Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

АҚТӨБЕ ЖЫРЛАРЫ

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ 


ЕЛЕК

Күн нұры соны алдымен өбектеген,
Өзен бар Ақтөбеде Елек деген.
Жанымды қоярға жер таппағанда,
Сан рет соған қарай дедектегем.

Пешке сап өртегендей жырды оқыста,
Көп келдім еңкейгенде күн батысқа. 
...Білгендер суы оның лас дейді,
Менің де ішім толды күл-қоқысқа. 

Маңдайға жазылғаннан қашпақ қайдан,
Қанша рет топқа кірдік бастап майдан...
Сондайда өзенге кеп ақтарылдым,
(Елекке айтқан жақсы досқа айтқаннан). 

Жүректі күндер кейде қарайтады.
...У-шуға толар сосын маңай тағы.
Отырған мені тіпті көзіне ілмей,
Бір топ жас таң атқанша ән айтады. 

Е, жарар, солар айтсын әнді, мейлі,
Түн үзген жапырақты Таң күрейді...
...Мен кеттім. Сол Електің жағасында
Бір өлең жазылмаған қалды дейді. 

Күн сайын ішімді өртеп жансын алау,
Бәріне өлмеген соң жан шыдар-ау.
Бір өлең жазылмаған қалды сонда, 
Ең мықты өлең, бәлкім, сол шығар-ау...


АҚЖАР

Жандайын жарқыраған жазды аңсаған
Келемін қайта-қайта, Ақжар, саған.
Шуағын шашып ақ таң қарсы алады,
Күлетін дәл осылай мәз болса анам.

«Қамдайды ертеңгісін есі бар жан,
Бізге енді артық жер жоқ осы маңнан. 
Қол боста хабар алып тұрыңдар!» — деп
Бір жазда әке-шешем көшіп алған.

«Қол боста...» — Астарлы сөз аңдағанға, 
Бізге де ыстық мекен бар ғаламда
осы жер! Келе берем. Кімге барам
Үйіне ата-анамның бармағанда?! 

Түске еніп, демесе де «Жиі есіңе ал»,
Бұл қырдың тартып тұрар киесі бар.
«Қарны ашып құлынымның қалған шығар...» 
Уыстап шешем байғұс шие ұсынар*. 

«Ойпырмай, осы екен ғой мәпелеген...» – 
деп қалса (Уай, жібердім қате неден?). 
Шешем берген шиені талмап тұрып,
Жалтақ-жалтақ қараймын әкеме мен.

Шақ осы тығырыққа Жан қамалар, 
Кімің бар қу тірліктен Мән таба алар?
Қара шал не айтарын біліп тұрмын:
«Ыбылжымай тұр енді. Шаруаңа бар...». 

(Рас-ау, шаруа бастан асып жатыр,
Уақыт та сарт-сұрт етіп қасыңда тұр...
«Кеудеңде жаның барда теріп ал!» деп, 
Тәңірім несібесін шашып жатыр).

...Өкінбей дүниенің жалғанына
Дариға, жеткен кім бар арманына? 
Жанарым жасаурайды (шаңнан, сірә...)
Жүзім шайып алайын Қарғалыға.


***

Ақтөбеде дәл қазір боран ба екен,
Сол боран бірнеше күн соғар ма екен?
Әке-шешем бейіті бір шетте еді,
Әп сәтте аппақ қарға толар ма екен?

Ақтөбеде дәл қазір боран ба екен,
Терезесін талайдың қағар ма екен?
«Иттің ғана баласы, хабарсыз» деп
Мені іздеген ашулы ағам ба екен?

Ақтөбеде дәл қазір боран ба екен,
Тағы біраз әлегін салар ма екен?
Біздің қулар жатпаушы еді боранда да
Әндетіп жүрген әлде солар ма екен?

Ақтөбеде дәл қазір боран ба екен,
Бетін бүркеп, сәмбі тал тоңар ма екен?
Дірдек қағып, жұмысқа бара жатып
Мені есіне бір қалқа алар ма екен?

Ақтөбеде дәл қазір боран ба екен,
Мені есіне сол қалқа алар ма екен?
...Үйде боран кетпесін көтеріліп,
Осыменен тоқтайын жарар, көкем.

АҚТӨБЕНІҢ ҚЫЗДАРЫ

Әу бастан-ақ аңғалдығым бар еді, 
Сірә, есіңнен адастырар кейде өлең…
Астанада бір қыз көрсем әдемі,
“Ақтөбеден шығарсың, ә?” дей берем…

“Айтып тұр ғой баппенен шай құйғаны, 
Аппақ ару айналасы мақтаған.
Қарағым-ай, бала екен бір ибалы
Ақтөбенің қызы анық!” - деп қалам. 

Әйәйларсыз қонды кімге Бақ қашан?!
…Көргендей боп балықшының қармағын.
Ақтөбенің сұлуларын мақтасам,
Секемденіп қалар кейде жан-жағым. 

“Сонда біреу қалған шығар… Алсайшы!”
Бәйбішем де келтірмейді аз күдік.
Әй, бұның да таппайтыны болсайшы
Періштедей пәк адамды жазғырып…

Күйеулер-ай. Бастан “дұшпан” емес пе ең:
“Қарындасың қалар көпке жақпай түк”. 
Біздің қыздар бет-жүзің бар деместен
Қалатыны рас енді бетке айтып…

…Оқтын-оқтын қиялымды Ес түртіп, 
Не жазғаны болса да тек Хаққа аян.
Шай үстінде жалғыз ұлға естіртіп:
“Ақтөбенің қызы жақсы…” деп қоям. 

Тоңдырғанда дүниенің ызғары,
Ап-ащы ойлар ішіңді әбден ірітіп. 
Айналайын, Ақтөбенің қыздары
Тұрасыңдар жүрегімді жылытып…


АЛТЫН ҚАЗЫҚ

"Қор болман, - деп, - қолтығымнан демесе",
Жөйіттерге жағдай жасап кеткен көп.
Бір әкімге ұнамадым демесем,
Уай, Ақтөбе, саған менің өкпем жоқ!

Мені төрде қонақ қылды қаншама үй,
"Өз ұлым" деп қабылдады ел бірден.
Нар Өтежан,
Дүр Есенбай, 
Паң Сағи
Көре алмаған көп құрметті көрдім мен.

Қарғып өтіп кедергіден қаншама,
Еңбек еттім маңдайымнан шығып тер.
Пендеге тән кемшілігім болса да,
Хан көтеріп жүрді мені жігіттер.

Алшаңдадым, арманы асқақ баладай,
Үмітпенен ататұғын әр таңы.
Сонша жаман түріме де қарамай,
Маған ғашық болған қыздар бар тағы...

Сен қуандың, өссе менің мерейім,
Осы емес пе басқа қонған Бақ деген!?
Сені қалай алтын қазық демейін,
Әкем менен шешем жатқан Ақтөбем.

Ақтарылып айта алмайтын басқаға,
Өзіңде өтті өмірімнің көктемі.
Арманым жоқ, айбыны асқақ астана
Қабылдаса ақтөбелік деп мені. 

ОЙЫЛ. КӨКЖАР ЖӘРМЕҢКЕСІ

"Жәрмеңкесі Көкжардың азғана күн..."
Қызыл Тұрдалыұлы.

Айнамкөздің қытықтар жазғанда өлең,
Жымиысын теріп ап, мәз болған ем.
Енді, қалқам, шықпайды неге алдымнан,
Алып-ұшып жеткенде Көкжарға мен?

Ерке Ойылға жайғанда жаз қанатын,
Аққу мойнын сәл бұрып, назданатын.
Қарағым-ай, қайырылшы, өте шығар,
"Жәрмеңкесі Көкжардың азғана күн".

Бір-біріне жатпай-ақ мәймөңкелей,
Төрге қатар жайғасар бай мен кедей.
...Қызыл-жасыл дүние көз арбайды,
Өте шығар аз күнде жәрмеңкедей.

Етегіңнен басқанда, шіркін, ақыл,
Қызық күндер тоқтайды бір күні ақыр.
...Ғасыр салып, араға қайтып келсем,
Жәрмеңкенің өзі емес, жұрты жатыр.

Тамылжытып салатын қалқаға арнай,
Қапелімде қалғандай ән таба алмай.
Жабырқаулы, беу, Ойыл, сәтің-ау бұл,
Жәрмеңкесі Көкжардың тарқағандай...


МӨҢКЕ БИ ЕСКЕРТКІШІНІҢ ҚАСЫНДА
Қайран, Мөңке бабам-ай,
Мың жылдықты болжадың.
Біздер жүрміз отыз жылмен, елу жылмен шектеліп,
Соған сеніп біріміз, екіншіміз жек көріп...
Сенгеніміз — қуанып,
Сенбегенім — қуарып,
Жә-жә, жарар, айта бермен ол жағын...
Түбі қайыр, елден безіп кетпедік...

Айтқаныңның бәрі келді бабам-ай,
Он саусағым жеткізе алман санап-ай. 
«Еркегіміз — қазаншы, қатынымыз — базаршы...» 
Ал ұлымыз — қаңғыбас,
«Қарап тұрған жігітке қыз артылды», ол да рас... 
...Осыменен тоқтайын,
Айта берсем, әрі қарай,
Өзімді өзім жүрген болам табалай. 

Көңілімде алаң көп,
Сол алаңды сейілтем деп өзіңді іздеп барам көп.
Үндемейсің сен бірақ...
Кейде-кейде ерінің қыбырлайтын секілді,
Әлденені сыбырлайтын секілді,
Бірақ оны естімеймін, құлақ — керең, санам — боқ. 
Осылайша айтқаныңды ұға алмай,
Ежірейген ұл секілді тіл алмай...
Үйге қайтам амал жоқ...


ҚАМШЫГЕР

Тағыберген Жамашұлының аруағына арнаймын. 
Кім не істейді уақыт дейтін шіркінге?
"Уа, Жаратқан, ел іргесін бүтін ет!
Алтай менен Атыраудың арасын
Ұстап тұру үшін де
Керек бізге Үкімет!" - деп кешегі сиез барып Алаш үшін шар салған,
Айналаға жар салған, 
Қайран менің Тағыберген нағашым
Ол да Құдай ісі де
Сені ұмытып кетіп жатсақ бұл күнде.

Уа, баба, кешіргін,
Басқа жаққа бұрып басын көшімнің 
Ұмытайын деп пе едім,
Ұмыттырды қайтейін.
«Алаш — сенің жауың!» деп бүліктірді, қайтейін.
Сен жауға сілтеген қамшыны
Өзімізге сілтетіп
Сыртымыздан мысқылдап, күліп тұрды, қайтейін. 
Енді, міне, есіміңді ұлықтап
Сауын айтсақ Алашқа 
Кеш те болса, кіргені де есімнің. 

Ерлігіңді бүгін еске алсын ел:
Нән өгізді бір-ақ тартып құлатып,
Заманыңда жұртқа атандың қамшыгер. 
Қанжығаңда арлан қасқыр салақтап! 
Сен кіргенде дұшпаның да есі шығып алақтап...
Күресетін жан табылмай тойда жұрт: 
"Алты Әлімнің палуаны!" деп мадақтап,
Жан-жағыңнан қаумалап көп әншілер.
"Тағыберген келе жатыр!" дегенде,
Ақбоз үйдің жабығынан сығалап
Сұлулар да қалушы еді-ау мойнын созып қарап қап...

Әділдікпен сұрадың да жұртыңды
Арам қанға толтырмадың ұртыңды.
...Содан кейін жылдар келді біртүрлі
Өзге билеп ырқымды 
Қанатым да қырқылды, 
Қайғы ұрлады күлкімді...
Айналдырып заман уақыт-ұршықты
Бұлт артынан күн шықты.
Тағы берді Құдайым
Содан кейін рухым да сілкінді!

