Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Бір тал гүл

Сәулеш Шәтенова

 

Жұмыс бабымен ісапарға, дәлірек айтқанда көрші қалада өтетін бір мәжіліске қатысуға жолға шықтым. Қасымда шопырым машинаны жүргізіп келеді. Гүл сататын дүкеннің қасынан өтіп барамыз. Дүкеннің әйнек қабырғаларының аржағынан жүздеген гүлдер қарап тұр: қаздиған қалампырлар, қызылшырайлы қызғалдақтар, аппақ лалагүлдер, ұялшақ шегіргүлдер,   дір-дір еткен қашқаргүлдер,   такаппар да сұлу раушандар...


 Ұзақ жолда адамға ой үйір. Осыдан оншақты жыл бұрын бір еркек маған бір тал раушан гүлін сыйласа ғой деп өлердей армандағаным есіме түсті. Тікендері қолыңды  қырқып алатын бір ғана тал раушанды сүйіктім ешкімге ұқсамайтын күлкісімен жымия күліп кеп сыйласа әлемде менен бақытты жан болмаған болар еді! Бірақ ол маған бірде бір рет гүл сыйлаған жоқ...Жалпы өзі сараңдау, бақайесеп адам болатын. Айтпақшы оны кеше кездейсоқ көшеде сыртынан көріп қалдым.  Танауы шуылдап машинесінің жүк салғышына әлдебір заттарды қорбаңдап салып жатты. Шалбары мыжырайып, еңкейгенде, қарны ірк-ірк етеді. Ебедейсіздеу қимылдарынан ерте қартайғаны көрініп тұр. Темекі ыстап тастаған сап-сары тістерімен ыржиып күліп, қасындағы біреуге бірдеңе деп, жерге былш етіп түкірді. Беті шимай-шимай әжім.  Жанынан байқамаған адам құсап тез-тез  өтіп кеттім. 
Жұмыс бабымен командировкаға осылай жиі сапарлаймын.  Жол ұзақ. Слдырлай сөйлейтін ақкөңіл шопырым Өміртай рулді шыр көбелек айналдыра отырып жол қысқарсын деп әңгімені соғып келеді. Туфлиім аяғымды қысып кеткен соң шешіп, сіресіп қалған бәшпайларымды қозғап, шалқая түсіп қалғып- мүлгіп әңгімесін тыңдап отырмын.
- Баяғыда бір қызға өлердей ғашық болдым,- дейді шопырым ыржиып күліп қойып,- Банкте жұмыс жасайтын. Мен ол кезде сол банк директорының шопырымын. Есімі...Есімін айтпай-ақ қояйын, шартты түрде Сұлу дей салайық. Модель қыздар сияқты ұзын бойлы, көмірдей қара шашы беліне дейін сусылдап төгіліп тұратын, - Өміртайдың қолын ербеңдетіп көрсеткенінен  ол қыздың көрікті болғанын сезіп отырмын. Ондай  кекшиген Сұлулардың жігіт атаулыға мұрнын шүйіре қарайтынын білемін. «Біздің Өміртайды қайтсін» деп ойлап іштей күліп жібердім.
 -Әңгімең қызық екен! Сонымен...?
-Күнде тәңертең сол қызды көремін деп ойлағанда қуанышым қойныма сыймай жұмысқа мәшинемді құйындатып баратынмын. Кейде босағадағы бос тұрған бір орындыққа отырып алып оған қараймын да отырамын. Тырнақтары біздей саусақтарымен қағазға сүйкектетіп жазғанын, қараторы жүзін, сүрмеленген ұзын кірпіктерін көрудің өзі мен үшін бақыт еді.  Сұлу жұмысқа шашын неше түрлі қып сәндеп келетін. Бетіне ертеден қара кешке дейін қарап отыра бергің келеді. 
 - Мақтауын асырдың. Одан әрі не болды?
