Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

"Шабыт" Қазақ Ұлттық Өнер университетінің студенті Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ: «Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА поэзиясындағы ұлттық дүниетаным»

Біз бұл зерттеуімізде Гүлзада Ниетқалиева өлеңдеріндегі ұлттық дүниетаным туралы сөз қозғауды мақсат етіп отырмыз. Ақын-жазушылар шығармаларында сирек те болса кездесетін жалғыз ағаш, оның әулиелік сипаты, үкі немесе байғыз құсы, олардың қауырсыны, малдың жауырын сүйегі сияқты ұлттық салт-сананы білдіретін заттар мен көкбөрі, самұрық құс, жылан, аққу сияқты жан-жануарлардың ұлтымыздың рухани дүниетанымынан алатын орны өте зор. Міне, біз зерттеп отырған ақын Гүлзада Ниетқалиева өлеңдерінен халықтың көне ғұрыптарының көрінісін, ескі күннің ескірмеген елесін байқауға болатыны анық. 

Ақынның «Кененбай үңгірі» деген өлеңінде анимистік дүниетаным айқыра көрініс беріп тұр. Ақын лирикасындағы жылан бейнесі арқылы кейіпкердің ішкі әлемін сезімін, құбылыстарын бейнелеудегі және егіздеу, кейіптеу, метафора, айқындау сынды бейнелеу құралдарын қалыптастырудағы рөлін талдап, түсінуге тырыстық. Аталған өлеңдегі ақын жанының жылан патшасы Бапы әулетінің мұңымен егізделуі, сырлы суреттері лирикалық қаһарманның атажұрттағы ордалы жылан мұңын түсіну, табиғатпен сырласу, табиғатқа, жылан Бапы ханға мұң шағу, медет тілеу – ақыл мен сезім арбасқан сәттердегі жүрек лүпілі ретінде өрнектеледі. Лирикалық кейіпкер жандүниесінің жылан образы арқылы айшықталуы осы өлеңнен айрықша көрініс тапқан. Ақынның осы өлеңі анимизмнің, қазақ дүниетанымындағы жылан культінің қазіргі поэзиядағы көркемдік қызметі жайлы ғылыми ой түюге негіз болды. «Ақ жылан Пір», «Мәлике Маран Пірім» сынды поэмаларында нешеме ұрпақтың жылан культі туралы эстетикалық талғам-таразысын, тарихи танымын қалыптастырып, ұлттық дүниетанымға, рухани құндылыққа өз үлесін қосып келеді. Ақын қыздың аяқ алысын бірден байқаған қазақтың эстет сыншысы Зейнолла Серікқалиев: «Гүлзада Ниетқалиева тамаша лирик ақын. Сонысына қоса, қазақы дүниетанымды терең түсінген эпик ақындардың да қатарынан» деп баға берген болатын. Бір ғана «Кененбай үңгірі» емес, оның қаламынан туған өзге де өлең-жыр, поэма-дастандары да қазақ халқының рухани тамырымен, мифтік сана-сезімімен тереңнен сабақтасып келетіні ақиқат. Біз аталған өлеңдегі анимизм мен жылан культінің фольклор мен сөз өнеріндегі көріністерін типологиялық құбылыстар ретінде салыстырып қарауды да жөн көрдік. Жылан образын поэзия тіліне көшіру арқылы ақынның дүниетанымы, ішкі жан дүние тереңдігі айқын танылып тұрғаны сөзсіз. 
«Тағы батып барады мені алдай күн,
Жанға батар сыздатып шемен қайғым.
Тарих аузын ашар деп үміттеніп,
Үңгіріне кеп тұрмыз Кененбайдың.

Ғасырлар қойнауынан құмға көшіп
Кеткендей, тербетілер мұңға бесік...
Кәлимаға тілімді келтіремін,
Ашылар деп алдымнан жұмбақ есік. 

Тасбауыр тарих мені тағы алдады,
 Мейірім жолы қайда Құрандағы?!
Басына нәубет  түскен кезде осында
Тығылыпты ордасы жылан Бапы.
 
 Атакүлдік, асқынған жараңменен,
Күннен күнге алыстап барам сенен. 
 Жанұшырып жетті ме саяңа кеп, 
 Жылан пірі - Мәлике Маран деген?!

Атажұрт, қайғың ауыр қорғасыннан,
Өзіңе бастайтұғын жолға асығам.
...Ысқырған, жанталасқан үн естимін
Өртенген жыландардың ордасынан...», өлеңді тұтас келтіруді жөн көрдік. Кененбай үңгірі – Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы неше түрлі аңыздық желілерге арқау болған мекен. Көптеген аңыздардың желісіне құлақ түрсек, бірінде Кененбай – қолына қару алып, бес қаруын сайлаған, аттан түспей елді қорғаған баһадүр батыр. Енді бір аңыз Кененбайды мәрт те жомарт, кедейлерге қарасушы бай адам деп суреттейді. Тағы бір аңыз-әфсанада Кененбай оқуы күшті молда, қасиет қонған әулие екен деседі, ал Кененбай үңгірі сол ғұлама абыздың, дана қарияның шәкірттерді оқытқан медресесі болған-мыс. Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарына дейін бұл өңірде болған, үңгірді көзімен көрген көнекөздердің айтуынша, үңгірде бірнеше есік болыпты, ол есіктерді тек Құранды таза оқитын, ілімді қатты меңгерген имам молдалар ғана ашады екен. Адам баласы қоныстанбағандықтан, бұл жерде жыландардың ордасы болыпты. Кейініректе, Мәскеуден келген геологтар аталған үңгірді зерттеуге кірісіпті. Ақын Кененбай үңгіріндегі жылан ордасын Кеңес үкіметі кезінде динамит қойып жарып, жылан терілерін батысқа сатқан жаналғыштар жөнінде меңзеп отұр. Өлеңдегі «Алдап батып бара жатқан күн», «аузын ашпаған тарих», «мұңға тербетілген бесік», «жұмбақ есік», «тасбауыр тарих», «қорғасыннан ауыр қайғы» деген күрделі эпитеттер мен кейіптеулер, психологиялық егіздеу мен шендестіру ақын тілінің бай екенін дәлелдейді. Ақын жылан ордасындағы трагедияны суреттеу арқылы қазақ танымы бірден қабылдайтын жылан Бапы образын кері оралтқан. Негізі, қазақ танымында жылан культі бар, ол бойынша, жылан – адам бойындағы әруақ белгісі. Әйгілі сынықшылардың ақ жылан Пірге, сары үйекке сиынғаны ел аузындағы аңыздан әйгілі. Міне, сол фольклордағы оқиғаны бүгінгі күнмен сәтті қабыстырған Гүлзада Ниетқалиева өлең өлкесінде өзіндік өрнегін бедерлеген.
Академик Сейіт Қасқабасов қазақ фольклорындағы миф жанрының табиғатын арнайы зерттеп, анимизмге анықтама берген. Ғалым табиғатқа қатысты миф сюжеттерін талдап, оларды рух-иелік мифтер тобына жатқызады. Казақ мифтерінің, соның ішінде Ай, Күн, жұлдыздарға байланысты ғарыштық мифтердің ғылыми айналысқа енуіндегі Ш. Ыбыраевтың басқаруымен қарастырылған «Қазақтың мифтік әңгімелері» атты жинақтың мәні өте ерекше. Серікбол Қондыбайдың «Арғы қазақ мифологиясы» атты төрт томдық еңбегі ұлттық мифологияның дамуындағы жаңа кезең болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл еңбектер анимизм табиғатын түсінуге Күн мен Ай, Жұлдыз культінің поэзиядағы Күн, Ай, Жұлдыз образының тууына, бейнелеу құралдарының қалыптасуына байланысты ғылыми ой айтуға негіз болғаны даусыз. Осы айтылғандар негізінде ақын Гүлзада Ниетқалиеваның ақындық табиғатын танытатын ғарыштық сарын, Күн, Ай, Жұлдыз бейнесінің мифтік сана, анимистік таныммен байланысы, олардың авторлық интерпретациясы ұлттық поэзияның көркемдік қуатын бағамдауға әкелері анық. Мәселен:
«Біздің анау қырларда,
Сусыма құм бірін-бірі қуғанда
Сары күннің сәулесімен айналатын нұрларға,
Шағыл салған сол өзгеше әуенді
Жүрек болсын тыңдарға...», - деген өлең жолдарындағы «шағыл салған әуен,сусыма құм, сары күннің сәулесі» ұлттық дүниетанымның анимистік көрінісі деуімізге болады. 

«Біздің анау қырларда,
Ай сәулесі ақ шағылға сынғанда,
Кезбе құйын сән-салтанат құрғанда,
Дүние сол сәт өз алдыңда дөңбекшір,
Сусыма құм алақанда тұрған ба?!»,- «ақ шағылға сынған ай, кезбе құйын дөңбекшіген дүние» деген күрделі эпитет, кейіптейлер -  сонау көшпенді ата-бабамыздың жұлдызды шақтарының ұрпақ генетикасы арқылы бүгінге жетуінің айқын көрінісі. 

«Біздің сол бір қырлардың,
Құм тауында сәулеленген нұрды алдым,
Сағым сүйген шексіздік боп тұрды алдым...
Көкірегіме сыйдырған сол ұшқынды,
Долы дауыл, бұрқасыннан қымтармын.»,- не деген шетсіз-шексіз ғажап сезім! Ұлттық құндылықты бойына сіңіріп өскен ақын табиғат суретін сол баяғы ата-бабалардың анимистік көзқарасын пайдалану арқылы жандандырып, суреттеген. 

«Біздің сол бір қырлардың,
Уілдеген мұңды әуезін тыңдар құм.
...құм тауында төбедей боп тұрған кім?
Күмбірлетіп күй тартқанда құм елі,
Әуенге елтіп, көктен мойнын бұрған Күн...»- мифтік сана бойынша  адамзаттың аялы бесігі табиғат тірі, саналы рух түрінде көркем өрнек тапқан.Көне түркілер табиғатқа жекелей және жалпылай табынды, кие тұтты. Күн мен Ай - адам назарын өзіне аударып, дүниенің жаратылу мен ғарыш, адам мен ақиқат болмыс, табиғат құбылыстары қаһындағы алғашқы пайымдаудың  басты тақырыбы болған табиғат нысаны. Ақын құм тауында төбедей болып тұрған Ата бейнесін сағынады. Күн мен шағыл, Ата бейнесін егіздеп, шендестіріп суреттейді. 

«Біздің сол бір қырлардан,
Астаң-кестең сапырылған құмдардан,
Көкке қарай қол созатын нұрлы арман.
шынықтырып дауылы мен жауыны,
тайсалмадық алда тұрған сындардан.

Сол қырлардан санаға нұр құйдырып,
Ақ арманның сәулелерін жыйды үміт.
Әппақ нұры шүпілдеген дүниеге
Аңсарымды жүрегіме сыйдырып,
Мен келемін ақ нөсерім құйдырып...
...Ақ бетінен күнге ғана сүйдірген,
Беу, ақ шағыл, кеудемдегі күй-дүнием!» - міне, ақ шағыл, сары күн ақын өлеңдерінің сыршыл табиғатының айнасындай. Сонымен қатар, табиғатқа, Ай мен Күнге байланысты ырым-тиым, бата-тілектер, мифтік сюжеттер де еске түседі. Бір сөзбен айтқанда, ақын – өз атажұртының адал перзенті. Соны түйсінеді оқырман. Ақын бақыты да осы болса керек.