Құлақ салып жан-жақтағы дүбірге
Ұшпаққа осы шығарар деп түбінде 
Ден қойдық біз өзің айтқан ілім менен білімге.
...Бірақ алған тәрбиесіз білімім 
Бас жарып, көз шығарды,
Ай, не істейміз бұларды: 
Елін сатып ұялмай,
Жерін сатып ұялмай 
Шыққан қазір зиянға
Көп жаманды тиярға
Сенің қамшың керек боп тұр бүгінде.

Аспанымды торлағанда көп күн бұлт,
Өзімізді іштей әбден жеп тындық. 
Шаңырағымды шайқап өтті сан құйын.
Аман қалдық мың шүкір! 
Бозқасқаны шалып Алла жолына
Енді мәңгі бір болмаққа серт қылдық. 
Тағыбергенді берген Құдай
Тағыберген уағындағы бірлікті
Тағыберген уағындағы дәулетті
Тағы берер деп тұр жұрт,
Ел тілегі қабыл болсын, әумин!

КӨТІБАР

Өмір деген — күнде аламан, хақ майдан,
Бойын аулақ салып ынжық, тәтті ойдан, 
Елін қорғап, қол бастайтын ұлына,
Менің бабам Көтібар деп ат қойған. 

Тонын отқа тастар битке өкпелеп,
Жігерсіз ел қалай, қайтіп, көктемек?
Айтып-айтып тастау деген бір басқа,
Айтқан сөзде тұру үшін көт керек.

Жанын көзге көрсетсе де қылбұрау,
Үн шығармас ұл туғызған кіл дырау.
Бәсен баба, кешір бізді, сыртыңнан,
Көтібар деп ат қойды деп күлдік-ау. 

Ау, ағайын, жарылса да өтіңіз,
Мен айтайын, мейлі, боқтап кетіңіз.
Бүгін айтып, ертең соған тұрарға,
Көтіміз жоқ, жылтырайды бетіміз. 

Өмір деген — күнде аламан, хақ майдан,
Бойын аулақ салып ынжық, тәтті ойдан, 
Елін қорғап, қол бастайтын ұлына,
Менің бабам Көтібар деп ат қойған. 

Күші барлар байлап ұстап көгенде,
Әңгіртаяқ ойнатса да төбемде.
Үміт үзбей, сенгім менің келеді
Көтібарлар туады әлі дегенге.

АЛТЫН АДАМ
Димаш Қанатұлы Құдайбергенге

Шіркін, көңіл су ішеді-ау көңілден,
Жақсы сөзге жаны дәйім семірген.
Бір-ақ сәтте шулап ала жөнелді ел:
"Алтын адам" табылыпты Темірден".

– Мұның бәрі заңдылық қой.
Темірден*
(Кіндіктен қан, маңдайдан тер төгілген)
ұшқан қыздың құрсағынан тараған
Қазір де бар Алтын адам, – дедім мен.

"Нұрын шашып тұрған сәттей көктен Күн,
Дауысында шуағы бар көктемнің.
Күллі әлемді әнмен қырған Димашты,
Мықты болсаң, алтын емес деп көргін".

Кейбіреуге қалмаған-ау түк те ұнап,
"Әншілер бар Димаштан да мықтырақ...".
Біраз адам күңк-күңк етті сыртымнан,
Іші пысса, не демейді жұрт бірақ...

Көкіректен күмбірлеген күй қашпай,
"Дайдидауы" – бабалардан мирастай.
Біздің елдің топырағында кие бар,
Ұл туғызған Ахметтей**, Димаштай.

Бағыт сілтеп, мың жұлдызын жағар түн...
Көз алартып қарамаңдар маған тым.
Көп болса, алтын буы дерсіз...
Мен айтсам:
Ақтөбемнің адамының бәрі – алтын!

 

 

Соңғы жарияланған

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

 ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР

ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР "УЛИСС" БАР

                      СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді