Әлемге әйгілі қытай жазушысы, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Мо Янь Қазақстанға алғаш рет келді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен сапар аясында қаламгер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас жазушылар мен әдебиетке қызығушы жастарға шеберлік дәрісін оқыды.
Әлем оқырмандарының зор ықыласына ие болған Мо Яньмен бірге кездесуге Қытай мемлекеттік сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы әрі аудармашы Әкбар Мәжит, сондай-ақ әдебиет пен мәдениет саласының белгілі өкілдері қатысты. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының 2024 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан стратегиялық әріптестігі аясындағы «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.
— Өткен жылдың желтоқсан айында Пекин қаласына арнайы барып, Қытай Жазушылар одағымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатынбыз. Аспан асты елінлегі Жазушылар одағы мүшелерінің саны 20 мыңнан асатын үлкен ұйым. Сол елдің ең беделді қаламгерлерінің бірі Мо Яньды Қазақстанға арнайы шақырған едік. Бүгін сол ниетіміз жүзеге асып отыр, — дейді Қазастан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Кездесу барысында жазушының қазақ тіліндегі екі бірдей кітабының тұсаукесері өтті. Қазақстан Жазушылар одағынан жарық көрген еңбектер — «Сарымсақ жыры» романы мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» атты публицистикалық жинақ. «Сарымсақ жыры» — Мо Янь шығармашылығындағы ең танымал туындылардың бірі. Магиялық реализм элементтері мен өткір әлеуметтік мәселелерді арқау еткен роман әлемнің көптеген тіліне аударылып, халықаралық әдеби қауымдастықтың жоғары бағасына ие болған. Кітапты қазақ тіліне аударған — Төлеген Меллат. Ал «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» — қазақ тілінде жарық көрген жазушының тұңғыш публицистикалық жинағы. Оған автордың әр жылдары жазған эсселері, әдеби толғаныстары, сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған. Жинақта қаламгердің әдебиет пен өнер туралы көзқарастары, шығармашылық зертханасы, заманауи қоғам жайлы пайымдары және әлем әдебиетінің ірі тұлғаларына қатысты ой-толғамдары қамтылған. Жинақты қазақ тіліне Еділбек Дүйсен мен Әлихан Махаш аударған.
Өз сөзінде Мо Янь қазақ оқырмандарының әдеби талғамына ерекше тәнті болғанын айтты.
— Бүгінгі кездесу мен кітаптардың тұсаукесері өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстандағы оқырмандардың және дәріске қатысқан жастардың әлем әдебиетін терең білетіні мені қатты таңғалдырды. Дегенмен қазақ қаламгерлерінің шығармалары қытай тіліне әлі де аз аударылғанын айту керек. Болашақта қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері қытай тіліне көбірек тәржімаланып, олармен шығармашылық тұрғыда пікір алмасуға мүмкіндік туса екен деген тілегім бар, — деді Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь.
Жас қаламгерлер үшін жазушының дәрісі мен еркін сұхбаты ерекше әсер қалдырды. Шеберлік мектебінің қатысушысы, жас ақын Жалын Сейдигалымованың айтуынша, мұндай кездесулер әдеби көкжиекті кеңейтуге зор мүмкіндік береді.
— Биылғы әдеби шеберлік мектебіне қатысушылар үшін Мо Яньмен жүздесу үлкен мәртебе болды. Әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінен дәріс тыңдау — әдебиетке бет бұрған әрбір жас қаламгердің арманы. Себебі әдебиет — шексіз әлем. Ол нақты формулаға бағынбайды, әр халықтың рухани болмысымен бірге дамиды. Біздің таным көкжиегімізден тыс жатқан көптеген ойлар мен пәлсапаларды осындай кездесулер арқылы тануға мүмкіндік аламыз, — деді Жалын Сейдіғалымова.
Кездесу барысында қатысушылар жазушыға сұрақтар қойып, әдебиет, шығармашылық және қазіргі әлемдік әдеби үдерістер төңірегінде еркін пікір алмасты.
Алматы қаласы




