Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Дүние бастан дүр көшіп...

     ӘБУБӘКІР СМАЙЫЛОВ

               
                 МІНЕЗ

Мінезі бар әркімнің туа біткен,
Бермейді оны сельсовет куәлікпен.
Қысыламын сыртыма шығара алмай
Қанша жерден тұрсам да қуанып мен.

Туа біткен мінездің емі неде,
Ешбір жанға елп етіп, емірене
Қоймаған соң солай боп көріне ме,
«Менмен» дейді сыртымнан мені неге?

Мәйін болып жасқа да, кәріге де
Келе алмадым маймылмен мәмілеге.
Ең шешуші сәттерде қулыққа сап
Кутузовтай қоймаппын шегіне де.

Тағдырымды тапсырдым тақсыр-өлең.
Тағы да бір кемшілік тапшы менен.
Көзге мақтай алмаймын мен біреуді,
Іштей ғана іш тартам, жақсы көрем.

Қазақ қайда жөн дейтін сөзге тоқтап,
Өсектесе біреуді өздері - әппақ.
Жерге кіре жаздаймын кей жігіттер
К...ке кіріп жатқанда көзге мақтап.
       
   ИТКЕ ТҰМАР НЕ КЕРЕК

Ит жүгірту бұрыннан әлемде бар
Жер жүзіне таратып жедел хабар,
Өтіп жатыр Парижде ит жарысы 
Әр тазының мойнында пәлен медаль.

Қазақ айтқан: ”Не керек итке тұмар?”
Сөз төркінін  ұқпады-ау түк те бұлар.
Енді түгел орденге құштар болдық,
Құдалықта ел едік киітке құмар.

Жарасар-ау жарыссақ білім тасып,
Не керемет жаңалық ғылымда ашып.
Кетісеміз керісінше адамдықтан 
Атақ үшін иттей боп ырылдасып. 

Бұл - Кеңестік кезеңнен қалған сырқат,
Гиннеске де кірерміз сәл талпынсақ -
Жаңа туған сәбиді қоспағанда,
Кеудесінде әркімнің он салпыншақ!

Орден емес ар-ождан жайында біз
Ойландық па? 
Шындықты мойындаңыз.
Әр қазақтың мойнында бір қарғыбау
Әлгі иттерден қалды ма айырмамыз?!

ТРЕНДТЕ ЖОҚ АҚЫН

Трендтегі ақындар еті тірі -
Тіс қаққан шал, есепке жетік іні.
Билікпенен билейді бір толқында 
Бетінде тұр көлкілдеп өтірігі.

Кім өшеді, жақында кім өседі
Біледі олар, 
ішінде бір есебі.
Еті тірі жігіттер ебін тауып
Атақ үшін осылай «күреседі».

Талай мықты тапталды, қор етілді
Қоғам үнсіз кессе де қоң етіңді.
Қолдан келер қайран жоқ,
Қалам алдым
Әйтпесе ертең айтамын не бетімді?!

Жылдар бойы тұншыққан түнекте боп
Іштегі Үнсіз Қарсылық, 
Жүректегі От
Жанартаудай атылса - атылсыншы
Жалғыз мен-ақ болайын трендте жоқ!

             ЖАН - МАЙДАН

              «Әр сөзіңе қарауыл бол, балам»
                     (Анамның ақылы)

Жаратқан хақ кеудеме жан салыпты,
Сеніміне сай болдым қаншалықты?
Маған маза бермейтін осы сауал,
Күні-түні көңілім болса күпті.

Балалықпен басында түсінбегем,
Бұрынғылар астарлап мүсіндеген -
Мыстан кемпір,
Жезтырнақ,
Аждаһа да
Аңызда емес, адамның ішінде екен.

Шайпау мінез, бейпіл сөз еселеніп,
Өтіріктің соңынан өсек еріп,
Шынжырынан босаған жын-шайтандар
Осы күні жүргендей көшеде өріп.

Көре берсе көндігіп көз - сұмдыққа,
Айта берсе айналар сөз - шындыққа.
Айдан анық ақиқат, 
енді соны
Ескертіп көр (тыңдаса) ессіз жұртқа.

Біреу өмір сүреді мұсылманша,
Біреу арақ ішеді - ісім қанша.
Елде нем бар, түзейін өзімді өзім
(Өмір бойы күрестім),
күшім қалса.
Әр сөзіме қарауыл болуменен,
Етек-жеңді қымтаймын жел улеген.
Жеті басты жалмауыз - бәрінен де
Қиын екен нәпсіні жеңу деген!

ДҮНИЕ БАСТАН ДҮР КӨШІП…
     (Дін жолындағы досыма)
Шындықты айтсам күнә ма,
Шымбайға батса - шыдама.
Жұмақты аңсап жүргендер
Жұмада ғана дұғада.

Бетперде киген көп пенде,
Солардың сөзі өтті елге.
Өкпеге қимас жан едің,
Өзім деп айтам, жек көрме.

Жоғалттық талай жолдасты,
Тағы бір шындық ол да ащы:
Алаяқ зәулім мешіт сап,
Алланы “сатып” алмақшы.

Жүректе - менің мешітім 
Жиырма төрт сағат, жеті күн
Жырыма қосып есімін,
Мінәжат етсем несі мін?

Асылық айтты демессің,
Айныта алмас мені ешкім.
Алланы тану үшін де
Делдалға зәру емеспін!

Дүние бастан дүр көшіп,
Ашылар алдан түрлі есік.
Отырам сосын оңаша
Онымен жалғыз тілдесіп…


              КИЕ

Қазақ жері айналып полигонға
Қудаланып жатқанда қари, молда.
Қойған атын қарашы атамыздың:
Әбиболла, 
Әубәкір, 
Қалилолла.

Қандай есім - 
Ким, Марлен, Мэлс деген,
Бірақ біздің қырсық шал кері істеген.
Қайта құдай сақтапты, ол заманда
Халық жауы билікпен келіспеген.

Кешегі сол ғасырдың белесінде,
Әңгімесі анамның әлі есімде:
“Атаң діндар жан еді, ашаң жүзді
Қыр мұрын, қырым ет жоқ денесінде.

Киінсе де ауылдың қазағындай 
Кісілер аз кірпияз, таза мұндай.
Таза жүріп, өмірден таза кетті, 
Бес уақыт намазын қаза қылмай.

Келін болып түскенде жас деп мені
Аяды ма, 
алғашқы ескерткені:
«Жылан көрсең қорықпа!» 
Айтуға оңай 
Көпке дейін көзімнен жас кетпеді.

Оратылып көзінде керегенің,
Кейде жерде жатқанын көрер едім.
Бізге титтей зияны болмаған соң,
Келе-келе бар-жоғын елемедім.

Рең-басын айтпас ем ерекше деп,
Қайда барса қалмайтын ол өкшелеп.
Сөйтсек жылан атаңның Киесі екен,
Өмір бойы жүріпті желеп-жебеп.

Әулие емес атағы жер жаратын,
Әйтсе де елді емдейтін, дем салатын.
Алда-жалда болжаса әлденені
Көбіне дәл, кейде сәл кем соғатын».

Осы әңгіме түседі жиі есіме
Атам да жоқ, жоқ оның түйесі де.
Жылан да жоқ жым-жылас.
Иесіне
Кетті ме екен ілесіп Киесі де?

Жердің атын қоймайды ел бекерге,
“Жыланкөшкен” кез болған кең мекенде.
Кездейсоқ па, білмедім заңдылық па,
Жылан жылы туыппыз мен де, әкем де…


ӘДІЛЕТ ТУРАЛЫ ӘФСАНА

Әңгімені қозғасам әріректен,
Ұғымдар бар айта-айта мәні кеткен.
Абсолюттік теңдік жоқ, әйтсе де адам
Әлі үмітін үзбей жүр әділеттен.

Көш-керуен ілесіп тізбегіне
Жер ортадан асыппыз біз де, міне.
Кезінде Асан Қайғы да Жерұйық деп
Әділетті әлемді іздеді ме?

Бегі - жемқор, болса егер ханы - бетсіз,
Қарашасын қанаса тағы ретсіз,
Оңады ма ондай ел, ойлаңызшы
Болады ма Жерұйық әділетсіз?

Жоқты аңсаған адамзат қашанда да,
Көз ұшында көкжиек қосарлана,
Жер бетінен таппады-ау Жерұйықты,
Сол кеткеннен мол кетті Асан баба.

Алатының алғыс па, лағынет пе
Бәрі де айқын болады ақыретте.
Ақыретте шамасы жолығармыз
Абсолюттік мәндегі әділетке!

 ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ЖӘНЕ БІР КҮН
      немесе махрсыз махаббат

Жүрегімнің түбіндегі тұнық жыр,
Шым-шым қайнап шықсын бері, күліп жүр.
Күліп жүрші, аз болған жоқ қайғы-мұң
Біз шаңырақ көтергелі қырық жыл.

Біз сезімге жығып бердік ақылды,
Біздер мүлде білген жоқпыз махрды.
«Сен - мендіксің!», 
«Мен - сендікпін!»
Серттестік
Біргеміз деп дем біткенше ақырғы.

Бір көргеннен құлай сүйдім, ұнаттым.
Синонимі сияқтысың жұмақтың.
Бірте-бірте бір адамға айналдық,
Қарап тұрсаң қырық жылың бір-ақ күн,

Дәл осылай айтуымның бар жөні
Оған дәлел өлеңімнің әр жолы.
Кешегің - жоқ, 
ертеңгі күн - күмәнді
Біздің ғұмыр БІР КҮН екен бар-жоғы.

Тұтас ғұмыр болып шықты бос ұғым,
Бір-ақ күн бар, басыңдағы осы күн.
(Бір күнді де сүре алмаймыз дұрыстап,
Білмеген соң соның жөнін-жосығын). 

Әзілдеп ем: 
-Ақыл қостық ақылға,
Енді үйленсек не сұрар ең махрға?
-Сұрап алып тағы бір күн, бір-ақ күн
Оны тағы арнар едім ақынға! 
(Сәл үнсіздік...)
-Сен де сөйтші, мақұл ма?

 

Соңғы жарияланған

Махамбеттен Высоцкийге жеткен ән

Махамбеттен Высоцкийге жеткен ән

ЕРТЕҢ ДЕ ӨМІР СҮРУІМ КЕРЕК

ЕРТЕҢ ДЕ ӨМІР СҮРУІМ КЕРЕК

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді