Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ф.Оңғарсынова атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Максотова Калиса Еламанқызы: «Тұлға қасіреті мен ұлттық рух»

 Ұлан асыр жусан иісі  аңқыған байтақ даланы ұрпақ бақыты үшін аманат етіп  сақтап қалған  талай боздақтар мен есіл ерлердің ерлігі киелі де қасиетті мекеннің жаңғырығы іспеттес,сол жердің тағдырымен тағдырлас, мұңдас, шерлі тарихтың шежіресіне айналары хақ...

    Көкірегінен  қан аққан  сондай шер мен қанды қасіретке толы Қараойдың  жаралы жазығы «елім деп өткен есіл ердің», «қызғыштай қорғаған», «құсалықпен өткен» өр тұлға Махамбеттің  Қараой жеріндегі  қаралы  қанды оқиғасынан адам түгілі табиғат та  шошынған, ақ дүниені сатқындық қанмен жуып кірлеткен сұмдықтан  көзін басып,  жұлдыздар да талықсыған, Ай мен Күн де жанары қанға толған...


           Қазақ поэзиясында ұлт тағдыры мен  тарихи шындықты көркем бейнелеу-мәңгілік тақырыптардың бірі. Осындай рухани биігімен ерекшеленетін шығармалардың бірі ақын  Гүлзада Ниетқалиеваның «Тайманның ұлы Исатай», «Махамбетпен сырласу», «Қараой қасіреті» атты поэмалары - терең психологиялық, философиялық әрі халықтың мифтік таным иірімімен айшықталған  ұлттық рухқа, тарихи мұңға құрылған терең туынды. Бұл шығармада  ұлттың ұлы қайғысы мен қасіретін, ел тағдырын  «ереуіл атқа ер салып, ел қамы үшін күрескен» Махамбет Өтемісұлының  бейнесі арқылы жеткізеді. Тарихта халық қасіреті, тарихи әділетсіздік, ел тағдыры мен  рух еркіндігін аңсаған  рухты батырлар  Махамбет пен Исатайдың орны ерекше. Ақын бұл туындысында   халық басынан өткен зұлмат кезеңдердің қасіретін  терең толғай отырып, Махамбет  рухымен сырласу арқылы ұлттық мұрат пен азаттық идеясын асқақтатады. Шығармада  тарихи шындық пен ақындық толғаныс  өзара үндесіп, терең философиялық  сипатқа ие болған. Ақын Қараой даласын,  тұтас ұлттың  мұңы мен шерін  бойына жинаған киелі мекеннің толғанысын, ақынның жүрегіндегі ащы өксік  арқылы тірлікте  ақынның қайғысын ұғар жанның жоқтығына қиналатынын шебер жырлайды. Қараой - Махамбеттің тағдырымен   сабақтасып  жатқан қасірет мекені. Поэмадағы  лирикалық толғаныс  ақынның ішкі жан әлемімен  табиғи үндестік тапқан.
Әр күн сайын Қараойды сұмдық елес кезеді,
Әр күн сайын Қараойдың өртенеді өзегі,
Күздің  тұнжыр бұлтындай  торлап алған аспанды,
Қанды елестен  түршігіп жұлдыз біткен безеді.
        Он сегіз мың ғаламнан  әділеттікті іздеп, пәк дүниені қалай сақтап қалсам деген ақын  даңқ пен атақ үшін арын,  жанын  сатқан  пенделерге  жиіркене, шошына қарайды да жаратқаннан жауыздықтың  қанын  тыйып,бассыз қалмаудың амалын жасауды тілейді.
Аппақ мазар, әр түнде  қанға бөгіп баратқан,
Қан теңізің тия гөр! О, сақтай гөр, жаратқан!
Бассыз дене... Қан кешіп... Басын іздеп тірліктен,
Дүниеге жанының    күрсінісін таратқан.


