғаса берер еді.
Күндердің күні бұл оқиға аудан әкімінің құлағына жетті. Әкім ауылға келмес бұрын «Эйфель» мұнарасында тағы бір оқиға орын алған еді. Бір күні мұнараның төбесіне жесір Манаттың ұлы – Мәулен шығып, өлем де өлемге басып, бір сағат бойы қиғылық салды. Мұнараның төбесінен екі аяғын салбыратып отырып:
– Е-е-ее, Мана-а-а-ат! Саған бай керек пе, бала керек пе? Жасың қырыққа келгенде құтырып, кімге байға тимексің, а-а-аа, Ман-а-а-ат! Мені неге ойламайсың сен? «Шешеңді үкілеп ұзатасың ба?» деп, күллі бала мазақ қылып күлді ғой, Манат! – деп айғайлап, боқтанып-бораланған Мәуленді көрген құмпариждіктер аяғынан тік тұрды.
Сонда байғұс Манат ебіл-дебілі шығып:
– Байы құрсын, сен аман бол, қу жалғыз! – деп, жаулығы сыпырылып, тізерлей жерге құлап, екі бетін тырнап аңырады-ай.
Оған ауылдың кемпір-сампыры қосылып, қас қарая күллі париждіктер мұнара басына жиналып, азан-қазан болды да қалды. Жиналғандардың ішіндегі ес тоқтатқан үлкендері Мәуленге өлердегі сөзін арнап, тіпті мектеп директоры келіп, квотаға колледжге оқуға түсіретінін айтып еді:
– Е-ее, ағай, е-ее, қалай түсем мен оқуға? Терезе сындырдың деп мектептен қуып, аттестатымды үшке толтырып берген жоқсыңдар ма, е-е-е? – деп баж ете түсті Мәулен.
– Ойбай-ау, Мәулеш-ау! Аттестатты жөндеу деген сөз бе екен, жөндей саламыз. Уәдем – уәде, қарағым, – деген еді:
– Ал, қалай түсем? Қалай түсем мен оқуға? – деп Мәулен мұнараның төбесінен төмен қарап, одан сайын тепсініп бажылдады.
– Әу, әкем-ау, уранның үстінде отырған жоқсың ба, экологиялық аймақтан келген талапкердің бәріне үкімет арнайы квота бөлген. Сен ол жағын да уайымдама, жерге түссең болды, Шымкентке оқуға түсесің. Жатақханаң да дайын. Қане, түсе қойшы, көкешім, – деп жүріп, аяғынан тартып, жерге әрең түсіріп алды.
Содан соң:
– Мә, түсесің оқуға! Өлмесең өмірем қап, жетпегірдің баласы! О, қу шешек! Он алтыға келгенде шешеңнің емшегін емейін деп пе едің, ессіз ғана қалғырдың баласы! Қырықтағы қылшылдаған қатын байға кетіп, бағы жанса, қуанбайсың ба, жетпегір-ау! Ертең сен қатын алып, қалаға құрисың, Манат бейшара қу тізесін құшақтап, мұнараның төбесінде отыра ма сонда? – деп жабыла тепкілеп, таяқтың астына алған кемпірлер.
Содан Мәулен өлмей тірі қалды, артынша қалаға колледжге оқуға аттанды, квотаға түскен-түспегені белгісіз. Ал Манат болса, сол жылы Қамыстыда тұратын, қатыны қайтқан тарих пәнінің мұғаліміне күйеуге кетті.
Ауылға аудан әкімі келіп, жиналыс жасамақшы дегенді естіген құмпариждіктер мен Қамысты халқы кешкілік ауыл клубына жиналды.
