«Үздік жас ақын – 2021», «Qalamdas» 2024 әдеби байқауының поэзия бағыты бойынша жеңімпазы, «Әдеби Азия» байқауының бірінші орын иегері Балғын Раш - Тобыл-Торғай топырағында шығармашылық тынысын кеңейткен ақын. Ол поэзияны жай ұйқас емес, жанның үні деп қабылдайды. Оның өлеңдерінен сағыныш та, мұң да, ішкі арпалыс пен тазалық та қатар сезіледі. Біз Балғынмен шығармашылықтағы ізденісі және алдағы жоспары жайлы әңгімелестік.
— Балғын Әділбекқызы, сұхбатымызды бастамас бұрын оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз…
— Қазіргі Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Мырзашоқы ауылының тумасымын. Өлеңге өзім де байқамай келген сияқтымын. Бала кезімнен өлең оқуды, жаттауды, талдауды жақсы көрдім. Бірақ өзім жаза аламын деген ой болмапты. Тек бөлісер ойымды қара сөзбен емес, ұйқастырып, тура емес, жанама түрде жеткізіп жүретін кездерім көп болды. Кейіннен бұл дүниеге бір нәрсе жеткізгім келетінін және оның сурет не сөйлем түрінде емес, өлең кейпінде шығатынын түсіндім. Сөйтіп, көп жасөспірім секілді, 15-18 жас аралығында жұртқа айтпағанымды қағазға жаза бастадым.
— Бүгінде Балғынды оңы мен солын таныған, әдеби ортада есім-сойы белгілі жас қаламгер деп айтуға болады. Ал баяғы Жетісайда жүрген кішкентай қыз үшін ақын деген кім еді?
— Менің ойымша, ең алғаш сол 15-18 жас аралығында Балғын үшін «ақын» деген сондай бір биік тұлға болып елестеді. Өзімнің өлең жаза алатынымды, менің жазып жүргендерім жай ғана ұйқасқан сөйлемдер емес, нағыз өлең екенін, онда өмір бар екенін түсіне бастадым. Мен жазған дүниелер басқа бір адамның тағдырындағы қиын сәтпен үндескен кезде, менің өлеңім арқылы сол жағдайдан жеңілдеп шыға алатынын ойлағанда, «ақын» деген бір құдірет, «өлең» деген қасиетті нәрсе екен деп қабылдадым. Арада біраз жыл өтті. Қазір көп өлеңдерім бар деп те, көп өлеңім оқырманның көңілінде деп те айта алмаспын. Бірақ ақындарға деген көзқарасым бұрын сырттай ғана елес болса, қазір іштей сипаттама бере алатындаймын. Мысалы, «ақын» дегеніміз — тазалық, махаббат, мейірім, жанашырлық. Өзінің көңілінде мейірім таппаған адам өлеңдерінде де мейірімді сипаттап, шуағын шаша алмайды.

— Сізді алғаш 2020-2021 жылдардан бастап өлеңдеріңіз арқылы тани бастадық. Жалпы, сіздің ақын болып қалыптасуыңызға Арқалықтың әсері ерекше секілді.
— Иә, дұрыс айтасыз. Бұлақтың көзі ашылғанмен, оның қайда бағыт алары, не суалары, не ары қарай мұхитқа құяры — қай таудың етегінде жатқанына байланысты ғой. Алдынан өлең жазып, қалам тербеп жүргеніммен, шабытымның ашылып, жан-жаққа көз салып, өзім секілділермен араласып, өзім туралы көбірек ойланып, ішкі қуатыма үңіле бастаған кезеңім осы Арқалықтың құшағында өтті деп айтуыма болады. Енді Ахаңның — Ахмет Байтұрсынұлы топырағына табан тірегеннен кейін, ол жерді жырламау, ол жер туралы бір шумақ болса да қалдырмау, ұлы өлеңдер жазбау — айып секілді көрінеді. Арқалықтың өзіне тән мінезі, ерекшелігі бар. Кішкентай қалашық болса да, үлкен азаматтарды қойнауында сақтап келе жатқан, өсіріп, түлетіп отырған орда деп есептеймін. Өлеңдерімнің де кейбір жұмыр тұстарын толықтырып, кейбір қатқыл тұстарын жұмсартқанда, оған бағыт-бағдар беріп, мән-мағына дарытқанда сол жердегі ағалардың ықпалы болған шығар. «Алдыңғы дөңгелек қайда барса, соңғы дөңгелек сонда иіледі» дейді ғой. Сондықтан Арқалықтағы ағаларға, Арқалық қаласындағы және Қостанай өңіріндегі қаламгерлерге үлкен алғыс білдіремін. Осы өлеңдердің дүниеге келуіне, кейде асып кеткен жерімде тоқтатып, тосылған жерімде алға жылжытып жібергені үшін Арқалыққа да, халқына да айтар алғысым өте көп.
— Бұл сұрақтың жауыр болғаны анық. Дегенмен Балғын үшін шабыт деген не?
— Басқаларға қалай екенін білмеймін. Бірақ мен үшін шабыт — толқын секілді. Ол сонау теңіздің ортасынан жағаға жеткенше үлкен күшпен, ағынмен келеді де, құмға сіңгенше ұрылып барып, қайтадан кері қайтады. Мендегі шабыт та сол сияқты. Бірнеше жыл бұрын жазып, жарқыратып жариялап жүрген өлеңдерімді қазір қайта оқысам, қазіргі дүниелеріме қарағанда одан бір тазалық, тірлік табамын. Бірақ бір үйлесім жетіспейтіндей көрінеді. Ал қазіргі жазып жүрген өлеңдерімнен үйлесім тапқаныммен, сол кездегі тірлікті, шынайылықты таба алмаймын. Мүмкін, сол толқын сияқты, жағаға қаттырақ соғу үшін, өзімнің толқын екенімді сезіну үшін, адамдарға жаңа сезім сыйлау үшін мен қайтадан теңіздің ортасына, өз теңізімнің тұңғиығына үңілуім керек шығар. Осы 2026 жылы қайтадан күш-қуат алып, тіршіліктің күйбеңіне жеңдірмей, қайта жеңуге тырысып оянғандаймын. Бірақ сонда да баяғы бағзы өлеңдердегі тірлікті, шынайылықты сағынады екенсің.
