Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазымен сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
- Адам туған жерінен алыстаған сайын балалық шағына жақындай түседі дейді. Сіз үшін Тарбағатай географиялық мекен бе, әлде ішіңізде мәңгі көшіп жүретін рухани әлем бе? Бүгінгі Серікзаттың мінезін қалыптастырған ауыл тәрбиесінің ең асыл өзегі не деп ойлайсыз?
- Мұқағалидың «Түсіме тау кіреді» деген өлеңін білесің ғой. Сол сияқты менің де түсіме тау жиі кіреді. Тарбағатайдың өр биігі Өкпеті тауы мен балалық шағым өткен Томар жайлауында атқа мініп жүремін. Бұл менің мәңгілік ынтызар сағынышымнан болар деп ойлаймын. Сол ауылға арнап талай өлең жаздым. «Тарбағатай» деген әнім де бар. Дәстүрлі әнші Саят Нұрғазин орындайды. Қазіргі айтылып жүрген бір әнде «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген тіркес бар ғой. Сол рас сөз. Мен қай жерде жүрсем де аядай Тарбағатайымды өзіммен бірге алып жүремін. Ол менің жүрегімнің төріне орныққан ауыл. Менің тек мінезіме ғана емес, бар болмысыма негіз болған ауыл десем артық болмас. Кеңдік, дархандық, адалдық, бауырмашылдық деген ұғымдардың барлығын бала күнімнен санама құйып берген құтты мекен. Сондықтан туған ауылым - менің өмірімнің соңына дейін жүрегімнен өшпейтін ең қымбат қазынам, мәңгілік сағынышым.
- Кейде адамның тағдырын бір ауыз сөз өзгертеді. Сіздің өміріңізде сондай жүрекке шаншудай қадалып, кейін өмірлік темірқазыққа айналған ұстаз сөзі болды ма? Жалпы, ұстаз адам білім бере ме, әлде адамның ішіндегі ұйықтап жатқан рухты оята ма?
- Мен сабақ беретін мұғалімді екіге бөліп қараймын. Біріншісі - ұлағатты ұстаз, екіншісі - жәй оқытушы. Ұстаз деген - шәкіртінің өмірінде үлкен орын алатын, нақтырақ айтқанда шәкірті үшін «отқа да, суға да түсуге дайын» адам. Ол шәкіртінің жеке өмірі үшін күндіз-түні алаңдайды. Бойындағы барын тәлімгеріне құйып береді. Ал оқытушы деген өз мамандығына тек ақша табатын кәсіп деп қарайтын адам. Күнделікті сабағын берген соң оның сенімен жұмысы да болмайды. Менің бақытыма орай, бірнеше ұлағатты ұстаздан тәлім алдым. Мектептегі ұстаздарымды айтпағанда ғылым жолына баулыған үш атақты ұстазым болды. Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы, академик Рымғали Нұрғали, академик Сейіт Қасқабасовтардан ғылымды ғана емес, өмірлік ұстанымдардың ең қажеттілерін үйрендім. Поэзия мен айтыс дейтін қос қанатты өнер жолына жетелеген ұстазым- Жүрсін Ерман. Айтысудың шеберлік қыр-сырын Серік Қалиев деген тәлімгер ағамнан үйрендім. Жалпы, «ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді ғой. Егер ұстазың мықты болса одан көп нәрсе алуға болады. Ол білім де береді, рухыңды ды оятады. Маған ұстаздарымның үйреткені - өз ісіңнің кәсіби маманы болу. Не мақсатты көздесең де - адал жолмен жету. Осы темірқазықтан айрылмай алға жылжып келемін.
- Айтыс — тек өнер емес, мінездің майданы секілді. Ақын сахнаға домбырасын емес, бүкіл болмысын алып шығады. Сіз айтыс үстінде қарсыласты жеңуге тырысасыз ба, әлде ақиқатты іздеуге ме? Осы жерде өзіміз ішінара естіп қалатын әр мәселе туралы да сұрай кетейінші. Қазақ поэзиясында кейде жазба ақын мен айтыс ақыны екі бөлек әлем секілді қабылданатыны байқалады. Бірі — қағазға отырып ойдың тереңіне үңілсе, бірі — халықтың алдында суырыпсалып жүректің сөзін айтады. Сіздіңше, осы екі өнердің арасында сырт көзге байқалмайтын бәсеке не салқындық бар ма, әлде бұл — өнер адамдарының бірін-бірі толық түсіне алмауынан туған жаңсақ пікір ме?
- Өнер адамдарының бір-бірін толық түсіне алмауынан туындаған жаңсақ пікір деген сөзіңіз дұрыс. Айтыс пен поэзияның өзіндік ерекшелігі, атқаратын екі бөлек міндеті бар. Екеуінің өзегі өлең демесеңіз айтыс дәстүрлі жыр мен термеге, сахналық сипаты жағынан театрға жақын өнер. Ол синкретті жанр болғандықтан мыңдаған көрерменді еркін жинайтын сауық пен думанға, тіпті кейде халықтың мәселесін жасқанбай айтатын саясаттың мінберіне де айналып кете алады. Екі ақынның диалогы арқылы қалың көрерменді бірде күлдіріп, бірде толғандыра алады. Ерекшелігі жағынан суырыпсалма өлең айтылатындықтан, кейде кедір-бұдыры, артық-кемі де болады. Дегенмен айшықты көркем ой мен кестелі образға құрылған шумақтар да айтылады. Мықты айтыскерлеріміздің кейбір тіркестері ел ауызында мәтелге айналып кеткеніне де куә болып жүрміз. Бұл біздің ұлтқа ғана тән өнер. Оны түсіну үшін болмысың қазақ болуы керек. Ал поэзия ше? Ол жазарманы мықты болса әлемдік деңгейге көтеріле алатын бекзат өнер ғой. Ол терең ой мен пәк сезімнің қылқаламсыз суретін салатын бір пәкизат дүние ғой. Осыны түсінбейтіндер екеуінің арасына от салғысы келеді. Сосын айтыс сахналық өнер болған соң жаңа шыққан ақынның өзі тез танылады. Оның сыртында көзге көрінетін қомақты жүлде беріледі. Осылар кейбір адамдардың қызғанышын да тудыра ма деп ойлаймын.
- Қазір көп адам тез танылғысы келеді, бірақ терең болуға асықпайды. Сіздіңше, ақын үшін маңыздысы — халыққа ұнау ма, әлде уақыттан ұялмайтындай сөз қалдыру ма?
- Қазақ «әсіреқызыл тез оңар» дейді. Жылт етпеге құмар болғандардың жалп етіп сөніп жатқандарын көріп жүрміз. Уақыттан ұялмайтындай сөз қалдырған ақынның өмірі құнды. Абайша айтқанда, ақынның мақсаты «өлмейтұғын сөз қалдыру» болу керек деп санаймын.
- Сіз әрі ғалым, әрі ақынсыз. Ғылым ақылды тәртіпке шақырса, өнер жүректі еркіндікке жетелейді. Осы екі әлем кейде өз ішіңізде тартысқа түсе ме? Әлде нағыз өнер мен нағыз ғылым бір-бірін толықтырады деп ойлайсыз ба?
- Иә, поэзия адамды қиялға, эмоцияға жетелесе ғылым салқынқандылыққа, нақтылыққа негізделетін сала. Екеуін ұштастыру үшін үлкен парасат керек. Екеуін ақылмен тоғыстыра алған адам зау биікке көтеріледі. Ежелгі грек пен шығыстың әйгілі шайырлары ғылыммен де айналысқан. Абай атамыздың да әр өлеңінен ғылымның тереңін тануға болады. Әл Фараби де, Мұхтар Әуезов те - әдебиетпен қатар ғылымға ден қойған ғұламалар. Ақын болу үшін қанмен берілген қасиет керек. Ғалым болу үшін ақыл мен парасат, оған қоса күнделікті айналысатын дағды керек. Екеуі екі бөлек әлем болғандықтан бұған баратындар ілуде біреу ғана. Сондықтан бұл өзі ауызбен айтып жеткізе алмайтын тылсым дүние. Меніңше, оған адамның табиғатынан берілген ерекше қабілет керек шығар деп ойлаймын.