-Кәдімгідей ғашық болдым. Сөз айтуға батылым бармайды. Бірақ бір күні...оған бір тосын сый жасап қуантқым келді. Қыздар сыйлық алғанды ұнатады ғой. Оған сый жасасам, қылмыс емес қой деп ойладым. Кезекті жалақымызды алатын күнді асыға күттім. Ақшам қолыма тигесін зырылдап гүл сататын дүкенге бардым. Қандай гүлді ұнататынын да білмейді екенмін. Ақыры ең қымбатынан бір құшақ қып-қызыл раушан гүлін сатып алдым. Тәңертең жұмысқа елден бұрын келдім. Кабинетіне тығылып кірдім де Сұлудың столының үстіндегі құмыраға раушан гүлдерді салып, тез-тез  басып шығып кеттім. Жүрегім атқақтап,  алды-артыма қарамастан зыта жөнелдім. Түстен кейін бастығымның тапсырмасын алайын деп келе жатып, дәліздегі қоқыс кәрзеңкесіне көзім түсіп кеткені. Біреу тұмсығымнан бір пергендей қалшиып қаттым да  қалдым... Анадай жердегі  қоқыс кәрзеңкесіне лақтырып тастаған мен сыйлаған қызыл раушандар шашылып жатыр. Қысқасы,оқиға былай өрбіген: мен гүлді қойып кеткен соң жұрт күндегіше жұмысқа келе бастайды. Столының үстінде тұрған алқызыл гүлдерді көргенде Сұлу таңғалып тұрып қалады. Жұрт болса жан-жағынан қаумалап: «Бұл саған ғашық жұмбақ жігіт кім болды екен? Баяғы заманның серісі ғой кім де болса» десіп ажуалап, күліседі. Қыз бастапқыда қатты қуанады. «Әйел алпыс екі айлалы» дегендей сонсын раушандарды кім әкелгенін шұқшиып іздестіре бастайды. Қыздардың әуесқой болатыны несі екен? Ақыры менің сыйлығым екенін біледі. Содан соң лезде түсі бұзылып, көгеріп- бедірейіп, қалшылдап ашуға мінеді. Байғұс гүлдерді столының үстінен жұлып ап, жұлмалап қоқыс кәрзеңкесіне атып ұрады. Мен сыйлаған гүлдер де менің өзім сияқты жексұрын боп көрініп кеткен шығар оған. Сол жолы қоқыс кәрзеңкесі ішінде, қасында шашылып жатқан раушандарға қарап тұрып  қалай қапаланғанымды айтпай-ақ қояйын.
Мен көзімнің қиығымен ақырын шопырыма қарап, танауының пыс ете қалғанынан сол оқиғаны еске алудың көңіл-күйін түсіргенін байқадым. 
-Сұмдық қапаландым. Кейін бірде-бір қызға қарап көңілімді білдіру былай тұрсын, қырындауға да жасқанатын болдым.Сол жолы офистегілердің маған мүсіркей, кейбірінің ажуалай қарағандары әлі көз алдымда,- деп Өміртайдың көкшіл ме, жасылдау ма көздерінде мұңның сәулесі жылт етіп барып сөнді.
Ау, батыр, тоқтай тұр,- дедім кенет серпіліп (шопырымның әңгімесі ұйқымды шәйдай ашқан),- Қыздарға сөз айтуға қорықсаң  үйдегі келіншегіңе қалай үйлендің? Онымен қалай таныстың? Өміртай оқыс жадырап күліп жіберді де әңгімесін жалғастырды.
- Сол оқиғадан соң үш жыл өтті. Кекірейген такаппар Сұлу кейін басқа жұмысқа ауысып кетті. Мен баяғыша сол мекемеде шопыр болып істейтінмін. Бір күні банкке жаңадан бір бейтаныс қыз жұмысқа келді. Қаржы институтын бітірген маман екен. Аты Гүлімай. Шашы қысқа қырқылған , әрине түк те сұлу емес, оның үстіне бетінде ептеп безеудің тыртықтары бар, бірақ біртүрлі сүйкімді. Бойы да менімен қарайлас кішіректеу, шағын ғана. Қыздың жымиып амандасатын кішіпейілдігі ұнады. Жаудан бетер өктемдіктен бір рет бетім қайтып қалған мен байғұс, оған жақындап, қыл аяғы әзіл айтуға да жүрексінемін. Күндіз- түні уызға тойған қозыдай томпиған  түрі  көз алдымнан кетпейді. Ақыры басыма сайтандай сап етіп бір ой келді. Бұл қызға да гүл сыйлап көрсем қалай болады? Неде болса, нартәуекел! Сыйлаған гүлімді лақтырып тастаса, құр есек дәме болмай-ақ жөніме кетермін. Жүрегім өрекпіп кеудемді тесердей тепсінеді. «Анаңның ұл туғаны рас болса- қимылда! Әйтпесе, ана төменгі қабатта отыратын, қасынан үйіріп шықпайтын қара сүрік күртемен шыртиып жүретін жылтың сары финансист Самат Гүлімайыңды қағып кетер»,- деп намысым күні-түні қайрайды. Ақыры гүл сататын дүкенге бардым. Бұл жолы қызыл раушан гүлдерін алғым келмеді. Бір құшақ ақ және сарғылт, көкшіл түстерден тұратын лалагүлдердің шоғын сатып алдым. Раушандар сияқты сұлу болмағанмен, жаныңа жылылық  сыйлайды екен, ал раушан гүлдердің тікендеріне шейін тікірейген тәккаппарлықпен бедірейеді. Әрі сол қатігез тікендер менің Гүлімайымның қолдарын жарақаттаса  қайтпекпін?! Ұзын сөздің қысқасы, гүл шоғын алып ертелетіп келіп Гүлімайдың столының үстіне қойып, ақырын шығып кеттім. Сол күні кешке дейін машинемнің о жер, бұ жерін шұқылап  далада жүріп алдым. Хатшы қыз «бастық шақырып жатыр» дегесін жүгіріп келе жатып, жолшыбай еріксіз дәліздегі қоқыс салатын кәрзеңкеге жалт қарадым... Іші бос еді ! Бастығымның тапсырмасын алған соң Гүлімайдың кабинетінің алдынан өтіп бара жатып есігінен жылтыңдап қарадым. Сол баяғыша жымия күлген қалпында алдындағы мен қойып кеткен гүлдерді аялап, сипап қояды. Кенет мені көргенде, қызарып кетті. Көздеріміз түйісіп қалды.
-О, қу-ай! Гүлімайға солайша үйленген екенсің ғой. Бұл сөзіме Өміртай бақытты жанның күлкісімен жарқылдап, ұзақ күлді.
Мен болсам ойға баттым. Осылай алыс жолға шыққанда теп-тегіс трасса бойында машинаның моторының дыбысын тыңдап келе жатып, ойға батқанды ұнатамын. Өзім жайлы ойладым: кішігірім мекеменің бастығымын. Абырой- беделден тағдырым тарықтырмапты. Талай биік мінбелерде Алғыс хаттар мен марапаттар алып, құшақ-құшақ гүлдер де сыйланып жатты маған. Сондай сәттерде есіме бір тал ғана,ия, ия, бір тал ғана раушан гүлі түсетін. Бірде  құрбымның туған күніне сыйлыққа гүл сатып алмақ боп  дүкенге кіргенімде онда жұпыны киінген бір студент бозбала  гүл таңдап тұр екен. Ол бір тал раушанды көрсетіп сатушыдан: «Қанша тұрады?» -деп сұрады. Байғұс студенттің бар ақшасы бір тал гүлге  ғана жететін шығар. Бізден ыңғайсызданғандай сәл мұңайып тұрды да қалтасынан бір уыс тиынды алып шығып, шылдырлатып санай бастады. 300 теңгеге әупіріммен жеткізіп әлгі бір тал раушанды сатып ап, сақырлаған сары аязда үсіп қалмасын дегендей күртешесінің көкірегіне тыққан күйі шығып кетті. Сөзсіз бір қызға ғашық еді. Мен сонда студент соңғы тиынына сатып алған гүлін күртешесінің қалтасынан , қойнынан аялап алып шығып ұсынатын бейтаныс қыздың бақытына қызықтым, аздап қызғандым да. 
Ол кезде жасым отыз сегізде еді. Қанша қиюластырса да желімі кеуіп қалған қағаз қиындыларындай отбасылық жағдайым үйлеспей-ақ қойды. Ақыры шиеттей үш баламен жүйкемді әбден тоздырған маскүнем күйеуімнен ажырастым. Өзім де жел соқса құлап қалатындай әлжуаз біреу едім. Әлсіздерді маңдайынан сипамайтын тасжүректеу тірлікте, мына алып әлемде жұдырығымды тас түйіп ап , қиындықтармен күресуге тура келді. Бойымда мұншалық күш-қайрат мол деп ойламаппын. Аяққа тұрдым. Бір кішігірім мекеменің бастығы боп тағайындалдым. Уақытпен санаспай жұмыс жасадым. Мекемеміз мақтаулы мекемеге айналды. Бірақ рухани жалғыз едім. Кейде түн ішінде мұздай төсекте жападан жалғыз жатқанда көзімнен  тамшылар жастыққа домалап түсетін . Үш балам да  ержете бастады. 
Сондай  кезде Алан жолықты. Сымбатты, ұзын бойлы, ақсары жігіт. Бірдеңе десең жүзі лып етіп қызарып сала береді. Өлердей сүйдім. Бірақ уақыт өте келе  Аланым ерсі мінездер шығара бастады. Мейілінше сараң екенін сезетінмін. «Кемшіліксіз адам бола ма?» деп жабырқаған көңілімді жақауратып жүрдім. Бірде екеуміз  кафеде түстеніп болған соң әмиянында бір тиыны жоқ екенін айтты. Әйелдік намысым шоқтай  қарып алса да кафенің пұл ақысын мен төледім. Бұл басы екен. Бірте-бірте Алан ашық түрде ақша сұрайтын болды. Қарызға деп сұрайды да қайтаруға асықпайды. Бара- бара сараңдығы үдей түсті. Ашуланамын. Телефон соғып, жер-жебіріне жетемін. Ол мендей қызба мінезді емес, сабырлы қалпынан танбайды. Қанша дегенмен, менен айрылып қалудан қорқатын. Содан , екі-үш күн, кейде бір апта бойы хабарласпаймыз. Бұл уақытта оның  қоңырқай  көздерін сағынып үлгеремін. Ақыры телефон шырылдайды. Оқтай ұшып барып тұтқаны аламын. Енді болмағанда өзім телефон соғуға оқталып жүргенімді, сағынғанымды білдірмеуге тырысып өкпелеп, бұлдана түсемін. Ол болса «Сәлеметсіңбе. Ашуың тарқады ма?» - дейді ақырын ғана. Осы бір буын-буынымды босатып жіберетін даусына бар әлемді айырбастап жіберуге дайын екенімді біле ме екен?  Оңашада екеуміздің арамыздағы қарым-қатынасты сараптап ойланып отырып, өзімнің оны көбірек сүйетінімді, ал оның маған салқындау қарайтынын мойындап, кейде осы қарым-қатынасты біржола үзсем бе деп оқталамын. Бірақ оны көрмесем тағы тұра алмаймын.     Кейде екеуміз көл жағасында серуендеп жүргенде, машинада жанында отырып, қырынан қарағанда жүз есе тартымды көрінетін ақсары жүзіне, дөңестеу мұрнына, ер жігітке тән келісті қапсағай иықтарына көз алмай қарап отырып, неше түрлі арман- қиялға берілемін... «Міне, Алан кезекті екеуміз кездеспей кеткен тоң-теріс реніштен соң кінәлі түрде кабинетімнің есігін ашады. Ол әдеттегідей сыпайы амандасқан соң, кенет оқыс қимылдап, қойнынан әлденені қорбаңдап шығара алмай әуре болады. Сөйтіп төс қалтасынан бір тал , иә, иә, бір тал ғана раушан гүлін шығарады. Оның