  Аруақ- қазақ үшін киелі ұғым, рухани тірек. Ол- ұлт тағдырының, адамзат баласының  қолдаушысы әрі қорғаушысы. Поэмада «аппақ  мазар»- жан дүниенің ақтығы, ар тазалығы, жалған дүниенің әділдікке жүгінген пенделердің символы болса, «қызыл қан» -қасірет, қастандық, әділетсіздіктің, көркеуделердің  көрінісі, «бассыз дене»- әділетсіздіктің құрбаны, жендеттер мен сатқындардың қастандығы,тектілікті таптаған, дарынды, жүрегі «елім» деп соққан асыл, ардақтылардың аруағы, қорланған азапты ғұмыры. 
       Ақын: «мөлдіреп тұрған  сұлу ғаламда, сұмдықтардың көкесін адам қолымен жасалған, одан қайда қаша алам?» деп, өмірде де  талай сұмдықтардың, әділетсіздіктің  нәзік жанын  жаралағанын астарлап жеткізеді. Ал, қазіргі қоғамдағы  «бассыз жүргендер» - заман трагедиясы. «Пенде-мүрде» деп  кеудесі бос, қуыскеуделердің   тіршілігіне  таңырқай қарайтынын да  жасырмайды. Кесірі мен кесапаты тиер арамзалардың мұң-қайғысыз, бейқам  істері мен арамза әрекеттері жалған дүниенің опасыздығын өз қолдарымен жасалатындығын ұғындырады.  

Бассыз көрем... Өзімді, өңгені де,
Іздеп жүрген бастарын пенде-мүрде.
Қалай жүрміз жер басып?
Таңырқаймын,
Ақырзаман шынымен келгені ме?
Бассыз жүрміз,
Бірақ та таныдым мен:
Қайғырмады...
О,несі бәрі күлген?
Басың қайда деп сұрап көріп едім,
Сөйлеп қоя бергені қарынымен...
        Пасықтар, озбырлар, сатқындар, арсыздық пен дүниенің құлына айналған, қымбат пен арзанның парқын білмейтін, достыққа  қастандық жасаған, бал орнына у ішкізген, өздерін жалғанды жалпағынан басамын деп ойлаған, қу дүниенің  иесі  сезінген арамзалардың   тіршілігін мысқылмен  әшкерелейді.
 Күрес -күннен  өмірдің таптым мәнін,
Шын достықтың маздатып, жақтың шамын,
Мына жалған  дүние шын опасыз,
Тап келтірген дарынға сатқындарын.
Махамбет бейнесі  – ерліктің, қайсарлықтың, әділдік үшін арпалыстың символы. Ақын тағдыры ауыр болды: қуғын көрді, жалғыздықтың азабын тартты, бірақ ешқашан әділдік жолынан таймады.


  «Махамбетпен сырласу» поэмасында ұлылармен сырласу арқылы  ұлылардың өміршеңдігін, жұмыр жердің төсінде ажал құшқанымен, ұлт жүрегінде  мәңгі жалындаған жырдан ескерткіш орнатқан  Махамбет пен Исатайдың рухты поэзиясы – ерлік пен елдіктіктің, намыс пен жігердің, рухшылдықтың мәңгілік символына  айналғанын жырлайды.
Құм  Нарын  төсі бүгін  қаңыраған,
Сыр айтты ерлік жайлы  тағы маған
Исатай-Махамбеттей елді ойлаған,
Арыстарды  тарихтан танып алам.
            Жүрек түкпіріндегі сан алуан сезімнің жан дүниеңмен астасып, мың құбылған  «көңіл патшасын»  сайратқан, «өлең» деген құдіреттің қасиетін ұғындырған, «жүректегі буырқанған жанартаудың  жарылысын» өлеңмен өрнектеген  ақын Гүлзада Ниетқалиеваның поэзиясы - жаратылыспен  үндескен ,тылсым дүниемен тілдескен ғажап  поэзия.


       Адам өмірі - сан тарау соқпаққа толы ұзақ жол. Кейде адам  сүрінеді, кейде құлайды,тағдырдың ауыр сынағына тап болады. Сондай кезде «қайыспас қара нардай» болған Ұстазым, Гүлзада апайымның болмысы кейбір жаның құлазыған сәттерде жаныңды қуат пен шуаққа бөлейді. Гүлзада апайым да қилы тағдырға мойынсұнбай, текті де аруақты ата-бабамыздың  бойындағы қайсарлық пен  қажырлықты ту еткен адал жан ретінде тек ақиқат пен әділеттіктің жақтаушысы, жоқтаушысы да бола білді.                

«Махамбетпен сырласу» поэмасының астарында да Ұлттың рухани  мүддесі  үшін еңбек етіп, шындықты қорғап жүрген қайсар жандардың тағдырына  талай әділетсіздік жасалып, қиындық көрсе де, бірақ олардың ар-ожданын сатпайтын болмысын асқақтата жырлайды. Өйткені, олардың жүрегінде елге деген шексіз сүйіспеншілік пен әділдікке деген шынайы сеніммен бірге адам рухын асқақтататын құдіретті  күштің бар екені ақиқат.