Сөзді аудан әкімі бастады:
– Мыналарың ұят болды, жерлестер! О заманда, бұ заман, қойы қоралас, малы аралас екі қоңсы бір-бірімен бітіспес жау болыпты дегенді сіздерден естіп отырмын. Құмтөбенің жастары Қамысты жастарына күн көрсетпейді екен, автобустан түсіріп алып сабайды екен, барымташылық жасап тонайды екен, одан қалса, қыздарын басынып алып қашады екен. Бұл не деген бассыздық?! Әу, біз – орта ғасырда емес, зайырлы «Қазақстан Республикасы» деген елде өмір сүріп жатқан жоқпыз ба?! – деп әкім столды жұдырығымен қойып қалып еді:
– Е-е-ее, соны айтсай, бетіңессейіндердің! – деп Қамыстының қатқан қара қайыстай бір кемпірі шаңқ етіп, орнынан ыршып түсті.
Аудан әкімі алдына қойған суды қылғытып бір жұтты да, сөзін әрмен қарай жалғады:
– Одан қалса, ана қу мұнараның төбесіне шығып алып, өлемге басып, ауылды дүрліктіреді екенсіздер! Ау, бұл ауылда ақсақалдар бар ма өзі? Бұл жүгенсіздікті тыятын біреу табылмады ма араларыңыздан? – деп еді, алдыңғы қатарда отырған ауыл ақсақалдары түгел жамырай:
– Қарағым-ау, қазіргі жастар бізді тыңдайды дейсің бе, бетімізден алады түге, – деп төмен қарап тұқшиып еді, сақалын саумалап, аяқ жақта отырған Қамыстының бір шалы:
– Әй, әкім бала! «Балық басынан шіриді» деп, бұл Құмпариждің шалдарына дейін құтырған. Өткенде біздің ауылдың баласын даладай ғып сабап жатса, мына Құсыман деген шал: «Аяма, Қамыстының баласы болса, аяма», – деп қот-қоттап тұр дейді, – деген еді, Құсыман шал:
– Әй, Шоқпарбай! Сенің де таяқ жегің келіп тұр ма? Жұдырығымның иісін ұмытайын деген екенсің, шықшы бермен! – деп, тізесі дірілдеп, таяғын көтеріп қалып еді:
– Ойбай, Құсеке, сабыр-сабыр! – деп ауыл халқы түгел шу ете түсті.
Аудан әкімі басын шайқап, шекесін сығымдап отырып қалды:
– Ата сақалы аузына түскен қарияларымыздан көшелі сөз естиміз бе деп келіп отырсақ, сіздердің істеп отырғандарыңыз мынау. Құсеке, мына түріңізбен жастарға не тәрбие бермексіз? Әу, біз несін жастарға ренжиміз бұдан кейін? – деп еді, аудан әкімінің қасында ұяттан кірерге тесік таппай, қызара бөрткен Құмпариждің жуастау әкімі сөзге араласты:
– Әбеке, бұл дау – сонау кеңес дәуірінен бері келе жатыр. Әуелі Қамысты совхоз боламыз деген екен. Одан колхоз болып қалыпты да, Құмтөбе үлкейіп, совхозға айналып кеткен екен. Содан пайда болған дау бұл. Мына Құсекеңдердің жас кезінен бері келе жатқан дау, – деп еді:
– Сарсеке, колхоз-совхоз деп не айтып отырсыз? Ау, қай дәуірде өмір сүріп жүрсіздер сіздер? Даудың тамыры тереңге кетсе, атадан балаға мирас боп, жалғаса беруі керек пе сонда? Неге басшы болып, бір уақыт елмен сөйлесіп, осы оқиғалардың алдын алып, екі елді ымыраға шақырмайсыз? – деп ауыл басшысына алара қарады әкім.
Ауыл әкімі үндемей, жүзін төмен салып, бет орамалымен желкесін сүрткен боп, бір уақ абыржып қалды.
– Тә-ә-әк, жерлестер! Бұл жағдайды бұлай қалдыруға болмайды. Мұның бір шешімі болу керек. Бұл жүгенсіздікті қалай тыямыз, өздеріңіз не дейсіздер? – деп аудан әкімі бір уақ жиналғандарға көзілдірігін шешіп қарап еді, бағанағы Қамыстының қатыбас кемпірі:
– Ана қу темірді құрту керек, бәленің барлығы сол темірден басталды! – деп шаңқ етті.