- Айтыстың қызығы көрінеді, қиындығы көрінбейді. Домбыра ұстап отырған ақынның ішінде кейде шаршау, жалғыздық, тіпті үнсіздік те болуы мүмкін. Осындай сәттерде сізді өнерде алып қалатын күш не?
- Айтыс деген адамның жүйкесіне жүк түсіретін қиындығы мол өнер. Оны айтысқан ақындар ғана біледі. Сахнада жарқырап отырғанға көрермен барлығы керемет деп ойлауы мүмкін. Өкінішке қарай, үнемі олай бола бермейді. Кейде көпшілікке керемет сөзіңді өткізе алмай пұшайман күйге түсесің. Кейде бір болмашы сөзің үшін халық қошемет соғып, аспанға көтереді. Ол айтыстың синкреттілігінен болады. Бірде психологиялық дайындығың, бірде домбыраң, бірде дауысың келмей жатуы мүмкін. Осының бірі кемшін болса ауызыңнан алтын төгілсе де халыққа өтпейді. Ал жарқырап жүлде алмаған соң қадірің де бола қоймайтыны анық. Кейде қазылар тарапынан әділетсіздікке ұрынасың. Сондай сәттерде құлазу, жалғыздық болатыны рас. Қолыңды бір сілтеп кетіп қалғың да келетін кездер болады. Солай кетіп қалған мықты ақындарымыз да болған. Құлазыған сәтте айтысқа деген махаббат пен құштарлық қана досыңа айналады. Сахнаға қайта алып шығатын - сол махаббат.
- Көпшілік әнге сөз жазуды жеңіл қабылдайды: ұйқас болса, әуенге икемделсе жеткілікті сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде, ән мәтіні — адамның жүрегіне байқатпай кіріп, тағдырына айналып кететін өте нәзік өнер. Сіздіңше, әнге сөз жазудың ең қиын тұсы неде: аз сөзге терең сезім сыйғызу ма, әлде халықтың жүрегінен өз даусын табу ма?
- Әнге сөз жазу оңай шаруа емес. Әрине, бір-бірімен үйлеспейтін сөздердің жиынтығын жасап сөз жазса оңай шығар. Қазір ондай да ән көп қой. Бірақ тыңдарманның сезім пернесін дәл басатын сөз табу - қиынның қиыны. Ол сазбен үйлесу керек. Сонда ғана халықтың жүрегіне жетеді. Өлең жазуды ұйқастыра беру деп қабылдайтындар да бар. Ұйқас деген өлеңнің сыртқы формасы ғана. Ал ішкі мазмұны өзің айтқандай терең сезімге бойлап, жүректің төрінен орын алса ғана оны өлең деп қабылдау керек. Әннің мәтініне де осы талапты қойғанда ғұмыры ұзақ болады. Әйтпесе, қазір ақша табатын хит үшін небір қойыртпақты ән деп жүргендер көп қой. Уақытша дүниенің құны болмайды. Ақша таусылады, ән мәңгілік қалады.
- Бүгінгі қоғамда отаншылдық көбіне ұранға айналып бара жатқандай көрінеді. Сіздіңше, Отанды сүю — биік сөз айту ма, әлде күнделікті өмірдегі үнсіз адалдық па? Мысалы, тілге қызмет ету, шәкірт тәрбиелеу, ұлт рухын сақтау — осының бәрі патриотизмнің ең терең түрі емес пе?
- Отанды сүю деген-еліңе адал еңбек ету, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұранның да айтылатын сәті болады. Ол көпшілікті рухтандыру үшін керек шығар. Бірақ күнделікті өмірдегі үнсіз адалдыққа ештеңе жетпейді. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін жұмысты сапалы атқаратын болса мемлекет көркейеді. Мемлекет көркейсе тұрмыс жақсарады. Ұрпағың жайлы өмір сүреді. Осыдан артық қандай отаншылдық керек? Тілге қызмет ету, шәкірт тәрбиелеу, ұлттың рухын сақтау бүгінгі күннің басты талабы. Құдайға шүкір, қазір бейбітшілік заман ғой. Тыныш заманда еңбек барлығын жеңеді. Әрбір қазақ баласы еліне лайықты қызмет етемін десе6 адал еңбек етсін. Тілі мен дәстүрін құрметтесін.
- Әсерлі сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА




