Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін»медалінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі Нұрым ЕРҒАЛИЕВ: «Мен туралы шындықты елге айт, Өлең!» Эссе

Жуырда әлеуметтік желіден Гүлзада ақын Ниетқалиеваның шығармашылығы жөнінде жазылған пікірлердің арасынан Таңатар ағамыздың: «Баяғыда Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінде Гүлзаданың «Ақ бота күнді аңсаумен» деген тақырыппен өлең топтамаларын жариялағанымыз Нұрым ініміздің есінде болар» деген бір ауыз сөзі көңілімді астаң-кестең етті. 

Көз алдыма белі қылдырықтай, жүзінен иман нұры төгілген, сол сәтте аққұба өңіне лып етіп, болмашы қызыл шырай жүгіріп өткен көзілдірікті ару көлденеңдеп тұра қалды. Бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы болатын. Тағдырдың жазуы ма, содан бері бір-бірімізден онша алысқа ұзай қоймаппыз. Сырттай өлеңдеріміз арқылы таныс-біліс, тілеулес бола жүріп, бертін келе киелі әдебиет әлеміне бірге «саяхаттайтын» сырлас досқа айналдық. Қырық жылдан астам журналистік қызметімді жаңадан ашылған мәдени-тарихи-танымдық  республикалық «Сарайшық» журналында түйіндегенім де кездейсоқтық болмас деп ойлаймын. Осы жаңа басылымға бас редакторлыққа Гүлзаданың кандидатурасы ұсынылғанда ол еш ойланбастан: «бірнеше мерзімдік басылымдарда редактор болған тәжірибесі бар бұл орынға Н.Ерғалиев лайық» деп жік-жапар болғаны бар. Бұл да болса оның мансапқұмарлықтан бойы ада, арына шаң жұқтырмаған жаны сұлу, жүрегі таза адам екенін аңғартса керек. Қош, сонымен Гүлзада редактор, мен әдеби редактор болып «Сарайшықтың» уығын шаншып, шаңырағын тіктедік. Жаңадан туындаған жыр-бөбектеріміздің тұсауын кесіп, мәз-мәйрам болып, шығармашылық ләззатымен тыныстап отыратын сол бір күндер өмірімізге ерекше із қалдырды.
 Жалпы Гүлзаданың жанында бірге жүріп, оның әңгімелерін тыңдаған адамның жыр жазбауы мүмкін емес. Сондайда журфактың бірінші курсында оқып жүргенде жарыса өлең жазатын курстастарым ойға оралады. Бірақ солардың ілуде біреуі киелі өлең өлкесіне ат байлайды. Гүлзада да сондай жанкешті жалқылардың бірі. Өлеңі өзіне, өзі өлеңіне ұқсап, «жаралы жүрек жас қайың, жанымды айырбастайын» деп табиғатпен серттескен Мұқағали ақынша оңаша қалып, өлеңімен сырласудан жалықпайды. Қапелімде қонған аруақты ұстай алмай қиналған тылсым күшке ие адамдай өзімен-өзі арпалысатын сәттері де бар. Бірақ өлең деген текті өнер, сөз киесі оны орта жолда лақтырып кетпеді. 
Қас-қағым сәт.
Уақыт аз, Санаулы әр күн,
Кетілген Ай жүзіне қарау да мұң.
Маңдайыма жазылған жазмышымның
Оқып келем, беймәлім тарауларын,-деп толғанады ақын қыз. Бұл уысқа тұрмайтын уақыттың қадірін терең түсінген кемел адамның сөзі. Ыстық-суығы басылған парасатты поэзияның құдіретін ұғыну, алтын уақытты бағалау, болашаққа асығу десек те болады. Осындағы: «Кетілген Ай жүзіне қарау да мұң» деген сөз тіркесін оқығанда жүрегің зырқ етеді. Кетілген Ай дегені таусылуға шақ қалып, байып бара жатқан ескі Ай. Сәл уақыт аспанды қара бұлт тұмшалап, қауынның тілігіндей жіп-жіңішке жаңа Ай көрінеді. Мұндайда «ескі Айда есірке, жаңа Айда жарылқа» деп тілек айтып, бетін сипайтын ырымшыл халықтың ұрпағы Гүлзада ақынның тылсым аспан әлемімен де өзіндік байланысы бар екені аңғарылады. Арманы асқақ ақын қыздың киелі көк тәңіріне сыйынатын танымдық өлеңдерінің өзі бір төбе. Тыңдап көрелік:
Көк тәңірім, қолдай гөр, көк тәңірім,
Білместікпен жұлынды көк тамырым.
Кейбір досқа ешқандай жоқ қадірім
Солар үшін мен кейде отқа кірдім...,-деп жырлаған Гүлзаданың шынайы достарына ойланбастан жүрегін жұлып беруге даяр тұратын «батырлығы», нартәуекелден желкені жығылып, дәсі қайтып көрмеген қайсарлығы да бар екеніне куә болуға бармыз. Көлгірсіп, көзінен шөп көрініп тұратын достарын да жазғырмайды, олардың пендешілік тірліктерін кешіре салады. Өйткені ол үлкен жүректі, нәзік сезімді ерекше жаратылыс иесі-Ақын. «...Хан емессің, қасқырсың...» деп шырылдаған шындықты бетіне шыжғырып басқан Махамбет бабасындай буырқанып, қажет жерінде бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын найзағай намысы да атойлап тұрады. Бірақ тасыған өзендей арнасына қайта оралып: «Жағымпаздар танытып ептілігін, Қолды болып уақытқа кетті күнім!» деп саябырсып, сәл мұңайып отыратын сәттері де аз емес. 
