Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА: «Қисаның әні» (эссе)

Желтоқсанның соңғы күндерінің бірі. Ай сәулесімен алагөбеңдеген өзен бетінің мұзы әлі толық сіресе қоймаған. Желегінен айырылса да көзге қарауытып шалынар қалың дарақ тік жардан Жайыққа қарай мүлги төніп тұр. Бүгінгі түн алабөтен бір сұмдыққа бастағандай, сәлден соң бір құпияға куә болардай тылсым да тұнжыраңқы. Бейкүнә тыныштықты анда-санда бар даусымен барқ еткен әлдебір қарғаның үні ғана бұзғандай.


       Кенет аз аттылы топ тоғай ішіне қарай дендей еніп келді. Түн жамылған аттылар қиянаттың жаршысындай көрінгені несі екен?.. Қалың ну әліптің артын күткендей, демін ішіне тартып тына қалды. Ылғи қара , қоңыр қымтанған кеспірсіз топтың алдына салып айдап келе жатқаны – әлі қырыққа еркін тола қоймаған ақ көйлекті , ашаң бітімді қазақ жігіті. Желтоқсанның ызғарлы түнінде жалаң жейдемен жау ортасына түскен бұл кім болды екен?.. Нендей қылығынан, кімге жақпады бұл?.. Бұл сұрақтарды дәл сол мезетте Жайық қоймаса, толған Ай қоймаса, қалың тал-терек қоймаса ешкім қоймасы анық... Сәлден соң топ басшысы ешкі сақал, едірең көз орыс жанындағыларға «Тоқта!» деп белгі берді. Атқа жайдақ мінген тұтқынға сыңарезулей мысқылдап: «Осы сені мына жұрт әнші деп жүр ғой, қане бір шырқап қал!» деді. Атына жайдақ мінген ақ көйлекті жігіт айналасындағылардың әлемтапырық жүзін асқақтай шолып шықты да, қуатты үнімен Жайық түнінің тымық аспанын тілгілеп әнге басты.

Баласы мен Көпжанның атым Қиса,
Жел сөзді мен айтамын тілге сыйса.
Ән салмай қалай шыдап отырайын,
Шақырып ауыл жұртын түгел жиса...

Сағындым, Жайық, Дендер-ай
Аға да жеңге, теңдер-ай...
Сағындым, Жайық
Сағындым Жайық,
Саламат-сау ма елдері-ай...

Ақынның әуелей көтерілген таза даусы көкірек шерін, дұшпанға деген бітпейтін кегін ақтара жөнелді. Көзіне қан толған банды жасағының басшысы жендеттеріне долдана қарап, белгі берді. Бандылар жалаң қылышын жарқылдатып, қорғансыз ақынға қарай қылыш сермеді, оқ жаудырды. Ай сәулесімен ағараңдаған ақ көйлегі қызыл қанға боялған қайран ақын солай мерт болған еді...
      Бұл сұмдық қылмыс 1921 жылы 22 желтоқсан күні қазіргі Есбол ауылының оңтүстігіндегі «Ноғай кеткен» деген жерде қашқын ақ бандылардың қолымен жасалды. Ал, қаза тапқан әнші Жайық бойына аты мәлім Көпжанның Қисасы еді. Қиса айтыскер ақын, өткір тілді сықақшы, әйгілі әнші ретінде заманында өз ортасына жақсы танылды. Оның «Ақсақ қоймен айтысы», Жәми қызбен айтысы, Балсан сұлумен айтысы ауыздан-ауызға тарап кеткен, әрқайсысының жекеменшік тарихы бар тартымды дүниелер санатына жатады. Бала кезінен шаруаға епті, зейінді ақын орыс, қалмақ тілдерін кіре тартқан ағайынға ере жүріп, тез меңгеріп алған деседі. Оның қазақтың жүйрік жырауы Мұрат Мөңкеұлымен таныстығы, жырларын өз аузынан естуі бөлек әңгіме. Ел аузында желдей жүйіткіген бірқақпайлары, «Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін» дейтін батылдығы атын ауызға ерте іліктірді. Кейін Қазан төңкерісі болғаннан кейінгі ел ішіндегі алақұйын сәттерде ол жаңа дәуірді қолдаушылардың қатарынан табылды. Жаңа күннен жақсылық күткен албырт ақынның қызыл әскерлерге өзі жалшылық еткен Саға байдың жылқыларын, байлардың тығып қойған астықтарын тауып беруі, «Етегі сұм патшаның түріліпті» деген сарындағы насихат жырларын айтуы дұшпанын көбейтті. Сол кездегі ел ішіндегі психологиялық ахуал өте ауыр әрі нәзік болатын. Екі дүниенің, өліара кезеңнің есігінде тұрған елдің санасы сәбидей сенгіш, аңғал еді. Оны екі дүлей күш те өз мақсатына епті пайдалана білді. Жайық жағасындағы қантөгіс дүрбелең күн санап артып, Серовтың бандысы, Киселев бандысы, Митрясов бандысы, Иванов бандысы деген қандықол қарақшылардың аттары өздерінен бұрын жетіп, момын жұрттың үрейін ала түсті. Осы тұста сол кездегі Кулагино селосының ірі байы Василий Литвинов ақ бандылардың жасағына өзі жауыққан жандардың тізімін жасап береді. Ал, ол тізімнің басында еркіндік сүйгіш ерен ақын Қиса Көпжанұлының есімі жазулы тұрған болатын.
       Алты ұлымен аңырап қалған ақынның жары Талшынай кейін осы оқиғаны жырдай ғып еске алып отыратын деседі. Сол кезде кейуананың көздерінен арманда кеткен асыл жарына деген сағынышы мен замананың дүлейлігіне деген арыз-аңсары жас болып төгіледі екен. Түн ортасында үйіне баса көктеп кіріп келген қарақшылардан Қисаның жалғыз сұраған тілегі «Бала-шағаның көзінше оқ атпаңдар» болыпты. Бандылар оны атына жайдақ мінгізіп алдарына салып, айдап кетеді. Артында алты перзентімен шырқырап қалған Талшынай –ана түн қойнына сіңіп кеткен ақ көйлекті , ашаң жүзді Қисасының соңынан телміріп ұзақ қарап тұрған көрінеді. Қисаның айғайлай салған әсем әнін де, мылтықтың шаңқ еткен зәрлі дыбысын да, бәрін, бәрін естиді. Таң ата артынан барған ағайын ақ көйлегі қызыл қанға малшынған ақынның жансыз денесін атқа көлденең салып алып келеді...
     Қисаның артында қалған азды –көпті мұрасы ұзақ жылғы атқосшы серігі Дүйсекенұлы Қарабала ақсақалдың жадымен кейінгіге жетті. Кейінірек ақын туралы зерттеп, көзкөргендермен тілдесіп үлгерген Дендердің белгілі өлкетанушысы Мәжит Мұхтарұлының тынымсыз ізденістері арқылы кітап бетін көрді. Қиса -жас кезінен ел аралап, ат арқасына ерте қонған өнерпаз. Сапарлап барған жерлерінде «Қиса айтты» деген біраз әңгіме қалды. Көбіне астарлы әзіл, уытты қалжыңға құрылатын бірқақпай өлеңдері жақсы сақталған. Айшықты теңеу, көркем образға бай мұрасының бірі ретінде ақынның Балсан қызбен айтысындағы Жайықтың балықтарына берген теңеуін айтуға болады:

