Қазіргі қазақ поэзиясындағы көркемдік ізденістер мен жетістіктерді саралағанда мифтік-фольклорлық сарынның ерекше орын алатынын байқаймыз. Көріктеу құралдарының, атап айтқанда психологиялық параллелизм, символ, метафора, кейіптеулердің көркемдік қызметінің астарында мифтік сананың елесі бар екені шындық.
Мифтік құбылушылық оқиғасын тікелей арқау еткен Г. Ниетқалиеваның «Ақжылан Пір» поэмасы. Бұл дастанға арқау болған Есен беріш руынан шыққан Қарлығаш деген кісіге сынықшылық қасиеттің қонуы туралы мифтік әңгіме. Ел аузындағы бұл аңызда Қарлығашқа ақсақалды қарияның бата беруі нәтижесінде үлкен қасиет иесіне айналады. Аңызға тоқталатын болсақ, Есен беріш руынан шыққан Қарлығаш біртүрлі қызық жағдайға ұшырайды. Ол өзінен-өзі дала кезіп, қаңғып кете беретін болыпты. Бірнеше күн жоқ болып кетіп, ауылға арып-ашып жеткенде жұрттың «Қайда болдың?» деген сұрағына: «Бір ақсақалды қария мені жетелеп жүрді» деп жауап береді екен. Ел оны «жынданып кеттіге» жориды. Қаншама ұрысса да тыңдамайды, сыртынан құлыптап қойса да қалай шығатыны белгісіз, әйтеуір, шығып кетіп, ұшты-күйлі жоғалады. Содан бір уақыттарда келіп тұратын көрінеді. Содан бір күні кеткеннен кетіп отырып, ақасақалды қария оны шағылдардың ортасына алып келеді. Олар құм шағылдардың ортасына жеткенде түн көрпесі ысырылып, таң рауандап атып келеді екен. Бір кезде ақсақалдың қолындағы ұзын қамшысы ақсұр жыланға айналып кетеді де, Қарлығаштың мойнына орайды. Әлгі жыланды алып тастайын деп, арпалысып жүріп, қараса, тұрған жері – жыландардың ордасы екен. Білектей-білектей ақсұр жыландар бірі кіріп, бірі шығып, қойны-қонышын аралайды. Қарлығаш талып қалады. Есін жиса, жыландар да жоқ, қария да жоқ, күн сәскеге көтеріліп қалған. Анадай жерде бір ақбоз ат жайылып жүр. Қарлығаш орнынан тұрып, үсті-басын қағып, жүресінен отырып, Аллаға дұға етеді. Сол сәтте оған аян беріп жүрген қария тағы да елес болып келіп, қолынан жетелеп, ақбоз атқа мінгізеді, қолына қамшысын ұстатады, мойнына ақжылан орайды. Қарлығаш енді одан бұрынғыдай қорықпайды. «Бүгіннен бастап саған сынықшылық қасиет қонды. Сені енді ел Қара бақсы деп атайды. Сенің пірлерің – ақ жылан, қара қабан, ор қоян. Қоятын талабым: ала жіпті аттамайсың, адал боласың. Басы ауырып, балтыры сыздап, қиналып, өзіңнен жәрдем сұрап келген жандардың бәріне алаламай қызмет көрсетіп, көмегіңді бересің! Дүниеге қызықпайсың! Егер дүниеге қызығып, ақ жолдан таяр болсаң, оңбайсың. Ал, айтқанымды орындасаң – бұл қасиет ұрпағыңнан ұрпағыңа мұра болады» дейді әлгі ақсақал. Осылайша келе жатса, алдынан бір ауыл кездесіпті. Ауылдың маңында бір сор бар екен. Сол сордан шыққан бір мақұлық сол ауылдағы бір үйге кіріп кетеді. Ал, үйдің ішінде аяғы ауыр келіншек толғатып жатыр екен. Қарлығаш оны көріп, ақбозға қамшы басыпты. Үйдің маңы толған адам екен дейді. Олар аяғы ауыр келіншектің дүние салғанын айтып, жылап тұр екен. Қарлығаш келген бойда ешкімге әл бермей, үйге кіріпті. Кіріп келіп ақырып: «Мен жүрген жерге енді сен жүрмейсің, сен жүрген жерге мен барман! Қайтар, кәне, жанын!» деп зікір салған сәтте шар етіп нәресте жерге түсіп, көзін жұмып, сұлық жатқан жас әйел бір күрсініп көзін ашады. «Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды! Қырықтың бірі – Қыдыр деген, сен біздің қонағымызсың» деп, Қарлығашты ауыл ақсақалдары жібермей, қонақтап, келесі күні сый-сияпат жасап, алдына қоралы қой салады. Сөйтіп, жынданып кетті деген Қарлығаш астына ақбоз ат мініп, алдына қоралы қой салып келгенде таңырқамаған адам болмайды. Мифтік сана үшін «берілген батаның қабыл болатын мезгілі», атап айтсақ, сөздің магиясы туралы ұғым бар. Сондай-ақ, мифтік дәуірдегі таным-түсінік бойынша құбылушылық, яғни, бір түрден екінші түрге айналу белгілі бір себептерден де болады деседі. Адам табиғаттағы кез-келген тіршілік иесіне немесе өсімдікке, ағашқа және басқа нысандарға айнала алады екен деген түсініктің түп тамыры адам мен табиғат үндестігіне негізделген. Осындай мифтік сана жемісі поэтикалық ойлау жүйесінен де маңызды орын алып, белгілі мақсатта көркемдік қызмет атқарып келе жатқанына мысалдар көп-ақ. Жоғарыда өзіміз айтып кеткендей, кей өлеңдерде мифтік құбылушылық оқиғасы сол қалпымен алынып жырланса, кей туындыларда бұл ұғымның елесі ғана көрініп, басқадай көркемдік мақсаттар, бейнелі ойлар тұспалданады.
Бүгінде Ар-керексіз, намыс – жалған,
Күйкі тірлік құлы боп табысты арман.