жалақысы менен аз екенін білемін. Шоқ гүл сыйламай-ақ , бір тал ғана раушан гүлін сыйласа  көңіл-күйім аспандап сала берер еді. Баяғы бір оқиғаны- гүл сататын дүкеннен студент жігіттің қалтасындағы соңғы тиынына бір тал раушан гүлін сатып алып , аязды күні қойнына тығып ғашығына алып бара жатқанын жиі-жиі көз алдыма елестетемін. Менің Аланым да маған бір тал ғана раушан сыйласа ғой. Мен сол бір тал гүлді кейін  солып қалса да кептіріп, кітабымның арасына сап қояр едім. Ол әдеттегідей іссапарға кеткенде , сағыныштан өзімді қоярға жер таппаған сағаттарда ол сыйлаған бір тал гүлге қарап отырар едім». Машинада сүйіктімнің қасында отырып осындай қиялға рахаттана беріліп , оған бұрыла бердім. Бұл кезде сыраны бөтелкеден қылқылдатып жұтып отырған Алан кекіріп қалды. Тіксініп қалдым. Соңғы кезде мені мүлдем сыйламайтынын сезіп жүрмін.
Оның өзімді сүймейтініне күн өткен сайын көзім жете түсті. Сонда да сүйгенің жүз мәрте ренжітсе де, жүз мәрте кешіруге дайын жүрек-ай!
Тамыз айында тойланатын туған күнім жақындады.  Бұл күні ата-анам, достарым, әріптестерім  құттықтайды. Бірақ мен соның - Аланның  құттықтауын ерекше асыға күтетінмін.  
Тәңертеңгілік жұмыс кабинетімде  отырғанымда сықыр етіп ақырын есік ашылды. Аржағынан бір құшақ гүл мен сол гүлдерді қапсыра ұстаған қарулы қол көрінді. Гүл шоғы өте үлкен және өте әсем еді. Әр күлтесінен көздің жасындай мөлтілдеген шықтар үзіліп түскелі тұр. Хош иісі  кабинетімді жаулап алды. Мен таңғалғанымнан сірескен мүсіндей кресломда қаттым да қалдым. Гүл шоғын алып кіріп келе жатқан өзге біреу емес- Алан, менің Аланым еді! Туған күнімде елден бұрын гүл шоғын ап алып-ұшып жеткен. Бұған дейінгі ұсақ- түйек болмашы қылықтарына бола соншама кінәлап , түкке тұрмайтын нәрселерге ренжіп келіппін. Не деген кінәмшіл едім! Сол сәтте қалай қуанғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жүгіріп қапсағай құшағына еніп кеттім. Екі бетім  дуылдап  барады. Шынында да сүю деген ғаламат сезім ғой. Гүлді салтанатты жағдайда ұсынған Алан әлденеге кінәлі адамдай қипақтап креслоға жайғасты. 
Телефон шырылдады. Шаттықтан шалқып тұрып тұтқаны алдым. Мәссаған, телефон соққан Аланның бастығы екен.
-Алло, сәлеметсізбе. Туған күніңіз құтты болсын! Аланнан сізге гүл шоғын жолдап жібергенмін. Аман-есен сыйлығымды- гүлімді тапсырды ма?  ... Әлдекім оқыстан жағымнан шапалақпен тартып жібергендей, түкке де түсінбей сәл тұрдым. Мына гүлді ғашығым маған сыйға алып келген екен десем, ол бар болғаны бастығының сәлемдемесін ғана маған жеткізіпті. Басымды көтеріп оған қарадым. Арсыз ыржиып: «Мен айтып та үлгермедім. Бастығым сенің туған күнің екенін естіген соң, мына гүл шоғын саған жолдап жіберді. Өзің ғой соншама қуанып, балаша шалықтап ...мені айтуға үлгертпеген»,- деп қарап тұр. Күлкіден екі езуін сығырайған көздеріне дейін керіп тастағандай. Менің жаңағы ес-түссіз балаша қуанғаным оған күлкілі боп көрінген тәрізді. Жүрегімнің ішінен әлдене шыныдай күтір етіп сынып кеткендей болды. Жұпар иісі кабинетімді жаулап алған гүл шоғын ақырын алдым да қоқыс кәрзеңкесіне лақтыра салдым.  Екі иінім салбырап, басымды көтерместен: «Рахмет. Енді қош боп тұр»,- дедім  Аланға сыбырға жақын үнмен...