Біз білетін Гүлзада ақынның өлеңдері табиғатпен етене, сондықтан да өміршең. Кез-келген адам байқамайтын табиғат құбылыстары ақынның қырағы көз қиығынан тыс қалмайды. Ал, сол бір таңғажайып көріністер жүрегіне жетеді де, өлең болып өріледі. 
Қар қызының елесін,
Мұнар басқан ақ әлемнен көресің...
Сыбызғының әуеніне ересің
...Дүние-жалған дегеніне көнесің... Осы өлең жолдарын оқып отырғанда жаның түршігеді. Көп жылдық қарағайлардың өзін қақыратқан, қалтыратқан саршұнақ аязда шашын жайған қар қызы тып-тынық меңіреу түнде белгісіз шексіздікке, Ай астына қарай ағараңдап, аяңдап  бара жатады. Ал, біреулер дәл сол уақытта айлапат үйлерінде булары бұрқырап, тәтті ұйқының құшағында манаурап, ғаламат түн патшалығында еркін тыныстайды. Мейлі ол аңыз болсын, шын болсын қар қызының тағдыры ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Ойландырады. Қиялмен мұзды мұхитқа сапар шегесің. Шынайы поэзияның сиқыры да, құдіреті де осында болса керек. Бір сәт өзіңді де сол қар қызының орынына қойып, құпияның кілтін іздейсің. Қар қызы-тегін адам емес. Бәлкім ол да уыз сезімін ішінде тұншықтырған ақын болар... Әлде... Бәрі де мүмкін.  
Ақын Гүлзада Ниетқалиеваның өлеңдері көбіне-көп көңіл күй лирикаларымен үндесіп жатады. «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деп Мұқағали ақын жырлағандай оның жалғыздығы да тек өзіне тән ішкі жан дүниесінің қалауы, тіпті рухани қажеттілігі десе де болады. 
Күзгі жаңбыр...
Екі жаққа бөліпті бізді тағдыр.
Жайықпенен мұңдасып, жалғыз келем
Тым болмаса жанымда күзді қалдыр...     
    Жалпы табиғаттың қай мезгілі де өзіндік болмысымен, бояуларымен, мінездерімен ерекшеленеді. Біреу қысты ұнатады, біреудің қызыл-жасыл жайма шуақ жазға аңсары ауады. Ал, қиялшыл Гүлзада ақынның жанына күз жақынырақ. Өйткені бар сырын ішіне бүгіп, тұнжырай қалған күз мезгілі ақынның іште тұншыққан орман ойларын оятады. Жайықты айқыш-ұйқыш кесіп өткен шағала шабыт шарқ ұрады. Осындай терең иірімдеріне тарта жөнелген күзден шалқар шабыт,  рухани қуат алған Гүлзада ақынның өз күзінен айырылғысы жоқ. Аласұрған ақын жанын түсінуге болады.
Сөзіміздің басында Гүлзада әріптесіміз туралы ой толғауға түрткі болған «Ақ бота күнді аңсаумен» деген өлеңін бекерден-бекер ауызға алған жоқпыз. Бұл жерде де бір ақын аңсары, өмір сабақтастығы жатыр. Аяғын әрпіл-тәрпіл басқан, көздері шарасынан шыға мөлдіреген, мақпал еріндерімен еркелеп, түрткілегенде жаныңды дір еткізер сұлулық символы, ақынның аңсары Алла берген Ардақтым деген ақ бота болып жолында жолықты. Жұпар иісі бұрқыраған ақ періштесіне деген аналық махаббаты оның поэзиясына күрт өзгеріс әкелді. Ендеше, Гүлзада ақынның перзентіне деген жүрек лүпілін тыңдап көрелік.
Бетін бермей бейбақ өмір сазарды,
Серік еткем тағдырыма таза арды.
Сен туғалы мендік ойлар ажарлы
Сен туғалы аспан асты базарлы,-деп сүйіншілеген ақынды арманы алдамапты. Үстінен құс ұшырмай, үкілеп өсірген Ардақтым Гүлзада ақын үшін Тәңірдің ерекше сыйы болды. Тал бойында міні жоқ Ардақтым сабақта да, қоғамдық жұмыста да қамшы салдырмады. Қазақ мұндайда: «іштен бәрін біліп туған бала ғой, тіл-көзден сақтасын!» деп ырымдайды. Біздің де айтпағымыз сол. Өзі оқыған барлық білім ордаларына үздіктер сапындағы суретін қалдырған Ардақтым Ниетқалиева бұл күнде Ақтөбе қаласында дәрігер мамандығы бойынша жоғары білім алуда. Қолы қалт еткенде балаларға арнап жазған қиял ғажайып ертегілері республикалық баспасөз беттерінде  жарияланып жүр.
«Бір тойым болатыны сөзсіз менің!» деп ақиық ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай Гүлзада ақынның ел алдындағы шығармашылық есеп беру тойы басталып та кетті. Оның ғылымға қосқан үлесі, әдеби зерттеулері, шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымдары бөлек тақырыптарға арқау болары анық. Гүлзада ақынның өлең туралы жырымен шағын эссемізді түйіндегенді жөн көрдік.

Мен дегенде Күн-тас соқыр, Ай-керең,
Найзағайдың жарқылынан жай терем.
Сені маған сыңар қылды бір Алла,
Бұл фәниде сен болмасаң қайтер ем?!
Мен туралы шындықты елге айт, Өлең!