Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы Мәжитова Ләззат Қабдірқызы: «Г. Ниетқалиева поэзиясындағы шежірелі шындық»

 

Қазақ елінің тарихы – тереңде. «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа, бірақ,тағы» деп Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, тарихтың біз білмейтін тұстары қаншама! Міне, осы құмға көміліп, суға шайылып, тағдырдың дауыл-бұрқасыны үйіріп әкеткен бізге беймәлім тарих парақтары – ел аузындағы аңыз, ертегілерде, батырлар жырында көрініс тапқан.  

Сол ауыз әдебиетімен ауызданып  өскен ақын Гүлзада Ниетқалиева поэзиясында қазақ елінің тарихынан сыр шертетін поэма-дастандар бар. Соның бірі де бірегейі – «Тұмар ханым» дастаны. Аталған дастанныңтақырыбы: Парсы патшасы Кирдың сақ даласына жорығы. Каспий теңізінің күншығыс жағына қарай ұлан-ғайыр жазықтың көп бөлігін сақтардың массагет тайпалары мекендеген. Б.з.б. 530 жылы сақ жеріне Кир патша (б.з.б. 558-530 ж.ж.) бастаған парсы әскерлері басып кіреді. Бұл кезде массагеттердің билеушісі, қайтыс болған патшаның жесірі Томирис (Тұмар ханым) патшайым болатын. Кир Томириске үйленбекші екенін айтып, құда түсу ниетімен өзінің елшісін жібереді. Бірақ Томирис Кирдің өзіне үйленуді емес, бүкіл массагеттер патшалығын иемденуді көздеген ішкі ойын сезіп, қарсылық білдіреді. «Томирис әйел болса да, жаудың шапқыншылығынан қорыққан жоқ» деп жазады Рим тарихшысы Помпей Трог. Айламен мақсатына жете алмаған Кир массагеттерге ашық соғысқа шығады. Әскерін арғы бетке өткізу үшін Кир патша Аракс өзеніне (қазіргі Әмударияның ескі аты) қайықтарға орнатылған мұнаралы көпір салуға бұйрық береді. Өз жерінде соғысуға қолайлы деп есептеп, Томирис парсылардың судан өтуіне әдейі мүмкіндік береді. Кир әскері өзеннен өтіп массагеттерге шабуыл жасап,  біраз әскерін қиратып, алдап-арбаумен тұтқындарды қолға түсіреді. Оның ішінде Томиристің ұлы Спаргапис те бар еді. Геродоттың айтуы бойынша Томирис өзінің әскері мен ұлының жағдайын естіп Кирден ұлын босатуды, әскерлерін сақ жерінен өз еркімен алып кетуді талап етіп, хабаршы жібереді. Кир патша хабаршының бұл сөздеріне құлақ аспай, Томиристің ұлы Спаргаписті өлтіреді. Томирис Кирдің өз кеңесін тыңдамағанын білген соң барлық әскерлерімен парсыларға қарсы шабуылға аттанады. Екі жақ ұзақ соғысады, бірақ ешқайсысы берілмейді. Геродоттың сипаттауынша «Басында әскерлер садақпен атысты. Садақ оғы біткеннен кейін жекпе-жекке шығып, қылыш және найзамен соғысты» делінеді. Ақырында массагеттер жеңіп шығады. Кирдің өзі өлтіріледі де, әскерінің көпшілігі соғыс алаңында қаза табады. Бұл айтып отырғанымыз - біз білетін аңыз желісіне айналған тарихи шындық. Осы шежірені көркем әдебиетке енгізу үшін ақынға қиял, фантазия керек-ақ. «Тұмар ханым» дастанын оқи отырып, ақын фантазиясына тәнті болғанымыз жасырын емес. 