Ордалы жыландар мен атам жайлы,
Ел аузында өшпейтін аңыз қалған,- Гүлзада Ниетқалиеваның бұл өлең жолдарындағы мифтік құбылушылықты аңғартатын – ордалы жыландар мен атасы жайлы аңыз. Халық ұғымындағы киелі рухтың белгісі ақ жылан мен атасын бірге телу – ақындық қиялдың жемісі ғана емес, табиғатпен адам үндестігін сезінудің де көрінісі. Мифті зерттеуші Серікбол Қондыбай «Қазақтың тектік танымында аққудың орны айрықша» дей келіп: «Мифологияда аққу - үш кеңістікте, яғни суда, жерде, аспанда қозғала алады, сондықтан, үш кеңістікті жалғастыру қабілетіне ие аққуды мифтік медиаторлар қатарына жатқызады» [7, 238] дейді. Біз бұл жерде аққудың орнында жыланды, ақ жыланды алайық. Ол да суда, жердің астында, жердің үстінде үш кеңістікте қозғалады. Бір сөзбен айтқанда мифтік медиатор деуге әбден келеді.
Қамалып күйкі тірлік түрмесіне,
Жалғанның жалғандығын білмесін бе?
Келгенде қатты науқас, жаралы жан,
Ақ жылан жатады екен іргесінде [1, 136]
Ақын поэмаларында көбінесе мифтік – фольклорлық сарын айрықша орын алады. Өзі қатты құрмет тұтып, ардақтайтын атасын өлең бейнесімен тұтастыра келе оның қасиеті мен киесін іргесінде ақ жыланның жататынымен егіздейді. Ата-бабаларының қасиетін өлеңге қоса отырып, олардың ақтық сапарға аттануы бұлжымас тірлік заңы екенін түсінеді. Ақын өлеңінде ілмек етіп отырған рухтың мәңгіліктігі туралы түсінік мүлде ғайып болуды мойындамайды. Сонда біз әңгімелеп отырған мифтік құбылушылықтың бір ұшығы адам өлімімен де байланысты. Мифтік сана сілемінде өлімді бір табиғи түрден екінші түрге өту деп санайтын сенім бар. Біз әлі бұған ораламыз. Күйкі тірлік пен киелі қасиетті егіздеп алған ақын науқастар мен жаралыларға дем берген емшінің босағасындағы ақ жылан арқылы көкірекке бір сенім отын жағатыны кәміл.
Атамыз келген жанды қайтармайды,
Аңыз ғып шипа алғандар айтар жәйді.
Қиналғанда дем берген Ақжылан Пір,
Жайшылықта ешкімге байқалмайды,- ақжыланның тағы бір ерекшелігін байқататын жыр жолдары. Иә, халқымыздың ұғымында қасиет адамға ақжылан, сарыүйек немесе аққу түрінде қонады деген түсінік бар. Мәселен, атақты Пір Бекет атамыздың қасиеті жеті аққу түрінде көрінген деседі. Сонда әулиенің тұстастары Бекет атаның қасиетінің жеті ұрпағына жететінін айтыпты. Бұл жерде де мифтік сана сілемі айқын көрінеді. «О дүние», «бұ дүние», «фәни-жалған», «барзақ әлемі», «бақи» арасындағы шекара туралы таным-түсініктер осы мифтік құбылушылыққа тікелей байланысты. Өлім, яғни, өлілер патшалығына – о дүниеге өту мифологияда алмасушылық, кейіптену, құбылу түрінде қарастырылады. Адам бұ дүниеден о дүниеге өткенде әртүрлі жан-жануардың кейпіне ие болады деген ұғым бірсыпыра мифтік әңгімелерге арқау болғанын білеміз. Бұл жерде мифтік түсінікте жыланның көбінесе «адам рухын келбеттеуші» екенін ұмытпаған дұрыс. Сондай-ақ, жылан, нақтылай айтсақ Ақжылан Пір – суда да, құрлықта да жүре алады. Ол, яғни, жылан жердің астынан ін қазады. Сонда бұның өзі о дүниемен, яғни, шейіттер патшалығымен, төменгі дүниемен байланыстылығы туралы таным-түсінігін аңғарамыз. Атасының соңында ордалы жыландар туралы аңыз қалғанын айта отырып, оның бақилық екенін мифопоэтикалық ойлау жүйесіне тән өзгергіштік түрінде көрсетеді. Рухтың мәңгіліктігі оның мүлде ғайып болмай, екінші бір түрде ғұмырын жалғастыруы түрінде түсіндіріледі. Атасы мен жылан бейнесінің бір-бірімен байланыстырыла суреттелуінің өзі халықтық мифтік ұғымға байланысты. Өлеңді, ақындық шабытты өзі рухани қуат көзі деп санайтын Ақжылан пірден алатынын көрсетуі - халқымыздың Тәңірі дініне табынған сонау ерте кездерден бастау алатын бейнелі сурет.
Қанша адамды бұл тағдыр күрсіндірді,
Жүрекке сап, аялап жүрсің кімді?!
Қарлығаш баба жайлы көне аңыз бар,
Туған жер жайды маған тылсым сырды,- бұл жерде туған жерге деген перзенттік махаббат, сүйіспеншілік сазымен өрілген өлеңнің үлкен бір қуатты эпикалық сарынын аңғарғандай боламыз.
Әлдиледі таңға оны есілген құм,
Күн көрінді жалғаған көшін жердің.
Басын ұстап Қарлығаш түрегелді:
«Жалған мұңын жаныма көшірген кім?» -
Жаратқаннан ақ нұр кеп тарағанда,
Жұмбағын айтпас дүние жан адамға!
Сары үйек жыландардың ордасында,
Жатыр екен... ес жиып қарағанда,- деген жерінен бастап, тағы да жыланға айналу сарынына куә боламыз.
...Қозғала алмай жатады әлі құрып,
Орап алған жыландар жібермейді,- деп, метафорадан метаморфозаға ұластырады.
Тағдыр ма бұл тап болған тосын алдан,
Бұл ертекке сенбейді есі бар жан.
Бір-ақ түнде, қалайша, түсінбеймін,
Жалған мұңы жаныма көшіп алған?!- деген жолдарда да мифтік құбылудың ұшқыны бар. Мұнда сол мифтік құбылушылықтың салдары танылғандай. Адамның басына жалған мұңы тегіннен тегін көшпейді. Әуелі Көктәңірге, аспанға қол жайып: «Жалған мұңын жаныма көшірген кім?» деп өзінің түрлік алмасудан кейінгі жағдайына кім себепші болғанын білгісі келіп аласұрады. Ақыры, сарыүйек жыландардың ордасында жатқанын көріп, жаны түршігеді. Қол-аяғын шырмап алған жыландар оны еркіне жібермейді. Жылан ұйығынан шыға алмай, әлсіреген Қарлығаш ақыры есінен танып, құлап қалады. Міне, бұл есінен тану – бір әлемнен екінші әлемге өту процесі. Екінші бір тылсым әлемге енген Қарлығаш есін жиғанда мүлде басқа адам болып тұрады. Енді ол бір-ақ түнде жалған мұңының жанына көшіп алғанына таңырқайды. Бірақ, оны маған тап қылған кім деген сауалға оралмайды. Ол сұрақтың жауабын сарыүйек жыландар арқылы біледі. Ақын дастандарында жыландар патшалығының жырлануы – өз алдына жеке бір әңгіме.
«Ақжылан Пір» дастанында Г. Ниетқалиева мифтік құбылушылық желісіне айналып соғып отырады.
Қалай берген Тәңірім сұсты адамға,
Қарлығашқа бітеді күш табанда!
Ақ жыланды мойнынан жұлып алып,
Қамшыдай ғып үйіріп ұстағанда,- бұл жолдарда да кейіпкердің бұл жолға тегіннен-тегін түспегенін, бір тылсым күштің оны мәжбүрлегенін таныта отырып, Қарлығаштың мінезінің өзгеруін де жыланмен байланыстырады: Ақжыланды мойнынан жұлып алып, қамшыдай үйіру кез-келген адамның жүрегі дауалайтын іс емес екені даусыз. Бұл жерде ақынның қазақ халқының ұлттық рухани өміріндегі ерекшеліктерді, көне ғұрыптарды жақсы білетіні аңғарылады. Қазақ халқының өзіне тән ұлттық ерекшеліктерінің бірі – сынықшылық, екіншісі – суырып салма ақындық, үшіншісі – дәулескер күйшілік. Міне, ақын осы ұлттық қасиетті айрықша ықыласпен жеткізеді. Құбылушылық желінің елесін, сілемін аңғартатын, яғни, Ақ жыланды қамшыдай үйірген бір сәттегі батылдық пен батырлық, жүректілік пен намысқойлық дастанның эстетикалық салмағын арттыра түсетіні сөзсіз. Ақын осындай ерекше мінез бен сезім халін беруде тұрақты тәсіл ретінде мифтік құбылушылықты басты нысанда ұстайды.
Дастанда ақын аталған бейнелеу тәсілін сан түрлі қырынан пайдаланады. Әуелі қарапайым ғана адамның аяқ астынан сынықшыға, бақсыға айналуы одан кейін ауырған жандарды емдеуі қат-қабат сыр болып астасқан поэмадағы кейіпкер халінің ең бір әсерлісі тағы да мифтік-фольклорлық сарында өріледі:
...Бәрін көріп келеді айнадайын,
«Көре тұра мен қалай жайланайын?
Ақ жылан Пір, қолдашы,
Желдей есші,
Ақбоз атым, қанатым, айналайын!»
Деген кезде ақбоз да құйындатты,
Құр бекер Ақжыланға сиынбапты.
Сорға қашқан албасты қолға түсті:
Әйел жаны періге бұйырмапты.
Бұл жерде кейіпкердің өзгергенін аңғартатын «бәрін көріп келеді айнадайын», «сорға қашқан албасты қолға түсті» сияқты бейнелі жолдардың мән-маңызы айқын. Кейіпкердің жан әлемін таныту мақсатындағы «бәрін көріп келеді айнадайын» теңеу метаморфозасы – ақын тіліндегі көне танымдардан бастау алып, жаңаша түрленген көркемдік бейне. Көне мифтерде адамның қауіптен немесе басқа да қалыптасқан жағдайлардан қашып, не болмаса, тіршілік харекеттерінен шаршап, аңға, құсқа және басқа да табиғат нысандарына айналуы тұрақты желі болып тартылады:
Ақ жылан, саған сиындым,
Кейпіне еніп құйынның,
Қуып жетіп, алып қал,
Қолынан жанды диюдың,- деу арқылы бақсының зікірін суреттеген ақын жоғарыда айтып кеткеніміздей, мифтік алмасушылық әрекетті бейнелейді. Бұл жерде бақсының сырқатты құтқару жолындағы арпалысы, сол жолдағы көңіл-күй қалтарыстары сөз өрімдерімен нақышталады. Дастандағы бақсының зікірі ретінде жазылған жолдардың тұтастай бітімі көне танымдық бастауларға сілтегендей. Жәй ғана табиғат суреті немесе табиғат нысандары ғана емес, сана сезімге ие, барынша «адамданған» Ақжылан бейнесі адам жанының қат-қабат толқыныстары мен әсерлі сезінулерін бойына сіңірген. Кейіпкердің «Ақжыланға» айналудан қашып шағылдың ортасына келіп жасырынуынан басталатын оқиғаны толықтай мифопоэтикалық ойлауды көркемдік-эстетикалық мақсатқа сабақтастырған туынды деуге болатыны кәміл. Миф дүниесіне ойша саяхат жасайтын болсақ, құсқа, ағашқа, аюға, көкбөріге және басқа да табиғат нысандарына айналу желісінің көптеген мысалдарына кез болатынымыз ақиқат. Сол сияқты, Ақжылан мифтік әлемдік – ғаламдық сипатта, яғни, үш әлемді байланыстырушы, яки, ғұмыр сыйлаушы, тіршілікті сақтаушы. Үш әлемді байланыстырушы Ақжыланның жердің астында ін қазатынын ескерсек, бұл төменгі дүниеге жатады. Суда да тіршілік ететіні – ортаңғы дүниенің белгісі. Ал, жер бетіне шығуы – жоғары дүниеге, рухтар мекені түріндегі танымға сіңгенін ескерсек, дастандағы «Ақжыланды қамшыдай үйіру», «Ақжыланның құйын кейпіне ену» процесінің көркемдік мәнін аңғаратынымыз анық.
Алғашқы бастауға ұмтылу тілегі – адамзат баласына тән әрекеттің бірегейі. Адам мен табиғат гармониясы туралы ұғым әр көркем шығармада әркелкілікке негізделгенімен, мазмұндық, яғни, рухтық бірлікке бағытталған. Күллі құбылушылық оқиғаларының туындау негіздері де осыдан шығатыны күмәнсіз. Мифтік санаға тән «айнымалылық» сарынының шеңбері таным-түсініктердің жүйеленіп, бір-біріне сабақтасуына байланысты барынша кеңейіп, өз алдына үлкен бір мифопоэтикалық ойлау жүйесін қалыптастыратыны шындық. Ағашқа, аң-құсқа сиыну, өздеріне түсініксіз табиғат құбылыстарынан құпия сыр іздеу, фәни дүниеге параллель әлем бар деп елегізу, перілер әлемі, рухтың мәңгіліктігі, түйіндеп айтқанда осы аталғандардың бәрі де мифтік құбылушылыққа негіз болған танымдар мен ұғымдар. Мифтік сананы көркемдік тұрғысынан бойына сіңірген ертегілерде перінің қыздары әртүрлі кейіпте көрінеді. Кейбіреулері жылан бейнесінде де суреттеледі. «Мәлике Маран» туралы ертегіде пері қыздарының жылан кейпінде батыр жігітке кездесуі – осындай алуан түрлі мысалдың бірі. Сонда, мерген жігіт жылан-қыздың бір қабыршағын алып қалады. Жалпы, пері қыздарының, тылсым әлем иелерінің жылан болып көрінуі – тұрақты желі. Бұл – ертегілерге мифтен дайын күйінде ауысқан сюжет. Анығында, пері қыздарына қатысты мифтік-ертегілік оқиғаларға назар салған кезде олардың жылан кейпінде жасырына алатын мүмкіндігін ойда ұстаймыз. Бейнелі ойлауға бағытталған дастан желісі де осы белгі-ерекшелікті басты назарда ұстаған. Ақжылан- қасиет- кие- қария кейпінде құбылып жүретін перілердің бейнесі туралы мифтік таным қазіргі поэзияда да түрлене қолданылып, сезімдік халді, адам баласының мүмкіндігін, ішкі әлем қалпын танытуда маңызды көркемдік қызмет атқаруда.
Киелі өнер сырын жастан ұқтым,
Баба жәйлі айтады тас та мүкті...
Сынықшылар әулеті осылайша,
Қарлығаш әулиеден басталыпты,- бұл жердегі құбылушылық қалыптасқан желіден сәл өзгерек. Баба - Ақсақал – Қария - Қыдыр ата Г. Ниетқалиева дастандарында тұрақты бейнелеу құралы немесе тылсым сырлы персонаж ретінде жиі көрініп отырады. Баба жәйлі айтатын мүк басқан тас немесе жөргегінде уілдеген шындық сынықшылар әулетіне Көктен берілген аян ретінде танылып, кейіпкердің жан әлеміндегі көңіл-күй құбылыстарын бейнелеуде үлкен рөл атқарып отырады.
Ақжылан мен халық ұғымындағы Қыдыр атаны егіздеп бейнелеу оның құйынға айналып кетуімен, Орқоян, Қарақабан Пірлерімен бірігіп, тұтасуымен шарпыса өріледі. Ақындық қиял, фантазия мен суреткерлік шеберліктің ұштасқан тұсы поэзия тілінде астарынан әралуан сыр аңғартатын бейнелі ойларды тұтастыра туындатудан анық байқалатыны баршаға аян. Сонымен бірге ақындық дүниетанымның кеңдігі, деңгейінің биіктігі де аз рөл атқармайтынын мойындаған абзал.
Ақынның дүниетанымы, көзқарасы туралы сөз қозғағанда дастандағы пәлсапалық толғамдар жайын да міндетті түрде бағамдаған дұрыс. Мифтік құбылушылық желі Г. Ниетқалиева танымында адамзат деп аталатын жаратылыстың, он сегіз мың ғаламның, кедергісіз кеңістіктің сыры мен құпиясын білуге ұмтылу, рухтың мәңгілігі мен жасампаздығын қуаттау, адамзат баласына тән сана мен сезім әлемін қастерлеу мақсатында көркемдік қызмет атқаратыны айқын. Рухтың мәңгіліктігі, оның өлмейтіндігі, әр түрлі қалыпта өмір сүретіндігі туралы сенім мифтік санадан бастау алып, діни қағидаларға негіз болды.
«...Ғашық болып арайына ақ таңның,
Жүректегі жан сырыңды ақтарғын.
Сені, Мені, өзгелерді оятсын
Дүниенің жанарында жатқан мұң.
...Тағдыр-тасқа тілінді де табаным,
Жанға көшті жалғандағы нала-мұң.
Соны саған аманаттап барамын,
Ақжылан Пір, ол да аманат, қарағым»,
...Қазыбегіне айтқаны осы бабаның,- өзіне Көк Тәңірден берілген сый – Ақжылан Пірді аманаттау идеясы қазақ мифтеріндегі «Мәңгілік өмір» идеясымен астасады. Есімізге түсіретін болсақ, «мәңгі өмір сүру» идеясы Қорқыттың көрден қашу оқиғасының сюжеттері арқылы көрінетін еді ғой. Бұл жерде дастандағы кейіпкер «Мәңгі өмірді» «ұрпаққа аманат» идеясымен алмастырады. «Ақ таңның арайына», бүкіл он сегіз мың ғаламдағы жанды-жансыз жаратылысқа ғашық кейіпкер аманаты ұрпақ сабақтастығына деген іңкәрлікпен тұтасып кеткен. Өмір жалған дегенге жанымен қарсы кейіпкер ұрпақтың жалғасуын мұрат тұтып, оны «мәңгі өмір сүруге» саяды.
Өліп, қайта тірілу, оның ішінде тылсым күштердің ықпалымен тірілу желілері ертегілердегі тұрақты оқиғалардың бірі болып саналатынын бәріміз де білеміз. Мифтік санадан туындаған бұл түсініктің суреткер қиялында өңделіп, ауысуы хақында әлемдік әдебиетте де көптеген керемет үлгілер бар екені белгілі. Ақын мифтік танымды өз көрігінде өзгерте өрнектеп, көркемдік дүниесімен үйлестіріп, үндестіріп жіберген.
Мифтік санаға жүгінетін болсақ, өмірге айналып қайта келу, оралу – рухтың ажалсыздығының куәсі. Ал, сол мәңгі рух тек бір ғана денеде тұрақтап қалмай, бірнеше қалыпта ғұмыр кешіп, өмір сүре алады екен. Оны «өткен кездегі», «қазіргі», «алдағы» ғұмыр түріне жүйелеуге болады. Осы таным бейнелі жолдарға айналып, ақынның ой-арманы мен мақсат-тілегін, ұстанымын таныту мақсатында айрықша қызмет атқаратынына дастанда мысал көп-ақ.
Даланың не өтпеген басынан бұл,
Сыр айтар қына басқан тасы тарғыл.
Талдардың жапырағын саулатады,
Қараша, аяғы – қар, басы – жаңбыр,-деп басталатын «Қарабура» дастанында да пері қызы туралы мифтік сенім тиімді пайдаланылады. Анимистік сенімге тән тау-астың, өзен-судың, өсімдік атаулының бәрінде де рух бар, олар да адам сияқты санаға ие деген түсінікті тереңдететін аталған туындыда кейіпкердің жан дүниесін ісі арқылы таныту мақсаты сәтті орындалған. Ел аузындағы Қарабура әулие туралы мифтік әңгіме желісін пайдалана отырып құрылған сюжет оқырманды бірден еліктіріп, өзіне тарта жөнелетіні рас. Қасіреттен екінші түрге ауысу – мифтік құбылушылыққа тән тұрақты белгілердің бірі. Рухтың мәңгіліктігін, ұлылығын паш еткен мифопоэтикалық сана оның қуанышты, қасіретті қалыптарын да естен шығармай, әртүрлі құбылушылық оқиғалармен белгілеп отырады. Ақын дастанында бұл сарын мифтік танымнан тамырын мүлде үзіп кетпей, жаңа көркемдік желі түзген. Жастыққа тән ғашықтық сезімін бастан кешкен лирикалық кейіпкердің жан сезімін бейнелеуде пері қызының да бейнесін ұтымды пайдаланады:
Бас иіп жатты Дала Бала шыңға,
Ел деген жалғыз ұғым санасында.
Перінің көрген дейді сұлу қызын,
Қамыстың жасырынған арасында,- деп Қарабураның бейнесін биіктіктің өлшемі болған асқар шыңға телиді.
Адам жанының қат-қабат сырлары, бұлтарыс-қалтарыстары қаншалық көп болса, сол жан әлемі сыршыл жанр лирикада соншалық психологиялық иірімдермен, бедерлі сөздермен өрнектеледі. Адами болмыс пен мінез де түрлі ұқсатулар, ауыстырулар арқылы көрсетіледі. Мұндай тәсіл өлеңде үнемі үйлесім табуы ақындық таным мен шеберліктің ұштасуын талап етеді. Көңіл күй құбылыстарын, жан дүниесі сезінген жағдаяттарды шынайы бейнелеу эстетикалық қуаты күшті эпикалық туындыны тудырады. Г. Ниетқалиева қаламына тән жоғары талғам мен таным қалыпты ой мен сезімді өзгеше бейнелі тәсілмен жырлап жеткізуінен көрінеді. Өзі терең түсінген, жаны тебіренген желіні мағыналы ойды құбылту тәсілімен жырға көшіре отырып, ол мифтік астарлауға орын береді.
«Қарабура» дастанында да ақын алдыңғы «Ақжылан Пір», «Сары молда» дастандары сияқты мифтік оқиғаны арқау еткен. Негізі Қарабура әулие өмірде болған адам. Қазіргі таңда ол кісінің кесенесі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылының орталық бөлігінде орналасқан. Қарабура әулие жөнінде жазба деректерден гөрі біздің заманымызға ауызша аңыздардың жеткені басым. Көпшілік зерттеушілердің пікірінше, Қарабура әулие – Қожа Ахмет Ясауидің замандасы болған. Аңыз деректеріне қарағанда, Қарабура «Түйем шөккен жерде дүниеден өтіп, жерленемін», деген екен. Түйесі Созақ жеріне келген уақытта шөгіп, осы жерге Қарабура қолындағы асасын қадап, дүниеден озыпты» деседі. Алғашқыда әулиеге салынған кесене жоспарда төртбұрышты, ішкі жағынан ені 4 м., биіктігі 4 м. болған. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлердің қолдауымен әулиенің басына жаңа кесене тұрғызылған. ХІХ ғ. Салынған кесене жаңа кесененің ішінде сақталған. Аңыз-әңгімеде Қарабураның есімі – Бұхарназар делінеді. Жауға қарсы шапқанда Қарабурасына мінеді екен. Сондықтан, Қарабура атанса керек. Осыдан-ақ Қарабура бабаның тұлғасы зор, тұрқы биік кісі болғанын байқауға болады. Өзбектер оны Бұхарахан деп те атайды. Қарабура Қарахан мемлекетінің ханы болған деген де дерек бар. Ел аузындағы тағы бір деректе Қарабура әулиені Арыстан бабтың дарынды шәкірттерінің бірі болған деседі.
Тағы бір аңызда Қарабура әулиені Әзім баба деп те атайды. Ол кісінің әруағы бура болғандықтан, Қарабура атанып кеткен дейтін де әңгіме бар ел ішінде. Міне, осы мифтік құбылушылық идеясын алған Г. Ниетқалиева оны түрлендіре отырып, көріктеу тәсілдері арқылы оқырманның эстетикалық талғамын да биіктетеді. Түйе – сахабалар мінген көлік. Сахабалар – асыл дініміздің негізін салушы Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбарымыздың адал достары, ілімін халық арасына насихаттаушылар, таратушылар. Халық санасында сондықтан да, түйе қасиетті жануар болып саналады. Ойсылқара піріне сиынушылық та біздің даламыздағы Тәңірі дініне сиыну кезеңін еске түсіреді. Әзім ата – Қарабура әулие Тама руынан шыққан делінеді. Ол кісі туралы аңыз өте көп. Тамадан шыққан Тіней бақсыға бата берген Қарабура дейтін де сөз бар. Ол былай болса керек. Ата-анадан жетім қалған Тіней бір байдың қолында қозысын бағып жүреді. Байдың тоқалы перзент сүйгісі келіп, әулие-әнбиелердің бәрін шарлайды. Ешқайсысынан көмек болмаған соң, Қарабура әулиенің басына түнеуге ниет етеді. «Әулиеге де шырақ керек» дегендей, барғанда берілетін садақаға, таратылатын құдайыға арналған малдарды айдап Тіней де барады. Әулиенің басында ас беріліп, жеті жұртқа садақа таратылып, Қарабура-Әзім атаның рухына Құран – Хатым бағышталады. Ертемен тұрған байдың тоқалының жүзі сынық, себебін сұраған байға: «Тілек тілеп жатып көзім ілініп кетіпті. Бір үлкен кісі есіктен кіріп келе жатыр екен. Алдында қол қусырып, бас иіп, тілек тілеп тұрған маған көзінің қиығын да салмастан жанымнан өтіп кетті де, босағада ұйықтап жатқан анау жетім баланың басынан «байғұсым-ай!» деп сипап кетті. Бүкіл берілген садақа, таратылған құдайының қайырын сол жетім балаға деген ықыласы алып кетті ме екен?» дейді. Бай сонда ойланып тұрып: «Әулие де ең әуелі өзін жарылқайды деген ғой. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп қазақ соны айтқан. Ол баланың руы- тама. Қарабура-Әзім ата да тама руынан шыққан. «Жан тартпайды, қан тартады» деген осы да!» деп басын шайқаған екен әлгі бай. Тіней байға ілеспей, сол жерде әулиенің басынан жарылқау тілеп қалып қойыпты. Көп ұзамай қобыз тартып, бақсы болып, елге атағы жайылады. Ол қобызын ойнап отырып, алдына келген адамның бүкіл өмірін, алдында не күтіп тұрғанын айтып береді екен. Сондай-ақ, баласы жоққа бала беріп, сырқат адамды құлантаза айықтырып, даңқы шығыпты.
Біз зерттеп отырған Г. Ниетқалиева осындай шындыққа бергісіз аңыз-мифтерді дастандарында түрліше кейіптендіріп, символ, метафора арқылы оқырманға ұсынады. Қарабура туралы айтқанда, оның қызы Бегім ана туралы айтпай кете алмайтынымыз тағы рас. Бегім өте сұлу, ақылды, алдағыны болжап білетін қасиеті бар ерекша жан болса керек. Жанкент деп аталатын шаһардың ханы Санжар оны өзіне жар етіп алады. Санжар өте ашуланшақ, ақылсыз, дүлей күш иесі екен. Бірде аңға шығып, үйіне қылышын ұмытып кетеді. Бірнеше шақырым жерге барғаннан кейін ғана қылышы есіне түсіп, алып келуге уәзірін жұмсайды. Бұл уақытта Бегім ана шашын жуып, тарап отыр екен. Өзінің сұлулығын білетін Бегім ана әруақыт жүзін жауып жүретін болыпты. Бәрі аңға кетті деген оймен алаңсыз отырған Бегім ананың көркін аттан түсіп, үйдің жабығынан сығалаған уәзір көріп, сол жерде талып қалады. Оның есін жиғызып, қылышты беріп аттандырған Бегім ана бір жайсыздықтың болатынын жүрегімен сезіпті.
Өзі қызғаншақ, дөрекі, топас Санжар хан уәзірдің кешіккен себебін басқаша жорып, оны зынданға тастатады. Қалаға қайта келіп, алдынан шыққан Бегім ананы да соққыға жығады. «Арым таза» деп ант-су ішіп, жалынғанына қарамайды. Бүкіл халықты жинап, көпшіліктің алдында бұрымын кесіп, зынданға тастайтынын айтады. Осы жағдайды естіп, күйеу баласына келген Әзім ата-Қарабура да Бегімнің адалдығын айтып, күйеу баласынан «бір ашуыңды қи!» деп өтінеді. Ашуға мінген дүлей Санжар оны тыңдамай, халықтың алдында Бегімнің бұрымын кесіп, оң қолын шауып, зынданға тастауға әмір етеді. Сол кезде Әзім ата-Қарабура алақанын теріс жайып, теріс бата береді. Аспанға қол жайып Алладан «егер Бегімім таза, адал болса, ертең таңертең ел алдында бұрымын мен оң қолын қалпына келтіріп, аққу бейнесінде көкке ал, мына Санжар ханның тұрағын ордалы жыланның мекеніне айналдыр!» деп сұрайды. Таңертең таңмен алаңға шыққан халық Бегімнің бұрымы ұзын, сол әдемі қалпында тұрғанын көреді. Сөйтіп тұрғанда, аспаннан аққу құстар келіп, Бегім ананы қоршап алады. Сәлден кейін Бегім ана да аққуға айналып, ұшып кетіпті. Содан кейін трагедиялық сәт басталады. Санжар ханның ордасын улы жыландар басып алып, ханды шағып өлтіреді. Қала тұрғындары бассауғалап қашып кетеді. Осы жерде Бегімнің жыланға айналуы – мифтік құбылушылық. Қазақтың тектік танымында аққудың орны айрықша екенін айтқан Серікбол Қондыбайға тағы да оралуымызға тура келеді. Мифологияда аққу – үш кеңістікте, яғни, суда, жерде, аспанда қозғала алады, сондықтан да үш кеңістікті жалғастыру қабілетіне ие аққуды мифтік медиаторлар қатарына жатқызатынын айтқан ғалымның жазбаларына сүйене отырып, бұл жерде Бегім ананың қасиетін дәлелдеу үшін қолданылған аққулардың бейнесі де метаморфозалық әрекетке ие болып тұр. Яғни, бір түрден екінші түрге ауысуда шешуші рөл атқарып отыр.
Халық киелі санаған Бегім ананың жер бетінен қайтпас сапарға аттануын «Дауыл боп соқты жел келіп қырдан,
Тау қалды бірер жөтеліп.
Бегімді сонда тербеліп тұрған
Аққулар кетті көтеріп» ,- деп бейнелейді ақын аталған дастанның «Жылан жұтқан қала» тарауында. Бегім ананың аққуға айналып, аққулармен кетіп қалуы арқылы рухтың мәңгілік салтанат құруын танытып тұр емес пе? Шындығында, Қызылорда облысы аумағында тұрған Бегім ана кесенесі бүгінде елдің қасиетті деп санап, тілек тілейтін, түнейтін орынына айналған.
Дастандағы келесі бір құбылушылық желі – орданы ордалы жыландардың қаптауы. Қаһарлы ханға аспаннан келген зауал, яғни, орданың жыландар мекеніне айналуын ақын психологиялық ахуалмен берген.
Адал-ды Бегім. Періште еді,
Тағылық оны таптады.
Алды да Алла пейішке оны:
Орданы жылан қаптады,- поэма мифтік-аңыздық сарында жазылғандықтан, адамның аққуға айналу, жыландар қаптау оқиғаларына оқырман күмәнмен қарамайды. Болатын кәдімгі қалыпты оқиғадай қабылдайды. Бегім ананың аққуға айналуы – оның екінші дүниеге, яғни, о дүниеге өтуін аңғартады.
Екінші желі бойынша құбылушылықты көркемдік тәсіл ретінде ұстана отырып, ақын өте күрделі суреттеулерге қадам басады. Табиғат пен адам арасындағы жақындық пен алшақтық жыландар мен адамдар әлемінің қарым-қатынасы арқылы бейнеленген. Адамның топастығы мен зұлымдығы, ақылсыздығы өзіне өте зиян әкеліп қана қоймай, қоршаған ортаға да зардабын тигізеді екен. Әзім атадай зиялы да киелі әулиені ренжітіп, оның ұрпағы Бегімге зұлымдық жасаған қанішер Санжар хан Алладан зауалын алды, бірақ, Жанкент сияқты үлкен шаһардың халқы тоз-тоз болып кетті. Неге? Өйткені, Санжар хан Бегімді жазықсыз кінәлап жатқанда бәрі де қызық көргендей, жиналып қарап тұрды, бір де біреуі араша түсуге жарамады. Бүкіл қала тұрғындарына тек ертеңгі күні ауыз толтырып айтатын өсек пен қызық керек еді. Осының өзі нені білдіреді? Адамның түбіне немқұрайдылық жететінін білдіреді емес пе? Адамның адамдығы – бір-біріне сенуінде, жамандыққа қимауында. Алайда, бүгінде қоғамда орын алған немқұрайдылық дертіне ақын осындай сюжет арқылы сабақ бергісі, адамзатты сақтандырғысы келеді. Дастандағы осы суреттеулерден мифтік құбылушылық желісінің көркемдік тәсіл ретіндегі мүмкіндігінің барынша кең екеннін көруімізге болады. Адал адамды жазалаған ханның жыланға шағылуы, өзін құтқармақ болып жанталасуы арқылы зұлымдық пен жамандықтың ешқашан жазаланбай кетпейтінін поэтикалық аяда осылайша бейнелеген.
Бір бұл емес, ақынның жыланға айналу идеясына құрылған тағы бір туындысы да бар. «Тайманның ұлы Исатай» дастанында да мифтік құбылушылық желісі ұтымды пайдаланылады. Ел аузындағы әңгіме бойынша Исатай Тайманұлына аяғы ауыр болған кезде анасы жыланға жерік болған екен. Қайныларына жылан әкеліп беру туралы айтқан өтініші аяқсыз қалған ана бір күні өзі тезек теруді сылтау етіп, ауыл сыртына шығып, жылан іздейді. Ақыры жыланды тауып, ортасына дейін жейді. Ортасына келгенде жей алмай, тастап кетеді. Соны естіген үлкен абыздар: «Жылан жұтқандай өте ержүрек ұл дүниеге келеді. Бір үлкен іс бастайды, бірақ, аяғына жеткізе алмайды екен» деп жорысады. Шындығында, Исатай Тайманұлы патшаның отарлау саясатына қарсы көтерілістің басшысы атнды, алайда, көтеріліс аяқсыз қалды. Исатай Тайманұлы қаза тапты. Міне, осы желіні алған ақын:
...Шарасыздықтан тұрған-ды жанды жас қарып,
Көзінен кетті қуанғанынан жас тамып.
Бір аттап барып, ештеңені ойлап жатпастан,
Жыланды Ана жей берген дейді бас салып,- деп Исатай батырдың анасының жыланға жерік болғаны туралы аңызды желі етіп алады. Ал, жартысын жемегені де назардан тыс қалмайды:
Жерігі қанып, тастады жемей қалғанын,
Не дерсің, сірә, ісінде Алла бар ма мін?
Осыны естіп Абыз-шал басын шайқады:
«Ер болып туып, өтеді тістеп бармағын»,- иә, талғамы даламен туыс ел үшін туған ұлдың есімі ұрпаққа ұран болып қалғанымен, арманы жеткізбей кетеді екен, әттең! Ерге екі өлім емес, бір өлім екені анық. Бірақ, Абыздың да айтқанында үлкен шындық бар екен. Оны дастанның соңында аңғарамыз. Исатай батыр Ақбұлақ жағасындағы соңғы шайқас алдында түс көреді. Түсінде үнемі өзінің қолтығында жататын, ес білгелі өзі бір іс бастайтын болса, соның ақырын болжататын сарыүйегі (жылан) қойнынан сусып түсіп кетіп бара жатыр екен. Сол шайқаста батыр шейіт болады. Оны да ақын былай жырлайды:
...Сарыүйек – жылан әруағын
Ышқынып жаны шақырды.
Он жасынан қойнында,
Бірге ойнаған ойынын да,
Серігі болған сарыүйек
Оратылған мойнынан,
Сусып түсіп қойнынан,
Сусылдап алып жоғалды,- бұл жерде сарыүйек жыланның кетіп қалуы – батырдың өліміне меңзеп тұрғаны түсінікті. Әсілінде, қазақы түсінік бойынша сарыүйек жылан кез-келгенге көрінбейді. Ол ілуде бір рет, қасиетті, киелі адамға ғана көрініп, тар жерде оны қолдайды, жол көрсетіп, желеп-жебейді. «Түс оңбай, іс оңбайды» деген сөз бар қазақта. Қазақта ғана емес, басқа да ұлттарда түс арқылы болашақты болжау деген ұғым бар екені ақиқат. Зигмунд Фрейд деген неміс ғалымы түс көрудің құпиясы туралы бір кітап жазды. Оның жазбаларында түстің де тылсым сыры бар екені қолмен ұстап, көзбен көргендей дәлелденеді. Тіптен, өзінің әйгілі химиялық кестесін Д. Менделеев түсінде көргені туралы да әңгіме бар. Міне, ақын Исатайдың өз өлімін болжауын түс арқылы мифтік құбылушылыққа әкеліп тірейді. Бұл жерде де жылан арқылы көркемдік тәсілді құбылта қолданады.
Мифтік санадағы адам рухы бір түрден екінші түрге көшіп отырады деген түсініктің көркемдік-философиялық мәндегі бір желісі Исатай батырдың үсінде сарыүйекпен жауаптасуынан көрінеді.
Он жасынан пір тұтқан,
Жауына қарсы бір шыққан,
Қойнынан сусып сарыүйек
Кеткенін батыр шын ұққан.
Бұра алмай мойнын шындықтан,
Жүректен жасын сырғытқан,- сарыүйектің батырды тастап кетуін батырдың жалған фәниден кетуімен, барзақ дүниеге өтуімен егіздеп береді ақын.
Өткендерден осылай
Тайманның ұлы жайлы сөз
Бірер ауыз қалыпты,- деген жолдар арқылы рухтың өлмейтінін, мәңгіліктігін сездіреді. Шындығында, арада екі-үш ғасыр өткенімен, Исатай батырдың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталуда. Рухтың өлмейтіндігі деген де сол шығар, бәлкім!