— Өлеңдеріңізде сағыныш, өткенді аңсау ерекше көрініс береді. «Көбелегінің қанаты сынған, сезімі сөнген Ләйлімін» десеңіз, енді бірде «Шырағыңды сөндіріп алмайын деп, шынарымды балталап тастаппын мен…» деп өткен шаққа нала айтатындайсыз…
— Жоғарыда айтылған өлеңдерді жазған кезде әртүрлі сезімде боламын. Кейде ол — сағыныш. Ол белгілі бір өмірде болған адамға емес, бәлкім, мен қиялымда жасап алған адамға арналған шумақтар болуы мүмкін. Немесе жай ғана ауылда, аулада отырып, бұрын менің өмірімде болған, қазір жоқ көршілерімді аңсауым мүмкін. Кейбір кезде мен тіпті басқаға емес, махаббатқа емес, белгілі бір сезімге де емес, өзіме өзім үндеу жасап жазатын өлеңдер болады. Мысалы, «Шырағыңды сөндіріп алмайын деп, шынарымды балталап тастаппын мен» деген жолдарда өзімдегі кей армандарды бұғаттау арқылы кейбір дүниелерге қол жеткізгенімді айтып, өзіме арнап жазған өлеңдерім басымырақ. Жалпы, бұл тақырыптағы өлеңдер белгілі бір арнамен шектелмейді. Әртүрлі бағытқа, әртүрлі сезімге құрылады. Кейде күннің шуағына қуанып, кейде түннің мөлдірлігіне тамсанып, кейде өзім де түсінбейтін сағыныштан туып жатады.
— Қазір «мен ақынмын» деп кеуде керетін замандастардың қатары қалың. Буын саны мен ұйқасы жарасса, өлең деп айдар тағып алады. Ал сіз «ақынмын» деп айқай салмайсыз. Керісінше, ақырын жүріп, анық басасыз…
— Маған бір түйінді сөз ұнайды: «Адамның бәрі - ақын, оны әркім әрқалай жеткізеді» деген. Мен де дәл солай ойлаймын. Адамның бәрі - ақын. Біреу оны суретпен жеткізеді, біреу әнмен жеткізсе, енді біреу сөзбен, жырмен жеткізеді. Қағазға өз өмірін таңбалап, тарихта өлең жазған ару ретінде қалып жатқан ақын қыздардың ішінде мен де бармын. Бірақ аса бір оқшауланамын деп ойламаймын. Менің өз ұстанымым — көргенімді емес, сезінгенімді жазу. Көрген кезде біз белгілі бір эмоцияға берілеміз, оны сол сәтте жазып тастағымыз келеді, жеткізгіміз келеді. Бірақ кейін оны сабырмен сараптап, сезініп, «мына нәрсенің түбі осындай болды-ау», «мына дүние маған осындай ой салды ғой» деп түйін жасап барып жазғанды жақсы көремін. Сондай-ақ өлеңнің тірі болғанын қалаймын. Белгілі бір шаблонға салынып, ұйқас үшін ғана немесе әлеуметтік ойға жанасу үшін, біреуді мақтау не даттау үшін жазғым келмейді. Тек көргенімді, қалай сезінгенімді жеткізгім келеді. Мүмкін мұны ерекшелік деп айтуға келмес. Бірақ менің ұстанымым — осы.

— Қазіргі шығармашылығыңыз жайлы сөз қозғасақ…
— Қазіргі Балғынның шығармашылығы бірқалыпты. Тынық су секілді. Мүмкін, бұл үлкен дауылдың алдындағы мұхиттың тыныштығы шығар. Бірақ әзірге анау айтқандай, белгілі бір биікке шыққан, аты аталып жүрген ірі шығармашылық серпіліс болып жатқан жоқ.
— Алдыңызға қойған қандай жоспарларыңыз бар?
— Алдағы жоспарларға келетін болсақ, осы уақытқа дейін өлең жазып, қалам тербеп жүрмін. Дегенмен сол өлеңдерімнің басын жинап, бір арнаға тоғыстырып, кітап шығармаппын. Сондай-ақ ол кітапты шығарып, шығармашылығымды дамытуға, елге таныстыруға немесе өзімнің де өзге шығармашылық иелерімен жақынырақ танысуыма қатты талпыныс, ерекше қызығушылық болмады. Дүниелік істермен де, рухани ізденістермен де қатар айналысып жүріп, өзімдегі кей дүниелерді шашыратып алған сияқтымын. Сондықтан алдағы уақытта балаларымның — яғни өз өлеңдерімнің басын жинап, кітап шығарсам деген жоспарым бар. Сондай-ақ, ол кітап жай ғана сөрелерде қалып қоятын немесе маркетинг үшін, қаражат үшін сатылатын дүние емес, керісінше, бір адам көңілі қалап: «Осы кісінің кітабы бар ма екен? Бар болса, қайдан табуға болады екен?» деп іздеген кезде алдынан табыла кететін кітап болса деген ойым бар. Қазір сол ойды жүзеге асыру жолында жүрмін деп ойлаймын.
— Емен-жарқын әңгімеңізге мың да бір Алғыс!
Сұхбаттасқан Бейбіт НҰРМҰХАНОВ,
Қостанай–Астана