Ал, дастанның идеясы: елді, туған жерді, Отанды сүю. Туған жердің бір пұшпағы үшін жан қию. Кіндік кесіп, кір жуған атакүлдікті басқыншылардан азат ету жолында өлімге де бас тігу. Жас ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу. Ерлікті, елдікті, ынтымақты, бірлікті насихаттау.
Тұмар ханым дастанының бас кейіпкері – сақ патшайымы Тұмар. Тарих атасы атанған Геродот жазбаларында сақ патшайымы Томирис жерін басып алу үшін келген парсы патшасы Кирді жекпе-жекте жеңіп, басын кесіп алып, қан толы меске салып тұрып: «Сен өмір бойы қан ішуді армандап едің, енді аузы-мұрныңнан шығып, қанға тойып жат» деген екен дейді. Әрине, Геродоттың ұлты грек болғандықтан, ол Тұмар ханымның атын Томирис деп жазғаны түсінікті, тек күні бүгінге дейін тіпті қазақтардың өзі де Томирис патшайым дейтіні өкінішті. Міне, ақын Гүлзада Ниетқалиева сол түсінбестіктің орнын толтырып, Тұмар ханым туралы үлкен дастан жазып, болашақ ұрпаққа өлмес мұра қалдырып отыр. «Тұмар ханым» дастанының беташары «Тұмар ханыммен сырласу» деп аталады. Ақын поэмаға кіріспе жырда сақ патшайымымен сырласады, бүгінгі қазақ халқы, оның болашағы туралы сырласып, мұңдасқандай әсер қалдырады:
«Тұмар ханым, кейіпкері ғазалдың, 
Сені    ұмытпас толқындары Хазардың... 
Сардалаңа    алаң    болып жүрмісің, 
Әлі    саған    жетпей, тіпті, ажалдың...» шындығында да, ажалдың да әлі жетпейтін адамдар болады. Олар ел мен жерін шексіз сүйіп, бар ғұмырын елге арнағандар. Тұмар ханым солардың қатарынан. Ақын соны меңзегендей.
«Тұмар ханым, Хазар жатыр дөңбекшіп, 
Әруағыңа    дұға    оқиды жел    өксіп... 
Дешті Қыпшақ әруағыңа қарыздар,
Ерлігіңе бас иеді ел естіп...» есте жоқ ескі замандарда Каспий теңізін Хазар теңізі деп атаған екен дейді ел аузында. Ақын сол аңызды дастанына арқау етіп алғандай. Қазіргі Қазақстанның кең даласы бір кезде Дешті Қыпшақ деп аталғанын да тарихтан білеміз. 
«Ұлысудан ақ самал боп сен естің,
Қызғалдағы боп жайнадың белестің.
Жұлдыздардың    жарығына    шағылып, 
Құс    жолымен сырғанаған    елес    кім?!» әрине, ол - Тұмар ханым елесі. Ол - елін, жерін жаудан қорғап, өмірлерін қиған батырлардың елесі. Ұлысу –Жайықтан соққан ақ самалда Тұмар ханымның елге деген ақ махаббаты жоқ деп кім айтты? Белестерде жайнаған гүлдер – сол арулардың көз жасы мен қанына суарылып өскен шығар, бәлкім?! Оқырманды осындай ойлар қамалайтыны даусыз. 
«Қап-қара түн көкжиекті көмкеріп, 
Жетегіне кетіп барам мен де еріп... 
Қондыгердің  құба жұрты дегенде, 
Бар қызықты ұмытқансың пенделік...» иә, түн жетегіне еріп, ойға батқан ақын келеді көз алдымызға. Бір кезде Дешті Қыпшақ даласын мекендеген тайпалар өздерін «Қондыгер құба жұрт» деп атаған екен. Олар – біздің ата-бабаларымыз. Қондыгер құба жұрттың құрамында сақ, қисары, ғұн, қыпшақ және басқа тайпалар болған. Ақынның айтып отырғаны осы. 
«Тұмар, сені жиі еске алам, тегі, мен, 
Сырласамын  сахараның желімен. 
«Айтарыңды айтып қал» деп    уақыт, 
Күбір  етті,     кеңістікте    еріген.    
    