Сол күні  жүрегім шаншумен болды. Бұрын мұндайы жоқ еді. Өзім де әлдекім ұрып- соғып тастағандай сүлесоқ халге түстім. Сол күні кеште туған күнімді туған- туыстарыммен кафеде тойладық. Еш нәрсеге зауқым жоқ-ты. Жұрт дуылдасып ішіп-жеп, күлісіп жатқанда еріксіз Аланның ерсі қылықтарын есіме түсірумен болдым. Бұған дейін сезген, бірақ мойындамай келген жәйттердің бәрін мойындадым. Кенет сол туған күн кешінде  күтпеген бір сәт болды.  Қарасам, менің үш ұлым мені құттықтап, бір қағаз қорапты қысыла-қымтырыла ұсынды. Өздері кафедегі  толы адамнан ұялып, жасқаншақтап тұр құлындарым. Балаларым берген сый қорапты ақырын аштым. Ішінде- кішкентай ғана алтын жүзік . Үлкен ұлым менің қарсылық білдіргеніме қарамай жаз бойы жанар -жағармай бекетінде жұмыс жасаған. Табысына маған алтын жүзік сатып алыпты.  Үлкен ұлым ұялғанынан тұтыға сөйлеп тұр. Тамағыма әлдене кептеліп тұрып қалғандай болды. Үш баламды бірдей құшақтай алғанда, көзімнен жас тамшылары домалап кетті.
Сол күннен бастап Аланды мүлдем көргім келмеді. Телефонын қанша соқса да көтермедім. Желігіп жүретін шақтың да өтіп, сабырлы ана болатын жасқа жеткенімді әлдебір түйсігім шегелейді.
..Машина гүр еткенде оқыс қозғалып, өткен естеліктерді миымнан серпіп тастадым. Қасымдағы шопырым Өміртай басы салбырап ол-дағы қалың ойға кетіпті. Анау жалпиған бастың ішінде нендей ойлар сапырылысып жатыр екен? Тағы да мырс еттім. Қалаға кеп қалыппыз. Гүл дүкенінің қасынан өтіп барады екенбіз. Тап біздің қаладағы гүл сататын дүкенге ұқсайтын шыныдан салынған дүңгіршек. Терезесінен сан  алуан гүлдер- қызғалдақтар, лалагүлдер, қалампырлар, қашқаргүлдер: «Мені сатып ал! Сатып ал да, тезірек біреуді бақытты ет!»- деп жаудырай қарайды... Е, гүлде тұрған не бар дейсің ?! Солып қалады ғой, ақырында.. Өзім біреу сыйласа деп сонша армандаған бір тал раушан гүл де солардың арасында мұңайып тұрған шығар. Кейде бір адамды шексіз бақытты ету үшін бір тал ғана раушанның, тіптен студент те небәрі 300 теңгеге сатып ала алатын бір тал раушанның жеткілікті екенін өзгелер біле ме екен?!
Көлігіміздің қалаға келіп қалғанын да қалайша байқамағанмын. Өмір де ,міне, осындай, көзді ашып-жұмғанша, бір қаладан екінші қалаға жеткендей-ақ қой.

    

 

Соңғы жарияланған

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

 ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР

ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР "УЛИСС" БАР

                      СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді