«Серпер» мен «Атырауды» бірінші парақтап қалған дағдылы ғадет ғой баяғы. «Атырау» газетінің биылғы 21 мамыр күнгі 20-ы санын аудара төңкеріп танысып отырсам, Гүлзада Ниетқалиева қарындасымның тұңғиыққа тереңдеп енген ойлы суреті көз алдымнан жарқ ете түсті. Сәби мінез жарығым шашы жалбырап қиялымен қайда самғап барады екен?! Суреттен төменірек ол жайында белгілі әріптесі, ақын-жазушы Нұрым Ерғалиев ініміздің шалқарынан аса шамырқанған айдындай егілдіре, төгілдіре жазған эссесі. Тақырыбы: бұрын естімеген, кезікпеген «Мен туралы шындықты елге айт, Өлең!» Гүлзаданың өзінің өлеңінен алынған, жұртының жүрегімен үндес бұл сөздерді Нұрымжанның ауызына, әрине, құдай салған, екеуін де аяқ асты сағынып, жүрегім сыздап, көз алдым тұманданып кеткені.
«Мерей» айдары аясында жарық көрген эссе қиылмаған, кесілмеген сол күйінде төгіле салынғанын қарт редактор, әрине, бірден шамалады. Былай басталыпты: «Жуырда әлеуметтік желіден Гүлзада ақын Ниетқалиеваның шығармашылығы жөнінде жазылған пікірлердің арасынан Таңатар ағамыздың: «Баяғыда Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінде Гүлзаданың «Ақ бота күнді аңсаумен» деген тақырыппен өлең топтамаларын жариялағанымыз Нұрым ініміздің есінде болар» деген бір ауыз сөзі көңілімді астан-кестең етті» депті інім. Сөзбен сурет сала білетін Нұрекең інімнің Гүлзада әріптесі жайындағы түсінік-пайымы, оған деген құрметі, ақындығымен қоса адами болмысын бағалауы шіркін не керек, көңілімді алай-дүлей сезімге бөлеп, ойымды көкжиекпен, астастырып әкетті.
Жанар айдынының толқымайтын жайы қайсы, адал да кісілігімен кезінде ауыл-аймаққа белгілі болған үш бірдей қарындасын қара жер қойнына ұзатқан ағаның?! Толқыдым, әрине, төгілдім де. Нұрымжанның эссесін оқи отырып Ақ Гүлзок жайында тебірене қолға қалам алдым. Құйрық жалы күзелмесін дегендей құдай маған рухани тыныс-кемел көкжиегіне, кісілігіне, өнеріне сөз де, көз де жетпейтін қарындастар сыйлаған. Әрине, басында Гүлзада, іле-шала оны Зерек Сағыпазова жалғап кетеді... Нұрымжан бастаған інілерден де таршылық жасамаған Аллама, Өмірзақ Қажымғалиұлы абыз ағам бастаған атанның белін қайыстырар салмағы бар алдымдағыларды сирете көрме, деп тілер едім. Міне, осылар байлығым да бақытым!
Хош, сонымен ары қарай кете бермей ақбота күнді аңсауымен өмір қоржынын алты ондығымен толтырған туабітті ақберен ақын, аумалы-төкпелі сезімнің бұлағымен жанының мөлдірі кең үйлесім тапқан, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, әдебиет сыншысы, Атырау университетінің Құрметті профессоры, республикалық «Сарайшық» журналының Бас редакторы Гүлзада Ниетқалиева хақында газет ауқымына қарай шағындап ой өрбіткеніміз бұл.
Біздің қазақта, «жолыңнан жақсы адамдар кезіксін» деген қара басым қатты қадірлейтін бір ақжолтай тілек бар. Міне, осы баталы құлына арналған алғаусыз ниет біздің Гүлзаданы айналып өтпеген. Оның ақындығын да адалдығын, пенде баласына аппақ жүрегін пәршелеп үлестіріп жүретінін түсінетіндер бұ қазақта баршылық. Белгілі ақындар Ұлықбек Есдәулетов, Ғалым Жайлыбайдан бері қарайғыларды түгендеуге шама жете қояр ма екен?! Қазақтың мықты ақындарының бірі де бірегейі «Қара бауыр қасқалдақ» әйгілі саяси әнімен жұртының жүрегін жаулаған марқұм Есенғали Раушановтың поэзиясынан «Тұма жырдың тұнығы» монографиясын жазған болатын, кейіннен осы Есағаңның көрмесе жоқтап жүретін қарындасына айналған Гүлзада осы Ниетқалиева Рахметқызы.
Республика әдебиетінің туын көтеріп келген «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы оған аракідік белгілі ақын-жазушылардың жаңа кітаптарына шолулар, сыни-рецензиялар жаздырып жариялап тұрса, ақын Гүлзаданың әдебиеттегі орыны мен талантына сай қандай білім иесі екендігін осыдан ақ шамалай беріңіз.
Кітаптары бастап мемлекеттік тапсырыспен сан мыңдап жарық көріп, Лондонда кірпияз да беймәлім ғұламалар мен оқырмандар алдында тұсауы кесілсе, оның халықаралық, әлемдік дәрежеде мойындалғаны осы емес пе?!
