Тотем – (Cолтүстік Америка Аджибве тайпасының тілінен аударғанда «тек», «ата») белгілі бір тайпаның немесе этникалық топтың шыққан тегі, арғы атасы деп қарастырылатын өсімдік, жануар, зат немесе табиғат құбылысы. Терминді ғылыми айналымға ағылшын жиһанкезі Дж. Лонг енгізген. Адамзат дамуының алғашқы архаикалық сатыларында адамдар өздерінің табиғатпен етене байланысын толық сезінген, сондықтан да олар өздерінің шығу тегін табиғаттың нақты көріністері арқылы түсіндірген. Мәдениетте адамдардың өздерін осылайша теңдестіру (идентификациялау) формаларын «тотемизм» деп атайды. Тотемнің пайда болуына адамның хайуанға айналу мүмкіншілігі бар деген аңыздар негіз болса керек.
Біздің халқымыздың тотеміне айналған көкбөрі бейнесі фольклорда негізінен хайуанаттар туралы ертегілердің мифтік-аңыздық, қиял-ғажайыптық түрінен бастау алып, қазақ қоғамының сонау балаң кезінде, адамдардың ой-өрісінің тым кенже дәуірінде пайда болған.
«Адамдар табиғаттың тәлкегіне ұшырап, дала тағысының, аспан құбылыстарының кейбір дүлей күшіне тап болғанда, оның бәрін солардың құдіреттілігінен болып отыр деп есептеп, оны киелі мақұлық деп біліп, табынған. Соларды әлемнің иесі деп таныған. Осыдан барып, бөрі, марал, аспанның қара құсы, тағы басқа да аң-құс туралы қыруар қияли хикаялар да туа бастаған. Кейін келе бұл аңыздар толықтырылып, хайуанаттар туралы мифологиялық ертегіге айналған», – деп жазады зерттеушілер өз еңбектерінде.
«Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым», –
деп Сүйінбай ақын жырлағандай, жалпы қазақ ұғымындағы көкбөрі бейнесі – өте асқақ, түркі халықтарының ата-бабасы, яғни, түпнегіздік сипаттағы мифтік жаратылыс, тотемдік бейне.
Ілкі дәуірлерден жеткен аңыздарда көкбөрі сәбилердің асыраушысы, қиын-қыстау кезеңде көмекке келіп, тығырықтан шығар жолды көрсетуші пір, жебеуші ретінде сипатталады. Яғни, тұтастай түркі халықтарының ата-бабасы ретінде дәріптеледі.
Міне, осы тотемдік бейне ақын Гүлзада Ниетқалиеваның шығармаларында да сәтті әрі кеңінен көрініс тапқан. Мәселен, «Қап қойған Қап тауында ағайындар» деп басталатын өлеңінде ақын:
«Қап қойған Қап тауында ағайындар:
Қарашай, шеркес, шешен, ноғайың бар...
Көктүрікте рухы жүр көкбөрінің,
Содан соң, тағдыр жазған талайың бар...», –
деп толғанады.
Шындығында, қазір біз «Кавказ» тауы деп ат қойып, айдар тағып жүрген өңірді біздің бұрынғы ата-бабаларымыз «Қап тауы» деп атаған. Тарихтың талай толғақты тұсында қайран қазақ даласы да толқуға ұшыраған. Небір көкірегі көк тіреген, самсаған қалың қолы ну орманға ұқсаған, олардың тартқан жебесі күн көзін көлегейлеген замандар өткенін біз тек ел аузындағы аңыздан, фольклордан, шежіреден білетініміз жасырын емес. Тарихын том-том кітап етіп, тасқа баспағанмен, жас ұрпақ санасына ертегі, шежіре, аңыз, батырлар жыры етіп сіңіре білген халқымыздың тарихын түгендейтін уақыт әлі келеріне сенімдіміз. Айтпағымыз, Ноғай ордасы ыдырап:
«Орманбет би өлгенде,
Он сан ноғай бүлгенде», –
дейтін жыраудың зарлы сөздерін әуелден санасына сіңіріп өскен ақын ұлтымыздың рухани құндылығын ұлықтап, санамызда сартап болған, қанымыздың түйіршігінде сақталып қалған кодты тайға таңба басқандай айқындап жазады. Сол Ноғай ордасы қазақтан бөлініп көшкенде, бірге кеткен қарашай, шеркес, ноғайлардың қазақпен түбі бір екенін жыр жолдары арқылы суреттейді. «Көктүрікте рухы жүр көкбөрінің» деген тіркес сол түркі халықтарының тұтастығын білдіретін көкбөрі тотемі екенін аңғартады.
«Тарихтың біз емеспіз соңғы көші,
Түркінің тағдырында қалды үлесі...
«Баяғы ноғай-қазақ заманында»
Дейтұғын шалдардың бар әңгімесі...», –
деген ақынның тек адам емес екендігі сөз саптауынан сезіледі. «Баяғы ноғай-қазақ заманында» деп әңгімесін бастайтын шалдардың тізесін жастанып жатып тыңдайтын құймақұлақ екенінде шүбә жоқ. Осы жол арқылы қазақ тарихының ерекше бір тұсы – ноғай-қазақ заманы екенін де есімізге салады.
«Салғанда ноғай-қазақ мақамына,
Көз жасы сорғалайтын сақалына.
Көкбөрі көзі жанып, көкке ұлитын,
Оранып біз ұйықтаймыз шапанына...», –
дейтін жолдарда немерелеріне баяғы ноғай-қазақ заманынан жыр айтып отырған қарияның көз жасының сақалына құйылуының астарында да үлкен мән бар. Мұның өзі Қазтуғанның:
«Ақ шалмалы пірлердің
Мешітте жаққан шамдары-ай!
Кәпірден теңдік алуға
Қайтып бір келер дейсің бе
Мұсылманның баяғы
Шыңғыстан туған хандары-ай!», –
деп аһ ұруымен өзектес. «Көзі жанып, көкке ұлыған Көкбөрі» деген күрделі эпитеті арқылы тотемдік бейненің халық санасындағы орнын, мәнін тереңдете түседі. Ноғай-қазақ заманынан қалған жырды тыңдап, атасының шапанына ұйықтаған балалар көз алдымызға елестейді. Не деген сезім? Өз ұлтының тарихына деген ғажап махаббат!
Ақынның:
«Көзінен бір от лаулап, маздайтұғын,
Қазтуғанның арманын қозғайтұғын.
Көкбөрі...
Бізден қалған қайран Еділ,
Арманы, мұраты еді тозбайтұғын...», –
деп толғануының себебі мынада, атасынан батырлар жырын, Ноғайлының зарын тыңдап өскен балалық санада көкбөрі бейнесі үнемі жаңғырып тұрады, өшпейді, күн өткен сайын сәулелене түсетіндей... Көкбөрінің көзіндегі от пен батырлар жырын айтып отырған шалдың көзіндегі отты шендестіру арқылы ұлттық рухты биіктетуге ұмтылады. Қазтуғанның арманы... Иә, Қазтуғанның арманын ішінде әлдилеген, жүрегінде тербеген шалдың сол арманы, сол мұңы ұрпағына берілген екен.
«Қайырлы болсын Сіздерге,
Бізден де қалған Еділ жұрт», –
деп Қазтуған жырау домбырасын қолға алып, толғап тұр ма дерсің! «Көкбөрі... Бізден қалған қайран Еділ» деген өзекті өртеген өкініш көріктеу құралына айналып, бүгінгі ұрпақ санасына жол тартқан. Атажұртты аңсау, атакүлдікке деген перзенттік сағыныш жүректі от болып қаритындай. Бұл сезім тек ақынның ғана емес, осы жолдардың авторының да жанында жасырынып жатқандай...
«Астарын түсінбедік дегдар мұңның,
«Астында қалып қойған ел бар құмның»...
Еріксіз тыңдайтынбыз қалғып-мүлгіп,
Біз жырын Ақжүніс пен Ер Тарғынның...».
Осы жолдардағы қарт жүрегіндегі «дегдар мұң» деген эпитет мұңның да өзіндік сипаты болатынынан хабар береді. «Құм астында қалып қойған елдің тарихын» ұрпағына жатпай-тұрмай жырлап отырған зиялы қария мұңының басқаша сипаты болмақ та емес! Атасының шапанына оранып, еріксіз «Ақжүніс пен Ер Тарғын жырын» тыңдап отырған балалар... Қандай жүрекке әрі жақын, әрі ыстық, енді ешқашан қайталанбайтын бейнелер!
«Толғауын тоқсан тарау толғашы үміт,
Жырларын айтар еді ол да асығып.
Қап тауында қалатын түсімде ылғи,
«Қырымнан қырық батыр» жолға шығып...», –
деп те толғанады ақын.
«Қырымның қырық батыры» да – атасы айтқан жырдың кейіпкерлері. Олардың Қырымнан шығып, Тұран жеріне жете алмай, Қап тауында қалуында қандай астар бар? Өйткені, түркі тектес халықтың көбі осы Қап тауында мекендеген. Атамекеннен көтеріле көшіп, бүгінде басқа елде, басқа жұртта жүрген, қаны мен тілі бір түркі халықтары қаншама?! Ақын осыны меңзейді емес пе? Тасқа басылып, хатқа түспеген ел тарихын ұрпақ санасында қалдыруға асыққан ата бейнесі «Жырларын айтар еді ол да асығып» деген жолдар арқылы нақышталған. Неге асықпасын, уақыт өтуде, әне-міне, өзі де мәңгіліктің кемесіне отырмақ... Міне, сол уақытта «атам айтып еді» дейтін саналы ұрпақ қалуы – ата жүрегіндегі үлкен арман.
«Көзінен от маздайтын білтеленіп,
Жырлайтын қайран қартым, күркеленіп.
Балқан тау – біз барған тау деген кезде,
Картаны қолмен нұсқап күлген едік...», –
дейді ақын енді бірде. Баяғы Ноғайлының тарихын жырлағанда көзінен от білтеленіп, маздайтын қарттың жан-тәнімен ел тарихын айтатынын ақын «Жырлайтын қайран қартым күркеленіп» деп бейнелейді. «Балқан тау – біз барған тау» деуінің астарында да үлкен мән бар екені даусыз. Қазақ түсінігінде Балқан тау – алыс жер, жердің шеті дегенді білдіреді. «Барар жерің – Балқан тау, ол да біздің барған тау» деген тіркес соның дәлелі. Бұл жерде ақын Еділ (Аттила) батырдан бастап, қаншама қазақ батырларының Еуропаны көктей өткенін, тіпті Римді де бас игізгенін меңзегендей. «Картаны қолмен нұсқап, күлген» балалардың суреті де шындыққа негізделген. Өйткені, өздерінің ойынша, қара танымайтын атасының Балқан тау – біз барған тау деген сөзінің астарын, мәнін ол кезде түсінбегенін мойындайды ақын. Бірақ, атасы нұсқаған жолмен жүрген ұрпақ ақыры өз тарихын танып, ататегін түгендеп, атасының ол сөзінің тегін айтылмағанын енді ғана түйсінген. Ақын бұл жерде де түркілік тотем, түркілік аңыздар желісін сәтті әрі шебер пайдаланған.
«Айтпаса ас өтпейтін тамағынан,
Әңгіме ноғай-қазақ заманынан.
Көкбөрі көкке ұлыған түсіме енсе,
Шоқ қаритын секілді табанымнан...».
«Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен ел» жайлы аңызды, шежірені, эпостық жырды айтпаса, тамағынан ас өтпейтін шал бұл күнде бақилық болған. Бірақ шалдың мұңы, зары, арманы мен гөй-гөйі енді лирикалық кейіпкерге ауысқан. Түсінде көретіні – көкке ұлыған көкбөрі. Түркінің тотемдік бейнесі көкбөрінің түсіне енуі және оның үнемі айға қарап ұлып тұруы – жыр иесінің жанын жай тапқызбайды. Ақын оны: «Шоқ қаритын секілді табанымнан» деп өрнектейді. Ол да өз кезегінде, көкбөрі бейнесін өлеңінде өрнектеп, келер ұрпаққа аманаттауды мұрат тұтқаны осы өлеңінен айқын көрініп тұр.
«Өкпемізді өшіріп өтпелі күн» деп басталатын өлеңінде ақын:
«Өкпемізді өшіріп өтпелі күн,
Алдындамыз өліара өткелінің.
Селт етпейтін үніне болғанбыз-ау,
Ай астында ұлыған Көкбөрінің...», –
деп автор өткіншілік заңына бағынған өтпелі күннің пенделерді асықтырып, өкпесін өшіргенін поэзия тілімен көркем бейнелейді. «Ай астында ұлыған Көкбөрінің» үніне міз бақпайтын, селт етпейтін қазіргі қазақтардың психологиясын дәл, шеберлікпен берген. Ал Көкбөрі – көшпенді тірліктің символы бұл жерде.
«Үн қатпаған қиын-ау көріп тұрып,
Жүрексізге бұл жайлы көр, ұқтырып...
Түркі жұрты дүниеге тарағанбыз,
Көкжал бөрі бауырынан өріп шығып...», –
деп ғасырлар қойнауында қалған тарихи аңыздың шетін шығарады ақын. Түркі халқында шығу тегін көкбөріден тарататын аңыздар өте көп. Солардың бірінде: «Түріктердің ата-бабалары Све (Сібе) еліне қарайды. Ғұндардың солтүстігінде өмір сүреді. Олардың ру ақсақалы – Апанбу деген кісі. Ол ағайынды он жеті екен. Солардың ішіндегі Ижі-Нишыду дегені бөріден туыпты» делінеді. Қазақта «қасқырдың тұқымы», «қаракөктің тұқымы» деген сөздер тегін шықпаған. Сондай-ақ, қасқыр өңдес қаракөк қошқар, қаракөк айғыр, қаракөк бұқа, қаракөк серкені қасиетті жануар ретінде қарап, аяғы ауыр әйел босана алмай қиналғанда, қаракөк қошқарды толғатқан әйелден айналдырып қоя беру сияқты ескілікті ырымдар болған, бұл қазірде де бар. Бұларды қорыта келгенде, бір кезде ата-бабаларымыздың көкбөріге табынғанын дәлелдейді.
«Сан ғасырлар аунады содан бері,
Көкжал бөрі қайта бір соғар ма еді?!
Айға қарап ұлимын мен де ішімнен,
Тартып тұрған не деймін оған мені?!», –
дейтін лирикалық кейіпкердің қанындағы ұлттық ген, ұлттық код тыным таптырмайды. Қанша ғасырлар өтсе де, қандағы қасиетті қасықтап төге алмайтынымыз рас. Ол жойылмайды. Жаңғырады да тұрады. Ақын жаны соны мойындайды: «Айға қарап ұлимын мен де ішімнен, Тартып тұрған не деймін оған мені?» деген жолдардан баяғы көшпенді өмірді аңсаған автордың алай-дүлей жан дүниесін танимыз. Қазіргі пендешілік белең алған, сатқындық пен жағымпаздық «талант» деп саналған, озбырлық «ұтымдылық» деп бағаланған кезеңде көкбөріге, баяғы көшпенді қазаққа тән мәрттік, жомарттық, сахилықты «Қызыл кітапқа» енгізетін уақыт та алыс емес тәрізді... Ақын осыны айтқысы келеді жалпақ жұртқа!
«Ел қабағын бағумен өтті күнім,
Көкжал ғұмыр... Алыстап кетті бүгін...
Ойып жазған Күлтегін қара тасқа,
Қайда менің Көкбөрі – тектілігім?!».
Ел қабағын бағумен күні өткен жыр кейіпкері көкжал ғұмыр кешкен бабаларды еске алады. Қара тасқа ойып жазған Күлтегін жазбаларындағы түркілердің батырлығын, отаншылдығын аңсайды, сағынады. Көкбөрідей текті қазақ қайда деп толғанады.
«Қалай мұңның кесесін ұрттамайын,
Қалып кеткен несібем жұртта дәйім!
Азау менен Сақмарды сағынғанда,
Көкке ұлимын мен де анау Құртқадайын...», –
деп толғанатын ақын тағы да Қазтуған мен Доспамбет, Асанқайғы арманын өз өлеңінде өреді. Азуын айға білеген, Еуропаны уысында ұстаған батыр бабалар рухын сағынады. Азау – Азов теңізі, Сақмар – Самара болса, сол жердің бәрі бүгін Ресей құрамында екенін өкінішпен еске алады. «Көкке ұлимын мен де анау Құртқадайын» деген жыр жолдарындағы Құртқа – көкбөрінің аналығы. Қазақ халқы көкбөрінің аналығын «қаншық» демеген, «Құртқа», «Аққұртқа» деп дәріптеген. Сол Құртқа қалай айға қарап ұлыса, ақын жаны да солай тыным таппайтынын шендестіре өрген.
«Таңбалы тас – тарихым, таптыртпаған,
Кеңістікте жыр-шырақ жақтық, ғалам!
Ұйықтайын десем-ақ құлағыма
Даусы келер ай жақтан Аққұртқа –анам!».
Қаншама өз жолымызды таптық дегенімізбен де, тарихымызды түгендемесек, шежіремізді білмесек, өмір сүріп жүрмін дегеніміздің құны – көк тиын! «Аққұртқа ананың» дауысы жанын жай тапқызбаған лирикалық кейіпкердің өр рухы ұлттық мұңға, ұлттық құндылыққа ауысқандай. Қандай үндестік десеңізші!
Ақынның:
«Өліарада... басқа жол таңдасам да,
Оны аңсауым шынында, далбаса ма?
Айға қарап ұлиды түніменен,
Көкжал бөрі... Ішімде анда-санда...», –
деп жырлауы да тегіннен тегін емес.
Көне түркі халықтарының ұғымында Көк – «Құдай» деген мағынаны білдіреді. Сонда Көкбөрі – «Құдайдың қасқыры», Көк қошқар – «Құдайдың қошқары», Көк бұқа – «Құдайдың бұқасы» деген сөз. Көк атаулының киелі хайуанға айналуының себебі де осыдан. Аспаннан түскен көк қошқар, көк сиырдың сүті, көк кептердің еті туралы хикметті аңыздардың да осыған байланысты тууы ғажап емес. Ал «көк соққыр» деген қазіргі қолданылып жүрген сөзімізді де, бәлкім, сол кездегі өмірдің бізге қалдырған белгісі ме деп ойлаймыз. Осылайша, ол кездегі адамдар көкбөріні Құдайдың жер бетіне жіберген елшісі деп түсініп, соған бас ұрған. Жер бетіндегі барлық алапат бөрінің кереметінен туады деп білген. Адам баласының нәсілін бөріден тараған деп қараған.
«Ойлап едім: көп ойдан тынығамын,
Көкбөрінің естідім ұлығанын...
Ай тесіліп, көзімен ішіп-жейді,
Мен сияқты оның да мұңы қалың?!
Бұл дертімнің кім білер дұрыс емін,
Ай көзінен секем ап, бүрісемін...
Жан дүниеңді дауылдай қопарды ма,
Айға ұлыған қасқырдың үні сенің?!».
Көкбөрінің ұлығаны – ақынның ішкі жан дүниесінің тыншымағаны деп түсінген абзал. Көкбөрінің ұлуы мен ай көзінің тесіліп, ішіп-жеуін астастыру – мұң иесінің психологиялық ішкі иіріміндегі өзгеше көңіл күйді танытады. Айдың мұңын өзінің мұңына телитін ақын жаны күрделі де нәзік.
«Жағымпаздар танытып ептілігін,
Қолды болып Уақытқа кетті күнім!
Аспандағы ай оятса, түн ортасы,
Бұл да, бәлкім, көкжалдай тектілігің!», –
деген ақынның жағымпаздық пен опасыздық ортасындағы халін суреттей отырып, уақыттың тез өтіп бара жатқанын «Уақытқа қолды болған күн» деген күрделі эпитетпен өрнектеуі – ақын тілінің байлығы. Түн ортасында аспандағы айдың сәулесінен оянып, көкбөрі үнін естуі – бір қарағанда миф сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ көшпенді ғұмыр кешкен ата-баба генінің қан түйірінде ойнауы, бәлкім, осы деуге де болар. Ай мен көкбөріні салыстырмалы түрде алып, қазақы мінезге телудің астарында да үлкен сыр бар емес пе ойлаған адамға?!
«Жарқ еткенде мінездің алдаспаны,
Шибөрінің балаққа жармасқаны.
Ай көзінен бір сұмдық сыр оқимын,
Жазуындай сақтардың жартастағы!».
Жасын мінезді, айтқанынан қайтпайтын жыр кейіпкерінің қайсар мінезі, адуынды өрлігі айға қарап ұлыған көкбөрі бейнесіне телінген. Айдың көзінен сыр оқу оңай ма? Біздің лирикалық қаһарман осындай қасиетке ие. Жартастағы сақ жазуындай ай көзінде де бір сұмдық сыр бар екенін айтады. Денеңіз біртүрлі түршіккендей... Аймен тілдесіп, күнмен үндесіп, табиғатпен бірлесіп ғұмыр кешкен ата-бабалар рухы сөз алғандай осы жыр жолдарынан.
«Көп сұрақтар жанымда күшіктеген,
Ақиқаттың жолына түсіп келем...
Түсіме еніп, түнімен ұйықтатпайды,
Көкбөрінің көздері ішіп-жеген...», –
деген жолдардан жыр иесінің жан дүние арпалысы көкбөрімен, аймен үндеседі. Көкбөріні тотем тұту қырғыз, қарақалпак, өзбек халқының ғұрыптық фольклорларында да жан-жақты көрініс табады. Қазақ халқының танымында Көкбөрі – көк Тәңірінің нұры, жеңімпаздық символы, ерліктің тұлғасы болып табылады. Автор осыны меңзейді.
«Быт-шыт болып содан соң құрып шыдам,
Айға қарап мен-дағы ұлып тұрам...
Көкбөрімен жанымның егіздігін,
мынау бейқам дүниеге бір ұқтырам!», көкбөрімен жанының егіздігін бейқам дүниеге ұқтыруға асыққан ақын жаны неткен өр, неткен қайсар?! Ақ сырмалды сауытты киіп, алтын балдағын қарына ілген жауынгер бабалардың сарқыты екенінде күмән жоқ!
Осы жолдардағы күн күркіреп, найзағай ойнаса, «Көк Тәңірінің қаһары» деп есептейтін наным бүгінге дейін бар. Көктемдегі күннің алғаш күркіреуін қазақ «Көк айғырдың кісінеуі» деп танып, «Көк Тәңірі көк айғырына мініп, жын-шайтандарды қуып жүрiп атады» деген нанымға иланады. Автордың ақындық мені осыны ұқтырғандай.
«Оған дейін...
Медеу ғып Ай жанарын,
мына өткінші жалғанға байланамын.
Құлама құз – жан жағым.
Тас құрсаған,
Табанымның тіледім таймағанын», –
деген ақын мынау жалған дүниедегі сапарында айдың жанарын өзіне медеу еткен жүрегін дүниеге түсіндіргісі келгендей... Аспан әлемін «Көк» деген атаумен атап, оған құдіреттің өзі ретінде қараған ата-бабаларымыз қиналғанда көкке жалбарынса, қуанғанда көкке қарап алғыс айтуды ұмытпаған. Күні бүгінге дейін ренжіген сәтінде «көк соққыр» деудің өзі осынау тұңғиық әлемнің күшіне деген сенімді білдіреді.
М. Қадыров, Б. Нұрмұқамбетов тәрізді зерттеушілер «Ертедегі Орталық Қазақстан тайпаларының мәдениеті мен өнері» атты зерттеулерінде қазақ халқындағы тотемдік хайуанаттар туралы айта келіп, қошқар, теке тотемдерімен бірге көк өгіз тотемінің де болғандығын айта кетеді.
«Қобыланды» дастанында:
«Қора толған малымды,
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай,
Жас бөріге тапсырдым», –
деп келетін тұсы бар.
Осыған қарағанда, біздің ата-бабаларымыз алғашында көкбөріні Құдайдың жіберген мақұлығы, Алланың аяны бойынша ол бізді қорғап жүреді, адам баққан малды жеуі несібесінің жеті күн елден, жеті күн жерден болуынан деп түсінген.
Қазақтың тұңғыш этнограф-ғалымы әрі саяхатшысы Шоқан Уәлиханов: «Көк түс – ел дүниетанымында ерекше әспеттелетін аса қасиетті саналған. Дәстүрлі тәңіршілдік дініндегі күллі әлемді жаратушы әрі бірден-бір әмірші «Көк Тәңірі» деп атауы – шынайы сенімнің белгісі. Өйткені көк – барлық игіліктің бастауы, ғаламды билеуші Жаратқанның төрі, тұрағы» деп түсіндіреді.
Фольклортанушы ғалым Ә. Қоңыратбаев: «Мифологиялық ұғымдар қазақ ертегілерінде баршылық. Бұған «Еділ-Жайық», «Құла мерген», «Ер Төстік» сияқты қиял-ғажайып ертегілері айғақ. Онда адам етін жейтін жалмауыз кемпірлер, дәулер образы көп айтылады. Бұл ертегі сақ заманынан қалған ұғымдар. Ертедегі сақ, массагет, үйсін тайпаларында ит, бөрі, өгіз, жылқы, айдаһар тотемдері пайда болды» деп бұл тотемнің шығу заманына талдау жасайды.
Көрнекті фольклортанушы ғалым С. Қасқабасов «Қазақ мифі және Әлемдік мифология» атты зерттеу еңбегінде: «Мифтің бүгінгі күні жеткен сұлбасынан діни сенімнің, таным-тәжірибенің, өнердің, философиялық, тіптен саяси көзқарастардың да алғашқы нышандарын дамытуға болады. Мифтік сана дәуірінде миф біртұтас бөлшектенбеген, синкретті қалпында, әмбебап сананың үлгісі ретінде көрініс тапқан деудің қисыны бар. Былайша айтқанда, миф дегеніміз – дүние-тіршілікке қатысты қалыптасқан қоғамдық сананың бірден бір әмбебап көрінісі. Осы тұста байырғы адамдардың қоғамдық санасы ретінде көрініс тапқан миф пен сол мифтің ғасырлар сілемін көктей өтіп келіп, бүгінгі адамдардың аузымен айтылуының арасында айырмашылық болатыны назар аударады. Бұл айырмашылық мифтің халық жадында құбылуынан немесе шыңдалуынан туған айырмашылық емес. Мұны дүние тіршілікке қатысты адам санасының өзгеруінен туған айырмашылық десе болар. Себебі байырғы адамдар үшін миф сананың, таным-түсініктің, өмір салттың үлгісі болса, бүгінгі адамдар үшін миф – өткен өмірдің жаңғырығы», – деген болатын.
Олай болса, ақын Гүлзада Ниетқалиева өлеңдеріндегі көкбөрі тотемі – ұлттық рухтан бастау алған деп толық сеніммен айта аламыз.