– Ол не темір? – деп елең ете қалды әкім.
– Әлгі анау «Эйпілді» айтамын да, сол қу темірге жарғанатша жабысып, біздің ауылдың көлігін аңдиды осы ауылдың жүгенсіздері. Сол темірді құрту керек, – деп еді, құмпариждіктер:
– Жоқ, жоқ! Ол мұнарамен ну өзенінің ағысын бағамыз, жоғалған адам бар, мал бар, бәрін қарап отырамыз. Кәнсе де кәнсоп, «Эйфель» мұнарасы – ауылымыздың символы! – деп шу ете қалды.
Әкім екі ауылдың халқына қарап, ауыр күрсінді:
– Бар кінә сіздерде емес, мұнарада екен ғой, демек. Су жинайтын мұнара қашаннан бері ауылдың қасиетіне айналған? Ауылдың символы – әуелі оқыған-тоқыған, мына Тәуелсіз еліміздің атын шығаратын өнегелі, білімді жастар болу керек емес пе? Ауыр да болса айтайын, осы отырған үлкенің де, кішің де қу темірдің басына шығып алып, ойларыңа келгенді жасап жүрсіңдер! Әбден бетімен кетіпсіңдер! – деп дүрсе қоя берді әкім.
Жиналған жұрт бір-біріне қарап күбірлесіп, толқып барып басылды. Әкім де сабасына түскендей:
– Жақсы, осымен сөз тәмам болсын, ағайын. Мен бұл мәселені аудан мәслихатында қарап, біржақты қыламын. Бұзу керек болса, мұнараны бұзамыз. Бүгіннен бастап мұнара төбесіне шыққандарға айыппұл салыңыз, – деген әкім мойнын қылқындырған галстугын босатып, ауыл әкіміне тапсырма беріп жатты.
Әкім кеткен соң, бір жеті өтпей-ақ, мұнараның сыртындағы «Мұнараға шыққандарға 5 мың теңге айыппұл» деген жазуы бар тақтайға қарап, басын қасып, аз ойланған Өсербай тақтайды алып, лақтырып жіберді де, өрмелеп мұнараның төбесіне шықты. Соңынан сипақтап жүріп Әріпбай көтерілді. Аз уақыттан соң екеуі «Эйфель» мұнарасының төбесінде Бетбақтың маң даласына баяу батып бара жатқан күннің қызғылт шапағына қарап отырып, бір жартыны бөліп ішті де, Өсербай сөз бастады:
– Өй-й-йй, андағы жиналыста әкімнің айтқаны – бозадағы бос сөз әншейін. Қамыстының қу аяқтарын тыңдаса, біздің Парижді көшіріп жіберуден тайынбайды.
– Қош үйді қоша қондырмайды олар, – деп Әріпбай да сөзге араласты. – Эйпілді бұзу үшін ано-о-о-оу Астанадан, міністрліктен рұқсат алу керек, әуелім. Ол оңай шаруа емес. Әкім артына қарасын, – деп жазыққа дүрбі салып, мұрнының астынан мыңғырлап отырған Өсербай.
– Шо-оны айтам-оу, – деп досын қоштағандай болып, сазан балықтың басын мүжіп отырған сақау Әріпбай кенет Өсербайдың бүйірінен түртіп қалып:
– Оппо-о-оо... – деп қуырылған балықтың басын орай келген аудандық газеттің қыртысын жазып, шұқшия қалды. – Оппо-оо, – деді қайталап, аудандық газеттің мыж-мыж бетіне үңіле түскен Әріпбай. Аздан соң: – «Шожақ ауданы, Құмтөбе ауылында орналасқан, 1956 жылы салынған су жинайтын мұнара нысаны ресми түрде «апатты» деп танылып, аудандық мәшлихаттың ұйғарымымен бұзылатыны туралы шешім шыққанын хабалаймыз», – деген қысқа хабарландыруды сақауланып оқи жөнелді.