Ол қазақтың классик жазушысы, әлемге танымал жерлес ағасы Рахымжан Отарбаевқа туған қарындасындай болып кеткен қаламгер, ақын, зерделі зерттеуші. Ағасының шығармашылығына арнап бір емес, екі кітап жазып, қазақ зиялылары мен ақын-жазушыларының жағасын ұстатқан. Олары: «Дара» және «Жалғыз атты жолаушы». Бұларда Рахаң жерлесіміздің әлемдік тұлғаларға арналған пьесалары, әңгіме-повестері, романдары әдеби заңдылықтар тұрғысында асқан шеберлікпен талданып, еріксіз мойынсұндырады.
Бірінде Рахымжанға телефон шалып, өзіміздің «Атырауға» шыққан мақаласына тәнті болып отырғанымды айтсам ол: -Біріншіден мен «Атырауға» көп жаза бермеймін, себебі уақыты түскір жетпей жатады. Нелер шығып жатырғанын да білмеймін. Ана біздің қыз бар ғой, (Гүлзаданы айтып отыр) ол мақала, отклик керек болса, менің атымнан, менің стилімде менен артық етіп жазып өзі бере береді. Көрсету, сұрау деген жоқ онда. Сен сияқты тілеулестерден біліп, естіп жатамын әйтеуіру,-дейді Рахаң.
Гүлзада Ниетқалиева ақынның қазіргі қазақ ақындарынан ерекшелігі асыл дініміз исламның төрт мәзһабының бірі Әбу Ханифа жолының көп ағымдар мен өзге діндерден артықшылығын дәлелдеп, уағыздаған бір емес, үш бірдей жыр кітабын жазып шығаруы дер едік. Жақсы, қандай ма тақырыпқа да бір кітап арнауға болар. Бірақ үш бірдей кітапқа сыятын дүние табуы бұл Гүлзаданың ғана қолынан келетін кемелділік, шынайы шеберлік, пәлсапалық ой шексіздігі.
Қазақтың келіссін, келіспесін, ұйқассын, ұйқаспасын өлең құрамайтыны кемде кем. Өз кәсібін, немесе төл ісін былай қойып «енді өлеңмен, шығармашылықпен айналыса бастағандарға» қой дейтін қожа көрінбейді. Бұны неге айтып отырмыз? Гүлзада Ниетқалиеваның жоғарыда туабітті тума талант екеніне тоқталдық. Бірақ, ақыны кім, емесі кім, оны есті жұрт біледі екен. Сонау біздің де жастық жылдарымыз. Ауданда аракідік ақындар мүшәйрасы өткізіліп тұратын. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары марқұм Ғаділхан Қалиев ағамыз идеологияға жауапты болатын. Мүшәйраның өту сәтінде жергілікті талапкер ақындар кезек-кезек өлеңдерін оқып бола бергенде, мені өзіне қаратып: -Мына қарындас қайдан келген бала, өлеңі өзгелерінен ерекше, жан-тәнімен беріліп оқиды екен, қатты ұнап тұр, мықты екен,-демесі бар ма? Дұрысында ағамыздың мамандығы зоотехник. Бірақ өлең табиғатын түсініп тұр, «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді»-деген ғой Абай атамыз. Демек, ақбота күндерімен желбіреп, үлбіреген Гүлзада қара орман-қарындастың өлеңдері жүректен шыққандықтан сол күндердің өзінде жүрекке жеткен. Қоспасыз талант, шын ақын екендігін ол сол күндердің өзінде дәлелдеп үлгерді. Ол өлеңді құрастырушы емес, Алланың әмірімен бойына қонған құдіреті арқылы жаратушы. Оның ойландырмай қоймайтын нәзік те сыршыл лирикаларын оқыған, оқып ғана қоймай терең иірімдерінің тылсымына бойлай түскен кім-кім де менің бұл айтқандарыммен келісері хақ.
Гүлзада Ниетқалиева қаламгердің «Прокуратура жаршысы» газетінің редакторлығы кезі жаңылмасам. Атыраудан шығатын газетін құлпыртып жүргеніне куәлар бүгінде де аз емес. Бір күні оған біздің ауданда судья болып біраз жылдар жұмыс жасап, облысқа қызметке ауысқан марқұм Есен Атшыбаев ағасы кезігіп: -Гүлзада, газетіңді көріп риза болып жүрмін. Бірақ, сенің орының біздің арамыз емес, олай бағыңды байлап, жылдарыңды жоғалтпа, әдеби ортаңды тауып ал, сен мықты ақын, әрі мықты әдебиетші екенсің,-дегенді айтады. Қатып қалған заңның адамы болғанымен шынайы талантты қалай таныған?! «Етті шапса қасапшысы шапсын» дей ме, шынымен де әркім өзіне құдай ұсынған дүниемен айналысқаны жөн-ау деген ой келеді. Босқа қараборбай болып жүргендерге қарата айтылған сөз бұл, көңілдеріне келсе де...
Қыз бала болғанымен жөнсіз жерде қипақтап тұра қоймайтын өткірлігі бір басына артығымен жетеді. Жаз күніндей жайнап тұрып, аяқ асты ит жыны қозып, наркескендей жарқ етіп қиып түсуі таң қаларлық жай емес. Бұл жағынан Рахымжан ағасына көп ұқсас, қысқасы. Сірә, топырағымыздың кие-кепиеті екеуін алаламай кезек қонған. Біздің редакцияны аяқ асты тастап, бір күнде Алматыға-әдеби ортаға тайып тұрған Рахымжанның да комсомол билетінен бастап біраз құжат-қағаздарын арада жарты ғасыр өткенде өзіне табыстап, мәз-майрам қалдырғаным бар еді...
Гүлзада қарындас та телефон шалды сонау бір жылы. –Аға , мен ауыл мектебінде істей алар емеспін. Атырауға кетіп қалдым, бұйырғанын көрем дағы. Оқу бөлімінде «Еңбек кітапшам», т.б. қағаздарым бар еді, соны Атырауға келеріңізде ала келіңізші,-деді. Қарағайдың тау тастарын жарып шығатыны сияқты тума таланттардың әлдекімнің ығында жүре алмайтынының, басы салбырап айтқанға көне кетпейтінінің дәлелі осы емес пе?!
Әлеуметтік желіде белгілі ақын, ғалым Гүлзада Ниетқалиева жайында ол алты ондығын олжалағанда әріптестері, ақын-жазушылар, өнер адамдары көп-көп пікірлерді жалаулата көтерді. Исатай Балмағамбетов інімнің: -Гүлзаданы бес саусағымдай танып, білдім ғой, ол атақ пен лауазымға өңеш созған емес. Осылар Гүлзаданы өздері қоймай іздеп тауып жатады,- дегені ып-ырыс. Гүлекең Жазушылар Одағына мүшелікке бір қырсықтықпен өте қоймады, қысқасы. –Басқа, басқа, сенің мүше болмауың жөн емес қой,- дедім қарындасыма. Ол маған: -Шындығына келгенде соның не қажеті бар, аға, Абай атамыз Одаққа мүше болмай-ақ қазақтың бас ақыны емес пе,-деді. Исатай інімнің сөзінің шынайылығын осыдан ақ ұғынуға болады.
Гүлзада Ниетқалиева - алты Алаш мойындаған азулы ақын. Ол шабыт қысқанда қарасұр бұлты үйіріледі де қара нөсер болып құйылады. Қашан діттеген ойларын төгіп-төгіп алмай басыла қоюы қиын. Екпіні қатты, кейде бет қаратпас дауылдай екілене соғады. Нәзік жүрегінде, аппақ көңілінде жаныңды жырымен жадыратар ерекше бір құдірет бар. Аспаны да бұрқап-бұрқап тез ашылады. Ондайда күндей шашыраған мерейімен сұлу әлемінің қақпасы ашылады. Өмір бойы осы кейіпте жүргенін, осылай болғанын қалар едің, бірақ тірлігі түскір біз ойлағандай ма, біздің дегенімізге көне ме?!
Гүлзада досы жайында сырлас та, сыйлас, кей мінездері бір-біріне ұқсап кететін Маржан Ершу қарындасымыз жеріне жеткізе жазып, ол да шынайы, терең талдау жасаса, біздің одан асып тереңдеймін деп шала бүлінгеніміз жөн бола қоймас.
«Аллажар», «Хазар Қасидалары», «Жүректегі жанартау» кітаптарын қолыма алып, қайыра танысқанымда мол қазынаның қайсысына тоқтарымды білмей қиналғаным-ай!
Өмірді егіле жырлаған ақпа-төкпе сыршыл, лирик ақын Гүлзада Ниетқалиеваны санасы сау қазағы біледі, әрине! Білмейтіндер үшін «Жүректегі жанартау» кітабынан мына бір шумақтарды әдей келтіре кетуді жөн санадым.
«Кімдер келіп кім кетпеген жалған бұл,
Аз ғана күн жүрегімді алдандыр...
Ауырсынып пенде салған жарасын,
Ақ қанаты қайырылған арман жүр...»
«Бір жылы сөз... көңіл содан дәмелі,
Ақ қар жауған... ақша бұлттың сәлемі?!
Маңдайыма өлең жазған тағдырым,
Менде қандай алажағың бар еді?!
«Бір мерген көздеп тұрған... құралаймын,
Бағымды берсе дедім сынамай күн.
Алыстан... көзбен ғана арбасуға
Шыдайсың ба?
Мен енді шыдамаймын...»
«Көңілдерді жылы сөзбен емдейміз,
Жүректерге жүк артамыз теңдей біз!
Мына өмірді өткізейік өкінбей,
Екі айналып жер бетіне келмейміз...
Екі айналып жер бетіне келмейтін өмірде қоңыз тірлікке тұсалмай айтарын айтып өткен ақында арман бар ма, шіркін! Ездікпен о бастан жаны қас ер мінез айнамның елге есеп беріп еленер шағы жанарыңды ғарыш биігіне тіктірердей. Ақбота күнді аңсаумен тар дүниеге жарасып, бүгініңнен әрі асып кете бер, кете бер, айналайын!