Фольклортанушы ғалым В. И. Еремина мифтік сенім бойынша рудың төтемдік қағидаларын қатаң сақтаған дұрыс. Сонда ғана аң немесе басқа да мақұлықтар сол адамның сенімді серігі болмақ [8, 11-12]. Поэмадағы анасының жыланға жерік болуы, жартысын жеп тастап кетуі, дәл шешуші айқас алдында батырдың қойнынан он жасынан серік болған сарыүйек жыланның сусып түсіп кетуі де осы тотемдік қағидалар бойынша өрілген. Халықтық мифологияда жылан культі, оны кие санау сенімі бар. Бұл мифтік сенім жыланмен арбасу әрекетінен, жыландар патшалығы, жылан патшасы ШаһМаран туралы ертегілерден көрініс тапқан. Г. Ниетқалиеваның «Ақжылан Пір» дастанында сондай сенімнің ұшқыны бар:
Қиналғанын оқыды жанарынан,
Жарқырап мейірім нұры қабағынан.
Ақжыланын сол жерде қаптатады,
Белдесіп күшті дертке салады ылаң.
Бір жұтым су өтпеген тамағынан
Өтіп, міне, кеткендей Ана-жылан...
Іші-бауырын аралап, сол кеткеннен,
Шыққандай ма бір кезде табанынан...
Адам рухының көшпелілігі туралы сенімнен туындаған құбылушылық желісінің поэтикалық қолданысы сан тарапты ойларды туындататыны кәміл. Мифтік танымның түп түп бастауларын терең пайымдаған ақын ондағы әр түрлі танымдық желілерді көркемдік-эстетикалық тұрғыда кеңейте, түрленте жырлайды.
Фольклорлық үлгілердегі қиссалар үрдісін, сондай-ақ, дастан сарынын жаңаша қалыпта түрленткен «Сардар баба» поэмасы құрылымы, көркемдік – эстетикалық құндылығы мен өзек еткен оқиғасы тұрғысынан алғанда өз алдына ерекше көркем дүние. Қазіргі қазақ поэмасының даму деңгейі, көркемдік-эстетикалық сапасы, поэма жанрының зор поэтикалық мүмкіндігі, тың ізденіс пен жаңашылдық төңірегінде ой өрбітсек, алдымен ойға оралып, назар аударатын туынды – «Сардар баба» поэмасы. Мазмұндық, пішіндік, стильдік тұрғыдан алғанда поэма жанрында өзіндік салмағы бар бұл туынды ақын Гүлзада Ниетқалиеваның талантын жаңа бір қырынан танытқанын, оны талантты да тегеурінді ұлт ақыны ретінде мойындауға тура келетінін айтқанымыз да абзал. Романтизмге тән басты белгі ретінде ерекше жағдайда ерекше әрекет, мінездерімен танылатын ерекше қаһармандар екенін ескерсек, аталған поэмаға осы сипат тән. Сонымен қатар, әдебиеттанушы Е. Тілешев: «романтизм әдебиеті... лиро-эпикалық поэмалардың өркендеуіне алып келді»[11, 118] деп атап көрсеткендей, әдістік тұрғыда романтикалық туынды болып саналатын «Сардар баба» ұлттық әдебиетіміздегі поэма жанрының лиро-эпика деп аталатын саласының туындысы. Ұлы ойшылдардың бірі Гегельдің романтикалық көркемөнердің негізгі стихиялық белгісі – лиризм деген тұжырымына сүйенсек [12, 243], ойымызды дәйектей алатынымыз даусыз.
Поэманың мазмұндық-құрылымдық сипаты күрделі болғандықтан, талдауды жекелеген бөлімдерге ретпен жүргізгенді жөн көрдік.
«Арғы атамыз еді, өзеннің арғы бетіндегі киіз үйді лаулаған қазан-ошағымен бергі бетке, бергі беттегіні арғы бетке қондырған әруақты, елдегі ауру-сырқауды емдеген тәуіп те еді. Сондықтан, оны төңірегіндегілер әулие санайды...» деген Халық жазушысы, қазақ поэзиясының ақша бұлты атанған Әбу Сәрсенбаевтың мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Меллят Сабырқызына жазған хатынан алғынған үзіндіні эпиграф еткен поэманың «Тізгін қағарында» алда айтылар оқиғаға барлау жасалып, қазақ тарихының бір парағынан сыр шертіледі. Жайық пен Еділ өзендерін еміп өскен, осы екі ұлы өзендердің ортасында өсіп-өнген елдің тұрмыс-салты, атақ-даңқы, сән-салтанаты жыр болады.
Сонымен, әуелгі сөз поэманың «Тізгін қағары» туралы. Ауыз әдебиетіндегі жыршылық мәнерді жазба әдебиеттегі көркем сурет, айшықты тіл, бейнелілікпен ұштастыра жырлаған ақынның сөз кіріспесінің өзі оқырманды елең еткізеді:
Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим!
Сиындым қолдасын деп Қаламшәріп,
Абыздар елді ойлаған – Даламда құт.
Туған жер, кең төсіңде жатқан кенді,
Қозғайды, тәу етеді балаң тауып,- фольклорлық үлгілерде көбіне тыңдарманға әсер ету басты назарға алынатынын ескерсек, ақынның бұлайша сөз бастауының өзі – шығарма мазмұнына оқырманның назарын аударту мақсаты.
Мифтің қазіргі көркем әдебиеттегі қолданысының бір формасы – мифтік стилизация. Г. Ниетқалиева поэмаларына тән басты сипаттың бірі осы мифтік стилизация тәсілі деп батыл түрде айтуға болады. Қазіргі көркем әдебиеттегі мифтік стилизация туралы Я. Э. Голосовкер: «Туындыны мифтендіргенде қаламгер мифтен бастау алатын бейнелеу құралдарын нысанға алмайды, бірақ, оларды белсенді түрде пайдаланады, бұлар мәтіннің негізгі түсіндіруші компоненттерінің бірі болып қалады»[9, 46] дейді. Оған жоғарыдағы мысалдар дәлел бола алады. Біз поэмалардың мазмұнындағы мифтік құбылушылық сарындарын ғана назарымызға алдық, сол бағытта тереңдете талдау жасаған болатынбыз. Ақын пайдаланған мифтік сюжеттер мұнымен ғана шектелмеген. Ақынның поэмаларында кездесетін, көркемдік бейнелеу ретінде пайдаланылған мифтік құбылушылық туралы ойымызды М. П. Эпштейннің «Қазіргі әдебиеттегі мифологизм түп негізі философиямен сабақтасатын рефлектілі сипатымен, сондай-ақ, суреткердің мифке интеллектуалды қарым-қатынасымен ерекшеленеді» [10, 224 деген пікірімен тұжырымдаймыз.




