Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Атырау қаласы №16 Жапақ Қаражігітов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Маннанова Жанна Ғаділбекқызы: «Аққу бейнелі ақын-ұстаз»

Кейде адам жүрегінде туған жерге деген сағыныш бір ғана көрініспен оянып кетеді. Сағым тербеген сары дала, жусан иісі аңқыған кең жазық, көгілдір көл үстінде қалықтаған аққу... Осындай сәттерде жүрек өткенге сапар шегеді. Мен де ауылға деген аңсармен жол жүріп келе жатқанымда, алыстан күнге шағылысып жатқан аққулы көлді көзім шалды. Сол мезетте көңілімнің түкпірінен ұстазым, ақын Гүлзада Ниетқалиеваның «Аққу көлі туралы балладасы» жаңғырып қоя берді. Табиғаттың үнсіз сұлулығы мен ақын жыры бір-бірімен астасып кеткендей әсер қалдырды.


Айдынын таң нұрына бояп алып,
Самалмен тербеліп көл оянады.
    Қос аққу діріл қаққан көлде жүзсе,
Құмар көз оған қалай тоя алады,
Қызығуды қай кезде қоя алады?
Қарапайым даланың көркін келтіріп, қос аққудың таранып жүргені жүрекке сондай жылылық бергендей болады.
     Құрманғазы даласының табиғаты сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның әр құмының, әр көлінің, әр самалының өзіндік сыры бар. Аптап ыстықтан булыққан кең далада алыстан мұнартып көрінген көгілдір көл адам жанына үміт сыйлайды. Сол табиғаттың тылсым болмысын жүрекпен сезініп, өлеңмен өрнектей білген ақындардың бірі — Гүлзада Ниетқалиева.
Ақын шығармашылығында туған жер табиғаты мен адам жанының тазалығы ерекше үндестік табады. Оның жырларынан нәзіктік пен мейірім, сағыныш пен сұлулық қатар сезіледі. Әсіресе «Аққу көлі туралы баллада» шығармасы — ақынның табиғатқа деген сүйіспеншілігін ғана емес, ішкі жан әлемінің тазалығын танытатын көркем туынды.
     Паң далам, қойныңда ғой сан асылың,
    Қос аққу көлмен тапқан жарасымын.
  Қызыл құм, көгілдір көл,аппақ аққу,
Тұтқындаған сәби көз қарашығын.
Осындай көркем өрнекті жыр жолдарына қалай сұқтанбайсың? Тек аққудың сұлулығы емес, өлеңнің сырлы әсемдігі өн бойынан төгіліп тұрғандай болады.
Мен үшін Гүлзада апай тек ақын емес, ол — жүрегі нұрға толы аяулы ұстаз. Бізге білім беріп қана қоймай, әдебиетті сүйе білуге, туған жердің қасиетін сезінуге үйреткен жан. Сондықтан да бұл шығармадағы аққу бейнесі менің көз алдыма әрдайым ұстазымның өз болмысын елестетеді. Өйткені ол кісінің жан дүниесі де аққудай сұлу, таза әрі ерекше еді.
       «Аққу көлі туралы баллада» шығармасы туған жер табиғатын ерекше көркемдікпен бейнелеуімен құнды. Ақын балладаның алғашқы жолдарынан-ақ оқырманын Құрманғазы даласының аптап құмы мен шөлейт табиғатына жетелейді:
«Қып-қызыл құм қоршаған айналаны,
Жыңғылдың қуаң тартып, тайған әрі...»
Осы жолдар арқылы ақын туған өлкенің табиғатын жанды суретке айналдырғандай болады. Құмға күйген дала, жаңбыр күткен жыңғыл — бәрі де тіршілікке зәру күйде бейнеленеді. Ақын табиғатты жай ғана суреттеп қоймай, оған адам жанындағы сезімді дарытады. Жыңғылдың «қолдарын көкке созуы» — табиғаттың да үнсіз тілек тілеп тұрғанындай әсер қалдырады.
Баллададағы көл бейнесі ерекше символдық мәнге ие. Шөл даланың ортасындағы көгілдір көл — өмірдің, үміттің, сұлулықтың белгісі. Ақынның:
«Жо-жоқ, жоқ, көгілдір көл, сағым емес»деуі — оның таңданысын ғана емес, сұлулыққа деген сенімін де аңғартады. Көл — ақын жүрегіндегі мөлдір әлемнің көрінісі іспетті.
Ал аққу бейнесі- шығармадағы ең асқақ көркем образдардың бірі. Қазақ халқы ежелден аққуды киелі құс деп таныған. Ақын осы қасиетті құсты тазалықтың, адалдықтың, нәзіктіктің символы ретінде суреттейді. Көл үстінде қалықтаған аққулар табиғаттың сәнін кіргізіп қана қоймай, оқырман жанына ерекше тыныштық сыйлайды.
Сұлулық қай жүректі өртемеген,
Еріксіз,көзіңді арбап жетелеген.
   Сол көлге самал жел де асығатын,
Желпуге аққуларды ертеменен.
Бұл шығарманы оқыған сайын мен ұстазымның өз бейнесін көремін. Гүлзада апайдың мінезінде де аққуға тән кіршіксіз тазалық, сабыр мен сұлулық бар еді. Ол кісі өте нәзік жанды, жүрегі мейірімге толы адам болатын. Әр сабағын ерекше шабытпен өткізетін. Әдеби шығармаларды талдағанда, біз кейіпкерлерді ғана емес, өмірдің өзін түсінгендей әсер алатынбыз.Мектеп қабырғасында оқып жүріп,Мұқағалидің «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы :
    «Аққулар,аққу мойын,сүмбе қанат,
Алаңсыз тарнуда күнге қарап.
        Айдынның еркелері білмей тұрмын,
                                  Етермін тағдырыңды кімге аманат?»-деген жыр жолдарын жүрегімізге жеткізіп,сол сұлу аққулар бейнесін жанымызға сол кездің өзінде жаттатып қойған болатын. Тек өлең ғана емес,өмірді таза, бала жүрегімізбен көруді үйрендік. Ұстазым бізге тек пән үйреткен жоқ. Ол адамдықты, туған жерді сүюді, әдебиетті құрметтеуді үйретті. Көп шәкірттің ұстаздық жолды таңдауына ықпал еткен де осы жан жылуы еді. Оның әр сөзі жүрекке жететін. Ол кісінің шынайылығы, қарапайымдылығы шәкірттеріне үлгі бола білді. Сондықтан біз үшін Гүлзада апай — жай мұғалім емес, рухани бағыт берген шынайы ұстаз. Талай жыл өзім де ақынның ұстаздық жолын жалғап келе жатсам да,өз шәкірттеріме сол үйренген  өлең-жырдың ұлылығын жеткізуге тырысамын.
Ақын шығармаларындағы туған жерге деген махаббат оның бүкіл болмысымен астасып жатыр. Құрманғазы даласының қарапайым табиғатын ол асқақ поэзия деңгейіне көтере білді. Құмның қызуы, көлдің тұнығы, аққудың қалықтауы — бәрі де ақын жүрегіндегі нәзік сезіммен өрілген.
     Бұл күнде аспан бұлтты, көңіл кірбің,
 Көп екен шырғалаңың, өмір, білдім.
Сәулеңді маған енді төгілдір күн,
        Қабырғасын мүңды ойдың сөгілдірдім,
    Келер ме ұшып кеткен көгілдір күн?!
Иә, жаны пәк таза жан табиғаттың әр бөлшегінен кез келген жан көре бермейтін ерекше көріністі көреді. Біреу үшін жай ғана бұлт болған көрініс, екінші адам үшін ішкі жан күйінің айнасына айналады. Ақын үшін табиғат — оның үнсіз тілдесетін әлемі. 
Қорыта айтқанда, «Аққу көлі туралы баллада» — туған жер табиғатын, адам жанындағы сағынышты және сұлулықты терең бейнелеген әсерлі туынды. Бұл шығарма арқылы ақынның табиғатқа деген шексіз сүйіспеншілігі мен жан дүниесінің тазалығы көрінеді.
Мен үшін бұл баллада — туған жердің ыстық лебі, аққулы көлдің әсем көрінісі және аққудай аяулы ұстазымның жарқын бейнесі. Гүлзада Ниетқалиева — поэзиясы арқылы жүрекке жылу сыйлайтын, шәкірт жадында мәңгі сақталатын ерекше жан. Сондықтан да мен оны «Аққу бейнелі  ақын-ұстаз» деп танимын.