Бір балық - су ішінде бекіре балық,
Жүреді көк толқынды секіре жарып.
Бір балық – одан кіші шортан балық,
Түйелі бай қонады сортаңды алып.
Бір балық – суда жүзер жайын екен,
Бір тіні ер жігіттің қайыны екен.
Бір балық – тағы да бар қызыл балық,
Тұмсығы шошаңдаған ұзын балық.
Бір балық – одан кіші сазан балық,
Біз оны астық талай қазанға салып.
Бір балық – одан кіші табан балық,
Жүрмейтін жол өндіріп шабан балық.
Бір балық – одан кіші ақ қайраң-ды,
Жеткізбей қуған арман шыр айналды.
Бір  балық – одан кіші қылыш балық,
Балсан қыз, әдепті де ұмытпалық.
Бір балық –одан кіші қара балық,
Қасында серігі жоқ дара балық.
Бір балық – одан кіші лақа балық,
Басында айдары жоқ сақа балық.
Бір балық – одан кіші шабақ балық,
Бұл-дағы астанаға тамақ балық.
Бір балық – одан кіші қортпа балық,
Көп жылдан таныс өзі жұртқа балық.
Балықтың еті тәтті, сорпасы ыссы,
Аузың күйіп қалмасын ұрттап алып.

    Жайық бойында өскен жігіттің өзі туған мекенді, қарт Дендерді соншалықты сүйіп жырға қосуы да, кіндік қаны тамған мекенде соңғы жүрек қаны төгілуі де жайдан-жай емес. Қисаның «Сағындым, Жайық» әні бүгінде алашқа белгілі дүлдүл әншілердің репертуарында. Асылы кер заманда туып, шер заманға тап болған ақынның серілігі мен еркелігі туралы ел ішінде аңыз көп. 
 Екі көз шамшырақтың шырағындай,
Өлеңім ақ теңіздің бұлағындай.
Үстінде ақ теңіздің ән саламын,
Киіктің жалғыз қалған лағындай, - деп Жайықтан ән оздырған ақын Қисаның есімін Дендер тарихы туралы сөз қозғағанда тыс қалдыру мүмкін емес. Жазықсыз ақынның қаны төгілген жерде бүгінде ескерткіш белгі тұр. Ал, Жайық бойындағы жапырағы қалың жасыл тоғайлар Қисаның ақырғы әні сіңіп қалғандай мазасыз желмен бірге арманды саз созып тұрады.