Қай ақын да өзінің туған жері, табиғаты туралы жырлайды. Сол табиғатпен етене туыстасып кеткендей әсер де қалдырады. Кейде тіпті өздерінің ішкі әлеміндегі алай-түлей арпалысты, дауылды сәттерді де сол табиғатпен егіздеп, табиғат құбылысына таңатын сәттері де көп. Осындай ақын деп біз Гүлзада Ниетқалиеваны айта аламыз. Әсіресе, өзіміздің Атырау өңірі, АқЖайықты арқау еткен өлеңдері жүрегімізге жақын екенін жасыра алмаймыз.
Ақын өзінің жан дүниесі мен АқЖайықты үндестіре отырып, өз көңіл күйінің ауанын Жайыққа таңады, өзен ақын үшін жаны бар, сырын мұңын тыңдайтын, керек десе ақылын айтатын, тілеулес боп арқасынан қағатын, немесе айыптаған қалпымен мізбақпай жататын досы сияқты, мысалы төмендегі өлең жолдарына назар аударайық:
«Көз қиығын біз жаққа түсірмеді,
Тас мүсіндер, пенделік пішіндегі.
Ақ Жайықпен тағы да қоштасты күз,
Бұл жолы да мені ешкім түсінбеді...»,- деп тебіреніп бастайды ақын. Күйбең тірліктен жаны жүдеп, өзі айтқандай, пенде пішініндегі тас мүсіндерден теперіш көргенін жасырмайды. Бірақ ақын жаны оған мойымайды, қайта жүректен жыр-жаңбырын төгіп, алға асығатынын байқаймыз. Күз мезгілі – ақындардың көп жыр арнаған жылдың бір сағынышқа толы мезгілі. Біз зерттеп отырған ақын да күзді жырына қосады: «АқЖайықпен тағы да қоштасты күз» деп, күзді де, АқЖайықты да кәдімгі сезімтал адам бейнесіне енгізіп, кейіптендіреді. Осы табиғат көріністеріне өзінің көңіл-күйін ұштастырады: «Бұл жолы да мені ешкім түсінбеді...» Оқыған адамның жүрегін сыздататын мұң... Мөлдір мұң. Әрі қарай оқиық:
«Жанға түсіп күйбең күн сызаттары,
Шідерлі аттай алысқа ұзатпады...
Жайық жатыр тоңтеріс, жаны жүдеп,
Жылы жаққа құстарын ұзатқалы...»,- күйбең күннің сызаты түсіп, жараланған ақын жүрегі не деген нәзік еді?! Өзінің тіршілікке бағынып күн кешкенін «Шідерлі аттай алысқа ұзатпады» деп нақыштайды. Бұл жерде «шідерлі аттай» деген тіркес әрі эпитет, әрі теңеу. Иә, шідерлі аттың алысқа ұзай алмайтынын исі қазақ баласы біледі. Бейнелі сурет, жанды образ деп осыны айтуға болады. Күзде құстардың жылы жаққа бағыт алатынын суреттеген ақын Жайықты құстарды қимай, жаны жүдеп тұрған адам сияқты етіп суреттейді: «Жайық жатыр тоңтеріс, жаны жүдеп,
Жылы жаққа құстарын ұзатқалы»... Жансыз табиғатқа жан бітіріп, оған психо-эмоциялық көңіл күй сыйлайды. Не деген керемет!
«Сағыныштан сарғайып ішімдегі,
Жақсылыққа жоримын түсімді енді.
Жайық неге тартады жабырқаңқы,
Кінәлайды, білмеймін не үшін мені?!»,- лирикалық кейіпкер ішіндегі сағыныш, көңілдің алай-түлей болуы, секемшілдігі, ішіндегі күдігі «жақсылыққа жоримын түсімді енді» деген тіркес арқылы сезіліп тұр. Жайықтың суының тартылуын, арнасының тайыздап кеткен қазіргі халін «Жайық неге тартады жабырқаңқы» деп, кейіптеу арқылы айқындап тұр. Жайықтың жабырқау көңіл-күйі лирикалық кейіпкердің жан дүниесімен астасып, псхо-эмоциялық бояуын қалыңдатып тұр. Лирикалық кейіпкер үшін Жайық – символ. Адалдықтың, тұрақтылықтың, мәңгіліктің символы. Алдыңғы шумақтағы "тоңтеріс Жайық" деген эпитет пен "Жабырқаңқы тартқан Жайық" өзара үндесіп, белгілі бір көңіл-күйді білдіргендей. Ал, лирикалық кейіпкердің күдікшіл көңілі "Кінәлайды, білмеймін, не үшін мені" деген жолда ашылған. Бұл жерде Жайықтың алдындағы адамзат баласының кінәсін жан-тәнімен сезінген ақынның жалпыадамзаттық мәселені көтеріп отырғанын сезінеміз.
«Сабылумен өтіпті-ау сан айларым,
Өлеңіме сыйғызам қалай бәрін?!
Жайық қалды тым-тырыс, сырын ашпай,
Ұзай барып, соңыма қарайладым...»,- сан айлары қу тірлікке байланумен, сарсаңға салынумен өткен лирикалық кейіпкер сол қиындықтың, түңілу мен бүлінудің бәрін өлең жолына қалай сыйғызам деп дал болады. Өзінің мұңын айтатын, сырласатын Жайығының тайыздап, арнасы тартылып, құрып бара жатқанын көру – лирикалық кейіпкер үшін үлкен соққы. Осы жағдайын «Жайық қалды тым-тырыс, сырын ашпай» деп суреттейді. Жайықтан жанына таяныш, сүйеніш күтетінін «Ұзай барып соңыма қарайладым» деген жол анықтап тұрғандай. Өз мұңы өзінің ішінде, сырласуға бір адам таппай, Жайықты сүйеніш көрген лирикалық кейіпкердің жан әлемінің нәзіктігін байқатады емес пе?!
«Дәтім қалай жетеді қарамауға,
Қарасуық Жайықты қамалауда...
Соңымнан шақырғандай болған біреу:
...Сырғатал дір-дір етті жағалауда...»,- күздің қарасуығы қамалаған Жайықтың жағдайы да мәз емес. Осыны «Қарасуық Жайықты қамалауда» деп нақыштайды. Күздің қарасуығына да, Жайыққа да жан бітіріп, өзінің көңіл-күйімен шендестірудің астарында үлкен мән жатыр. «Соңымнан шақырғандай болған біреу:
Сырғатал дір-дір етті жағалауда»,-иә, күздің қарасуығы ешкімді де аямақ емес. Сырғаталды да өзінің ішкі әлемімен егіздеген лирикалық кейіпкер өзінің жан дүниесіндегі арпалысты, түсініксіз күдікпен үрейді Жайық жағасындағы Сырғатал бейнесі арқылы суреттеген. Жайықты жандандырып, оған адамға тән мінез-құлық пен саналы қасиетті телу, Жайықты өз өмірінің бір бөлшегі деп қарау, жайықты өзінің әр қадамына ортақ ету – Г. Ниетқалиева қаламына тән өзгеше құбылыс. Мысалы, төмендегі жыр жолдарына назар салайықшы:
«Күзгі жаңбыр...
Екі жаққа бөліпті бізді тағдыр.
Жайықпенен мұңдасып жалғыз келем,
Тым құрыса жанымда күзді қалдыр...
Күзгі жаңбыр...
Шық бүркіп, сіркіреді,
Тым тұнжырап кетіпті бұлт іреңі.
Ақ Жайықтың мұңына құлақ түрсем:
Мөлдір тамшы жанарда іркіледі...»,- ақын «күзгі жаңбыр» деген қайталау арқылы оқырман назарын еріксіз өзінің айтайын деген ойына бұрады. Лирикалық кейіпкер – мына әлемде жалғыздықпен қол ұстасқан жан. Оны «Тым құрыса, жанымда күзді қалдыр» деген тармақ дәлелдейді. Мынау жарық дүниеде Жайықпен ғана сырласқан ол күзді өзінің қимас құрбысындай етіп бейнелейді. Күзгі жаңбыр арқылы жанындай сүйген жанынан алыстағанын «Екі жаққа бөліпті бізді тағдыр» деп, өкінішке толы жол арқылы өрнектеген. Тұнжыраған бұлт іреңімен егізделген Жайық мұңы, олармен астасқан лирикалық кейіпкердің ішкі сарайы, жан дауысы, жан айғайы ауаны тіліп өткендей, құлақ тұндырғандай...
«Көкірегімде жасын-от күркіреді:
«Жоғалтасың көр де тұр, бір күні оны!»
Шегінеді жағадан Жайық үнсіз -
Пәс көңіл - жетім қозы,
түртінеді...
Жылап тұр күзгі жауын сілбіреген,
Қайда сонау ақ дүние үлбіреген?!
Толқының қайда, Жайық, жарға соққан,
Осымен демің бітіп, тынды ма екен?!»,- Жайық бойының экологиялық апат алдында тұрғанын суреттеген өлеңде қоршаған ортаны қорғауға, табиғаттың тұмса сұлулығын сақтауға деген ұмтылыс, күрес бар. «Көкірегінде күркіреген жасын от» деген күрделі эпитет, кейіптеу арқылы «Жоғалтасың, көр де тұр, бір күні оны!» деп ескерту жасауынан уақыт зарын, мезгіл уайымын тыңдағандаймыз. Жайықтың жағадан үнсіз шегінуін жыр жолына түсіре отырып, «Пәс көңіл – жетім қозы түртінеді» деген фразеологиялық тіркес арқылы бұл уайым, бұл зардың тек Жайыққа ғана емес, адамзат баласына тигізетін зардабын айтып тұр деп түсіндік.
«Жайық дейді жағада жанашыр жұрт,
Үмітпен қарар көзін Дала сүртіп.
Күзгі жауын не десін, жылайды үнсіз,
Жөңкіледі аспанда қарасұр бұлт...»,- адам сезімі неткен шексіз деп таңырқауға тура келіп отыр. Жағадағы жанашыр жұрттың көзайымы, мақтанышы болған Жайық өзені үнсіз құрып барады, Уақыт өңешіне жұтылып барады, жағалаудан шегініп барады. Толқындары бұрынғыдай өрекпіп келіп жағаны ұрмайды. Ақын жаны осыған күйзеледі. Жайық пен Дала – ақын үшін жаны бар бейнелер. Бір сөзбен айтқанда, ақын Далаға да, Жайыққа да тура бір жанында отырған сырласындай әңгіме тиегін ағытады. Осының өзінен тылсым бір байланыс бары сезіледі. Жайық пен Далаға Күзді, қарасұр бұлтты әкеліп қосып, өзі осы төртеуінің ортасында мәңгіліктің жырын оқып тұрғандай...Төрт құбылаң тең болсын деген тәмсіл түседі еске осы арада. Қазақы ұғымда жеті құбыла бар дейді адамда, ендеше, Гүлзада Ниетқалиеваның төрт құбыласын танығандай болғанымыз ақиқат.
«Білмен қандай, Ақ Жайық, тақалды шақ,
Жалғызсың ба жаныңда жаналғыш қап?!
Жүдеп-жадап барасың күннен күнге,
"Жіңішкемен" ауырған атам құсап...»,- жанына Әзірейіл періште – жаналғыш келген адамның бақиға аттанатын сәтімен баламаланған бұл шумақтағы тіркес адам санасына сондай бір ауыр, сондай бір қайғыны сездіргендей. Жайықтың жер бетінен жоғалу трагедиясы баяғы мифтердегі бәйтерек, самұрық құс туралы ертегілерді де еске оралтады. Жайыққа өзінің ең ардақты да аяулы адамы, жан-тәнімен іздейтін, мына жарық жалғанда өмір сүре жүріп, іштей сағынған ата бейнесін телуі – өте сәтті. Атасының «жіңішкемен» ауырғанын айту арқылы Жайық трагедиясын тереңдете түседі.
«Ақ шағала тербеліп толқынында,
Көкірегіме көп үміт толтыруда...
...Ертең, мүмкін, шайдай боп ашылар Көк,
Білмейміз қайда бастар Жол шынында...»,- қаншама Жайықтың басында қиындығы көп болса да, төбесінен қарасұр бұлт төніп тұрса да ақын оптимизмнен танбайды. Алдағы күннен үміт күтеді. Шындығында, ертең не болатынын ешкім білмейді ғой! Ендеше, біз де ертеңнен үміт күтейік!