Мұны естіген Өсербай да Әріпбайдың қолындағы газетті жұлып алып, көзіне жақындатып, ежіктеп оқыды да, желкесін екі тырнап, қолын құйқасына жүгіртіп:
– Оппой, әкең... Бұ қалай болғаны, ә?! – деп Әріпбайға қарап, иегін қағып қалды.
Көп ұзамай ауылға мұнараға демонтаж жасау үшін арнайы құрылыс мамандары келді. Ауыл халқын жинап, мұнараны бұзу жайлы шешімді хабарлағанда:
– Эйфельді бұзуға қарсымыз! Алдымен ауыл тұрғындарынан рұқсат сұрамай ма?! – деп ауыл жастары ұлардай шулап қоя берді.
– Эйпіл – ауылымыздың сиволы, мұнараны бұзбаңдар! – деп топты бұзып-жарып, Құсыман шал да жеткен еді, осы кезде ауыл әкімі сөзге араласты:
– Құсеке, аудан әкімі мұнараның орнына спорт алаңшасын салып беретін болды. Жастарымыз енді салауатты өмір салтын ұстанатын болады, бокс үйірмелерін ашамыз. Бұл мұнара – апатты, бір күні болмаса, бір күні басыңызға құлайды. Сосын ауылдың сиволы сіз боласыз, Құсеке-ау, – деп еді:
– Өй, бұндай «салауатыңның» құзын ұрайын! Жалғыз сиырым жоғалса, сен тауып бересің бе?! Құмтөбеде тау түгілі тас та жоқ! Жоқ іздеген халық Эйпілдің төбесіне шығып қарамағанда, қайда қарайды! – деп Құсыман шал сақалы дірілдеп, таяғымен мұнара жақты нұсқап, қалш ете қалды.
Осы кезде шетте тұрған мектеп директоры да сөзге араласып:
– Әкімнің сөзінің жаны бар, Құсеке! Мұндай апатты нысан – балаларымыздың өміріне қауіп төндіреді. Ең бірінші, балалардың қауіпсіздігін ойлауымыз керек, – деп әкімнің сөзін қоштай кетіп еді:
– Шетіңнен жемқорсыңдар! Сен де жемқорсың! Сен де жемқорсың! – деген Құсыман шал ауыл әкімі мен мектеп директорының кеудесін таяғымен нұқып өтті. – Осы мұнараны бұзып, темірге өткізіп, үстінен пайда көрмексіңдер ғой! Ім-м-м, білдім де қойдым құлқындарыңды, – деген Құсыман шал көзі ежірейіп, әкім мен мектеп директорына жаратпай қарап, қолын бір сілтеді де, теріс айналып жүре берді.
Сонымен, жарты ғасыр ауылдың сиволына айналған «Эйфель» мұнарасы құлайтын болды.
– Өшке, Құлан оқымадық па? – деп еді Әріпбай әлгінде иығы қушиып, досына қарап, қос алақанын жайып.
– Қойшы-әй! Әулиенің басында тұрсың ба? – деп Өсербай да шылымын тұтатқан боп теріс бұрылды.
Бір күнде құмпариждіктердің көз алдында «Эйфель» мұнарасы гүрс етіп, жерге құлады. Ауыр темір құрсаулардың қирап, төмен құлдилап бара жатқанын көрген құмпариждіктер дымдарын ішіне тартқан күйі шаңға бөгіп, біраз уақыт қаз-қатар тізіліп, қарап тұра берді. Ауылдағы ең биік нысан қираған соң, олардың көзіне барлығы аласарып қалғандай көрінді. Тіпті, өз армандары да аласарып қалғандай еді...
Мұнара қаңқасын жүк көліктеріне тиеп бара жатқанын көрген қамыстылықтар кешкілік Құмпарижге қарата отшашу атып, әйгілі «Эйфельдің» құлауын тойлап жатты.
Сол күні Әуелбайдың құйрығына қызыл бояу жағылған жоғалған тоқтысы да маң-маң басып, ауылға кіріп келе жатқан еді...