Жер    сілкінтіп арғымақтар  дабысы, 
Атой    салып жүректегі намысы. 
Шибөрілер    көзін    тіккен далаңды, 
Қорғап қалды қырандары, барысы!» деп тебіренеді ақын. Сол қырандардың, барыстардың бірі – Тұмар екенінде сөз жоқ! 
Сонау сақ дәуірінде осынау кең дала төсін мекен еткен көшпенді жұрт өзін «Қондыгер елі» атаған екен. Біз қазір сақтар деп жүргеніміз де – осылар. Оның бір себебі, «Ұлы Жібек жолы» бойына орналасып, осынау «Азиядан Еуропаға тартылған күре тамырды» талмай күзеткен ата-бабаларымыз сертке берік, антына адал, жомарт та мәрт болғаны бізге мәлім. Қондыгер елінің ең белді тайпалары Қисары руы мен Қамбар руы үнемі бақталастықта, бәсекеде өмір сүрген. 
           Ақын сөз етіп отырған кезеңде сақтардың патшасы Тарғытай Қамбар руының көсемінің ұлы Құрышты «аманатқа» өздеріне алып, тәрбиелеген. Бұл екі жақтың да амандығының кепілі болған. Тұмарды «Томирис» атандырған Геродот жазбаларында Құрышты «Кир» деп атайтынын да айтып кетуді жөн көрдік. Еуропалық тарихшылар біздің халқымызға тән дыбыстарды айта алмауына байланысты адам есімдері осылай жазылып кеткен, әрине! Бұның бәрін уақыт өз орнына қояды деп ойлаймыз. «Тұмар ханым» дастаны бірнеше тараулардан тұрады. Соның бірі –«Тұмар мен Құрыштың махаббаты» деген тарау. Иә, бір кезде соңынан өшпенді жауға айналатындарынан бейхабар екі жас бір-біріне ғашық болып, серт берген екен. Өмір деген ұлы жолда сертті сақтаудың өзі оңай емес. Ал, біздің ұлы далада сертінен тайғандар – опасыздар, сатқындар! Оны ел ғана емес, анау аспан, анау жер, өзен мен көл де кешірмеген! Келесі тарау – «Тарғытайдың өлімі». Қондыгер құба жұртты басқарып отырған қисары руының көсемі Тарғытайдың қаза табуы, оның қазасына кінәлі деп Қамбар руының саналуы оқиғаны шиеленістіреді. Аманат ханзада Құрышты өлтіруге сайланып келген жасауылдар Тұмардың тосын шешіміне таң болады. Өйткені, Тұмар Құрышты құтқару үшін өз басын оққа тігіп, әжесі Айбыстанға алып барады. Тұмардың халін ұққан кәрі ана өзі ұлынан айырылып, қан жұтып отырса да, Құрышты құтқару жолын ойлайды. Ақыры, «емшегіне ернін тигізіп, өкіл ұлы етіп» қана құтқарады. Осы екі ортада тау басында тұратын бақсы түс көріп, сол түсінің болжамымен Тұмарды өзіне шақыртады. «Аманат ханзаданы Құрыш деген,
 Өлтіруді мен саған дұрыс дер ем.
 Тоғыз жыл қисарының дәмін татты,
Белгісіз данышпан ба, жауыз ба екен? 

Түсімде ол жиһангер атаныпты,
 Көп елді жаулау үшін аттаныпты. 
Арқасынан қос қанат өсіп шығып, 
Жауыпты көлеңке ғып бар халықты.
 Сел болып ағып жатыр адам қаны,
 Қауіп төніп тұр одан саған тағы!
 Қондыгер құба жұртым қан жұтар деп,
 Менің де кәрі көңілім алаңдады»,- деген бақсының ескертуіне де қарамайды Тұмар. Осындай шиеленіскен оқиғалар легі оқырманды баурап алады. «Қорқыт бабаға ант» бөлімінде 
«Антымызға куә бол, Қорқыт баба,
 Қыл қобыз күңірентеді тартып дала.
 Көк аспан мен Қара жер ортасында, 
Өзіңнен таба алмаспыз артық пана.

Дос болып қалуға біз анттасамыз, 
«Сатқын» деген соңымда қалмас аңыз.
 Құйындаған замана өткелінен, 
Өтуге уәде бердік тап-таза біз!

 Бетке алғанша өзіңді, бақи жақты, 
Дәшті жері көрер-ау, ақиқатты. 
Ұйтқыған дәуірлердің боранында
 Бір-бірімізге көтермей ақинақты.

 Бауыр десіп өтуге бел байладық, 
Өтетұғын сапарда жерді айналып».. .
Қорқыт баба алдына тәу етісті,
 Тып-тыныш. Қалған тіпті жел байланып...» деп  бір-біріне серт береді. Алайда, бұл сертті ең алдымен Құрыш-Кир бұзады. Құрыш тағдырдың жазуымен парсы еліне патша болып, таққа отырады, жер жүзін жаулаған жаһангер атанады. Мансап, лауазым, атақ-даңқ, тақ пен тәж Құрыштың жүрегін жаулап, көзін шел қаптап, ақырында Дешті Қыпшақ даласын жаулап аламын деп, қолына қару алып, аттанады. Бұны естіген Тұмар тас-түйін болып, елін жаудан қорғау жолында жанкештілік күресін бастайды. Әуелі Қорқыт бабаның басында берген антты қайтару рәсімін жасайды, әруақтар алдында тізе бүгіп, кешірім сұрайды:
 «Ол адам антты бұзды, көк аспан, 
Өзің куәсің, Жер-Ана!
 Кеше гөр, мынау қызыңды адасқан,
 Жұртымнан жаным садаға!

 Қайтарып алам антымды мен де,
 Кеше гөр, мені Қорқыт баб, 
Ол адам антын ұшырып желге,
 Елімді тонап, қор қылмақ. 

Жол бере алмаймын құртуға елді,
 Дәштінің жерін бермеймін!
 Аспарадан қалған жүрегімді енді, 
Қанымен жаудың емдеймін!» Тұмар осылайша өз елін парсы патшасы Құрыш-Киге қарсы күреске бастап алып шығып, жекпе-жекте жеңеді. 
«Бұл - баяғы Құрыш емес, басқа жан,
 Адал сезім, пәк махаббат жат оған!
 Дәшті жерін жаулап алмақ боп келіп,
 Қасиетті атажұртты таптаған...» деген жолдар Тұмар ханымның ішкі арпалысын суреттейді. Тұмардың жүрегіндегі, жан дүниесіндегі нәзік сезім иірімдері оқырманды да толқытады. Кейіпкердің жан айғайы арқылы ақын елге, жерге деген махаббаттың әрдайым адамды ерлікке, жасампаздыққа, батырлыққа , адалдыққа жетелейтінін ұқтыра алған.
«Құрыш та жүр бөрі ойларға таланып,
 Бұл шайқаста бір заңдылық бары анық.
 «Жас кездегі іңкәрім» деп сене алмай,
 Кәрі әйелді, кеткен шашы ағарып.

Көк аспанға болғаннан соң жазалы,
 Қиындады берген анттың азабы.
 Сене алмады естен танып сүйген қыз –
кәрі әйелден келеріне ажалы...» ,- бұл жолдардан Құрыш-Кирдің ішкі әлемінде болып жатқан жантүршігерлік шиеленіс танылады. Ақын психологизмді шебер қолдануу арқылы шаһиншаһтың жан азабын дәл бедерлеген. 
Бұл дастанның оқиғалары ширыққан шиеленіске толы, күрделі. Оны бір баяндамада тауысу мүмкін емес. «Тұмар ханым» дастанын зерттеп, зерделеу – болашақтың ісі. Менің айтарым, аталған дастан - қазақ елінің шерлі шежіресінің үлкен бір томы. Ол том әлі оқылған жоқ. Тек алғашқы парақтары ғана ашылды. Ендеше, алда ел шежіресін тану, ұрпаққа таныту мақсаты тұр. Сол үшін де Г. Ниетқалиеваның «Тұмар ханым» поэмасының алатын орны зор дегім келеді.