Қазақтың қасиет дарыған қобызынан төгілген қоңыр сарын мен өлеңнің өз үні бір арнаға тоғысқан кештің бірі – 18 маусым күні Ғабдол Сланов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен ақын, әдебиеттанушы Гүлзада Ниетқалиеваның «Қарлығашы Қиғаштың» атты шығармашылық кеші болды.
Қобыз күңіренді. Көнеден жеткен киелі үн зал ішін баяу тербеді. Сол сәтте ақын жырлары оқылды. Бір қарағанда екі бөлек әлем секілді. Алайда екеуінің де түп-тамыры бір екені аңғарылды. Бірі – сарынмен, бірі – сөзбен сөйлейді.
Гүлзада поэзиясының табиғаты да осы қоңыр әуезге жақын. Оның өлеңдерінде артық айқай жоқ. Көзге ұрып тұрған бояу да жоқ. Есесіне көңілдің терең қатпарларынан көтерілген мұң бар. Сағыныш бар. Адам жанының өзімен өзі сырласқан сәттері бары ақиқат.
Жұмекен Нәжімеденов поэзияның қасиетін сөздің көптігінен емес, астарының тереңдігінен іздеуі сананы сан-саққа жетелейді. Гүлзада жырларының да салмағы сыртқы көркемдігінде емес, ішкі иірімінен бастау алатыны да осыған байланысты. Ақын оқырманға дайын ой ұсынбайды. Тек жүрекке сәуле түсіреді. Қалған жолды әркім өзі табады. Заңдылықтың да бізге тосын тұсы осы.
«Қарлығашы Қиғаштың» атауының өзінде тұтас тағдырдың табы бар. Қарлығаш – ұяға оралатын құс. Қиғаш – ақынның кіндік қаны тамған мекені. Демек, бұл – туған топыраққа, бала күнге, жоғалмаған сағынышқа қайырылған жүректің үні,боямасыз тағдырдың бір көрінісі.
Оралхан Бөкей табиғатты суреттемейтін, керісінше табиғат арқылы адамды сөйлететін. Гүлзада поэзиясында да Қиғаш пен Жайық, Каспий мен боз жусан сыртқы көрініс емес, жан дүниенің бейнесі болып көрінеді маған. Сондықтан оның өлеңдеріндегі өзендер ағып қана жатпайды, мұңаяды. Жел соғып қана өтпейді, сыр айтады. Ал оны түсіну үшін сол тыныштықты өн бойыңа сіңіру қажет.

Кештің барысында да осы қасиетті сезуге болады. Ақын шығармашылығы туралы айтылған ойлар мен оқылған жырлардың бәрін бір ғана ұғым біріктіріп тұрғандай еді. Ол – мөлдірлік.
Мөлдірлік – сөздің жалаңдығы емес, көңілдің тазалығы уақыттың жұмбақ сарыны болды. Гүлзада поэзиясының қадірі де сонда. Ол оқырманын таңдандыруға емес, толғандыруға ұмтылады.
Қобыздың бір қылы ғасырлардың зарын жеткізе алатыны секілді, шынайы өлең де бір ғана жолымен жүректің терең түкпіріне жетеді.
Сол кеште қобыз үн болып сөйлесе, өлең жан болып сөйледі.
Ал сөз бен саздың осындай жарасымы әдебиеттің әлі де ұлт рухының шырағы екенін тағы бір мәрте аңғартқандай болды.
Ақынның өлеңі ой салып қойған жоқ, ақынның ғасырға аманаттаған үнсіз болмысы әр тыңдарманның үмітімен үнсіз байланысып жатуы да ғибратты көрініске айналуы да сөзсіз сұлу еді.




